Қол алысып, сәлемдесіп тұрмын. Әзиз Несинмен! Өзімен! Әзіл-сықақшы жазушылардың халықаралық шығармашылық бәйгелерінде бас жүлдені басқаларға бұйыртпай жүрген атақты түрік ағамызбен!..
Бойы ортадан пәстеу, өңі қоңырқай, денесі жинақы, шашы қалың, ақшулан. Қасы қап-қара. Құлағы – «көдедей көптің» бірі. Көзі – өзіміздікі, мұрны маймұрын да, қырмұрын да емес, «әрі-сәрі». Жалпы, бет-пішіні о баста атжақты болған сияқты, тек бертінде бұғағының о жағы мен бұ жағына әлгі бар болғыр май жиналса керек, иегін төрттекшелеу етіп тұр. Ал қоңырқай жүзінде әжім жоқ екен, мен соған іштей қуандым. Өйткені сол кездегі 66 жастағы Әзиз бейдің ауыртпалық-қиыншылықты жастай көп көргені, биліктің қияпаттарын әшкерелеп фельетон, сықақ әңгіме жазғаны үшін бірнеше рет сотталып, «түрмелерді түгендегені» бар. Соған мойымай, жасымай, қажыр-қайратын сақтап, тіпті еселеп, қаламын қайрай түсіп жүргені ғажап қой!
Біздің бұл танысуымыз 1981 жылы шілде айының 4-і күні, Мәскеуде, Кремльдің Үлкен сарайында, КСРО жазушыларының жетінші құрылтайы мәжілістерінің бір әредігінде болды. Әзиз Несиннің келгенін естіп білсем де, алғашқы күні іздеп таба алмадым. Содан кейін жазушы-драматург ағамыз Қалекеңе, Қалтай Мұхамеджановқа қиғылық салдым:
– Қалеке, Әзиз Несин досыңызбен таныстырмақ едіңіз, енді қашан? – дедім.
– Оны өзім де жаңа ғана әрең тауып алдым. Кәне, жүр, кездестірейін, таныстырайын, – деп ертіп, кең залдың орта тұсында тұрған бір шал, екі жігіт және бір әйел тобына алып барды. Жігіттің бірін таныдым: әйгілі әзіл-сықақшы Леонид Ленч. Қалекең оларға менің аты-жөнімді, сатирик екенімді айтып, содан кейін қоңырқайға қарап: – Құрметті Әзиз бей, бұл жігітіміз, – деп бастап, мені біраз сипаттап болып, сонсоң маған: – Көкеңді көрдің ғой, кәуласа бер, – деді де Несинге: – Мен бір шаруама барайын, кешке жолығармыз, – деп кете барды.
Әзиз бейдің тілмәші Вера Феонова деген орыс әйел екен, түрік тіліне мығым болса керек, аударманы бөгелмей жасап тұрды.
Қоңырау соғылды, мәжіліске шақырылдық.
– Қалтай бей айтты ғой, иншалла, кешке кездесерміз, – деп Несин залға беттеді.
Сол күні кеште «Россия» қонақүйінің мейрамханасында Әзиз бей мен тілмәші, Қалекең және Шерхан Мұртаза бесеуміз бас қостық. Өмір, Түркия, Қазақстан, әдебиет, аударма дегендей, біраз тақырыпты шолған әңгіме болды. Әзіл-қалжың ағытылды. Мен, әрине тыныш тыңдаушымын. Несин қазақ сатирасына, аудармаға қатысты сауал бергенде ғана «қатарға қосыламын».
– Ғаббас бей, менің әңгімелерімді орыс тіліндегі нұсқасынан аударып жүрсіз бе? – деді бірде.
