Жақында Атырау облыстық жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен «Biz birgemiz: Asyl mura» жобасы аясында «Babalar izimen» экспедициялық туры ұйымдастырылды. Экспедициялық турдың негізі 2 күнді құрап, Атырау өлкесінің киелі жерлерінің картасы негізінде тарихи орындармен экспедиция мүшелері танысты.
Экспедиция құрамы өз жұмысын Қазақ хандығының астанасы Сарайшық қалашығынан бастады. Сарайшық сапарында музей – қорықтың директоры Мұқтар Әбілсейіт алдағы жылдарда жоспарланған іс-шаралармен таныстырды. Музей қызметкері Орын Сағынбаева археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан қалашықпен таныстырып, сол дәуірдегі тұрғын үйлердің ерекшеліктерін түсіндірді.
Экспедиция мүшелері Атырау облысы, Махамбет, Индер ауданында орналасқан айтыскер ақын Бала Ораз Өтебайұлының, зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлының, күрескер ақын Махамбет Өтемісұлының зиратына барып, тағзым етті. Ел қайран қалатындай әйгілі Тұздыкөлдің жағасына барып, тылсым табиғаттың ерекшелігімен танысты.
Сапардың екінші күні Атырау облысы, Жылыой ауданында орналасқан тарихи орындармен танысумен жалғасты. Жұбан ата мазары, Иманқара үңгірі, Ақкегершін борлы үстірті, Ақмешіт, Құлшан ата мазары сынды тарихи орындарына экспедиция мүшелері барып, тың деректермен танысты.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
экспедиция мүшесі
Атырау – Махамбет – Индер-Жылыой – Атырау