Демалыс күні қала әкімдігінің бір топ қызметкері мен велоспортшылар Ақтөбе қаласының іргесіндегі Ескі сүт зауыты аумағындағы көміліп қалған бұлақтың көзін ашып, осы төңіректі қоқыстан тазартты.
Бұл – Елек өзенін толтырып тұратын Мөлдірбұлақ туралы осы жердің қарт кісілері жақсы біледі. Кезінде суы мөлдір әрі тұщы, бастауынан атқылап ағып, өз жылғасымен Елекке ағатын Мөлдірбұлақты соңғы он-он бес жылда жұрт ұмытты. Ұмытқаны соншалықты, бұлақ арнасы мен айналасы шөп-шаламнан, қоқыстан тазартылмағасын ол көміліп, тіпті төңірегіне тау болып үйілген тұрмыстық қалдық та қаптады. Оның үстіне, бұлақтың бастауын қысы-жазы тазалап тұратын қарттар қазір бұл өмірде жоқ.
Ақтөбелік велоспортшылар бір айдан бері осы маңайды қоқыстан тазартып, Мөлдірбұлақтың бітеліп қалған жылғаларын аршуды бастаған еді. Спортшыларға жексенбі күні Ақтөбе қалалық әкімдігінің қызметкерлері де қосылды. Олар балаларымен бірге осы бұлақтың маңайын түгел тазартып, тазаланған аумаққа тал екті. Бұл жолы бұлақ көзі әбден тазаланған соң жер астына шыққан су бірте-бірте көтеріліп, бұрынғы арнасын тауып аға бастады.
«Бұлақ суы лайланып шығып жатыр. Әзірге көзі түгел тазаланып біткен жоқ. Өйткені қатты ластанған. Енді бұлақ суы бірте-бірте тазаратын болады. Тұрғындарымыз табиғатқа жанашырлықпен қарап, қала тазалығына, табиғатты аялауға мән берсе, Ақтөбенің төңірегін бұрынғысынша жасыл желекпен көмкеруге болар еді», дейді қала әкімі Асхат Шахаров.
Осы жердегі Бестамақ ауылының тұрғындары неге екені белгісіз, Мөлдірбұлақтың айналасына қоқыс төгіп, қорасынан шыққан сиыр, қой-ешкілері де бей-берекет жайылып, осы төңіректі ластап кетіп жатады. Ақтөбелік велоспортшы Роман Шарипов бала күнінде осы бұлақтың суы мөлдір, әрі тұщы болғанын айтады. «Қазір бұлақ көзіне аталарымыз орнатқан ескі дөңгелекті ауыстырып, оны биіктетіп, айналасына қоршау орнатуды ойластырып отырмыз. Өйткені дәл осы күйде қалдырсақ, бұлақ көзін жұрт тағы да бітеп тастайды, әрі мал тұяғымен таптайды», дейді Роман Шарипов.
Кеінгі жылдары Ақтөбенің төңірегіндегі Елек, Қарғалы өзендерінің суы мүлде азайып, арнасы толмай жүр. Өзен арналарының азаюының бір себебі – бұлақ көздерінің бітелуінде дейді гидрогеолог мамандар. Екінші жағынан, осы су арналарына жақын жерден бейберекет құм алатын карьерлердің көбеюінен де бұлақ көздері жабылып қалған.