– Өкінішке қарай, біздің мектептерде түрік тілі оқытылмайды, кітап саудамызда түрік кітаптары болмайды, – дедім де, соған өзім кінәлідей-ақ ыңғайсызданып, үстелдің сирағына сүйеп қойған портфельмді дереу алып, ашып, «Күлеміз бе, қайтеміз…» деген жинағымды Несинге ұсынып: – Құрметті Әзиз бей, бұл әзіл-сықақ әңгімелерімнің шағын жинағы еді, мұнда сіздің шығармашылығыңыз жайында мақалам бар, «Иә, Әзиз бей, сіз кімсіз?» деп аталады және біздің бүгінгі көшалды әзіл-сықақшымыз Оспанхан Әубәкіров туралы «Әзиз Несиннің Алматыдағы інісі» деген мақалам да бар, – дегенімде, көзі менде, құлағы тілмәшінде болған ол жайдарлана күлімдеп, орнынан тұрып, қолын ұсынып:
– Мың да бір рахмат! Иншалла, өзіміздегі қазақ достарымның біріне аудартып оқытып тыңдаймын! Рахмат, Ғаббас бей, жүз жасаңыз, көп жазыңыз! – деді шынайы риза болып.
– Ғаббас жолдас, мына сыйың ғажап болды, – деді Шерағаң.
Әзиз бей:
– Қалтай бей, келген сайын саған жаңа кітабымды сыйлаушы едім, биыл әлі шыққан жоқ. Сонан соң сен жалғыз емессің, жаныңда Шерхан бей мен Ғаббас бей бар. Сендерге не сыйласам екен? – деп, бізге жымия қарап: – Ә, үшеуіңе сурет салып берейін, ескерткіш болсын, – деді де, шолақ жең ақ көйлегінің төс қалтасынан шағын блокнот, қалам алып, үшеумізге үш парақшаға сурет салып ұсынды. Маған: «Бұл – бейбітшілік балығы» деп берген мына суреті, әрине мен үшін ерекше қымбат ескерткіш.
Әзиз беймен одан кейін екі мәрте әңгімелестім. Әңгіме тақырыбымыз әрқилы болды. Оның туындыларының көбі орыс тіліне аударылған-ды. Аударма сапасына көңілі тола ма екен, соны білгім келіп, Вераға:
– Сіз Әзиз бейдің әңгімелерін түпнұсқасынан оқитын шығарсыз, олардың орыс тіліне аударылуы сізге ұнай ма? – дедім. Ол басын изеді де, Несинге бірдеңе айтты. Сұрағымды жеткізген сыңайлы. Одан кейін: – Меніңше, аударма жақсы, алайда түпнұсқаның аты – түпнұсқа ғой, Әзиз бейдің күлкісі орысшада кейде солғын болып қалады, – деді де, Несинге қарады.
– Иншалла, орыс оқырмандарымның құрметіне шынайы ризамын, ол аударманың жақсылығынан ғой. Жалпы, мен жұртты күлдірейін деп әдейі күлкілі етіп жазуды ойламаймын. Ішкі-сыртқы саясатымыздағы, тұрмыс-тіршілігіміздегі кем-кетікті өзім көріп-біліп жүрген күйінде айтып беремін. Соным оқырмандарға ұнаса, ол маған Құдай берген жазушылық қабілет қой. Қуана күлетін жағдай болмағанда адам налып, ашынып күледі емес пе? Мен көбінесе солай күлемін. Менің ұстазым – Антон Павлович Чехов. Күлу үшін ғана оқи салғанға оның күлкісі жеңіл, қызықты сияқты көрінеді деп ойлаймын, ал қайталап, ойлана оқысаң, қоғамының, қоршаған ортасының жан ауыртқан көлеңкелі жақтарын ғажап ашып береді. Соны түйсініп, Чеховтың портретіне қарағанымда кейде жылағым келеді, – деген Несин әңгіме ағысын басқа арнаға бұра қойып, қазақ әзіл-сықағының қазіргі ахуалын айтып беруімді қалады. Мен білетінімді айтып:
– Жазғандарымыз баспасөзде жарияланып, кітаптарымыз шығып тұрады, – деп аяқтадым.
– Ғаббас бей, менің әңгімелерімді орысшаға аудармадан оқисыз ғой, аудармасы қандай дер едіңіз?
– Маған ұнайды, аударуыма жеңіл.
– Көп аудардыңыз ба?
