Антропогендік факторлар, бұл – адамның іс-әрекеті және тіршілік әрекеті нәтижесінде пайда болып, қоршаған ортаға және осы ортадағы ағзаларға әсер ететін факторлар. Табиғи факторлармен салыстырғанда антропогендік факторлар биосфераның жағдайын аз уакыттың ішінде өзгерте алады. Осы процестердің өзгеруін бақылауды дүние жүзіндегі барлық экологиялық тұрғыдан қызмет атқаратын (гидрометеорологиялық, сейсмикалык, ионосфералық және басқа) жүйелер жүргізеді.
Антропогендік фактор – бұл басқа түрлердің тіршілік ету ортасы ретіндегі табиғаттың өзгеруіне әкелетін немесе олардың тіршілігінен тікелей көрінетін адамзат қоғамының әрекеттілігінің түрлері. Адамзат тарихы барысында алдымен аң аулаудың, содан кейін ауыл шаруашылығының, өндірістің, көліктің дамуы ғаламшарымыздың табиғатына үлкен өзгерістер әкеліп, бүгінде бүкіл тіршілік әлеміне антропогендік әсер ету ықпалының күрт өсуіне себеп болды. Адам әрекетінен шығып жатқан табиғи ортаны сарқу, ластау және бүлдірудің себептерін объективті және субъективті себептерге бөлеміз. Адамның шаруашылық іс-әрекеті салдарынан қоршаған ортаның кейбір жерлерінің өзгергені соншалық, табиғи құрауыштарының байланысы басқа болып, бұрынғы кешендермен салыстырғанда жаңа кешендер түрлері қалыптасты. Антропогендік факторларға өнеркәсіп индустриясының барлық саласы, көлік, ауыл, орман шаруашылығы, энергетика, атом қаруын сынау, мұнай, газ және тау кен өндірісі салалары. т.б. жатады.
Тек өндірістік кәсіпорындардың ғана қоршаған ортаға әсер етіп ластануының негізгі түрлеріне шикізат материалдары, құрал-жабдықтар, отын, электр энергиясы, су, қалдықтар, өнімдер, атмосфераға таралатын (газ, бу, ауа тозаңы) энергетикалық шығарындылар, шу, инфрадыбыс, ультрадыбыс, жарық, электромагниттік өріс, лазерлі сәулелер, иондағыш шығарындылар және тағы басқаларды жатқызуға болады.
Биосфераны ластайтын компоненттердің химиялық құрамы отын-энергетика ресурстарының түріне, өндірісте қолданылатын шикізатқа, оны өңдейтін технологияға байланысты. Антропогендік факторлар әсерінің артуынан күрделі экологиялық проблемалар; парник эффектісі, қышқыл жаңбыр түсімі, алқаптардың ормансыздандырылуы, ядролық қыс, озон қабатының жұқаруы мен тесілуі, шөлейттенуге айналу құбылыстары орын алды.
Жаңаша әсерге биосфераның басқа компоненттерінде экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы салдарынан атмосфераның жағдайына ойқаптар, жыртылған егістік жерлер, ұйымдастырылған үлкен су қоймалары, өзгертілген өзен ағыстары, мелиоративтік жұмыстар қатары, пайдалы кен қазбаларының ашық әдіспен жаппай, үнемі алынуы жатады. Жер бетінің қасиеті мен сипаттамасының өзгеруі атмосфера энергиялық жүйесіндегі алмасу процестеріне, атмосфераға өтетін шығындыққа әсерін тигізеді. Ал тікелей әсерге мысал ретінде өндірістен шығатын тастанды заттектерді, күлді, металл оксидтері мен тұздарын, күкірттің газды қосылыстары, аммиакты, көмір сутектерін, радиоактивті газдарды, шаңдарды, озонды сутекті қосылыстар және тозаңдар жатады.
Бүгінде еліміздегі Арал өңірінің, Семей жерінің, Балқаш маңының, Каспий алқабының экологиялық апатты аймақтарға айналуына антропогендік факторлар негіз болып отырғаны бәрімізге мәлім. Қазіргі кезде адамның іс-әрекетінің кең көлемде бүкіл биосфераға ерекше әсер етуі Жер шарының барлық аймақтарында айқын байқалуда. Бүгінгі заман талабына сай ашылып жатқан өндіріс орындары қоршаған ортаға тигізер залалын алдын ала ескеріп, мән беріп, әкелер пайдасы мен тигізер зиянын ескергенде, табиғат байлығын тиімді пайдалану, қоршаған орта, жер, су тазалығын сақтау, олардың зиянды заттармен ластануына жол бермеу көкірегі ашық, көңілі ояу әрбір азаматтың парызы екенін түсінгенде, қоршаған ортаға әсер етер антропогендік фактор ықпалы азайып, табиғатымыз бәз қалпында қалар еді. Лайым сол экологиялық сана салтанат құрар күнге жетелік.
Жаңылқан ӘЛЕМСЕЙТОВА,
«Тарбағатай» МҰТП Ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің басшысы
Шығыс Қазақстан облысы