• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әлем 15 Қазан, 2020

Америкада да науқастар саны артып отыр

219 рет
көрсетілді

Осыған дейін мамандар күннің суытуымен байланысты індеттің қайта өршуі мүмкін екенін айтқан-ды. Бірінші толқыннан кейін біраз уақыт «күту режімінде» болған вирус Батыс елдері мен Амери­каны қайта жаулай бастады. Осы аптаның өзінде он шақты елде COVID-19 жұқтырғандардың саны рекордтық көрсеткішке жеткен. 

Бұған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен мемлекет басшы­лары да алаңдап отыр. Деген­мен зерттеушілер арасында жағ­дайды өз еркімен жіберу керек деген де пікір кездеседі. Бірне­ше күн бұрын баспасөз мәсли­хатында ДДҰ басшысы Тедрос Гебреисус Америка мен Еуропада індеттің қайта белең алғанын айтып, мемлекет басшыларын күресте жеңіске жеткен елдерден үлгі алуға шақырды. Індетпен күресте басты қару әзірге кешенді шаралар ғана екенін тағы да ескертті. 2020 жылы адам­зат­тың тіршілігін түбегейлі өзгерт­кен бұл жағдайдың әлі де толық зерт­теліп бітпегені белгілі. ДДҰ бас­шы­сы­ның мәлімдемесі де нақты ғылы­ми нәтижелер жоқ болған­дық­тан тәжірибе жүргізіп жапа шек­кенше, тексерілген шаралармен қорғана тұруға тура келеді дегенге саяды.

Кейбір зерттеушілер жақында «ұжым­дық иммунитет» тақыры­бын қайта қозғай бастады. Ол бойын­ша оқу орындары, бизнес және өзге де өн­ді­ріс орындары толы­­ғы­мен ашылып, вирустың ер­кін жа­йылуына жағ­дай жасалады. Егде жастағы тұр­ғы­ндар мен ден­саулығы нашар адам­дар ғана қор­ғ­алып, қалғандары ін­дет жұқты­рып, тез жазылып кетуі ке­рек. Бұл тұжырымды қолдайтын ма­­ман­­дар осылайша ұжымдық им­му­­нитет қалыптасады деген пікірде.

Алайда мамандардың көпшілігі бұл қадам одан да көп адамның вирус жұқтырып, өлім санының күрт өсуіне алып келетінін алға тар­тады. ДДҰ басшысы да бұл пікір­ге қарсы шығып, оны тіпті эти­каға жатпайды деп сынады. Ұжым­­­дық иммунитет ұғымы вак­ци­­­на салынғаннан кейін пайда бо­лат­ынын айтады. Мәселен, қоғам­­да қызыл­шаға қарсы иммунитет пай­да болуы үшін халықтың 95 пайы­зы вакцина алуы керек, сонда қал­ған 5 пайызына індет жұқ­пай­ды. Сол себепті ұжымдық им­му­­ни­тетке вирусты еркіне жіберу емес, тек вакцина салу арқылы жетуге болады.

АҚШ үкіметі осы ұжымдық имму­нитет теориясын қолдап, Ақ үй вирусты бақылаусыз қалдыр­ды деген пікір айтылуда. Елде вирус жұқтырғандар саны 8 мил­лионға жуықтады, ал өткен апта­ның өзінде 6 мыңға жуық адам қай­тыс болған. Бірнеше апта қатары­нан науқастар саны үздіксіз өсіп келеді. Әрине жағдай шілде-тамыз айларындағыдай ушыға қоймағанымен, вирус жұқтырған 40 мыңнан астам адам күнделікті анық­талуда. Мамандар бұл құ­былыстың нақты себебін айта алмай отыр. Дегенмен Ауру­ларды бақылау және алдын алу орталықтары жүргізген зерттеу 2 тамыз бен 5 қыркүйек аралы­ғында тіркелген жағдайлар бойын­ша 18-22 жас аралығындағы нау­қастардың 55 пайызға артқанын анықтаған. Бұл індеттің таралуына оқу орындарының ашылуы себеп болуы мүмкін екенін білдірсе керек. Одан бөлек ауа райының салқындауы да әсер етуі мүмкін.

Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның жұбайы­ның және өзге де шенеуніктердің індет жұқтырғаны белгілі. Кемінде 11 адамның вирус жұқтыруына себеп болған басқосуды ұйымдас­тыр­ғаны үшін Ақ үйдің басы дауға қалған-ды. Елде атышулы жиынмен байланысты вирус жұқ­тырғандар саны әлі де артып келеді. Дегенмен ауруханадан шыққан Трамп сайлауалды науқа­нына белсене кірісіп кетті. Прези­денттің індеттен толық айығып-айықпағаны көпшілікті әлі де алаңдататыны сөзсіз. Вирустың қауіпсіздік шараларына құлақ аспай еркінсіп кеткен АҚШ президентіне жұққаны талайды ойландырып тастады.

АҚШ-тың солтүстіктегі көр­шісі Канадада індет кей өңірлер­де ғана өршіп тұр. Ел үкіметі жал­пыұлттық қатаң шараларды енгізбейтінін мәлімдеген. Тек вирустың ошағына айналған «қызыл аймақтағы» мекендер ғана басты назарда болады. Дегенмен ресми тұлғалар маска тағудан бас тартқан тұрғындарға қауіптің жақын екенін айтып, қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырып келеді. Ел халқын әлеуметтік қолдау шаралары да қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Канадада вирус жұқтырғандар саны 189 мың адамнан асты, ал қайтыс болған­дар саны 8 мыңға жуық. Қатаң шаралар тек бақылауға алынған індет ошақтарына ғана қатысты болады.

Ал Латын Америкасы ін­дет­тің құрсауында қалғаны белгілі. Құрлықтағы елдер коро­на­вирус ең көп тараған мемле­кет­­тер­дің ондығына енген. Мәсе­лен, Бразилияның өзінде 5 млн-нан астам науқас анықтал­ған. Ай­мақтағы кедейлік секіл­ді әлеу­меттік мәселелер күн­нен-күнге ушығып барады. Чили зерт­теушілері болса ел аймақ­тары­ның бірінде вирустың мута­цияланған түрі тарап жатуы мүмкін деп дабыл қағуда. Ел халқының 1 па­йызы ғана өмір сүретін оңтүстік аймақта вирус жұқтырғандар саны елде тіркелген жағдайдың 20 па­йызын құрап отыр. Ал Аргентинада елдегі қиын жағдайға қарамастан үкіметке қарсы шеруге мыңдаған адам шығып жатыр. Халықтың наразылығын тудырған мәселелер шаш етектен. Көпшілігі үкіметтің дағдарысты еңсеру бо­йын­ша әре­кетін құптамайды. Ал елде вирус жұқтырғандар саны 1 мил­лион­ға жақындап келеді. Ла­тын Америкасындағы жағдай­ды ін­деттен бөлек, бірқатар әлеу­мет­тік мәселелер де қиындатып тұр.    

Вакцинаға келетін болсақ, сынақ­тың 3-кезеңіне өткен халық­ара­лық ірі жобалардың екеуі уақыт­ша тәжі­рибені тоқтатты. Окс­форд универ­ситеті мен AstraZeneca фарма­цев­тикалық компания­сы­ның сынақ­ты тоқтата тұру туралы ха­бары­нан бір айдан кейін осы дүйсен­біде Johnson&Johnson компа­ниясы да вакцина сынағын уақыт­ша тоқтату туралы шешімін жария­лады. Екі жағдайда да волон­тер­лердің бірінде пайда болған «күт­пеген белгісіз ауру» себеп болған. Зерттеушілер мән-жайды анықтап жатыр дегеннен басқа ақ­парат берілмей отыр. Бұл ін­детті зерттеуді әрі қарай жалғас­тыру керек екенін және өзге вакцина­лардың мұқият тексерілуі керектігін көрсетіп отыр.