• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Таным 21 Қазан, 2020

Аңызға айналған Ақбидай

887 рет
көрсетілді

Қазірде небір ықылым заманнан бері қалыптасқан және тереңге тартқан тамыр қуатынан айырылған, жартылай шөлді аймаққа айналып құрып бара жатқан Ақтоғайдың сайын даласына қарап отырып жанарымызға жас толады, көңілді мұң қамайды. Аспанын ғарыш кемелері тілгілеп, жерін оның протонға толы ракеталары улады. Өкпек жел мен тасқын сулары шайып, ежелден бері халқына құтты қоныс болған кең байтақ өлкесі ХХ ғасырдың аяғында сырқат халге тап болды. Қазір бүкіл аймақ апат алдында тұр. Бір кездері төрт түлік мыңғырған малға өріс болған жайылымдар тозып, өзен суы азайып, бұлақтары сарқылып, орман-тоғайы сиреп, жер азды. Түйеден – жампоз, жылқыдан – тұлпар, қойдан – бағылан, ешкіден асыл тұқым өсіріп емін-еркін күн кешкен ел-жұрт егемендік алғаннан кейін ертеңіне елеңдей бастады.

Ресей отаршылдығы мен кеңес дәуі­рінде ұзақ уақыт бойы қазақтар тек көшіп жүрумен ғұмыр кешкен жа­байы, тағы халық болды деген ұлы дер­жа­ва­лық астамшылық пен шовинизмге не­гізделген бәтуасыз пікір орын алып кел­ді. Орыстандыру мен христиан дініне кір­гізу мақсатында айтылып, ел-жұртты мәңгүрттендіру саясатына негізделген осындай ойлар тұжырымға айналып, оны бас шұлғи қостаумен келдік. Көшпелілік мәдениет пен шаруашылық деген мүлде болмағандай, жер емшегін емген егіншілік дәстүрі жоқтай өткен тарихымызға мұ­рын шүйіре қарадық. Оның барлығы «қа­зақ халқы Қазан төңкерісіне дейін сауатсыз, мәдениетсіз, көшіп қана жүрген жартылай жабайы халық еді, революция­дан соң орыс халқының арқасында ғана ел болды» деген шовинистік пиғылды ұлт санасына орнықтырудан туғанына назар аударып жатпадық. Біздің ойымызша еуропацентристік тарихшылар мен ғалымдар қазақтардың жартылай отырықшы және көшпелі болып келгенін де осы егіншілікпен шұғылданғанын жоққа шығару арқылы дәлелдегісі кел­ді. Себебі егін салудағы ғасырлық тәжі­рибе арқылы дәнді-дақылдардың не­бір асыл тұқымдарын шығаруда Еуропа мен Ресейден озып кеткеніне қыз­ғаныш­пен қарай отырып, мақсатты түрде жоқ­қа шығаруға ұмтылды. Оны кеңестік би­ліктегі партократтар мен шарлатан ға­лым Лысенконың жолын қуушы ғалым­дарымыз ерекше қостады. Осы бір астам­шылық ойдың кесірі әлі де болса бой көр­сетіп қалатыны белгілі.

Әрі-беріден соң 1820 жылы Орынбор­дан Бұқараға елшілік мақсатпен сапар шеккен Негридің тобында белді мүше болған империялық бас штабтың капитаны Е.К.Мейендорфтың Сырдария сағасындағы тұрғылықты елдің ертеден отырықшы болып, арпа-бидай, тары өсіретінін тамсана жазғаны да елеусіз қалды. Ендеше «Ақтабан шұбырынды» заманында сол Сырдың бойынан келген Ақтоғай жұрты өзінің ата-бабадан бері келе жатқан егін салу дәстүрінен аяқ­асты қол үзе қалды дегенге кім сенеді?! То­қырауын арнасында сол дәуірден бері егін салып, су диірмен орнатқан, үйірлеп жылқы, отарлап қой айдаған елдің бүгінгі өкілдері ата кәсіптің қыр-сырына терең үңіле алмай, кеңестік кезеңде күштеп енгізілген «жаңалықтардың» кесірінен дәстүр жалғастығынан қол үзіп қалған жайы бар. Әсіресе тың көтерудің солақай саясаты бүкіл қазақтың мал және егін шаруашылығына ауыр соққы болып ти­ді. Ол Қазақстандағы барша дихандар қауымын есеңгіретіп кетті. Жерге деген жат бауыр, жыртқыштық көзқарастың себеп-салдары көп ұзамай-ақ білініп, жергілікті топырақ пен өзен-судың өзін­дік ерекшелігіне құрылған егіншілік дәстүрді тас-талқан етті. Жерді жаппай сыдырта жыртудың салдарынан то­пы­рақтың құнарлы қабаттары тозып, бара-бара тозаң болып желге ұшып, ра­қымсыз қолдан жасалған қу далаға айналды. Бұл бидай мен тарының, күріштің бұрыннан мирас болып келе жатқан жетілген түрлерінің жойылып кетуіне апарып соқты. Соның тауқыметін тартып, зардабын көрген Арқада аңыз болған Ақтоғайдың атақты Ақбидайы да бар.

