• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қазан, 2020

Экология министрі жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды

266 рет
көрсетілді

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев геологиялық зерттеулер жұмысының деңгейі мен өңірдің ресурстық базасының көрсеткіштерімен танысу үшін Қарағанды облысына барды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірлесе металлургия, тау-кен, көмір кені, мыс өндірісі салаларындағы өнеркәсіп орындары басшыларының қатысуымен жиналыс өткізілді. Атап айтқанда кездесуде  «АрселорМиттал Теміртау»,  «Қазақмыс», «Шұбаркөл Көмір», «YDD Corporation» компаниялары өкілдері және тағы басқалар болды.

Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, Қарағанды облысы минералдық-шикізат базасының потенциалы жоғары.

“Бұл жерде ірі тау-кен өндірістері бар. Соңғы 10 жылда өңірдің жер қойнауын пайдалануға инвестиция көлемі үш есеге өскен. Жер бетіне жақын кен орындарының қоры таусылуға жақын екендігін ескере отырып,  Қарағанды облысындағы геологиялық барлау жұмыстарын жаңа технологияларды қолдану арқылы тереңдете түсу керек. Жаңа кен орнын табу мен оны қолданысқа енгізудің арасы 10-15 жыл болғандықтан бұл жұмысқа бүгін кірісу қажет”,- деді М. Мырзағалиев жиын барысында.

Министр сонымен бірге өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға байланысты шаралардың маңыздылығына тоқталды.

“Облыстағы атмосфералық ауаның ластану проблемасы өте өзекті. Бұл сөзсіз ірі өнеркәсіптің жұмысына байланысты. Сондықтан өндірісті арттыра отырып, шығарындылардың көрсеткішіне де назар аудару керек. Мысалы, “YDD Corporation” ЖШС зауытында өндіріс тиімділігі көрсеткішінің жоғарылығы байқалады. Шығарындылар көлемі аз”,- деп атап өтті министр.

Қазір Қарағанды облысында мемлекет балансында 51 мыс, 56 алтын, 32 қорғасын, 28 цинк, 36 марганец рудасы және 28 темір кен орындары бар. Тас көмір және қоңыр көмірдің негізгі қоры осында шоғырланған. Қарағанды көмір бассейні республикадағы металлургиялық өнеркәсіп кәсіпорындарына кокс көмірін жеткізеді.

“Мемлекет басшысы геологиялық барлаудың тұрақты дамуын қамтамасыз етуді және минералдық шикізат базасын толықтыруды тапсырған. Бұл үшін геологиялық барлаудың 5 жылдық мемлекеттік бағдарламасы жасалады. Аталған бағдарлама еліміздің табиғи байлықтарын геологиялық зерттеу саласындағы барлық тапсырмаларды орындауға бағытталған аса маңызды құжат болады”,- деп айтты министр.

Талқылау барысында минералдық шикізат базасы мыс, алтын, полиметалл және марганецті геологиялық барлау жұмыстарымен толығатыны айтылды.