Соңғы 100 жылдың ішінде миллиондаған адамды өмірмен қоштастырған, қаншама отбасына қайғы-қасірет әкелген, әлемде 40-қа жуық мемлекет қатынасқан екі дүниежүзілік соғыстың да кәрі құрлық – Еуропада тұтанғаны мәлім. Ал бүгінгідей ғаламдасқан уақытта жеке бір елдегі тиышсыздықтың тұтастай аймақты, ал аймақтағы даудың бүкіл әлемді дүрліктірген заманында тек Еуропадағы қауіпсіздік мәселесін жеке көтеру мүмкін емес. Сондықтан да Еуропа қауіпсіздігін Азиямен, сондай-ақ бүкіл дүниежүзілік қауіпсіздікпен бірге кешенді қарастыру аса маңызды. Оның үстіне Жаратушының өзі екі құрлықты бір-бірінен тек Орал тауымен ғана шартты түрде бөліп жатқандығынан, ЕҚЫҰ-ны Еуразиядағы, содан кейін барып әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы десең де сыятындай. Аузы күйген Еуропа үшін сондықтан да қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерімен айналысатын Ұйым қажеттігі туып, ол 1975 жылы Хельсинкиде өмірге келген.
Өзінің жарғысында толық консенсустық, яғни Ұйымға мүше мемлекеттің біреуі қарсы болса шешім қабылданбайтын, қазір Ванкувер мен Владивосток арасында жатқан 56 ел мүше Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Мадридте өткен Сыртқы істер министрлері кеңесінде 2010 жылғы төрағалыққа Қазақстанды лайық деп табылғаны мәлім. Мұның ЕҚЫҰ кеңістігінде бұрын-соңды кездеспеген тосын таңдау болғаны да анық. Оған Қазақстанның демократиялық қоғам құрудағы жолы мен нарықтық экономикаға көшуі, экономика саласын тұтастай либералдауы себепкер екеніне дау жоқ. Ал бұған дейін болмаған жағдай деп бағалаудың да өзіндік сыры бар. Өйткені, бұған дейін осы Ұйымға Азия құрлығында жатқан ел, оның үстіне халқының негізі ислам дінін ұстанатын мемлекет төрағалық етіп көрген емес. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі халықаралық беделді Ұйымда оған мүше елдердің барлығының құқығы бірдей екендігінің де айғағы болды. Осылайша Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығын атқарғанына, міне, 100 күн толыпты.
100 күн, 100 түн. Бұл – Қазақстан үшін нағыз тынымсыз күндер мен түндерге айналды. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев күндіз мемлекет басшыларымен, саясаткерлермен кездессе, түн баласына ұшаққа отырып, Қазақстан мемлекеті мойнына алған іс-шараларды орындау үшін жолға жүрді.
Төрағалыққа кірісерде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Вена қаласындағы бейнеүндеуінде мәлім еткен 4-Т бойынша осы 100 күн ішінде атқарылған істерге бүгінде оң көзқарас қалыптасып отырғанына сапарлар барысында көз жетті. Мәселен, Молдова Сыртқы істер және еуропалық интеграция министрі Юриэ Лянкэ Қазақстан төрағалығының 100 күніне таянды деп, осы уақыттың ішінде төраға-мемлекеттің ЕҚЫҰ мен өзге де еуропалық әріптестерінің Днестр өзені бойындағы кикілжіңді бейбіт жолмен, мәмілегерлік сипатта шешудегі ұмтылысына ризашылығын жеткізді.
“ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасына аймақтағы бүгінгі жағдайды айтып бердік. Днестр бойындағы ұзаққа созылған осы дауды ауыздықтауды кешенді шешу бағытында Молдова Республикасы үкіметінің бейбіт үнқатысуды қалайтындығын мәлім еттік. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының да үнқатысуды ресми сипатқа айналдыру арқылы орын алған қиындықтарды еңсеруге, шиеленіскен түйінді шешуге болады деген қолдауы аса маңызды”, деген Юриэ Лянкэ 5+2 форматындағы кездесуді жалғастырудың маңызына баса мән берді (Келісе алмай отырған даулы екеу – Молдова-Приднестовье және жапсарлас көрші елдер Ресей, Украина мен ЕҚЫҰ, араағайындық рөл атқарушы АҚШ және Еуроодақ). Бұл жерде даулы мәселелерді қарастыруда Қазақстан тарапының қай мемлекеттің де территориялық тұтастығының сақталуы қажет деген ұстанымы бар екені белгілі.