Қазақ елінің өткен тарихынан мол хабары бар орыс ақыны Сергей Марков осы Ақбидай дәуірлеп тұрғанда-ақ «Егер сіз Ақбидай деп аталатын алып бидай туралы әлдене естісеңіз, ол әлдебір ша­руа­қор қолдан жасалған кереметпен кез­дестім деп ойламағайсыз. Бұл Ақбидай Тоқырауын алқабында ежелден өседі. Оның ғаламат жаратылысының өзі сон­дай. Сіз қалай ойлар едіңіз. Бұл бидайды бойтұмардай әспеттеп, шағын қалталармен бүкіл елді аралап жүріп, бір-біріне көрсетіп жүріп, егер зауқы соқса дәнді жалғыздап жейді» деп өзінің ерекше таңғалғанын жасырмай жазды. Жер шарындағы адамдар пайдаланған мәдени өсімдік атаулысының тұқымдық тегін, өсу және таралу жолдарын зерттеген атақты ғалым академик Д.Н.Прянишников өзінің «Мөлтек өсімдіктер» атты еңбегінде де Ақтоғайдың Ақбидайы туралы жазып:

«Француз бидайының жүз дәні 4,55 грамм болса, ост-үнді сорты – 3,8, амери­калық тұқым – 3, 2, ал орыс бидайы – 2,25 грамм тартады. Ал Қоңырат бидайы­на жататын Ақбидайдың жүз дәні – 6,2 грамм, Көжебидай – 4,5 грамм. Ақбидай жетіден 25-ке дейін тармақ шығарып, әр масақта 52-ден 120-ға дейін дән байлап, әр себілген бір пұт тұқымнан орта есеппен 50-60 пұт астық береді. Көжебидай 30-дан 55-ке дейін тармақ шығарып (кейбір түрлері 75-ке дейін бас тартады) әр масақта 30-60-тан дән байлап, бір пұттан орта түсімділік 60-70 пұтқа дейін айналады» деген жоғары баға береді. Осындағы «Көжебидай» дегенді біздің елдің ақсақалдары «Қожабидай» деп атайтын. Басында «Қожабидай» орыс тілінде «Көжебидай» деп жазылып кеткен де, бүкіл ғылыми еңбекте бидайдың бұл түрінің атауы осы үлгіде берілетін болды. Ал енді кейбір түрлері дегенін таратсақ, Ақтоғай дихандары «Ақбидай», «Қожабидай, «Бесбас бидай», «Ақбикеш бидай» деген және қазір ұмытылған басқа да түрлеріне будандастыру арқылы қол жеткізген.

