Биылғы жаһанды жайлаған пандемия күллі әлем қоғамдастығын, соның ішінде Қазақстанды да бұрын кездеспеген жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет қалдырды. Коронавирус инфекциясы белең алған бұл кезеңде ең бастысы, сергек әрі ілкімді іс-қимыл таныту барлық күрделі мәселенің шешімі болатынын байқатты. Осы орайда елімізде қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты мемлекет тарапынан халық мүддесін ескере отырып, дер кезінде көптеген әлеуметтік-экономикалық іс-шаралар қабылданғаны мәлім. Яғни Қазақстан өзінің әлеуметтік мемлекет құру жолындағы ұзақмерзімді стратегиялық бағыт-бағдарын нықтай түсті.
Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірлесе білген ел бәрін жеңетіні жөнінде халыққа үндеу жолдап, қатерлі дертпен күрестің алғашқы сын сәттерінде-ақ қалың бұқараға дем берді, барша кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерін Nur Otan партиясының аясында топтасып, жұртқа жұмыла көмек көрсетуге шақырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар шаралар қабылдап, Төтенше жағдай мен карантин кезінде табысынан айырылған әртүрлі әлеуметтік топтарға бағытталған жәрдемақыларға бюджеттен қомақты қаржы бөліп, нақты қолдау тетіктерін белгіледі. Бұл өңірдегі және әлемдегі қазіргі ахуалмен салыстырғанда оңтайлы нәтижесін берді.
Иә, жаһандық сынақ мемлекеттерді шыңдап келеді. «Әлем бұрынғыдай болмайды» деген тұжырыммен барлық елдер етек-жеңін жинап, жинақылана түсті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында күрделі кезеңнің қиындықтарын еңсере отырып, алдағы бағыт-бағдарларды анықтап, нақты міндеттер жүктеп отыр. Соның ішінде Жолдаудың жаңа іс-қимыл жоспарының мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісінен басталуы Президент айтқандай, ең әуелі мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оны орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастау алмақ. Бұл ретте жаңа мемлекеттік құрылымдардың құрылуы жоспарлау жүйесін негіздеуден туған қадам деуге болады. Яғни бұрынғыдай барлық міндетті тек мемлекеттік аппарат қана атқармай, оған азаматтық қоғам да қатысатын болды. Бұл ретте «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылдау жүктеліп отыр.
Мемлекет басшысының көрсеткіштерге емес, нәтижеге жұмыс істеу туралы талабы өте орынды. Бұл осыған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, билік институттарының есептік кезеңде жалаң цифрларды тізбектеп, қалған уақытта жеке, оқшау қалуын емес, керісінше халықпен бірге қоян-қолтық араласа жүріп, бұқара мен қоғамның мәселесін, мұң-мұқтажын өз ортасынан, яки ішінен білуіне жол ашады. «Халық айтса қалт айтпайды» деген тәмсіл бар. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың алғашқы қадамы да осы – халықтың талап-тілегіне құлақ түру.
Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс, Сот-сараптама қызметі, Стандарттау, Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңдар секілді жаңа қабылданған іргелі заң жобаларымен бірге әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және азаматтық іс жүргізу кодекстеріне, бизнес ортаны жақсарту, мемлекеттің функцияларын бәсекелестік ортаға беру туралы, тағы да жүздеген заңнамаға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізуге тікелей атсалысу барысында мәслихат депутаттарымен, Қоғамдық кеңестер мүшелерімен, кәсіби заңгерлермен, прокуратура, сот және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен жүйелі түрде кездесулер өткізіп, аумақтардың нақты проблемалары мен оны заңнама тұрғысынан қалай шешуге болатынын талқыладық.