Әлемде бүкіл адамзат баласын алаңдатып отырған бірнеше қарулы қақтығыс ошақтары болса, солардың біразы кеңестер Одағы тұсында қордаланып, кейін елдер тәуелсіздік алған тұста қалғып жатып-жатып оянған жанартаудай жан-жағын сілкіндірді. Олар–Қап тауының оңтүстігіндегі Абхазия, Осетия, Таулы Қарабақ пен Днестр бойында өздерін тәуелсізбіз деп жариялаған, бірақ танылмаған “мемлекеттер” дауы. Саясатшылар дәрменсіздігі тұтас елді пұшаймандыққа әкеледі. Ұғыныстық пен түсіністік қаруы–сөз кейінге ысырылып, қару сөйлеген аймақтарда қарапайым халық тартқан тауқымет халықаралық беделі бар Ұйымды алаңдатады. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ға төраға мемлекеттің сол жерлердегі адамдар көрген қиындықтарды азайтуға деген ұмтылысы өте маңызды. Өйткені, Днестр бойына барғанда қарапайым халықтың құжаттарын рәсімдеудің өзіне қиналғанын көрдік. Себебі, Приднестровьенің өз конституциясы, биліктің барлық тармақтары бар да, ал ешбір ел оны мемлекет деп танымағандықтан, оның барлығы кішкентай балалардың үй ойнағанындай ғана. Құжаттарының ешқандай да заңды күші жоқ. Бұдан азаматтардың құқықтық мәселелерімен бірге, толып жатқан өзге де кешенді проблемалар туындап отыр. Сол себептен дипломатия қуатын қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын қарастыруға жұмсап, сол жердегі халықтың психологиясына әсер ету аса маңызды.
Мәселен, Молдова мен Приднестровье арасындағы қарулы қақтығыс басталғаннан кейін туған балалардың алды 18-ге жетіп қалды. Былайша алып қарасаң, тұтастай жаңа ұрпақ буыны өмірге келді. Олар қазіргі 40-қа, 50-ге келгендердей емес, оқ дауысын естімегендер. Ендеше, оқ-дәрі иісін сезбеген жас буынды бүлдіруге емес, бітістіруге ұмтылдыру бағбанның сау өскінді жерге сіңіріп, одан жақсы өнім күткеніндей игілікті іс болмақ. Оны екі жақ та мойындап отыр. Приднестровье лидері Игорь Смирнов ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасымен болған кездесуден кейін өткен брифингте: “Біз Қазақстанның тәжірибесі мен беделінің арқасында жағдайды жақсартуға қол жеткізіледі деп ойлаймыз”, деген.