Басқа да генетик ғалымдар айрық­ша мән бере жазған ақтоғайлық бидай түрлерінің атақ-даңқы қазақ даласының түпкір-түкпіріне тарап, қадір-қасиеті алысқа жетті. Қазақ даласын отарлаудың белсенді өкілі, Қарқаралы бекінісі әс­керінің жүзбасы Д.Карбышев 1827 жы­лы Омбыда Тоқырауын болыстығы­ның тұрғыны Тұрсынов деген диханның қол жеткізген керемет табысын аузының суы құри баяндайды. Көжебидай (Қожа­би­дай) ұнынан быламық, бөкпен және бауырсақ тағамдары жасалатынын айта­ды. Сол секілді Қарқаралы уезі қазақ­тарының тұрмыс-тіршілігі мен шаруа­шылықтары туралы жақсы білген және ғылыми жазбалар қалдырған оқымысты офицер М.Красовский 1863 жылы Дадан Тобықты болысының 180 егіншісі 310 пұт бидай еккенін жазады. Сол кездің өзінде Тоқырауын өзені бойында бес диірмен, Қусақ өзенінің сағасында екі, Қарабұлақта екі су диірмен сол аймақ­тағы егін салатындардың пайдасына жарап тұрғанын атап көрсетеді. Егін салатын сүдігер жерағашпен жыртылып, ірі тоғандардан тартылған бас арық және қосарлама кішігірім арықтар арқылы суарылатынын, егін салуда жергілікті жер мен судың өзіндік ерекшеліктерін жақсы білгендіктен де мол өнім алатынын жазады. Өкінішке қарай, ол Тоқырауын арнасында өсетін бидай түрлерінің атау­ларына көңіл аудармаған немесе қажет санамаған.

Ақтоғайдың Ақбидайы туралы ен­ді бір деректер көбіне отаршылық сая­сат­қа сай ресейлік ұлы державалық мен­сінбеушіліктен туындап отыратын кемсітушілік пиғылдарда кездеседі. 1892 жылы қазақ даласындағы көпте­ген уәлаят­тарда құрғақшылық болып, егін шықпай қалады. Дала генерал-губер­наторлығының басшысы, тарихта аты басыбайлы шаруалар мен орыс казактарын Жетісуға қоныс аудартумен қал­ған Г.А.Колпаковский егіс алқаптарын зерт­­теу мен тұқым түрлерін асылданды­ру туралы бұйрық шығарып, арна­йы жұ­мыс тобын жасақтауға пәрмен береді. Сол себептен де өнім алуда қиын­дық­қа ұшырамаған Арқаға, оның ішінде То­қырауын бойына генералдың бас ке­ңес­шісі С.Ловицкий аттанады. Оның осы сапары туралы есептік жазба түрінде келетін баяндамасы бұрынғы Қазақ КСР Орталық архивінде сақталған еді, қазір де бар шығар. Әр парағында менсінбеушілік пен миссионерлік пиғыл аңқып тұратын осы жазбасында біз үшін маңызды мынадай дерек бар:

«Қазақтар (мәтінде «Киргизы» – Ж.С.) ежел­ден астық егумен шұғылданып ке­леді. Бірақ кәсіптің бұл түрімен тек егін­ші-дихан деп аталатын жарлы-жақыбай­лар тобы айналысады. Жатақтардың өз жекеменшігінде малы жоқ. Мойынты бо­лысындағы Шу өзенінің оң жақ жағасы, Нұра болысының – Нұра (Бұл Қара Нұра емес, Шет ауданындағы Нұра, Талды өзендері. – Ж.С.), Темірші болысының – Қу­сақ, Бақанас болысындағы – Бақа­нас, Кент болысындағы – Талды, Берік­қарадағы – Жарлы, Тоқырауын болыс­тығындағы Тоқырауын өзендерінің саласында егіншілік әбден тарала дамыған. Аталған барша астықты қойнаулардан жергілікті жағдайлар мен ақ егіс көлемі жағынан Тоқырауын, Талды, Жарлы өзен­дерінің төңірегі ерекше назар аудар­тады» деп жазады. Ақбидай туралы мағ­­лұматтарды іздестіруде 1892 жылы Омбыда Арқаға келімсек переселендерді орналастыру мен қоныстандыру үшін тұрғылықты жер іздеу мақсатында шұ­ғыл ұйымдастырылған экспедиция жа­сақ­талғаны туралы мәлімет кездесті. Қар­қаралы уезінен патша шенеуіктері қо­сылған олар Ақтоғай, Тоқырауын бо­йына да атбасын бұрды. Осы экспедиция есебінде Тоқырауын өзені бойында Батыр, Көшкін Қазыбай, Орысбай, Шақабай тоғаны аталатын ірі тоғандар мен басқа рулардың меншігіне жататын тоған мен арықтар бар екенін және Бабахан руының Жайдақ өткелінде тоған бөгейтінін анықтаған. Бұл жергілікті Сарым руынан тарайтын жеке аталар егін салатын жер жағдайын, Тоқырауын секілді өзеннен қырға су шығаруға қо­лайлы тұсын дәл білген тәжірибеден туатын сұңғыла білгірліктерін танытады.