Еліміздің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары Google деректеріне сүйене отырып, Қазақстанда жұмыс орнына барудың 25 пайызға азайғанын есептеп шығарды. Осы дерекке ден қояр болсақ, Президенттің мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін екі жылда 25 пайызға қысқарту туралы тапсырмасы қазіргі ахуалмен де үйлесетінін аңғаруға болады. Мұның қоғамда оң әсері анық байқалмақ. Біріншіден, аталған құрылымдардың қызметі оңтайланады. Басы артық, бір-бірін қайталайтын жұмыс орны болмайды. Екіншіден, қызметкерлерді қысқарту нәтижесінде жұмыс орнын сақтап қалған тұлғалардың жалақысын арттыруға мүмкіндік туады. Бұл әрине, әлеуметтік жағдайды жақсартуға көмектеседі. Үшіншіден, аз жалақы әрдайым жемқорлыққа жол ашатынын ескерсек, еліміздегі бұл бағыттағы істің ілкімдімділікпен ілгері басуын тездетеді. Төртіншіден, бүгінгі эпидемиялық кезеңде қашықтан жұмыс істеу қағидаларын орнықтырып, қауіпсіздікті сақтау және цифрландыру үдерісін арттыра түседі.
Президент еліміздегі жауапты хатшылар институтын жоюды да тапсырып, олардың міндеттерін ведомстволардың аппарат басшыларына жүктеген жөн екенін айтты. Бұл да жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік қызметте дубльдің болмауын бекіте түсетін шешім.
Осы орайда Мемлекет басшысының заң шығарушы органның қызметіне қатысты тапсырмалары әріптестеріміздің – Парламент депутаттарының көңілін тап басқанын айтуға тиіспіз. Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғарыда айтқан ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында жыл соңына дейін мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізу туралы айта келіп, норма шығару мәселесін қайта қарауды тапсырғаны белгілі. Яғни құқықтық жүйенің қасаңдығы карантин кезінде қолбайлау болып, жұмысты тежеді. Негізгі проблема атқарушы биліктің әр қадамының заңмен шектеліп қалуында болып отыр. Яғни ведомство басшылары мен әкімдерге қандай жоғары талап қойылса да олар оны заңдар мен қаулылардың белгілі нормаларының аясында ғана қарастыра алады. Президент бұл жағдайдың мемлекеттің ғана емес, Парламенттің де жұмысын қиындататынын орынды атап өтті. Сондықтан палаталардың атқарушы органдардың құзыретіне беруге болатын нормаларды да қарастыруына тура келеді. Президент Құқықтық регламенттеу деңгейлерінің арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуді кейінге қалдыруға болмайтынын атап айтты.
Құқықтық мемлекеттің тетігі – сауатты заң мен күшті мемлекет. Ал заңның қорғаушысы – құқық қорғау органдары. Қазір құқық қорғау органдарының басты көрсеткіші ашылған қылмыстар мен сотқа жолданған істер санымен шектеледі. Яғни азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың орнына, олар статистикалық көрсеткіштерге жұмыс істейді. Еліміздегі құқық қорғау жүйесінің жұмысы нақты істерімен емес, құрғақ сандар арқылы бағаланатыны өкінішті, әрине. «Полиция азаптады; қорлады; қинап мойындатты» деген айыптар кез келген қылмыстық іс бойынша шағымдарда кездеседі. Құқық қорғау саласындағы жемқорлықты жою мен реформалау арқылы бұл келеңсіздіктерден арылуға болады. Бұл ретте Мемлекет басшысының «Жұртқа жақын полиция» қағидасын басшылыққа ала отырып, тиісті реформалар жүргізілетіні қуантады.
Жалпы, қылмыстық ахуал – мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласына теріс әсер етеді. Елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге кедергі келтіреді. Еліміздің халықаралық беделіне де нұқсанын тигізеді. Азаматтардың құқық қорғау органдарына қоятын ең басты талабы – өзінің және отбасының қауіпсіздігі және жеке мүлкінің қорғалуы. Кәмелетке толмағандар мен әйелдердің қорғалуы. Сол себепті құқықтық мемлекетте халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қазіргі қоғам талабына сай ізгілік жолымен қалыптастыру мәселелерін қолға алу қажет. Балалар мен жастардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыру және құқықтық сауаттылығын арттыру күн тәртібінен түспеуі тиіс. ІІМ-не қарасты оқу орындарының бағдарламаларына да тың өзгеріс қажет. Бұл оқу орындарын тәмамдаған әрбір жас келешекте еліне адал қызмет ететін «офицерге» айналуы тиіс. Міне, осы іспетті «Әділетті мемлекет» құру жолындағы қадамдарға құқық қорғау органдарымен бірге қоғам да жұмылдырылуы қажет.
Балайым КЕСЕБАЕВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты