Биылғы індеттің кесірінен шекаралар жабылып, мемлекеттер арасындағы сауда, транспорттық байланыс үзілді. Жоспарланған шаралар мен жобаларды жүзеге асыру мүмкін болмай отыр. Бұл өз кезегінде экономика, білім, әлеумет секілді өзге де салаларға коронадағдарыс тудырды. Әр мемлекеттің індетпен күресте енгізген шаралары да алуан болды. Бірі індет бой көтере бастаған сәттен-ақ қатаң тәртіп енгізсе, енді бірі жағдайдың әбден ушығып, бақылаусыз кеткенін күтті. Нәтижесінде, қоғамда осыған дейін «тұншығып» келген түрлі мәселелердің шеті шықты. Осылайша бұл қиындықтар ел үкіметтері үшін нағыз сынаққа айналды. Жағдай енді дұрысталды ма дегенде кей мемлекеттер коронавирустың қайта өршіп жатқанын мәлімдеді.
Індеттің әлем бойынша таралуына есеп жүргізетін Johns Hopkins университеті бүгін Жер шарында 38 миллионнан астам адамның коронавирус жұқтырғанын айтады. Солардың ішінде 1 млн 86 мың науқас қайтыс болған. Ал 26,4 млн адам індеттен құлан-таза айыққан. Қазақстанда да вирус жұқтырғандар саны 100 мыңдық межеден асып кетті. Жазбен салыстырғанда еліміздегі жағдай біраз тұрақталғанымен, денсаулық сақтау өкілдері екінші толқын қаупін айтып дабыл қағуда. Сол себепті де оқу орындары жыл соңына дейін қашықтан білім беруді жалғастыра бермекші.
(Тақырыптың жалғасын төменнен оқисыздар)
Америкада да науқастар саны артып отыр
Осыған дейін мамандар күннің суытуымен байланысты індеттің қайта өршуі мүмкін екенін айтқан-ды. Бірінші толқыннан кейін біраз уақыт «күту режімінде» болған вирус Батыс елдері мен Американы қайта жаулай бастады. Осы аптаның өзінде он шақты елде COVID-19 жұқтырғандардың саны рекордтық көрсеткішке жеткен.
Бұған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен мемлекет басшылары да алаңдап отыр. Дегенмен зерттеушілер арасында жағдайды өз еркімен жіберу керек деген де пікір кездеседі. Бірнеше күн бұрын баспасөз мәслихатында ДДҰ басшысы Тедрос Гебреисус Америка мен Еуропада індеттің қайта белең алғанын айтып, мемлекет басшыларын күресте жеңіске жеткен елдерден үлгі алуға шақырды. Індетпен күресте басты қару әзірге кешенді шаралар ғана екенін тағы да ескертті. 2020 жылы адамзаттың тіршілігін түбегейлі өзгерткен бұл жағдайдың әлі де толық зерттеліп бітпегені белгілі. ДДҰ басшысының мәлімдемесі де нақты ғылыми нәтижелер жоқ болғандықтан тәжірибе жүргізіп жапа шеккенше, тексерілген шаралармен қорғана тұруға тура келеді дегенге саяды.
Кейбір зерттеушілер жақында «ұжымдық иммунитет» тақырыбын қайта қозғай бастады. Ол бойынша оқу орындары, бизнес және өзге де өндіріс орындары толығымен ашылып, вирустың еркін жайылуына жағдай жасалады. Егде жастағы тұрғындар мен денсаулығы нашар адамдар ғана қорғалып, қалғандары індет жұқтырып, тез жазылып кетуі керек. Бұл тұжырымды қолдайтын мамандар осылайша ұжымдық иммунитет қалыптасады деген пікірде.
Алайда мамандардың көпшілігі бұл қадам одан да көп адамның вирус жұқтырып, өлім санының күрт өсуіне алып келетінін алға тартады. ДДҰ басшысы да бұл пікірге қарсы шығып, оны тіпті этикаға жатпайды деп сынады. Ұжымдық иммунитет ұғымы вакцина салынғаннан кейін пайда болатынын айтады. Мәселен, қоғамда қызылшаға қарсы иммунитет пайда болуы үшін халықтың 95 пайызы вакцина алуы керек, сонда қалған 5 пайызына індет жұқпайды. Сол себепті ұжымдық иммунитетке вирусты еркіне жіберу емес, тек вакцина салу арқылы жетуге болады.