Экспедиция материалдарында бір ру атын жазуда жаңсақтық кеткен. «Ба­бахан руының Жайдақ өткелінде» деп отырғаны – «Бөкей хан әулетінен тарайтын Сұлтанғазы сұлтанның ұлы Бабахан төре тоғаны, ол тек экспедиция жазбасында ру атына ауысып көрсетілген. «Ба­тыр тоғаны» деп отырғаны – ұлт кө­семі Ә.Бөкейханның бабасы. Яғни туыс­тары аға сұлтан болып тұрған және мал байлығы жағынан да ешкімнен кем емес, Ақтоғай төрелерінің өзі екі бірдей тоған ұстаған.

Экспедициядағы осындай материал­дар А.Қалымбергеновтің «Орысбай то­ғаны» атты еңбегіндегі жазған мына пікірін растай түседі. «Өзегі талғанды жал­ғаған, үміті үзілгенге дем салған то­ғандар Балқаш-Қоңырат-Ақтоғай ауда­нында аз болмаған. Солардың іші­нен ең кәрілері – Көшкіндердің Қазы­бай, Орысбай, Шақабай тоғандары. Олай деуіміздің себептері жоқ емес. Сарытерек аулында Орысбай-Тоқабай баласы Саумалдың бейіті тұр. Шамамен 200 жыл. Арқан бойы жерде балалары Күлтебай, Күзембай, Күлшебайдың күмбездері күмбірлеп тұр. Бәрі Орысбай тоғанының бойына салынған. Күні бүгін суармалы жерлердің белгілері сайрап жатыр. Енді бір деректерде Русьтан жа­тақтар егін салуды үйретті деген пікір бар. Онысы Қарқаралы бекінісі салынуымен байланыстырғаны, ол – тарихта 1824 жыл. Орыс ағайындар кедей-кепшіктерді отырықшылыққа үйретеміз деген әрекеті бекер емес. Тоқырауын бойында суармалы жерлердің ертеден болғаны айдан анық, орыс ғалымдары да, Ә.Бөкейхан да жоққа шығармайды» деп жазуының тарихи негізі бар екені анық болады.

Дәл осы жерде авторды толықтыра кетуге тура келеді. Орыс переселен мұ­жықтары егін салатын жерді, тоған қазып су шығаратын арнаны жергілікті жердің егінші-дихан адамдарынан артық білді дей алмасақ керек. Ендеше кімнен кім үйренді деген даулы мәселе. ХVІІІ-ХІХ ғасырдан бері егіншілікпен шұғылданып, сол арқылы мол тәжірибе жинаған дихандар жалғыз көк шолақ атын арбаға жегіп ауып келген орыс мұжықтарына үйретпесе, үйренді деуіміз бекер болар. Рас, темір жер өңдеу құралдарын ал­масқан шығар, тұқым айырбастаған шы­ғар, насыбай үгуге шылымдық табак алған шығар, бірақ егін салуды олардан үйренген емес деп кесіп айтқан дұрыс. Себебі орыс переселен-қарашекпендері жергілікті жердің су, ауа, топырақ ерек­шеліктері мен табиғи амалдардың сол диқандар қауымынан артық білді дей алмасақ керек. Егінді салуда Арқада болатын көктемгі табиғи амалдарды, мысалы «Құралайдың салқыны» өтуіне қарай ойластыруды келімсек орыстар бірден ескере қойды дей алмаймыз.

