Осыдан дәл 52 жыл бұрын, яғни 1968 жылдың 12 қазанында Мексиканың астанасы – Мехикода 70 мың адамға есептелген «Олимпико Университарио» стадионында XIX жазғы Олимпия ойындарының ашылу рәсімі дүркіреп тұрып өтті. Дүбірлі доданың тұсауын аталған мемлекеттің басшысы Густаво Диас Ордас Боланьос кесті. Содан кейін алқызыл алау тұтанып, олимпиадалық ант берілді. Бұл жарыс 27 қазанға дейін созылды. Байрақты бәсеке барысында 112 мемлекеттен келген 5530 спортшы өнер көрсетті. Олар спорттың 20 түрі бойынша 172 жүлде жиынтығын сарапқа салды.
Тұңғыш мәрте Латын Америкасы аумағында өткен Олимпия ойындарының алқызыл алауының дәл сол күні тұтануының өзіндік себебі бар. Тарқатып айтсақ, содан 476 жыл бұрын, яғни 1492 жылдың 12 қазанында әйгілі саяхатшы Христофор Колумб бастаған делегация алғаш рет Америка құрлығына табан тіреген болатын. Жоғырыда аталған тарихи оқиғаның маңыздылығын арттыру мақсатында жарыс қожайындары салтанатты шараны сол күні өткізуді құп көрді. Тағы бір айта кетерлік жайт, дәл сол кездері телевидения саласы керемет қарқынмен дамып жатты. Соның арқасында Мехикодағы доданы әлемнің әр қиырындағы миллиондаған адамның тамашалауына мүмкіндік туды.
XIX жазғы Олимпия ойындары теңіз деңгейінен 2240 метр биікте орналасқан көне шаһарда өткеніне қарамастан, бәсекелер барысында барлығы 28 әлемдік және 76 олимпиадалық рекорд орнатылды. Солардың арасындағы ең кереметі – Боб Бимонның көрсеткіші. Ұзындыққа секіру сайысында сынға түскен 22 жастағы АҚШ-тың қара маржаны 8 метр 90 сантиметрлік межені бағындырып, адам нанғысыз нәтижеге қол жеткізді. Ол бұрынғы рекордты бақандай 55 сантиметрге жаңартты. Осы тарихи оқиға былай өрбіген еді: Алғашқылардың бірі болып жарыс жолына шыққан Бимон алыстан жүгіріп келіп, дәл сызықтың қасына жеткенде қанат қаққан қырандай биікке самғады. Ауада аяқ-қолын сермеді де, құм толы шұңқырға келіп қонды. Төрешілер аң-таң. Электронды құралдың мүмкіндігі шектеулі екен, ол АҚШ спортшысының көрсеткішін есептей алмады. Амал жоқ, қолмен өлшеуге тура келді. Біраз уақыт өткеннен соң таблода 8 метр 90 сантиметр деген жазу жарқ етті. Трибунадағы көрермендердің барлығы да орындарынан тік тұрып, құшырлана қол соқты. Стадион у-шу. Қарсыластарының салы суға кетті. Ал спортшының өзі таблоға қарап, өз көзіне өзі сенер емес. Сол кезде қасына келген командалық әріптесі Ральф Бостон «Сен 29 фунтқа секірдің!» дегенде Боб көз жасына ерік берді. Ол жата кетті де қара жерді шөлпілдетіп сүйе бастады.
Осы тарихи сәттен кейін-ақ көрермендер жарысты тамашалауды қойып, Бимонның рекордын талқылай бастады. АҚШ спортшысының көрсеткіші Мехикода ғана емес, одан кейінгі Олимпиадаларда да жақсара қоймайтыны анық еді. Спортшылар үшін де жарыстың қызығы кеміді. Германиялық Клаус Беер, америкалық Ральф Бостон, КСРО-ның өкілі Игорь Тер-Ованесян және басқалары да Бимонның рекордын бұзбақ тұрмақ, бұл межеге маңайлай алмайтындарын анық сезінді. Ал ұлыбританиялық Линн Дэйвис «Енді секіргеннен не пайда? Мен көрермендердің алдында мазаққа қалғым келмейді» деп жарысты жалғастырудан үзілді-кесілді бас тартты. Боб Бимонның бұл рекорды 23 жыл бойы мұрты бұзылмай тұрды. Тек 1991 жылғы әлем чемпионатында Майк Пауэлл өзінің әйгілі отандасынан бес сантиметр асып түсті.
«Мехико-68»-дің тағы бір қаһарманы – КСРО-ның өкілі Михаил Воронин. Спорттық гимнастика сайысында 23 жастағы Мәскеудің тумасы 2 алтын, 4 күміс және 1 қола медальды иеленді. Барлығы – 7 жүлде! Оның бұл көрсеткішіне көпшілік таңдана қоймады. Себебі содан екі жыл бұрын Дортмундта өткен әлем чемпионатында Воронин 2 алтын және 3 күміс алып, айды аспанға шығарған болатын. Бұл жолы ол өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатты. Ал жапониялық гимнасшы Савао Като Олимпия ойындарын 3 алтын және 1 күміспен қорытындыласа, Акинори Накаяма 4 алтын, 1 күміс және 1 қоланы олжалады. Әйелдер арасында Вера Чаславскаға тең келер ешкім табылмады. Чехословакиядан келген сымбатты қыз 4 алтын мен 2 күмісті қоржынға салды. Сондай-ақ АҚШ-тың әйгілі жүзушілері Чарльз Хиккокс пен Дебора Майер үш реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Аталған Олимпиадада жанжал мен даулы жағдай және қайғылы оқиғалар да болды. Негізгілеріне тоқталсақ, осы жарыстың өтуіне жергілікті жастар мен студенттер қауымы қарсылық білдірді. АҚШ-тың өктем саясатына көніп, солардың жетегінде жүрген Мексика билігінің әлсіздігі және нәсілдік теңсіздікке ашынған халық Мехико көшелерінде «Бізге Олимпиада керек емес, бізге керегі төңкеріс!» деп ұрандатты. Алаңға жиналғандардың саны 15 мыңнан асқан көрінеді. Жағдайдың ушығып бара жатқанын аңғарған билік басындағылар әскерилердің қару қолдануына бұйрық берді. Салдарынан астанадағы қақтығыс барысында ондаған өрімдей жас көз жұмып, жүздеген адам түрлі жарақат алды.
Спорттық гимнасшылардың еркін жаттығуында бас жүлде Вера Чаславска мен Лариса Петрикке тапсырылды. Жеңіс тұғырының ең биік сатысында қос ару қатар тұрды. Марапаттау рәсімі кезінде КСРО әнұраны шырқалған сәтте чехословакиялық спортшы басын басқа жаққа қаратып тұрып алды. Оның себебі белгілі. Дәл сол жылдың тамыз айында Кеңес Одағының әскері Чехословакияға баса-көктеп кірді. Қарсылық білдіргенді танкімен таптап, оқ жаудырды. 100-ден аса бейбіт тұрғын қаза тауып, 500-ден аса адам жарақаттанды. Бұл оқиға «Прага көктемі» деген атаумен тарихта қалды. Әйгілі гимнасшы осы әрекеті арқылы басқыншыларға деген өз өкпе-назын білдірген еді.
Өткен ғасырдың елуінші және алпысыншы жылдары Америкада нәсілдік мәселе қатты ушыққаны баршаға мәлім. 1968 жылдың көктемінде АҚШ-тың Мемфис қаласында бүкіл саналы ғұмырын қара нәсілді азаматтардың құқығы үшін күреске арнаған Мартин Лютер Кинг қарақшының қолынан қаза тапты. Жоғарыдағы жағдайларға байланысты түрлі елдерде наразылық шаралары ұйымдастырылып, жағдай одан әрі күрделене түсті. Оған спортшылар қауымы да өз үлестерін қосты. Бір ғана мысал, жеңіл атлетикадан өткен 200 метрге жүгіру сайысы америкалық Томми Смиттің жеңісімен аяқталса, оның отандасы Карлос Джон қола медальды иеленді. Аустралиялық Питер Норман екінші сатыға табан тіреді. Қара нәсілді қос спортшы марапаттау рәсіміне қолдарына қара қолғап киіп шықты. АҚШ-тың әнұраны орындалғанда өз елдерінің туына тіке қараудың орнына бастарын төмен түсіріп алып, Томми оң, ал Карлос сол қолын жоғары көтерді. Екеуі де жеңіс тұғырында аяқ кимсіз, қара шұлық киіп тұрды. Осылайша, АҚШ билігінің солақай саясатына өз наразылықтарын білдіріп, қара нәсілділердің қиын жағдайына төрткүл дүние жұртшылығының назарын аударуға тырысты. Олардың бұл әрекеті күміс алған Питер Норманның да тарапынан қолдау тапты. Салтанатты рәсім кезінде ақ нәсілді желаяқ қара нәсілділердің құқын қорғайтын ұйымның эмблемасын тағып шықты. Міне, Мехико Олимпиадасы барысында осындай да оқиғалар болды.
Ацтектер елінде өткен жарыста КСРО құрамасы сапында Қазақстанның жеті спортшысы бақ сынады. Солардың бесеуі олжаға кенелді. Әсіресе, волейболшылардың табысы қомақты болды. Мексиканың астанасында Кеңес Одағының ерлер мен әйелдер құрамасы алдарына жан салмады. Жеңімпаз команда сапында Қазақстанның үш бірдей өрені өнер көрсетті. Олар – Олег Антропов, Валерий Кравченко және Нина Смолеева. Алғашқы екеуі Алматыда іргетасы қаланған Алматының әйгілі «Буревестник» клубының ойыншылары. Даңқты бапкер Октябрь Жарылқаповтан тәлім-тәрбие алған. 21 жастағы Антропов (бойы 193 см) қазіргі Түркістан облысы дүниеге келді. 29 жастағы Кравченко (бойы 196 см) мен 20 жастағы Смолеева (бойы 175 см) өзге республикаларда туып-өскендерімен, спортшы ретіндегі қалыптасу кезеңі Қазақстанда өткенін өздері де жасырмайды. Нина Николаевна Алматының АДК клубы сапында ойнады.
Классикалық күресте КСРО құрамасы 1 алтын, 4 күміс және 1 қола медальды қанағат тұтты. Аса жеңіл салмақта (52 кило) Владимир Бакулин сайысқа түсті. Әлем және Еуропа чемпионы деген атағы бар жерлесіміз бес кездесу өткізіп, төртеуінде жеңіске жетті. Ол америкалық Ричард Тамблэ, сириялық Ахмед Чахрура, түркиялық Метин Чикваза және мажарстандық Имре Алкерден айласын асырғанымен, шешуші бәсекеде келешекте Олимпиаданың екі және әлемнің үш дүркін чемпионы атанған Болгарияның беткеұстары Петр Кировқа есе жіберді. Қорытындысында Бакулин күміс медальды мойнына ілді.
Мехикода 67 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан боксшы Владимир Мусалимов қола жүлдені иеленді. Ол 1944 жылы Мәскеуде туып-өсті. Әке-шешесі қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін Владимир Қарағандыдағы Балалар үйінен пана табады. Көміршілер қаласында бокстың қыр-сырына қанықты. Спорттың осы түрінен елеулі табыстарға қол жеткізіп, Олимпия ойындарында өнер көрсету құрметіне бөленеді. Мехикода Мусалимов бес жекпе-жек өткізді. Тұсаукесер кездесуде Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, ГФР өкілі Дитер Коттичті (5:0) қапы қалдырса, келесі кезеңде келешекте кәсіпқой бокстың жұлдызына айналған испаниялық Хосе Дюранның (5:0) тас-талқанын шығарды. Ширек финалда Мексиканың мықтысы Альфонсо Рамиресті (5:0) соққыға жықты. Дәл осы бәсекеде ол қолынан жарақат алады. Соның салдарынан құлашын кеңінен жая алмай, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ГДР боксшысы Манфред Волькеден (2:3) ұтылып қалды.
Ал екі жеңіл атлет – 100 метрге жүгірген Людмила Голомазова мен 5 000 және 10 000 метрлік қашықтықта бақ сынаған Леонид Микитенко бұл жарыстан олжасыз оралды.
Мексиканың астанасында атой салған қазақстандық бес спортшының үшеуі қазір арамызда жоқ. Валерий Кравченко 1997 жылы 56 жасында, Владимир Бакулин 2012 жылы 73 жасында және Владимир Мусалимов 2013 жылы 68 жасында өмірден озды. 72 жастағы Нина Смолеева мен қараша айында 73 жасқа толғалы отырған Олег Антропов бұл күндері Ресейде тұрып жатыр. Олар зейнетке шыққанымен, түрлі қоғамдық шараларға жиі араласып, өздерінің жиған мол тәжірибелерін жас спортшылармен бөлісуде.
Мехико Олимпиадасының жалпыкомандалық есебінде АҚШ құрамасы алдына жан салмады. Америкалықтар 107 (45+28+34) жүлдеге иелік етті. Екінші орынды КСРО спортшылары иеленді. Олар 91 медаль (29+32+30) олжалады. Үшінші сатыға Жапония табан тіреді. Күншығыс елі өкілдерінің қоржынында – 25 (11+7+7) жүлде. Сондай-ақ Мажарстан (10+10+12), ГДР (9+9+7), Франция (7+3+5), Чехословакия (7+2+4), ГФР (5+11+10), Аустралия (5+7+5) және Ұлыбритания (5+5+3) үздік ондықтың қатарынан көрінді.