Адам өмірі мен қоғам мүлкін қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жою, қауіпсіздік ережесі талаптарын сақтау қызметі – мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі басым бағыттың бірі. Қауырт қызметтің қарқынды қимылы қоғам мен халықтың игілігі үшін екендігі сөзсіз.
Сыр өңірінде осы қызметтің негізін алғаш қалағандар тұтанған өртті ат арбамен су тасып, сөндірген екен. Кейін азаматтық қорғау штабы, бөлімдер құрылып, елдің түкпір-түкпірінде өрт сөндіру қызметі жандана бастады.
1921 жылы Арал ауданында облыстағы тұңғыш өрт сөндіру бөлімі құрылды. Бес жылдан кейін Қызылорда қаласында алғашқы өрт сөндіру командасы пайда болды. 1964 жылы Тереңөзек ауданында кәсіптік өрт бөлімі ашылып, онда 10 адам қызмет етіпті. Жетпісінші жылдар басында Қызылорда қаласында өрттен қорғау инспекциясы жасақталды. 1981 жылы өрттен қорғау бөлімі ішкі істер басқармасы қарамағына беріліп, алғашқы екі бөлім әскерилендірілді. Ал осыдан 15 жыл бұрын Қызылорда облыстық мемлекеттік өртке қарсы қызметінің басқармасы облыстық төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасы болып құрылды. Арада 3 жыл өткенде қызмет аясын кеңейте түскен құрылым төтенше жағдайлар департаменті аталды. Қазіргі таңда департамент ғимаратында сала тарихынан сыр шертетін музей бар.
– Тарих демекші, осы қызметтің негізі қаланған уақыттан бері Кенжебай Жақыпов, Арғын Әшірбеков, Арман Төлеубаев пен Қазбек Төреманов сынды 4 маманымыз қызмет барысында қаза тапты. Бүгінгі таңда бірқатар көше олардың есімдерімен аталып, ескерткіш тақталары бой көтерді, музейден орын берілді. Сонымен бірге Ауған соғысына қатысқан жауынгер қызметкерлеріміз бен ардагерлерімізге арналған бұрышта құнды жәдігерлер сақталған, – дейді Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Бағдат Данилов.
Жалпы құрылымда 900-ге тарта маман еңбек етуде. Бүгінге дейін қоғам қауіпсіздігін күзеткендер арасынан Елбасы 12 өрт сөндіруші мен құтқарушыға «Айбын» және «Ерлігі үшін» медальдарын табыс етті. 50-ден астам маман мемлекеттік наградалардың иегерлері болды.
Қыс пен көктемде арнасы таситын дария бойы – ұдайы мамандар бақылауында. Қазір өзен бойында 56 су басу аймағы анықталып, шамамен 174 мың тұрғыны бар 36 мың үйге 411 арнайы техникасы мен 1269 адамы бар 126 мекеме бекітілген. Мұз жару жұмыстарына мамандандырылған мекемемен келісім жасалып, 84 жинақтау және 101 қабылдау эвакуациялық пункт дайындалды.
Департамент бастығының айтуынша, осы жылы Жаңақорған ауданында Бірлік елді мекенін көктемгі тасқын судан қорғау үшін 3,5 шақырым болатын «Бірлік» тау арнасын тазалау және күшейту, түзету жұмыстары аяқталып, «Шұқырой» көліндегі бұрыннан бар 2 гидротехникалық құрылғы күрделі жөндеуден өтіп, «Құттықожа», «Жігерлім» тау арнасы, Арал ауданы Құмбазар елді мекеніндегі «Кеңесарық» каналының ұлтаны тазаланды. Райым ауылдық округі, Қызылжар елді мекені тұсындағы Сырдария өзенінің «Жүсіпәлі иіні» учаскесіндегі оң жағалау қорғаныс бөгеті таспен бекітілді.
Жыл басынан 532 объектінің өрт қауіпсіздігі жағдайы тексерілді. Тексеру кезінде 1076 тармақты құрайтын өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылығы анықталып, талапты бұзған 386 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 2 млн 056 мың 312,5 теңге айыппұл салынды.