Сарымның ру басшылары болған ақсақалдар мен билер өз руының қамы үшін «Бәрің бірдей қойшы болсаң, құл боларсың, бірің қалмай тойшы болсаң, жын боларсың» деген қағиданы берік ұстап, мал мен егін шаруашылығын қатар ұстауды дәстүрге айналдырған. Егіннің ебін білетіндер мен осы саладан таным-біліктік санасы барларды мақсатты түрде жатақ ретінде қалдырған. Жатақ ретінде «жайлауға көшетін малың жоқ» деп тек кедейлерді қалдырған деу ақылға сыймайды. Ел ішінде азын-аулақ мал басын құрауға қабілеті жетпей жүргендер Ақбидайдай жоғары сортты бидай түрін шығаруға өресі жетті дегенге кім сенеді!? Тоған қазып су шығару мен егін салу се­кілді істің байыбына бара алмайтындарды қалдырғаннан түк өнбесін білмеді деу мүмкін емес. Олардың малын өздерімен бірге жайлауға әкетіп, бағып қаққан. Сарым елі ру басылары «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екенін» ертеден-ақ біліп, егіншілік шаруашылықты мақсатты түрде жүргізуге ден қойған деген қорытындыға келеміз.

Біздің бұл пікірімізді Тоқырауын топырағы мен ондағы егіншілік тура­лы 1901 жылы шыққан Брокгауз бен Ефронның сөздігіндегі мәліметтер рас­тайды. Ол 1899-1902 жылдары 3 том­дық «Брокгауз бен Ефронның кіші энциклопедиялық сөздігі» деген атпен 1907-1909 жылдары 4 томдық екінші басылымы шықты. «Жаңа энциклопедиялық сөздігі» 1911-1916 жылдары шығарылды, жоспарланған 48 томның 29 томы шықты. Бұл басылымға белгілі алаш қайраткері Ә.Бөкейхан автор ретінде қатысқан әрі осы энциклопедияда оған арналған арнайы есімнамалық мақала да берілген. Сондықтан да ондағы Ақтоғайдағы жер-су аттары, топырағы мен егіншілігі туралы мақалаларды берген және жазған Ә.Бөкейхан болып шығады. Мұны ерекшелей айтып отырған себебіміз: осы сөз­дік арқылы Ақтоғайдың топырағының қасиетті атақ-даңқымен шетелдіктер де таныс болған.

Кеңес дәуірінің соңына қарай Ақтоғай бидайын одақтық генетик, биолог мамандар да дабыл қаға іздеді. Олар сирек ұшырасатын дәнді-дақылдар тұқымын сақтап отыратын қойма мен тіркейтін «Қызыл кітап» жоқтығын тілге тиек ете келіп, солардың қатарында Ақ­бидайды ерекше атайды. Академик Д.Д.Бреж­нев деген ғалым 1974 жылғы 25 шіл­дедегі «Известия» газетінде үлкен өкінішке толы мақаласында: «Қазақ даласында ертеден бері құрғақшылыққа төзімді, түрлі аурулардан қорықпай­тын және сортаң жерге өсе беретін би­дайдың көне «Ақбидай» тұқымы кең таралып келді. Бұдан тыс ол оңайлықпен төгілмейді, бұл күшті жел тұратын аудан­дарда аса қажет қасиет. 1972 жылғы экспедиция бұл керемет өсімдікті таба алмай қайтты. «Ақбидай» масағы тек біздің коллекцияда ғана бар» деп күйінеді. Иә, отаршылдық, оның жалғасы бол­ған қызыл империяның тың игеруге бай­ланысты жүргізген осы қастандығы Ақ­тоғайдың ғана емес, бүкіл қазақ хал­қының егіншілік ата кәсібінің асыл жау­һары ретінде бағаланатын Ақби­дайдың түбіне жетті.

Тағы қайталап айтайық, Ақбидайды орыс коммунистік билігі мақсатты түр­де жойды. Ондағы ойлары – қайткен күн­де де қазақ халқын тарихи тамыры мен салт-дәстүрінен, діні мен ділінен, ана тілінен және атадан балаға мирас болып келген дәстүрлі жетістіктерінен айырып, мәңгүрттендіру, космополитке айналдыру саясаты. Ол – Ақтоғайдың атақты Ақбидайының жер бетінен жойы­лып кетуіне әкелді. Осы жерде Ақбидай Қазақстанның ірі өзендері бар басқа аймағында неге өспеді, олай болғанда жоғалмайтын да ма еді деген заңды сұрақ туындайды. «Бесбас және Қожабидайды біз де өсіріп, мол өнім алайық» деп талпынбады дей аламыз ба? Талпынған, өсі­руге тәжірибе жасап көріп арнайы ке­ліп үйренген де. Бірақ ол жақты Ақби­дай жерсінбегендіктен де өспеген! Бұл – Тоқырауын топырағы мен суының қасиетті екеніне нақты мысал.