–Төрт әңгімеңізді аудардым. «Литературная газетада», тағы бір журналда шыққандарын. Сіздің кітаптарыңыз бізде жоқ, егер болса, бәрін де аударар едік, қазақ оқырмандары қолдарына тиген сол аздың өзіне қызығып, бізге хат жазып, кітаптарыңызды қайдан алуға болатынын сұрайды.
– Солай деңіз. Мен бұл жайтты Марковқа, Ленчке айтармын.
– Құрметті Несин аға, біздегі бірінші аудармашыңыз – сізге кеше сыйлаған кітабымда айтылған Оспанхан Әубәкіров, ол «Ахиреттен келген хаттар» деген хикаятыңызды аударып, газетке шығарды. Өте жақсы аударды, өзі жазғандай жеңіл оқылады. Оспанхан – әзіл-сықағымыздың сардары!
– Рахмат, жахсы, рахмат! – деп Әзиз бей ерекше риза болды. «Аға» деуімнің мағынасын сұраған Вераға «старший брат» деп түсіндіргенмін, әлде сол сөзім әсер етті ме, Несин, сәл қиықшалау қойкөзі күлімдеп:
– Ғаббас бей, Ленчке тапсырамын, иншалла ол менің кітаптарымды сізге жібертеді, – деді.
…Несин құрылтайдың аяқталуына қарамай еліне аттанып кетіпті. Оны Қалекеңнен естідім.
– Әзиз бей ағаң саған сәлем айтты, – деп жымыңдады Қалекең. – Ресторанда отырғанымызда «биыл кітабым әлі шыққан жоқ» деп өтірік айтуға мәжбүр болыпты. Жаңа кітабының оншақтысын ала келген екен, осындағы достары талап алып, әйтеуір маған біреуін сақтапты. Шерхан екеуіңе сыйлары болмаған соң, маған оңашада берді. Сол кітабы, міне. Түрік тілінде. Мұны да аттанарында саған бер деп тапсырды. «Ғаббас бейге арнап салып жіберермін, саған сонда қайтарар, оған дейін түпнұсқасымен таныса берсін», деді.
Ол кітабының аты – «Дүлейлер босады». Хикаяттар жинағы.
Әзиз бейден маған арнайы кітап келмеді. Еліне оралысымен жауапқа тартылып, «байтал түгіл, бас қайғыға ұшырағанын» естідім. Оның есесіне кейінде Мәскеуден орыс тіліндегі үш жинағын және түрік тіліндегі «Gol kroli» кітабын алдым. Кім жібергені атап көрсетілмепті, «Художественная литература» баспасынан екені ғана айтылған. Солардан қазақшалап: «Футбол королі» романын, «Әңгіме оқи отырыңыз» деген атпен әңгімелер жинағын – екі кітабын қазақшалап шығардым. Жақында романды қайта қарап, жалпы түрік әлеміне «сұлтан» сөзі етене ғой деп ойлап, «Футболдың сұлтаны» деп өзгерттім.
* * *
Қазақ оқырмандар Әзиз Несиннің өмірбаянынан толық хабардар емес. Аударып шығарған екі кітабына алғысөзімде, одан бұрынғы «Иә, Әзиз бей, сіз кімсіз?» деген мақаламда қысқаша ғана айтылды.