АҚШ үкіметі осы ұжымдық иммунитет теориясын қолдап, Ақ үй вирусты бақылаусыз қалдырды деген пікір айтылуда. Елде вирус жұқтырғандар саны 8 миллионға жуықтады, ал өткен аптаның өзінде 6 мыңға жуық адам қайтыс болған. Бірнеше апта қатарынан науқастар саны үздіксіз өсіп келеді. Әрине жағдай шілде-тамыз айларындағыдай ушыға қоймағанымен, вирус жұқтырған 40 мыңнан астам адам күнделікті анықталуда. Мамандар бұл құбылыстың нақты себебін айта алмай отыр. Дегенмен Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары жүргізген зерттеу 2 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында тіркелген жағдайлар бойынша 18-22 жас аралығындағы науқастардың 55 пайызға артқанын анықтаған. Бұл індеттің таралуына оқу орындарының ашылуы себеп болуы мүмкін екенін білдірсе керек. Одан бөлек ауа райының салқындауы да әсер етуі мүмкін.
Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның жұбайының және өзге де шенеуніктердің індет жұқтырғаны белгілі. Кемінде 11 адамның вирус жұқтыруына себеп болған басқосуды ұйымдастырғаны үшін Ақ үйдің басы дауға қалған-ды. Елде атышулы жиынмен байланысты вирус жұқтырғандар саны әлі де артып келеді. Дегенмен ауруханадан шыққан Трамп сайлауалды науқанына белсене кірісіп кетті. Президенттің індеттен толық айығып-айықпағаны көпшілікті әлі де алаңдататыны сөзсіз. Вирустың қауіпсіздік шараларына құлақ аспай еркінсіп кеткен АҚШ президентіне жұққаны талайды ойландырып тастады.
АҚШ-тың солтүстіктегі көршісі Канадада індет кей өңірлерде ғана өршіп тұр. Ел үкіметі жалпыұлттық қатаң шараларды енгізбейтінін мәлімдеген. Тек вирустың ошағына айналған «қызыл аймақтағы» мекендер ғана басты назарда болады. Дегенмен ресми тұлғалар маска тағудан бас тартқан тұрғындарға қауіптің жақын екенін айтып, қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырып келеді. Ел халқын әлеуметтік қолдау шаралары да қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Канадада вирус жұқтырғандар саны 189 мың адамнан асты, ал қайтыс болғандар саны 8 мыңға жуық. Қатаң шаралар тек бақылауға алынған індет ошақтарына ғана қатысты болады.
Ал Латын Америкасы індеттің құрсауында қалғаны белгілі. Құрлықтағы елдер коронавирус ең көп тараған мемлекеттердің ондығына енген. Мәселен, Бразилияның өзінде 5 млн-нан астам науқас анықталған. Аймақтағы кедейлік секілді әлеуметтік мәселелер күннен-күнге ушығып барады. Чили зерттеушілері болса ел аймақтарының бірінде вирустың мутацияланған түрі тарап жатуы мүмкін деп дабыл қағуда. Ел халқының 1 пайызы ғана өмір сүретін оңтүстік аймақта вирус жұқтырғандар саны елде тіркелген жағдайдың 20 пайызын құрап отыр. Ал Аргентинада елдегі қиын жағдайға қарамастан үкіметке қарсы шеруге мыңдаған адам шығып жатыр. Халықтың наразылығын тудырған мәселелер шаш етектен. Көпшілігі үкіметтің дағдарысты еңсеру бойынша әрекетін құптамайды. Ал елде вирус жұқтырғандар саны 1 миллионға жақындап келеді. Латын Америкасындағы жағдайды індеттен бөлек, бірқатар әлеуметтік мәселелер де қиындатып тұр.
Вакцинаға келетін болсақ, сынақтың 3-кезеңіне өткен халықаралық ірі жобалардың екеуі уақытша тәжірибені тоқтатты. Оксфорд университеті мен AstraZeneca фармацевтикалық компаниясының сынақты тоқтата тұру туралы хабарынан бір айдан кейін осы дүйсенбіде Johnson&Johnson компаниясы да вакцина сынағын уақытша тоқтату туралы шешімін жариялады. Екі жағдайда да волонтерлердің бірінде пайда болған «күтпеген белгісіз ауру» себеп болған. Зерттеушілер мән-жайды анықтап жатыр дегеннен басқа ақпарат берілмей отыр. Бұл індетті зерттеуді әрі қарай жалғастыру керек екенін және өзге вакциналардың мұқият тексерілуі керектігін көрсетіп отыр.
