• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 15 Қазан, 2020

"Абай аманаты" – елдік құжат

200 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы ақын, дана ойшыл туралы "Абай аманаты" атты мақаласы – жазулы тарихының мәні бар көптен күткен дүниеміз.

Ұлт көшбасшысы ақынның 150 жылдық мерейтойында: "Абай – ұлтымыздың киесі" деген болатын. Расында, Абай жай адам емес, ол – адамзат ақыл-ойы  алыптары қатарындағы тұлға.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біртуар ақынға арналған тұжырымдамалы еңбектерінде Абай қазіргі Қазақстан қоғамының бар жігін біріктіретін құбылыс екенін атап өтті.

Абай – еліміздің жаңғырған рухани-мәдени және тарихи-интеллектуалдық әлеуетін әлемге айрықша көрсеткен тұғыр-тұлға. Ақын құбылысы –  қоғамның рухани жаңғыруын жаңа сапалық деңгейге көтеретін айшықты белес екенін бүкіл қоғам айқын сезінді.

Елбасының ойшыл-ақын туралы мақаласының мазмұны "Рухани жаңғыру" және "Ұлы Даланың жеті қыры" бағдарламалық мақалаларындағы ұлттық  құндылықтарды әлемдік контексте жаңғырту дүниесімен үндесуінде үлкен тарихи сабақтастық бар.

Мақала бастауындағы Елбасының: "Абай Құнанбайұлы тұлғасы да – сондай аралық кезеңнің, ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір" деген пайымы өркениет көшіндегі ұлы бетбұрыс сипатын ақын құбылысымен байланыстырады.

Ұлт көшбасшысы: "Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды" деп, тарихи-мәдени контексте тұжырымда жасап, ақын мұрасының қазіргі өркениетте құндылығы одан сайын арта түскенін тағы бір мәрте айшықтап берді. Тәуелсіздіктің отыз жылдық биігінен біздің Абай мұрасына жаңа мазмұн, жаңа сипат беруіміздің негізі де осында деп нық айтамыз.

Елбасының перзенттік парыз тұрғысынан жазылған мақаласының өзегі – қазақтың дана тұлғасы Абай Құнанбайұлы тұлғасы және оның болашақ ел ұстанымы жөніндегі өсиеті. Ең алдымен Елбасының "Менің  Абайды тануым әуелде неден басталды?" деген сауалдың жауабын өз отбасынан бастап, ұлт құндылығы қасиеттерін бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге етуі айрықша тағылымды. Әсіресе, "Рас, өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болатын" деген сөздері – ұрпақ тәрбиелеп отырған әр отбасы төріне ойып тұрып сіңдірілетін ұғым-түсінік.

Мақала өзегінде Абайдың "толық адам" тұжырымдамасының Елбасы өмірімен өрілген астарында биікке ұмтылған адам тұлғасын қалыптастырудың тәжірибелік терең пайымы жатыр. Нұрсұтан Әбішұлы жастық шағынан бастап Абай әлемін ыждағатпен игеруге аса ден қойғанын "әсіресе өзім ақынның философиялық астарға толы "Ескендір" поэмасын қайта-қайта құмарта оқығаным есімде" деген ерекше толғанысы айқындай түседі. Ұлтымызға тән білімқұмарлық – үлкен қасиет.

Абай – адамзат тарихының терең қатпарлары мен  үдемелі даму астарларына ой барлатып, дүниежүзілік өркениет көшіндегі қазақ халқына сындарлы пікірлерін айту арқылы ізгілікті даму мен өркендеудің нақ жолын көрсеткен тұлға. Елбасының: "...хәкім Абайдың өсиетіне жүгініп, елімнің болашағына жаңаша көзқараспен қарағаным хақ" деген ойының тарихи аспектісі осындай елді ілгерлететін игілікті бастамаларында болғанына тарих куә. Бүгінгі жаңа Қазақстан – соның жарқын көрінісі.

Ұлт көшбасшысы: "Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді» деп, ұлттық жаңғыру негіздерін тарихтың терең қойнауынан зерделейді. Түркі дүниесіндегі Тоныкөктен бастап Абайдың өзіне дейінгі тарихымыздың небір тұлғалары тағылымын еске түсіреді. Расында, тарих көші тоқтаусыз. Жаңа жаһандық жағдайда саналы, білімді, білікті, мәдениетті ұлт қана жасампаздық идеяларды жүзеге асырып, зор мұмкіндіктерге, жақсы өмірге ие болмақ. Елбасы ой-идеясының түбірі – осы.

"Өз елімді ұшпаққа қалай шығарамын? Әлемнің ең алдыңғы қатарлы жұрттарының қатарына қалай қосамын?" деген сауалдарға үздіксіз жауап іздеген автор оны Абай өнегелеген қағидалардан табады.

Абай арманымен ұштасқан Елбасы арманы зияткер һәм жасампаз ұлтты және тәуелсіз Қазақстан мемлекетін ерен қайраткерлік қызмет жолдарымен айшықтап береді. Елдіктің туын көтеру – тарихтағы ең өрелі іс.

Елбасы мақаласындағы Абай аманатына адалдық – бүгінгі әлем таныған Қазақ елі және оның зор жетістігі екені тарихи шындық. "Абайдың осы арманының орындалғанына, Есілдің жағасында еңселі байтақ қаланың ірге теуіп, бой көтеруіне мұрындық болғаныма мың да бір шүкіршілік етемін" деп, Ұлт көшбасшысы тәуелсіздік символына айналған елордамызды, еңселі мемлекетімізді жоғары қояды. Міне, бүгінгі қоғам тәлім-тағылым алатын адамзаттық істер мазмұны да осы. Ұлттық мақсаттарға жетуде  Абай аманатын ұстансақ, әлі талай игі нәтижелерге жететініміз анық. Мақаладағы айшықты тұжырымдар негізінде жастар өздерінің өмірлік ұстанымдарын  ерекше назарға алып, жете түзуі тиіс.

"Абай аманаты" мақаласы – бізге, Қазақстан азаматтарына, жаңа биіктіктерге ұмтылуға негіз беретін тарихи құжат. Абай Құнанбайұлы зерделеп-саралап берген құндылықтар жүйесінде ұлтымызды әлемдік кеңістікке барынша танымал ету және барлық өрістер шеңберіндегі жетістіктеріміз арқылы жарқырата көрсету – ортақ мақсатымыз.

"Абайша қарап, Абайша қастерлеу" деген Елбасы қағидасын өмірлік ұстанымға айналдыру – ең абзал іс.

 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик