Өткен бейсенбіде Швед академиясы Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерін жариялады һәм үздіге күтіп отырған бәрімізді сұмдық таңғалдырды. Алады-ау деген франциялық Конде аңтарылған күйі қалды, ал көрші елдегі Улицкая бір жылап алып, келесі жылдан тағы үмітті. Нобель айқасында бұлардың бәрі бір төбе болса, «өзіміздің» Мураками бір төбе («өзіміздің» дейтініміз Муракамиді оқитын қазақ оқырмандары өте көп). Оның осы жолы да, әдеттегідей, аты озбады. Бірақ беті қайтып, аһ ұрып отырған ол жоқ. Дегенмен қазақы кең пейілімізге салып, қайтпас қайсар Муракамиге «көңіл айтамыз».
Нобель тақырыбында жыл сайын біз тек өзімізше болжаймыз, ал «айлакер скандинавиялықтар» өздерінің логикасын басшылыққа алады. Мына жұрт оларды сыйлықты әдебиет үшін емес, саясат үшін береді деп күдіктенеді, сол тарапқа немесе, керісінше, оң тарапқа бейімділігі үшін сынайды. Ал осы жылғы атаулы марапат қара нәсілді авторға берілетініне сенімді едік. Өйткені биыл BLM әрі бұрын-соңды болып көрмеген нәсілдік толқулар жылы болды. Алайда Нобель еврей отбасында туған 77 жастағы ақ америкалық Луиза Глюкке бұйырды.
Альфред Нобельдің өсиеті бойынша, әдеби сыйлық «идеалистік бағыттағы» үздік әдеби шығарма үшін берілуі керек-тін. Бірақ әдетте, академия бір шығарманы емес, номинант жазушының барлық жұмысын бағалауды жөн көреді. Осы күрделі жылы комитет Луиза Глюкті «қайталанбас поэтикалық дауысы, адамның жеке уайымын адамзаттық дәрежеге көтергені үшін» мақтады.
Үміттілер шеруі
Әу баста Нобельді алады-ау деген авторларға, қазақша айтқанда, бәс тігілген болатын. Жеңіске жету коэффициенті 10-нан аз (және букмекерлік кеңседе коэффициент неғұрлым аз болса, жеңіске жету мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады) бес фавориттің алғашқы сапында екі жыл бұрын баламалы Нобель сыйлығын алған француз жазушысы Гваделупа Мариз Конде (орыс тілінде оның бір ғана романы шыққан – «Мен, Титуба, Салемнен келген жезтырнақ») тұрды. Ал екінші орында ресейлік Людмила Улицкая, үшінші орында – жапондық, әлем әдебиетінде де, бізде де тым жақсы оқылатын Харуки Мураками бар-тын. Одан қалыспай келе жатқан канададалық Маргарет Этвуд. «Күңнің әңгімесі» фильмінен соң һәм екі Букер сыйлығынан (екінші рет өткен жылы алды) кейін әлемдік әдебиетті бағындыру үшін оған тек Нобель жетіспейтін еді. Ал болжанған бестікті аяқтайтын кениялық Нгуги Ва Тхионго Нобель сыйлығына үміткерлер тізімінде үнемі болса да, Азия әдебиетінде беймәлім. Мәселен, ол соңғы рет орыс тіліне КСРО ыдырағанға дейін аударылыпты. Ал Глюк Юне Фосс пен Сколастик Муказонгтың арасында, 19-шы орында тұрған. Бұл швед комитетінің кітап жанкүйерлері мен кәсіби қоғамдастықтың үміттерін ақтамаған бірінші жылы емес: екі жыл бұрын Боб Диланның жеңісін ешкім күткен жоқ. Оның лауреаттар арасында болуы әйгілі сыйлыққа деген көрсеқызарлықты азайтқан сыңайлы. Бірақ күрделі өлең үшін Нобельді беруі – әділетті һәм үлкен қуаныш болды.