Қарт құрлық карантин режімін күшейтеді
Коронавирус індеті қайта өршіген елдер қатарын Еуропа құрлығындағы мемлекеттер де күн санап толықтырып келеді. Кеше бір күннің үшінде қарт құрлықтың 100 тұрғыны вирус жұқтырған. Бұл жағдай еуропалықтарды әжептәуір алаңдатып отыр.
Қалыпты өмірге орала бастаған елдер қайтадан карантин режімін күшейтуге кірісті. Мәселен, Латвия үкіметі қазанның ортасына жоспарланған Рига марафонын өткізбеуді дұрыс деп ұйғарды. Премьер-министр Кришьянис Кариньш «Азаматтарымызды қауіпсіздікке шақырып отырып, осындай үлкен шара өткізу – бассыздық. Сондықтан алдағы уақытта үлкен жиындар мен жиналыстар өткізуді тоқтата тұруымыз керек», деді. Ал аталған марафон осы елде 1991 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан елеулі шара болатын.
Қарт құрлықтың оңтүстігінде де жағдай мәз емес. Пандемия басталғанда дүрлігіп, аса қауіпті аймақ саналған Италия науқастарының саны 5 мыңнан асқанын мәлімдеді. Кешегі көрсеткіш – 5 372. Италия үкіметі науқастар мен өлім санының қазан айы басталғалы бері күрт өскенін де жасырмады. Ал Испанияда бүгінге дейін 896 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Кеше науқастар саны 7 118 болды.
Карантин шараларын күшейтіп жатқан елдердің тағы бірі – Германия. Еуропа кеңесінің Ынтымақтастық қоры бірқатар мемлекетке пандемия және оның салдарымен күрес үшін қаржылай көмек көрсететін болды. Германиямен қатар Ирландия, Грекия, Испания, Хорватия, Мажарстан мен Португалия да 132,7 млн еуро көлемінде көмек алмақ. Германия денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елде 337 мыңнан көп адам вирус жұқтырған, 10 мыңға жуық адам қайтыс болған. 2021 жылдың қазанында елде парламент сайлауы өтуі керек. Германия үкіметі пандемия жағдайында сайлау өткізудің механизмін ойластырып қойған. Сайлау дәстүрлі форматта өтпеген жағдайда үміткерлерді ұсыну реті өзгермек. Германия ішкі істер министрі Хорст Зеехофер арнайы құқықтық ереже дайындап, электронды немесе пошта қызметіне жүгіну жағын қарастыруда.
Вирус өршіп тұрған Еуропа елдерінің көш басында Чехия тұр. Богемия елінде үшінші күн қатарынан жағдай ауыр. 9 қазаннан бері вирус жұқтырғандар 5 мыңнан асып, жалпы саны 100 мыңнан асып түсті. Польша да дабыл қаққандардың бірі. Варшава мемлекетте 135 мыңнан астам адамнан вирус анықтағанын мәлімдеді.
Скандинавия елдері әзірге тыныш. Норвегияда кеше жалпы 15 793 адамның вирус жұқтырғаны хабарланды. Данияда 33 мыңнан астам адамда вирус анықталған, ал Финляндияда науқастар саны 12,5 мыңға жуықтаған. Пандемия басталғалы карантин енгізбей, төтенше жағдай жарияламаған Швецияда 2 203 науқас тіркелді. Сарапшылар Швеция моделі керісінше қауіпті екенін алға тартады. Олардың бақылауынша, Швецияда вирустан көз жұмғандар саны көрші Дания, Норвегия, Финляндиядан көп. Пандемия басталғалы Швецияда шамамен 6 мың адам көз жұмған.
Еуропадағы ең кішкентай мемлекет Ватиканда бүгінге дейін 19 науқас тіркелген. Грекияда 23 мың адамның індет жұқтырғаны анықталған. Қазанға дейін еуропалықтар жұмыстарына оралып үлгерген-ді. Енді әр мемлекет карантин режімін күшейтуді қарастырып жатыр. Оффлайн режімде жұмыс істеп жатқан мектептер тағы да қашықтан оқуға көшуді ойластырып жатыр. Бұған дейін Эстониядағы мектептердің жаппай онлайн оқуға көшіп жатқаны хабарланған-ды. Бүгінде Еуропа елдеріндегі тамақтану орындары мен қоғамдық орындар кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді, топтасып жиналуға әлі де рұқсат етілмейді.
