Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауын ұлттың жаңа болмысы мәселесімен қорытындылағаны кездейсоқ емес. Өйткені ел тағдыры үшін аса қажетті осынау маңызды құжаттың алғашқы тарауларында қарастырылған салалардың шын мәнінде орындалуы түптеп келгенде осыған тікелей байланысты. Оған біздің өткен тарихымыз дәлел бола алады.
Көшпелілердің табиғатпен тығыз байланысты болғаны, көшпелілер мәдениетінің табиғатпен үйлесімді дамуы, тіптен онымен біте қайнасып, оның бір бөлігіне айналып кеткендігі белгілі. Олар өздерін ешқашан табиғатқа қарсы қойған емес, сондықтан адам мен табиғаттың тепе-теңдігі сақталды. Табиғат көшпелі үшін өз үйі іспеттес болды. Ол үнемі көшіп жүріп, жаңалыққа құмартып, табиғатты бағалап қана қоймай, оның тілін де түсінген. Ал жануарларды қолға үйретіп, жер шаруашылығының пайда бола бастаған кезеңінен кейін көшпелілердің табиғатқа деген көзқарасы мүлдем өзгерді. Бұдан былай ол қоршаған әлеммен тұтаса бірігіп кетті.
Міне, осындай ортада әлеуметтену үдерісінен өткен адам жан-жақты дамып, әлеуметтік тұрғыда үлкен тәжірибе жинақтап, құрыштай болып шынықты. Яғни, табиғаттың әсерін күнделікті өз жан дүниесімен сезініп отырған көшпелілер соған сәйкес өздерінің өмірлік қажеттіліктері мен рухани ұстанымдарын да айқындап отырған. Ендеше, көшпелілерді қоршаған табиғат, оның әдемілігі мен үйлесімділігі, байлығы мен тепе-теңдік сипаты және мәні, өз кезегінде, тиісті орта қалыптастырды. Сондықтан ғасырлар бойы үздіксіз жалғасын тауып отырған әлеуметтік практиканың, ұлттың болмысының тамыры тереңде жатқаны тарихи шындық.
Бұл әлеуметтік практиканың негізі түптеп келгенде – мәдениет. Яғни, мәдениет небір кедергілер мен жағымсыз саяси үрдістерге қарамай, өз қозғалысын тоқтатпай, үздіксіз даму үстінде болады. Керісінше, сол әлеуметтену тәжірибесінің нәтижесі ретінде ол қоғамдық қатынастарды реттеуде елеулі рөл атқарады. Өйткені жаңағы әлеуметтену үдерісінің өзі мәдени қарым-қатынасқа негізделеді. Мәдениет адам тәжірибесін жинақтап, сақтап және оны ұрпақтан-ұрпаққа, дәуірден-дәуірге таратып, жеткізеді. Ол адамзаттың әлеуметтік жадына айналып, адамды тұлға қылуға, оларды біріктіріп, қоғамның бірлігін нығайтуға ықпал ете бастайды.
Осындай әлем байырғы адамдардың болмысын, көзқарасын қалыптастырған. Осылайша мәдениет адам әлемін қалыптастыруға ықпал етіп, Ұлы дала құндылықтарының мәнін түсінуге жетеледі. Сөйтіп көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты әлеуметтік институттар пайда бола бастады. Олай болса, мәдениет ұғымын «жанды жетілдіру» тұрғысында да қарауға болады екен. Оның үстіне көшпелілердің дәстүрлі экологиялық мәдениеті табиғат пен адам әлемінің әу бастан-ақ етене байланыста болғандығына негізделіп табиғатты сақтамаса, адамзат баласының да жойылып кететіндігін жақсы түсінді. Олар сол үйлесімділік пен сұлулықты бағалап, оны қорғай білуге тәрбиеленді.
Адамның табиғатпен байланысы тек қана табиғи-экологиялық тұрғыда емес, ол сол сияқты салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарда, ою-өрнекте және шежіреде бедерлі түрде көрініс тапты. Осыған сәйкес өмір салты мен мінез-құлқы адамның санасына анасының құрсағында жатқанынан бастап, оның сүтімен, әрі қарай жөргекке оралып, бесікке салынғаннан кейінгі оның салт-санасын қалыптастыруға байланысты жүргізілетін әртүрлі әдет-ғұрыптық, ырым-жоралғылық рәсімдер үлкен рөл атқарды.
Міне, қазақ қоғамының осы табиғи-тарихи даму үрдісі Кеңес дәуірінде үзілді. Қазан төңкерісінен кейін күштеп отырықшылыққа көшіру кезінде қазақ халқы адам айтқысыз қасіретті басынан кешірді. Солақай саясаттың кесірінен қазақ көптеген ұлттық құндылықтарынан айырылып, мәдениеті күйзеліске ұшырады. Қазақ халқы үйреншікті орта және көшпелілік әлемінен қол үзіп, бейтаныс шындықпен, дүдәмал болашақпен бетпе-бет келді. Табиғатпен үйлесімді өмір кешіп, үнемі қозғалыс пен даму үстінде жүрген қоғам бір сәтте қатаң қыспаққа түсті, әлеуметтік өрісі тарылды. Өйткені бұл процесс эволюциялық жолмен емес, революциялық күштеу тәсілдері арқылы іске асырылған үлкен саяси науқан еді.