Жоспардан тыс бақылау бағытында тексеру жұмыстарының қорытындысымен нұсқама талаптарын орындамағаны үшін мекеме басшыларына ҚР ӘҚБтК 462-бабы 3-тармағына сай 25 хаттама толтырылып, әкімшілік сотқа жолданған. Оның 20-сы қанағаттандырылып, 7 млн 361 мың 690 теңге айыппұл салынды. Жүргізілген профилактикалық жұмысқа қарамастан осы жылдың 9 айында облыста 409 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 4 адам қаза болып, 8 адам жарақат алды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде 22 өрт сөндіру бекеті жасақталып отыр.
Бағдат Жұмаұлы құтқарушылар жұмысында кинология қызметінің орны ерекше екенін айтып отыр. Облыстағы Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел-құтқару жасағы мамандары 5 жылда құтқарушы иттер көмегімен 50-ден астам адамды құтқарды. Бір қарағанда оңай көрінетін кинолог қызметінің қиын тұстары жетерлік. Мысалы, итті ізбен жүруге үйретуге шамамен бір немесе бір жарым жыл жаттығу қажет. Жасақта бұл жұмыспен бас құтқарушы-кинологтар Ержан Исмайылов пен Қайрат Пірімжанов айналысады.
Азаматтық қорғаудың салалы бөлігі – халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу. Жыл сайын суға түсу маусымында бұл бағыттағы жұмыс жандана түседі. Кешенді түрде үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, осы жылдың 9 айында облыстың су айдындарында 21 қайғылы оқиға тіркеліп, 23 адам қаза болған, оның 7-еуі – бала. Әрине, жақынынан айырылу кімге де оңай емес. Алайда биыл суға кету оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 17,8%-ға азайып отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Волонтерлер жылы деп белгіленген биылғы жыл бедерінде департаменттің Дағдарыс орталығында «Қызылорда еріктілері» қоғамдық қоры және Жастар ресурстық орталығының өкілдерімен кездесу өткізіліп, ынтымақтастық туралы меморандумға және «123 шақыру» жаңа жобасын бірлесе іске асыруға қол қойылды.
Қызметкерлердің кәсіби біліктілікпен қатар, құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында да бағдарлы жұмыстар жасалуда. 2020 жылдың 9 айында 21 маман біліктілігін арттырып, 68 өрт сөндіруші қайта даярлаудан өтті. Қазір жыл сайын 10-ға жуық мектеп түлектерінің білім мен дене дайындығы сарапталып, Көкшетау техникалық институтына оқуға жолдама беріледі. Кәсіби маман даярлау мақсатында 2014 жылдан бастап Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің төтенше жағдайлар саласындағы жоғары оқу орындарына мектеп бітірушілерді жіберу жолға қойылған. Осы күнге дейін сырт мемлекеттен 11 жас жоғары оқу орнын тәмамдап, өңірдегі құтқару құрылымына қызметке келді.
2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, өңірде күре жолдағы жол-көлік оқиғалары мен қайғылы жағдайларда жедел ден қою мақсатында 2013-2014 жылы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» трассасының бойынан 3 медициналық құтқару пункті ашылды. Бүгінде Бәйгеқұм ауылының жанынан «Шиелі», Иіркөл елді мекенінің тұсынан «Жосалы», Әйтеке би елді мекенінен «Әйтеке би» трассалық медициналық құтқару пункттері жұмыс жасап, оң нәтиже беруде. Трассалық медициналық құтқару пунктінің шұғыл әрекет ету бригадасы 2020 жылдың 9 айында 105 рет оқиға орнына жедел жетіп, 137 адамға көмек көрсеткен, 41 жолаушыны қажетті мекенжайға жеткізіп, 34-ін ауруханаға жатқызған. Алдағы уақытта да осындай пункттерді Қызылорда мен Жезқазған қалалары арасындағы «Қыздың шұбары» тас жолында, Арал ауданындағы Қамыстыбас елді мекенінде, Жаңақорған ауданындағы Бірлік пен Манап ауылдары ортасынан ашу қажеттілігі туындауда.
Қоғамда құтқару қызметінің алар орны ерекше. Өмірі қыл үстінде тұрған әрбір адамның өміріне араша болып, мемлекет пен қоғамның меншігін сақтап қалу үшін үлкен жүрек пен тындырымды іс-қимыл, кәсіби біліктілік, практикалық дайындық аса қажет. Мұны осы саладағы әрбір өрт сөндіруші мен құтқарушы, медицина мамандары жақсы түсінеді. Өмірін қатерге тігіп, қоғам қауіпсіздігін күзеткен сала өкілдері қандай құрметке де лайық.
ҚЫЗЫЛОРДА