Азиядағы ахуал да адамзатты алаңдатады
Коронавирус пандемиясы Азия құрлығына да оңайға соғып жатқан жоқ. Күн сайын шартараптың түкпір-түкпірінде 250 мыңнан астам науқас тіркелсе, соның 100 мыңға жуығы сары құрлыққа тиесілі. Әсіресе Үндістандағы жағдай өте қиын. Бүгінге дейін Боливудтың отанында вирус жұқтырғандар саны 7 миллионнан асып кетті.
Осылайша Үндістан әлем бойынша коронавирустан ең көп зардап шеккен АҚШ-тағы көрсеткішке жақын қалды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен тәулікте 70 мыңға жуық тұрғын қатерлі дерттің тырнағына ілінген. 110 мыңнан астам адам бұл дүниемен қоштасты. Үндістан вирус жұқтырғандар саны жағынан бірнеше күн бойы алдыңғы қатардан түспей тұр. Яғни елдегі ахуал әлі де күрделі қалпында қалып отыр.
Бұл ретте вирус жұқтырғандар санының өсімі тәулігіне қыркүйектегі 100 мыңнан 70 мың адамға дейін кеміген. Індеттің сәл де болса бәсеңдегені аңғарылады. Мәселен, қыркүйектің ортасында бір күнде жүз мыңға жуық адам науқастанса, қазір бұл көрсеткіш 60-70 мыңның айналасында. Елдің денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырғандар саны азайған жағдайда үндістандықтардың жаңа жылы – Дивали мерекесін тойлауға мүмкіндік туады деп үміттеніп отыр. Биыл аталған мереке 14 қарашада атап өтілмек.
COVID-19-дың отаны Қытайда қауіпті індетпен жаңадан ауырғандар саны бір тәулікте жиырма шақты адамды құрайды. Елдің мемлекеттік денсаулық сақтау комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, бүгінге дейін науқастардың барлығы вирусты шетелден жұқтырып келген. Алайда күні кеше Циндао қаласында екі айдан кейін алғаш рет вирусты Қытайда жұқтырған адам тіркелді. Осыған байланысты дүйсенбіден бастап жаппай тестілеу жүргізіліп жатыр. Бұл өңірді 9 миллионнан астам тұрғын мекендейді. Аталған науқас коронавируспен ауыратындарды емдейтін аурухананың қызметкері көрінеді.
Өткен дүйсенбіде анықталған 13 науқастың жетеуі шетелден жұқтырған, ал алтауы Циндао қаласының тұрғындары екен. Соңғы рет Қытай коронавирустың жергілікті жерде жұғуы туралы мәліметті 15 тамызда хабарлаған еді. Ол кезде анықталған 4 адам Шынжаң автономиялық облысында тұратыны белгілі болды. Бүгінге дейін Қытайда науқастар саны 85 мыңнан асып, 4 634 адам қайтыс болды.
Ирандағы жағдай да мәз емес. Бірнеше күннен бері осы елде індет салдарынан бақиға аттанғандар саны рекордтық деңгейде тұр. Мәселен, дүйсенбіде 272 адам бұл дүниемен қоштасса, 4 206 тұрғынның вирус жұқтырғаны анықталды. Осылайша Ирандағы індеттің тырнағына ілінгендер 500 мың адамнан асып кетті. Соның 30 мыңға жуығы бақиға аттанды.
Осы орайда айта кеткен жөн. Иран пандемияның үшінші толқынын бастан өткеріп жатыр. Өйткені алғаш рет наурыздың аяғы мен сәуірдің басында науқастар саны күрт көбейген-ді. Бірақ мамырда жағдай сәл де болса тұрақталып, жаңадан вирус жұқтырғандар саны бәсеңдеді.
Ал мамырдың аяғынан бастап індет қайта өршіді. Жағдай тамыздың соңына дейін тынышталған жоқ. Сөйтіп, Иран екінші толқынды еңсергендей көрінген. Әйтсе де, қыркүйекте ахуал тағы қиындай түсті. Қазір науқастар саны күннен күнге көбейіп барады.