Десек те, қазақ мәдениеті осындай аласапыран замандарды басынан өткеріп, әртүрлі тауқыметті көріп, тарихи сынақтардан өтсе де тарихи сахнада өзін сақтап қалды. Бірақ ол халқымыз үшін тым қымбатқа түсті: халқымыз қансырап, жойқын күшке қарсы тұра алмай, қуғын-сүргінге ұшырап, қаншама арыстарымыз «халық жауы» ретінде қырылып, соның салдарынан ұлттың болмысы дағдарысқа ұшырады. Таптық көзқарас пен ымырасыз күрес, қолдан ұйымдастырылған аштық, шектен тыс партиялық-идеологиялық қыспақ, жеке басқа табынушылық, әсіре интернационализм, сөз бен істің алшақтығы өз дегенін істеді. Осындай қос стандартты және екіжүзді саясат ақыры келіп Кеңес Одағының түбіне жетіп тынды.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін жетпіс жыл бойына халықтың құлағы мен бойына «тәптіштеп» тұрып сіңіріліп келген «кеңестік болмысты» қайтадан түбегейлі өзгерту қажет болды. Халық не істерін білмей «есеңгіреп», «капитализмді» түсіне де алмай, қабылдай да алмай дал болып, біреулері КСРО-ны аңсаса, екіншілері солтүстікке көз тікті. Халықтың болмысы опырылып, ол тағы да «сынақ алаңына» айналды. Оларға бір әлеуметтік-экономикалық формациядан екіншісіне өту, яғни социализмнен нарықтық қатынастарға негізделген, демократиялық қоғам құруға бағыт алған тәуелсіз мемлекеттің азаматы болу таңдауын шешіп, өзінің сана-сезімі мен болмысын сәйкесінше жаңарту керек болды. Бас-аяғы жүз жылдың ішінде бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген «түбегейлі өзгерістердің» ізсіз өтуі, әрине мүмкін емес еді. Оның сарқыншақтары халықтың санасында әлі де болса сақталып отырғаны да белгілі.
Сонымен Президент Қ.Тоқаевтың ұлттың жаңа болмысына қатысты айтқандарына осы мәселелердің тікелей қатысы бар. Қалай болғанда да, биылғы Жолдаудың ерекшелігі мен маңызы ретінде қоғамның табиғатпен үйлесімді дамуы және соған сәйкес келетін ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруды атар едім. Өйткені әңгіме халқымыздың жаңа болмысы мен тұтас ұлт сапасын арттыру туралы болып отыр. Ол үшін адамдардың күнделікті өмірлік ұстанымдарының өзгеруі шарт. Оны шешу жолында алдымен экология мен биоалуантүрлілікке, денсаулық сақтау мәселесіне пәрмен беріп, теңдестірілген аймақтық дамуды қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының деңгейін көтеру керек. Өйткені бұлар табиғатпен, жалпы тіршілік әлемімен байланысты, оның күретамыры. Біз өмір сүріп отырған ортақ үйіміз – Жер-Ананың, жерден өсіп-өнетін бір үзім нанның қадір-қасиетін, еңбектің, тірліктің, адамгершіліктің, ата-ананың қадірін біліп өсер едік. Мұның бәрін бізге құр сөз бен жалаң ұрандар бере алмайды. Ол сонысымен маңызды және қазіргі жаңа ұлттық болмысымызды қалыптастырудағы бірден-бір тиімді және оңтайлы ұстаным ретінде қарастырылғаны қажет-ақ.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Сонымен бірге қазір қазақ қоғамына мәдениетке деген көзқарасты қайта қарау, тіптен өзгертуі қажет сияқты. Жаһандану заманында халық қойнауында жатқан ұлттық құндылықтардан қол үзе бастаған, тек «фольклорлық», «жансыз» сипатқа ие болып бара жатқан берекесі кеткен мәдениеттің еңсесін XXI ғасырдың көшіне ілесе аларлықтай етіп көтерген жөн.
Сөйтіп бұлардың бәрі нақты, нәтижесін көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын салалар. Осы нәтижелерді көріп өскен жас ұрпақ қана қоғамдағы экологиялық және мәдени құндылықтарды, олардың әлеуметтік жадылық мәнін бағалай білуге үйренеді, ол іске өздері де тікелей араласып, жақсы мен жаманды ажыратып, болмысын өзгертіп, әділдік пен әділеттілік, еңбекқорлық, тиянақтылық пен адалдық жолына түседі. Нәтижесінде, ол жаңғырған қоғам құру жолында ысырапшылдық пен даңғазалық, жауапсыздық пен немқұрайлылық, бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық сияқты қоғам мен адамның абыройын төгіп, бүкіл елді қасіретке ұшырататын жат әдеттерден арылады. Міне, сонда ғана Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай: «... елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек».
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
саясаттанушы