Көп жағдайда болашақ картинаның табысты болуы кастинг-директордың әбжілдігі мен талант тану қабілетіне тәуелді. Ендеше, киногерлердің басын қатырған бірінші әрі маңызды мәселе – актерлерді іздеу мен олардың таңдалуына жауапты мамандарға қатысты мәселені енді жаңа бірлестік шешетін болады. Қауымдастықты құруға Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйытқы болып отыр. Бұл ұсыныс Kazakhcinemadays іскерлік алаңында өткен дөңгелек үстелде айтылды.
«Кастинг-директор және жалпы кинодағы кастингтер, әлемдік кинода шешуші рөл атқарады. Берлин кинофестивалінде мен таңғалдым – олардың кастинг-директорлары үлкен әлемдік ұйымға біріккен және 5 жылға жақын уақыт бірге еңбек етуде. Олар бір-бірімен белсенді түрде серіктестік орнатады, әр ел әлемдік кастингте өздерінің алдыңғы қатардағы актерлерін ұсынуға құқылы. Біздің елімізде де өте талантты актерлерімізге жұмыс беру үшін, оларды халықаралық кино нарығына жылжытуға әсер етуі мүмкін Кастинг-директорлар ассоциациясының пайда болғанын қалаймын. Америка несімен күшті? Оларда осынша төлем қажет деп айтады және сен олармен саудаласа алмайсың. Мен біздің актерлеріміздің «екінші» болғанын қаламаймын, керісінше біз де өз талаптарымызды қоя білуіміз қажет. Біз соған лайықтымыз. Біздің өзіндік кинематографиямыз бар және өзгелердің бізді тиісті деңгейде қабылдауларына лайықпыз», деді «ҰКҚМО» КеАҚ басқарма төрағасы Гүлнара Сәрсенова.
Оның ойынша отандық кинематографияның сауатты дамуы үшін актерлер мен кастинг-директорлардың қызығушылықтарын қорғау өте қажет. Халықаралық дәрежеде ілгерілету үшін біздің актерлердің белгілі бір мәртебесі болуы тиіс, бұл ең алдымен сұранысты, жоғары төлемдерді, беделдің болуын білдіреді.
Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі және танымал кастинг-директор Жанна Қуанышева дөңгелек үстел қатысушыларының назарын кастинг-директорлардың жұмыс жағдайларына аударды. Оның пікірінше, бұл кәсіби емес адамдар жұмыс ауқымын, жауапкершілігін түсінбей жатып істейтін ауыр еңбек. Нәтижесінде, түсіру алаңына дилетанттар шығады, ал картинаның сапасы жайлы айтпаса да түсінікті. Ал өз жұмысын адал атқаратындар, шын мәнінде, тиын-тебенге жұмыс істеуге мәжбүр болады.
«Біз – режиссерлер мен продюсерлердің кеңесшілеріміз, сондықтан бізге үлкен жұмыс көлемі жүктелетінін бәрі біледі. Кастинг-директор деген кім? Бұл синопсисты алғашқы болып оқитын талдаушы. Екіншісі қоюшы режиссерге менталитеті мен рухы жағынан жақын адам. Кастинг-директор өзінен не талап етілетінін, қандай актерлер қандай рөлдерге сәйкес келетінін нақты түсінуі керек. Ол үшін жылдар бойы жиналатын кәсіби тәжірибе керек. Жарайды, барлық позицияларға 40 орындаушы адам алынып, видеокастинг басталды делік, бұл дегеніміз, сізге актерге мәтінді үйретіп, мизансценаны ашып, оның бәрін өзіңіз түсіруіңіз қажет деген сөз. Әрі қарай – актерлерді бекіту. Режиссер сенің актерлерді қалай таныстыратыныңды, олар жайлы не айтатыныңды күтеді және осы процесске көп нәрсе байланысты. Сосын келісімшарттармен, сол актерлердің жұмыс уақытымен проблемалар басталады. Ақырында, кастинг-директор түсіру алаңында рөл мәтіндерімен жүгіріп жүріп, коуч секілді кезек-кезекпен актерлерді оқытып жүреді. Маған сеніңіз, мұның бәрі өте аз ақша үшін жасалатын жұмыс. Бұл мәселелер шешілуі тиіс», – деді Ж.Қуанышева.
Әріптестерімен келісетін Мәдина Әлімқан да аталған нарықта кадрлық тазалауды жүргізу қажеттілігін атап өтті. Актерлермен және режиссерлермен тек тиісті білімі бар, оны растай алатын мамандар жұмыс істеуі керек.
«Ең үлкен мәселе, кеше ғана крафтте жұмыс істеп жүрген, бірақ өздерін кастинг-директормыз деп атайтын мамандардың жұмысқа шақырылуы. Мен жүз рөлмен жұмыс істеймін, көпшілікті рөлдерге баулимын, себебі саған оның әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеу қажет. Ал түсіру алаңында жас қыздар жұмысқа келіп, арасынан таңдап ал дегендей, бір топ адамдарды алдыңа алып келеді. Мен ұзақ уақыт бойы екінші режиссер ретінде жұмыс атқарғанмын және кастинг-директор қандай болуы тиіс екендігін жақсы білемін. Оның режиссерлік білімі болуы тиіс, ол актерлік ансамбль дегеннің не екенін білуі тиіс, қандай адамды ұсыну қажет екендігін білуі керек, ал қазір көпшілігі тіпті типаждың не екендігін білмейді. Менің ұсынысым – кастинг-директор біліктілік арттыру сабақтарын өтуі керек. Онсыз оларды тарифтеуге және жұмыс беруге болмайды», деп есептейді Мәдина Әлімқан.
Кастинг-директор Жайна Әбди өз тәжірибесіне сүйене отырып, бүгінгі кастинг өткізу кезінде қалыптасқан жағдайлар актерлерге деген көзқарасқа әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша кадрда жұмыс істеуге ынталы және дайын болуы керек адамның кадрға шықпай тұрып елемеушілікпен, гонорарлармен және жұмыс талаптарымен сағын сындырады.
Жайна Әбди кастинг-директор психолог болуы тиістігін алға тартады. Себебі белгілі, олар балалармен, ересектермен, тіпті жануарлармен жұмыс істейді. Біздің елде актерлердің дәрежесі тым төмендетілген. Егер адам қаланың сыртында тұратын болса, оған біз сізді қалаға алып келмейміз деп айтуы мүмкін. Барлығына әрқашан үлкен күшпен қол жеткізуге тура келеді. Кейде бір рөлді белгілі актер ғана ойнай алатындай жағдай болады, ал маған сен өзің келіс бізде осынша ғана бюджет бар дейді. Хабарласып, өтінуге тура келеді. Тіпті кастинг-директорға тегін түрде көпшілікті жинауға мәжбүрлейтін, тегін түсуге келісуге мәжбүрлейтін компаниялар бар. Гонорары 1000 долларлық актерден 50 мың теңгеге ойнауын талап етеді. Тіпті түсіру алаңында ешбір қорғаныс құралдарынсыз актерлерді трюктер жасауға мәжбүрлейтін жағдайлардың да бары шын.
Дөңгелек үстелдің қарарында оның қатысушылары жаңа қауымдастық жүзеге асыруы тиіс бірнеше тармақтарды енгізді.
Бұл бірінші кезекте Қазақстан актерлері үшін олардың тәжірибесіне, біліміне, тілдерді білуіне және басқа да қасиеттеріне қарай тарификациялық кесте әзірлеу.
Екіншіден, актерлік мамандыққа құрметпен қарамайтын режиссерлер мен продюсерлер үшін айыппұл санкцияларын қарастыру.
Сондай-ақ кастинг-директорлар үшін олардың тәжірибесіне, кейсіне және біліміне қарай тарификациялық кесте әзірлеу. Және кастинг-директорлар үшін нарыққа шын мәнінде қажетті мамандарды даярлайтын шеберлік-сыныптарын ұйымдастыру.
Қорыта келгенде, Кино орталығы барлық ұсыныстарды қолдады және дөңгелек үстелге қатысушылардың «кастинг-директор – бұл көп дәрежеде болашақ фильмнің сәттілігі байланысты болатын маман» деген пікірімен толықтай келісті.
АЛМАТЫ