Қазірде осы Ақтоғайдың Ақбидайы­ның дәмін татқан қариялардың саны азайып қалды. Солармен осы туралы сөз қозғасаңыз-ақ болды, көруі на­шар­лап бара жатқан жанарлары жарқ ете түсіп, бидайдың үлкендігі туралы сөзін дәлелдеу үшін алдарындағы мейіз­дің бір данасын ұстай алып, «міне, ақ бидайдың тұрқы тура осындай болатын, ал Қожабидай оған жетеқабыл еді» деп күрсінеді. Ақбидай туралы жерлес ақы­нымыз Ж.Қашқынов пен журналист А.Нысаналин арнайы мақалалар жазды. Олар да біздің елге ғана тән бидайдың осы түрінің қадір-қасиетін сипаттай келіп, тұқым боларлық түрлеріне дейін құрып кеткенін үлкен өкінішпен еске салады. А.Нысаналин «Жас Алаш» газе­тінде «Атақты Ақбидай қайда?» деп бұл бағытта арнайы журналистік зерттеулер де жүргізген.

А.Нысаналин аталған мақаласы ар­қылы Ақбидай тағдырына араша-сау­ға сұраған мәселені ортаға салуы үл­кен жанашырлық болды. Ақбидайдың жоға­лып кетуін ұлттық трагедияға балаған ол: «Бұл – үлкен күйініш. Мұндай-мұндай жағ­дайлардың бәріне немқұрайдылық­­пен қарауға бола ма?! Олардың жай-жап­­са­ры республиканың осы саласымен айна­лысып жүрген жандарға беймәлім деуге ауыз бармайды. Ендеше неге ешкім селт етпейді? Неге дабыл қағылмайды? Сонда атақты Ақбидай, Қожабидай, Бесбас бидай қайда?» деген проблема көтерді. Амал нешік. Қазақстанға хатшы болып келген Г.Колбиннің кезінде мансабы үшін діріл қаққан партия шенеуіктері де, ауыл шаруашылығы саласы ғалымдары да үн қатқан жоқ.

Қазір бүкіл Ақтоғай жұртының өзегін «шіркін-ай, сол егінші болған кісілер Ақбидайды қалай сақтап қалмады екен» деген үлкен өкініш өртейді. Бәрібір де сол дихан әкелерімізді даттау мүлде артық, замандары аласапыран болып, олар «тың игеруге қарсы болды» деген жалған жала желеуімен ұсталып, сотталып кетуден қорықты. Сталиннің жеке басына табынушылықтың 1937, 1951 жылдардағы зобалаңынан үрейлері мүлде ұшқан елді түсінуге болар. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп Мағжан ақын айтқанындай, қазақтың бүкіл даласы түрмеге толған шағында Ақтоғай жұрты алдына бір ғана мақсат-міндет қойды. Ол – қайткен күнде де ұрпақты сақтап қалу. Одан басқасына бас ауыртуға мұршасы болмады. Сондықтан біздің де ешкімді мансұқтауға құқымыз жоқ. Ертең ұрпақ ауысқанда, олардың да бізге қандай үкім шығарарын кім білсін...

Жұмыр жер мен айды айналып ұшып жүрміз, Марсқа қонуға талпынып жатырмыз. Бірақ ғылым мен техниканың осыншама дамыған шағында Ақтоғайдағы ел-жұрт ғасырлар бойы өндіріп, әлемде теңдесі жоқ бидайдың ең жоғарғы сортын шығаруға қол жеткізген Ақтоғайдың атақ­ты Ақбидайын қалпына келтіруге шама­мыз жетер емес. Ұлтының өткен тарихын ұмыт қалдырған және оның айрықша саналатын табыстарын сақ­тай алмаған ата-бабаларына келешек ұрпақ­тың бетіне түкіретіні рас болса, қар­ғыс таңбасы басылған бетімізді сүртіп тұрып, бір-бірімізге «сол кезде сен қайда болдың осы» десіп кінә артатын күн де жақын қалды.

 

Жандос СМАҒҰЛОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор