Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Беришпен кездесті. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесудің негізгі күн тәртібі – БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламасының аясында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл желісі бойынша ынтымақтастықты талқылау болды. "Қазіргі жағдайда пәрменді қылмыстық-құқықтық құралдармен қатар жүйелі алдын алу жұмысының да маңызы зор. Бұл тұрғыда парасаттылық, ашықтық, есептілік және тұтынушыға бағдарлану арқылы мемлекеттік аппаратты трансформациялау шешуші рөл атқарады", – деп атап өтті Алик Шпекбаев.Өз кезегінде БҰҰДБ Тұрақты өкілі Якуп Бериш ведомствоның қызметіне жоғары баға беріп: «Былтыр Агенттіктің құрылуы – елдің жемқорлықты жеңуге ұмтылысының тікелей көрсеткіші. Біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің халықаралық стандарттар мен рейтингтер тұрғысынан жан-жақты, жүйелі жұмысын көріп отырмыз. Орталықта және өңірлерде БҰҰ-ның саясатына сәйкес негізгі басымдықтар байқалады. Агенттіктің пандемия тұсында төзімділік танытып, жұмыс қарқынын бәсеңдетпегенін атап өткен жөн», - деді.Спикер ведомствоның мемлекеттік институттардың тиімділігі мен есептілігін арттыруға, квазимемлекеттік сектордағы жауапкершілікті күшейтуге, сонымен қоса азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларға қатысуына қосқан үлесіне баса назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұзақмерзімді серіктесті нығайтуға ниет білдіріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау саласындағы цифрландыру мен Агенттік пысықтаған заңнамалық реформаларды іске асыру мәселелерін өзара іс-қимылдың негізгі бағыты ретінде белгіледі. Қазіргі таңда, БҰҰДБ қолдауымен "Transparency International" қоғамдық қорымен бірлесіп жемқорлықты қабылдауды бағалау бойынша мониторингтік әлеуметтік сауалнама жүргізілуде. Оның нәтижелері биылғы жылдың соңында жарияланады.