Бекзадалар аралы» құрамындағы – Хайбелиадта тұратын жалшы түрік Әзиз Мехметтің отбасына 1915 жылғы желтоқсан айының 20-сы күні іңгәләп жар сала келген тұңғыш нәрестеге Нүсрет деп ат қойылыпты. Ол араб сөзінің мәні «Алладан медет» екен. Бірінші дүниежүзілік соғыс жалыны шарпып тұрған Шанаққаладағы шайқаста отандастарының жеңіске жетуін Жаратқан иеге жалбарына тілеп жүрген әке ырымдап қойған ғой. Алайда ұлы ол атынан ержете бере «айырылып қалды». Себебін жазушының өзі айтсын: «Бізде 1934 жылы ныспы жайында заң шықты да, Түрік республикасының күллі азаматтары өздеріне жаңаша аты-жөн алуға міндетті болды. Әркім көңілі қалағанын көздеп ала басады. Көпшілік қызық қой, баз біреулер тіпті өзінің жаратылысына жараспайтын сөздерге жармасты. Сөйтіп әншейіндегі сужүректер – қаһарман, сараңдар – жомарт, әлжуаздар – күшті, кедейлер – бай деген ұғым беретін аты-жөнді шімірікпей иеленіп шыға келді. Ал жақсылық нышаны атаулыдан әрқашан мақрұм болып жүретін мен байғұсқа емен-жарқын ныспы бұйырмады. Содан соң, амал не, біреулердің аты-жөніне жанасып, ортақтасып қалмайын, заңға томпақ болып жүрер деп топшыладым да, «Несин» бола салайыншы дедім. Оның мәнісі: «Әй, Әзиздің баласы, сен кімсің өзі, несің?» дегенге жауап еді. Күндердің-күнінде біреу-міреу: «Е, мұның не?» дей қалса, өзімнің шынында кім екенімді ойлай жүрейін дегенім ғой». (Әзиз Несин. «Менің өмірбаяным»).
Несин дарын болғанымен, жолы даңғыл болды деуге келмейді. Билік деген сиқырлы дүниенің кем-кетігін «суреттеген» фельетоны шыққан сайын сотқа сүйреліп, түрмеге тоғытыла берді. Құрықтарына ілікпес үшін қитұрқы бүркеншік аттармен жазса да, тауып алады. «Әзиз» деп әкесінің атын да пайдаланғаны кейін белгілі болды (біраз жұрт өзінің аты Әзиз екен деп шатасыпты).
Несин жиыны неше фельетон жазғанын, сол үшін түрмеде неше рет, неше жыл отырғанын санап айтқан емес. «Фельетон былай тұрыпты-ау, сықақ әңгімем үшін де таяқ жедім. Анау әңгімемнің, мынау әңгімемнің кейіпкері өзі екенін «дәлелдегендер» мені түрмеде жиыны алты жылдай ұстады, оның жарты жылын маған Египеттің королі Фарук «сыйлады», – мен бір әңгімемде «оның ар-ұятына тіл тигізіп» қойыппын, сол үшін Анкараның сотынан бір-ақ шығарғаны ғой», дегені ғана бар.
Несин әдебиетке қадамын ақын болуды армандаумен бастапты. Әуелгі лирикалық өлеңі 1939 жылы «Еди гюн» газетінде шыққанда атақты ақын ағасы Назым Хикмет оған: – Өлеңнің басын ауыртпай, әңгімеңді жаза бергенің жөн болар, – деген көрінеді. Інісі бәлденбей, өкпелемей тіл алып, әзіл-сықақ жаққа біржола көшкен. Тұңғыш әңгімесі 1943 жылы «Миллет» газетінде басылыпты. Сөйтіп ол қалам ұстаған 56 жыл бойында әзіл-сықақ әңгімелерінің 34 жинағы, өлеңдерінің 5 жинағы, 8 романы мен 6 пьесасы шығып, әлем әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірі болды. Әдеби-ғылыми іспен де шұғылданып, «Республика дәуіріндегі түрік әзілінің тарихы» деген еңбек жазды (үш том). Журналшылық сұхбат, репортаж, мақала кітаптары өз алдына жеке әлем.
1976 жылы «Назым Хикмет қоғамын» ашып, ақынның әдеби еңбегін насихаттауды қолға алды және «Бейбітшілікті жақтаушылар қоғамын» ашып, термоядролық соғысқа, Түркияға американ әскерлерін орналастыруға қарсы күш біріктіруге кірісті. Сонымен қатар 1976-1984 жылдары «Түрік жазушылары бірлестігін» ұйымдастырып, түрік қаламгерлердің құқығын қорғау мәселелерімен шұғылданды. Ол игі істеріне қаржы табу үшін 1976 жылы «Әзиз Несин қорын» ашып, жыл сайын бір мың бет шамасы кітап шығарып, одан түскен қаламақыны ортаға салып отырды.
