Қазақстанда азаматтық қорғау жүйесі қызметкерлері кәсіби мерекесінің белгіленгеніне биыл – 25 жыл. 1995 жылы 19 қазан – Құтқарушы күні болып бекітілген болатын. Содан бергі ширек ғасырда батысқазақстандық құтқарушылар да талай жанға қиын сәтте көмек қолын созып, абыройлы еңбек етіп келеді.
Кеңес өкіметі ыдыраған кезде Қазақстанның өртке қарсы қызметі материалдық жағынан да, техникалық жарақтандырылуы жағынан да қиын жағдайда тұрған құрылым болатын. Бөлімшелерде өрт сөндіру техникасы көнерген, заманауи апаттық-құтқару жабдығы жетіспеді. Экономикалық қиындықтарға байланысты техниканы жөндеу, қосалқы бөлшек сатып алу, тіпті жанар-жағармай сатып алуға қаржы бөлінбеді. Тек мемлекет бірте-бірте аяғына нық тұрған соң ғана жағдай өзгерді.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысы аумағында 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, сондай-ақ 9 өрт сөндіру бөлімі және 16 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Қызмет бөлімшелерінде барлығы 197 техника бар. Мұның 75-і – өрт сөндіру көлігі. Жалпы өрт сөндіру қызметінде 951 адам қызмет етеді.
Әрине, дабыл соғылғанда күн демей, түн демей басын қатерге тігіп, тілсіз жауға, түрлі қиын жағдайға қарсы аттанып бара жататын құтқарушы топтың әр мүшесі туралы жеке мақала жазса да артық етпейді. Біз төменде Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған құтқарушы қайсар жандармен жақынырақ таныстырмақпыз.
25 жыл сапта жүрген
Николай Валерьевич – Қазақстан құтқару қызметі пайда болған алғашқы күннен бері сапта келе жатқан сардар.
Азаматтық қорғау подполковнигі Николай Валерьевич Полищук 1978 жылы 5 маусымда Орал қаласында дүниеге келген екен. Азаматтық қорғау қызмет органдарында 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап қызмет атқарады.
Николай 1997 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Павлодар техникалық колледжінде өртке қарсы қорғаныс технигі мамандығын алып шыққан. 2012 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық университетінде құрылысшы мамандығы бойынша жоғары білім алды.
«Біздің Николай Валерьевич – адами қасиеті жоғары, кейінгі жастарға жол көрсетіп, ұжымда үлкен беделге ие болған жан. Таңдаған кәсібін сүйіспеншілікпен, адал да мінсіз атқарады» дейді әріптестері.
Валерий Полищук өртке қарсы қызмет жолында әртүрлі лауазымда болды. №2 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, №1мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің өрт сөндіру кезекші қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі міндетін атқарады.
Ширек ғасыр өмірінде Валерий Полищук куә болған қиын сәттер, өкінішті өрт оқиғалары өте көп. Тілсіз жаудың «тілін» ұғып, оны тез құрықтаудың жолын тәжірибелі маман ғана ұйымдастыра алады. Николай Валерьевич тікелей араласқан бір оқиғаны еске алайық. Биыл 14 шілде күні 9 сағат 27 минутта Теректі ауданына қарасты Шағатай және Ақсоғым ауылдары маңында құрғақ шөп пен бұта өртенді. Күн жел еді. Желдің екпіні секундына 15-20 секундқа дейін жетіп, ұшқын Жайық өзенінен асып түсті. Ал өзеннің арғы бетінде Коловертное ауылы бар еді. Сөйтіп, өрт салдарынан бір тұрғын үй, бір бос тұрған иесіз ғимарат және 4 қора-қопсы өртке оранды. Қауіпті аумақтан 42 адам, 15 сиыр, 25 қой-ешкі, 30 құс эвакуацияланды. Абырой болғанда адам шығыны, жарақат алғандар болған жоқ. Бұл Николай Валерьевич секілді тәжірибелі мамандардың қиын сәтте абыржымай, сауатты да нақты әрекет етуінің нәтижесі болатын.
Отбасында 2 ұл 1 қыз бала тәрбиелеп отырған Валерий Полищук кәсіби қызметінде үлгілі еңбегі үшін «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» III, ІІ, І дәрежелі медальдармен марапатталған.
Құтқару қызметінің құрдасы
Орал қаласындағы мамандандырылған №3 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушы-өрт сөндірушісі Айбек Аймағамбетов 1995 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Жалпақтал ауылында дүниеге келген. Қазақстандық азаматтық қорғау жүйесі секілді, Айбек Абайұлы да өзінің екінші мүшелін тойлап отыр.
2002 жылы Жалпақтал орта мектебінің табалдырығын аттаған Айбек 2008 жылдан бастап оқуын Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында жалғастырды. Спорт мектебінде тәлім-тәрбиеге үйрене жүріп, самбо үйірмесіне қатысты. 2013-2020 жылдар аралығында Батыс Қазақстан гуманитарлық колледжі, кейін университетінде оқып, дене шынықтыру және спорт факультетін аяқтады.
2016-2017 жылдар аралығында Маңғыстау облысы, Бейнеу қаласында әскери борышын өтеді.
Айбек Абайұлы 2018 жылы желтоқсан айында Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және Азаматтық қорғаныс жеке құрамының Орал қалалық мамандандырылған №3 өрт сөндіру бөліміне құтқарушы-өрт сөндіруші болып жұмысқа тұрды.
Айбек бала кезінен спортқа өте бейім болғанын айттық. Ауылдық, аудандық, облыстық спорттық іс-шараларға белсене қатысып, талай жүлделі орынға ие болған азамат самбодан спорт шебері. 2013 жылы ерлер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатында 1-орын, 2013 жылдың қазан айында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 3-орын, 2014 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионатында 3-орынды иеленді. Айбек Абайұлының спортқа бейімділігі, саламатты өмірі, физикалық даярлығы кәсіби қызметінде де үнемі көмектесіп келеді.
2020 жылы 16 сәуірде Орал қаласының Абай даңғылы бойында орналасқан көпқабатты жатақханадан өрт шыққан болатын. Сол жолы 119 адамды, оның ішінде 43 баланы эвакуациялауға қатысып, Айбек Абайұлы тұрғындардың алғысына бөленді.
Қызметінде үнемі мақтау естіп жүрсе де Айбек өзін салмақты ұстайды. Жан-жақты қабілетті, адамгершілігі мол жанды әріптестері де ерекше құрмет тұтады.
Әрине, өмір бар жерде қатер де бар. Сын сәтте, қиын жағдайда жедел де сауатты қимылдайтын маман құтқарушылардың қызметіне қоғам әрқашан зәру. Кәсіби мерекесі кезінде біз Азаматтық қорғаныс саласында жүрген барлық құтқарушылар қауымын құттықтап, еңбегіне жеміс тілейміз!
Батыс Қазақстан облысы