Сондай-ақ аталған тізімде (кезек бойынша, алтыншы үміткерге келдік): Энн Карсон, Хавьер Мариас, Ко Ын, Янь Лянькэ, Анни Эрно, Джан Сюэ, Кормак МакКарти, Дон Делилло, Мерилин Робинсон, Джамайка Кинкейд, Юй Хуа, Чарльз Симик, Юн Фоссе, Луиза Глюк, Сколастик Муказонга, Хилари Мэнтел, Карл Уве Кнаусгор, Линтон Квези Джонсон. Һәм үмітті есепке Мишель Уэльбек, Милан Кундер, Стивен Кинг және Ричард Осман да кірді.
Еске сала кетейік, осы аптада медицина, физика және химия бойынша һәм әлемдік Нобель лауреаттарының есімдері жарияланды. Ал экономика ғылымының сыйлығы 12 қазанда беріледі. Пандемияға байланысты марапаттау рәсімі желтоқсан айында онлайн режімде өтпек. Тек Бейбітшілік сыйлығының тұсаукесері ғана кішігірім форматта Норвегияда болады. Ал Луиза Глюкке дәстүрлі түрде медаль, диплом және 1,1 миллион доллар тағайындалды.
Who is Louise Glü ck?
Луиза Глюк 1943 жылы 22 сәуірде Нью-Йоркте, Аустрия-Венгриядан келген еврей иммигранттары отбасында дүниеге келген. Ол анорексия мен депрессиядан зардап шекті, осының салдарынан колледжді аяқтамады. Ал махаббатта бірде бақытты, бірде бақытсыз болды, бір жағынан жеке, өмірбаяндық өлеңдер жазды, екінші жағынан ежелгі мифология мен еуропалық аңыздардан шабыт алды. Америкалық сыншылар оның ақындық дауысын күшті, сергек һәм терең деп бағалайды. Бұл, әрине жалпы сөздер, олар мағыналы да, мағынасыз да болуы мүмкін. Глюк супержұлдыз емес, оның эпизодтық рөлі болмаған әрі есімі «Симпсондарда» аталған жоқ, дегенмен олар кіші Том Вулфта, Джонатан Франценде және Майкл Чабонда болды, ал жақында қайтыс болған Мая Энджелоу Лиза Симпсонды өзінің сүйікті ақыны деп мойындаған.
Глюк біраз уақыт Йель университетінде сабақ беріп, сегіз жыл бойы Йельдің жас ақындар циклінің судьясы болды. Луиза Глюк қазіргі уақытта Массачусетс штатының Кембридж қаласында тұрады және Нью-Хейвен, Коннектикут штатындағы Йель университетінің ағылшын профессоры қызметінде.
Глюк өлеңдері хақында...
1968 жылы 25 жастағы қыз «Тұңғыш» атты жинағы жарық көреді (бұл оның дебюттік қадамы еді). Жас Глюк бұл кітабында формамен жұмыс істей бастайды: денеде және санада болатын өзгерістер туралы қалай сөйлесуге болады һәм олардың арасындағы шекара қайда? Осы сынды тақырыптар толғандырады. Ал кейінірек ақын Уильям Блейктің шығармаларымен және ежелгі грек мифтерімен бірге оның шығармашылық әдісіне ең көп әсер еткен психоанализбен айналысты. Глюк ұйқастың орнына өзінің айтқысы келгенін жиі қайталайды, осылайша көзге көрінетін кеңістік жасады.
Алайда «Тұңғыштың» шығармашылық табысы ақынды жігерлендірмеді, керісінше, үш жыл бойы writer’s block, яғни ұзақ уақыт жаза алмады. Бұл тоқыраудан тек 1971 жылдарда ақын Годдард колледжінде өлең құрылысынан сабақ бергеннен кейін ғана арылды. Осы кезеңдегі өлеңдер «Батпақтағы үй» (The House on Marshland) кітабына жинақталған.