Коронавирустың қарқыны Иран экономикасына күйрете соққы берді. Әсіресе ұлттық валютасы риал құлдырай бастады. Қазір нарықта бір доллар 42 136 риалға сатылып жатыр. Бұған дейін Иранның ақшасы мұншалықты құнсызданбаған еді. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда риал 138 пайызға құнын жоғалтқан.
Иордания билігі коронавирустың таралуына жол бермеу үшін демалыс күндері шектеу шараларын күшейтті. Апта аяғында тұрғындардың сыртқа шығуына толық тыйым салынды. Көшеде медициналық қызметкерлер мен эпидемиялық зерттеу жүргізуші топтарға ғана жүруге рұқсат. Полицейлер коменданттық сағатта тәртіптің сақталуын қатаң қадағалайды. Өткен жұмадан бастап мектептердегі сабақ тоқтатылды. Білім ошағының қайтадан қашан есігін ашатыны әзірге белгісіз. Студенттер қашықтан оқуға көшірілді. Иорданияда коронавирусты жұқтырғандар саны 22 мыңға жуықтады, 144 науқас көз жұмды.
Жапонияда коронавирус салдарынан суицид саны күрт артыпты. Әсіресе елге танымал «жұлдыздарға» оңайға соқпай тұр. Мәселен, мамырда балуан әрі түрлі ток-шоудың қатысушысы Хана Кимура, шілдеде актер Харума Миура, қыркүйекте актер Сей Ашина мен Юко Такеучи өз-өзіне қол жұмсаған.
Биылғы шілде айында суицид көрсеткіші былтырғы мерзіммен салыстырғанда қатты айырмашылық байқалмаған. Бірақ тамызда 2019 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артқан. Жапония үкіметінің мәліметіне сүйенсек, мұның басты себебі өз-өзіне қол жұмсауды болдырмауға жұмсалатын қаражатты 40 пайызға азайтумен тікелей байланысты. Жыл сайын Жапония суицидпен күресу үшін 55 миллион долларға жуық қаражат жұмсайды.
Коронавирус алғаш әлемге тарай бастағанда, қаңтар-мамыр айларында Күншығыс елінде суицид көрсеткіші 10 пайызға төмендеген еді. Бірақ пандемияның экономикаға тигізген зардабы салдарынан әлеуметтік жағдай қиындай түсіп, көптеген жапониялық азамат күйзеліске түскен көрінеді. Жұмыссыздар саны да күрт артып, шағын және орта бизнес өкілдері кәсібін тоқтатуға мәжбүр болған.
Індет салдарынан суицид көбейгеніне қарамастан, COVID-19 жұқтырып қайтыс болғандар көп емес. Бүгінге дейін Жапонияда 90 мыңға жуық адам науқастанып, 1600-ден астам тұрғын ажал тырнағына ілінді.
Аустралия билігі елдегі жағдай әлі де тұрақталмағанына қарамастан кей штаттардағы карантиндік шектеулерді жеңілдетуді жоспарлап отыр. Бүгінге дейін осы елде 27 мыңнан астам адам вирус жұқтырғаны анықталып, соның 900-і пәни жалғанмен қоштасты. Қазіргі таңда Аустралияда күнделікті 30 шақты адам вирус жұқтырады. Дегенмен бұл тамыздың басындағы көрсеткіштен әлдеқайда аз. Сол кезде күніне 700-ге жуық адам науқастанған еді.
Осыған байланысты ел билігі Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында сыртта тамақ ішуге рұқсат берді. Сондай-ақ мейрамханалар мен дәмханалардағы үстелдердің арақашықтығы 4 метрден кем болмауы тиіс. Аустралия үкіметі осындай қадамдар арқылы карантиндік шектеулерді бірте-бірте жеңілдетпек.
Малайзия билігі керісінше ел астанасындағы жүріп-тұруды шектеуге шешім қабылдағанын мәлімдеді. Кейінгі екі аптада бұл мемлекеттегі ахуал нашарлап, науқастар күрт көбейді. Мәселен, 6 қазанда вирус жұқтырғандар саны рекордтық деңгейге жетіп, бір тәулікте 691 адам қауіпті дерттің тырнағына ілінді.
Оңтүстік Кореяда өткен тәулікте 97 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Бұған дейін кореялықтар індетті сәтті ауыздықтап келген еді. Алайда кейінгі деректерге сүйенсек, Оңтүстік Кореяда коронавирус қайта күшіне мініп келе жатқандай.
Дайындағандар
Меруерт БҮРКІТБАЙ, Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»