• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Оқиға 15 Қазан, 2020

Пікірсайыс турнирі басталды

403 рет
көрсетілді

Елордада жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің арасында «Nur-Sultan Debate Cup 2020» пікірсайыс турнирі басталды.

Шараны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ұйымы Қазақстан Республикасы Конс­ти­туциясының және Қазақ­стан халқы Ассамблея­сының 25 жылдығына орай ұйымдастырып отыр. Пікір­сайысқа 16 жоғары оқу орны мен 35 орта арнаулы оқу ор­­нының студенттері қатысады. Тур­нир Британдық Парламенттік форматта өтпек. Осы аптада колледж студенттері арасында жарыс басталып кетті. Ал университет тәлімгерлері 24-25 қазан күндері пікір таластырады. Ашылу салтанатында сөз алған «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Аян Ерментаев пен Ұлттық пікір­сайыс федерациясының президенті Болат Бұхарбай қатысушыларға ұшқыр ой мен тиімді шешімдер табуды тілеп, шараның жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

Дәстүрге айналған пікір­сайыс турнирінің биылғы жыл­ғы ерекшелігі, онлайн фор­матта өткені болды. Ұйым­дас­тырушылар мұндай шара­ның жастардың жеке дамуы­на, ойын еркін және нақты жет­кізе білуіне, жаһандық өз­ге­рістерден хабардар болып, кез келген тақырыпта ой жа­­рыстыра алуына сеп болады деп есептейді. Бұл ретте тур­нирдің бас төрешісі жоғары оқу орындарының ғана емес, колледж студенттерінің де жо­баға тартылғаны қуантады деген пікір білдірді.   

«Орта арнаулы оқу орын­дарының студенттері мұндай шаралардан тыс қалып жатады. Олардың жасөспірім екенін ескерсек, мұндай шараларға қаты­су арқылы өздерін жан-жақты дамытып, үлкен тәжіри­бе жинақтайды. Жалпы, пі­кір­­­сайыстың пайдасы көп. Қа­­зіргі еңбек нарығында soft skills, яғни креативті ойлау, тез шешім қабылдау, ұтымды пікір білдіру се­кілді қабілеттер сұранысқа ие.

Одан бөлек кез келген ортада сенімді сөйлей білу де – жастар үшін болашақта керек дағды. Пікірсайыс жарыстарында осы айтылған қа­сиеттерді дамытуға үлкен мүмкіндік бар», деді Нұртас Күздеубаев.

Жарыс төрешісі сондай-ақ онлайн форматтың қатысушы­лар үшін өте ыңғайлы екенін алға тартты. Өйткені әдетте пі­кір­сайыс клубтары  қаржының бол­мауы, уақыттың тапшылығы секіл­ді қиындықтарға тап болады екен.

Бос уақытын тиімді пайдаланып жатқан қатысушылар да дән риза. Елордадағы Медици­налық-техникалық колледждің сто­матология мамандығының 3-курс студенті Нұр­дәулет Дос­­­­­ма­­ғам­бетов қашықтан са­­­бақ оқып жүргендіктен бос уа­­қыты көп екенін айта­ды. Ал сол уақытты осылай тиім­­ді өткі­зу­дің пайдасы зор. Бастапқыда ойынның он­лайн форматта өтуі оған оғаш көрінгенімен, кейін­нен үйре­нісіп, үлкен тәжі­рибеге ай­нал­ғанын айтады.    

Нұр-Сұлтан қаласы әкім­дігі­нің «Астана жастары» орта­лығы бас­шысының орынбасары Аян Ер­ментаев бұл жарыстың жастарға берері көп екеніне сенімді.

«Жастарымыздың бос уақытын әрқашан тиімді пайдалануына және өздерін дамытуына мүмкіндік беруіміз керек. Бұл үшін мемлекет тарапынан да жағдай жасалған. Пікірсайыс ойындары жастарымызды өз ойын еркін жеткізуге, сыни ойлау қабілетін дамытуға, жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Білімді, ұтқыр ойлы жастарды тәрбиелеу – басты мақсатымыз, себебі жастар – біздің егемен еліміздің баянды болашағының кепілі», деді А.Ерментаев.