Жалпы, Днестр бойындағы 20 жылға созылған дауды шешуде 5+2 форматындағы кездесулер өткізу жайындағы келіссөздер 2006 жылдың ақпанында үзілген болатын. 2008 жылы Ресей көмегімен араға 7 жыл салып барып сәуір айында сол кездегі Молдова президенті Владимир Воронин мен Приднестровье лидері Игорь Смирновтың кездесуіне қол жетті. Бірақ, онан кейін Молдовадағы конституциялық дағдарыс үдерісті тоқтатып тастады. Дағдарыс сол қалпында, Молдова мемлекетінің тізгіні қазір конституция бойынша парламент спикерінің қолында. Михай Гимпу Молдова Республикасы президентінің міндетін атқарушы ғана болып отыр. Десек те, үнқатысу қажеттігін сезінушілер екі жақтан да табылады. Мәселенің тек сындарлы, бір-бірімен кетісуге емес, келісуге ұмтылғанында ғана шешілетінін баса айтқан Астана мамыр айында 5+2 форматында кездесуді жаңғыртуды ұсынып отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның өзінің төрағалығы тұсында Ұйымға мүше барлық мемлекеттердің қауіпсіздігі мен ондағы халықтардың өркендеуі жолында аянбайтынын жеткізген. Оның үстіне өзінің жағрапиялық орналасуы мен халқының құрамы жағынан да Шығыс пен Батыстың бір көрінісіндей болған еліміздің әлемдік қоғамдастық алдына үлгі етіп көрсетерлік өзіндік бейнесі, Көшбасшысының халықаралық аренада танылған беделі мен бейбітсүйгіш саясаты да бар. Испанияның еліміздегі елшісі Альберто Кортес сөзімен айтсақ: “ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалығы Ұйым тарихының жаңа беті және оның дамуында Орталық Азия аймағының маңызын көрсетеді. Сіздер төрағалық барысында біріккен Еуропаның және ЕО-ның Қазақстандағы 19 миссиясының жетекшілерінің қолдауына сүйене аласыздар”. Елшінің сөзін Беларусь президенті Александр Лукашенко да қайталады: “Біз сіздердің барлық бастамаларыңызды қолдап, қажет кезінде иығымызды тосуға әзірміз”, деген ол өз елінің адам саудасы, заңсыз миграция, шекара және энергетика қауіпсіздігі мәселелерін шешуде өзгелерге үлгі көрсетіп, ЕҚЫҰ-ның экономика-экология саласында жүргізіп жатқан жұмыстарына белсенді атсалысып отырғанын атап көрсетті.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы атынан ұжымдық кандидат Қазақстан көтерген жүктің салмағы да қомақты. Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенко: “Украина Қазақстан төрағалығының осы кезеңін оң бағалайды. Біз төраға елдің белсенді жұмысына және Іс басындағы төрағаның тынымсыздығына куәміз. Оның ЕҚЫҰ хатшылығы мен өзге де халықаралық дәрежедегі саясаткерлер алдында беделінің мықтылығын көріп отырмыз. Қазақстан төрағалығының басталуы өте жақсы, оның төраға ретіндегі қимылдары көңілдегідей және, сонымен бірге, біз жыл аяғында, төрағалық тізгінін тапсырар уақытта да осындай бағаға ие болады деп ойлаймыз”, деді украиналық дипломат.
Еліміздің төрағалық кезінде алға қойған мәселесінің ішінен Ауғанстан ойып орын алады. Осы бір проблемасы шаш-етектен, соғыстан қирап бүлініп, қаусаған елді бейбіт реттеуді мақсат тұтқан Қазақстан ауғанстандық 1000 жасты өз елімізде оқытып, мамандар даярлау ісіне 50 миллион доллар бөліп отыр. Егер жоғарғы деңгейде саммит өткізілген жағдайда Ауғанстанды бейбіт реттеу күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі әрі берегейі болатыны да күмәнсіз. Немесе өздерінің кандидатурасын 2013 жылғы төрағалыққа ұсынып отырған ел – Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенконың сөзімен жеткізсек: “Әрине, төрағалықты барлық мәселелер шешілген кезде атқарған өте тиімді болар еді, бірақ бізге де айналысатын көп жұмыс қалатын шығар”, деуі шындық.
Минскіде Беларусь Ұлттық кеңесі Өкілдер палатасының төрағасы Владимир Андрейченкомен кездесу барысында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың: “Бүгінге дейін халықаралық қоғамдастық қанша талпынғанымен, Ауғанстанда тұрақтылыққа қол жетпей отыр. Саммит өткізілмеген 10 жыл ішінде әлемде жаңа қауіп-қатерлер пайда болды. Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде Ұйым мүшелерінің көзқарастарын жақындастыруды мақсат тұтады, олардың арасында сенім мен өзара көмек орнағанын қалайды”, деуі Қазақ елінің ең қасиетті ұстанымы десек, қателеспейтін шығармыз. Тек сол ниетке жетіп, адамзат баласы қаруға жүгінгенше, бейбіт келісім, сындарлы үнқатысу арқылы ұғынысуға бет бұрып және тыныштықтың тәтті дәмін сезіне түссе ұтары көп болмақ.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.