Глюк келесі кітаптарында мәдени бейнелердің адамның күнделікті өміріне әсерін зерттейді, мәселен, әлемдік мәдениеттегі әйел образдарын қайта суреттейді (Гретель, Жанна Д’Арк). 1985 жылы «Ахиллестің салтанаты» жинағы үшін Глюк адамның мифологиялық және діни табиғатын қайта қарастырғаны үшін америкалық сыншылардың ұлттық сыйлығын алды. Ақын өлімді тануды адамның тірі кезінде дамуының шарты деп санайды.
1992 жылы Глюк «Жабайы ирис» очерктер жинағы үшін Пулитцер сыйлығына ие болады һәм онда гүлдер бағбанға өздерінің бар екендігі, Құдай және мәдениет туралы айтады. Глюк өлеңдеріндегі адам қоршаған әлемнің бірегейлігін түсінеді һәм әлемді де, өзін де алыстан көру үшін көбінесе артқа шегінеді:
Қайғырып сен де
жүр ме едің?
Жер-Ана артпа бұлтқа мін.
Шаршадың ба әлде білмедім,
Қайғырдың ба әлде ұқпадым.
(Аударған Рауан Қабидолда)
Ақын өлеңдерінің тұрақты тақырыбы денені тану, мәдени мәндерден һәм әлеуметтік шекаралардан тыс қалуға тырысу екен:
Өнерден бақыт таба алған
кейбір адамдай,
Табиғат, сенен
таптым мен.
Жердегі ұлы махаббаттан
да таба алмай,
Табиғат, сенен таптым мен.
(Аударған Рауан Қабидолда)
Ақпараттық шу арқылы әлемнің әр бөлігін көруге және естуге деген утопиялық ниет – Луиза Глюктің негізгі миссиясы. Көбінесе бұған әлеуметтік конвенциялар және таңдалған позицияға – феминистік, ұлтшыл немесе басқа ұстанымға әуестік кедергі келтіреді.
Әлеуметтік сынға назар аудара отырып, Глюк 2004, 2001 жылдардағы террорлық шабуылдарға жауап ретінде «Қазан» өлеңдер кітабын шығарады. Жинақта мифтерді талдай отырып, ақын жарақатты адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде бейнелейді. Жарақаттан құтыла алмау – бұл тұрақты психоанализ ғасырында ақын ұсынатын радикалды адалдық. Адамды мәдениет пен өркениеттің қысымынан қорғаудың жалғыз мүмкіндігі – айналада және өз ішінде мүмкіндігінше көп дауыстарды есту қабілеті дейді ол.
Глюктің әдеби жетістіктерінің ішінде бірнеше беделді марапаттар бар: Пулитцер сыйлығы (1993), Ұлттық кітап сыйлығы (2014), Боллинген және Ұлттық кітап сыйлықтары. Және ол 2003 жылы Конгресс кітапханасының ақын-лауреаты болып таңдалды.
Ақын бүгінде 2 эссе жинағы мен 16 өлеңдер жинағының авторы. Атап айтсақ, «Ахиллестің салтанаты» (1985), «Арарат» (1990), Vita Nova (1999), «Аверно» (2006), «Жабайы ирис» (1992) һәм соңғы «Адал және ізгі түн» (2014) жинағы АҚШ Ұлттық кітап сыйлығына ие болған.
Сонымен...
Қазақ оқырмандарына Луиза Глюктің есімі мүлде беймәлім. Ал орыс қоғамында тек кәсіби ақындар мен аудармашыларға ғана белгілі екен. Өйткені 2012 жылы «Жабайы ирис» орыс тілінде жарық көрген болатын.
Орыстың мықты ақындарының аудармаларынан Луиза Глюк өлеңдеріндегі дүрбелеңді байқау екіталай. Бірақ Нобель сыйлығы әлеуметтік позициясы үшін емес, поэзиясымен танымал һәм өлеңімен абыройлы ақынға берілуі, шынында да барша жұртты қуантты. Қазақ оқырманы Глюктің бір өлеңін оқымасақ та, саяси ойындарға қатысы жоқ ақынның жеңісін құптаймыз. Бастысы, әлі де осылай өмір сүріп, өлең жазуға да болатынына (һәм сол өлеңдері үшін Нобель сыйлығын алып) тағы бір көз жеткіздік.