1968 жылғы бір сұхбатында Несин: «Мен 53 жастамын. 53 кітабым 23 елде 17 тілде басылып шықты. Пьесаларым 7 елдің сахнасында жүріп жатыр», деді. Азия және Африка жазушыларының бірлестігі әдебиеттегі аса зор еңбегі, қоғамдық-саяси белсенді қызметі үшін Әзиз бейге 1974 жылы «Лотос» журналы сыйлығын берді.
…1971 жылы болар, Несин, әйелі – Мераль, үш ұлы мен қызы бар бесеуі отбасылық әңгіме-дүкен құрады. Отағасы:
– Мераль, балаларым! Мен өзім көрмеген рахат тұрмысты сендерге көрсете алдым. Айналайын балаларым, әрқайсысыңа үй, саяжай сатып әпердім. Жоғары білім алып, қызмет істеуге кірісетін, яғни өз төтелеріңмен өмір сүретін күндерің де жақын. Сол күннен бастап мен қолымдағы артық ақшамды, алатын қаламақымды жетім балалар үйін салуға және сол үйді ұстауға жұмсасам деймін. Ол үшін арнаулы Қор ашамын. Мен өлгеннен кейін де маған тиесілі қаламақы келетін болса, оның да сол Қорға құйылуын заңдастырамын, – деген кезде ортаншы ұлы Әли әкесін құшақтай алып:
– Көке, көке! Өлмеші! Өлмеші! Маған үй де, саяжай да керек емес! – деп ботадай боздапты. Басқа балалары да қосыла жылап, әңгіме аяқталмай қалыпты.
Алайда Несин отбасылық әңгімені көп ұзатпай тиянақтап, айтқан үйін салуға жер алу, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажет құжаттарды жасатып, жарғысы мен бағдарламасын жазып, іске кірісіпті.
…Ыстанбұлдың батыс жағында, алпыс шақырым жерде, Чаталжа деген шағын елді мекен бар. Бау-бақшалы. Биік үй дегенде көзге бірден түсетіні – 4 қабатты ғимарат. Ол – «Әзиз Несин қорының» құзырындағы интернат. Қордың басшысы – Несиннің ұлы, физика-математика және философия ғылымдарының докторы, әлгі «жылауық» Әли.
Интернатқа 3-4 жастағы тұлдыр жетім балалар және тұрмыс жағдайы өте ауыр отбасының сол жастағы балалары қабылданады да, олар жасы кәмелетке толып, қалаған оқуын бітіріп, жұмысқа кіріскенге дейін осында тегін тұрады. Интернаттың бюджеті – Әзиз Несиннің қаламақысы, яғни оның Түркияда, шетелдерде қайталап шығарылып жататын кітаптарынан, қойылып жататын пьесаларынан, Несин шығармасы бойынша жасалған кинофильмдерден түсетін табыстың келісімді шарт бойынша белгіленген пайызы.
Несин интернаттың жарғысы мен бағдарламасын жазғанда қабылданатын түрік балаларын елдің тарихын, ғылым-білімін, халықтың салт-дәстүрін сыйлайтын, ана тілін құрметтейтін инабатты, білімге, еңбекке құштар етіп тәрбиелеуді қадап-қадап айтқан. Меніңше, интернат түлегін Ататүріктің өсиетіне адал болып: «Мен – түрікпін!» дей алатын азамат дәрежесіне жеткізуді көздеген.
– Мен жұрттан екі жайтты ғана жасыра алдым. Бірі – шаршағандығым, екіншісі – жасым. Егер өмірге екінші рет келсем, азырақ шаршауды ойлар едім, ал жасым… кейбіреулер: «сенің өңің жап-жас, баяғыда осындай едің, қартаймапсың» деседі. Е, олар менің қартаюға уақытым болмай жүргенін қайдан білсін! – депті Несин бір сұхбатында.
Әлемге танымал Әзиз Несин 1995 жылы, жасы сексенге қарағанда қайтыс болды. Шығармалары өзінің ғана қажетіне емес, халқының қажетіне жараған жазушы мерейлі, бақытты. Әзиз бейдің туындылары әлемдік әдеби құндылықтар қорына қосылды, яғни ол ең бақытты қаламгерлердің бірі болды.
Әзиз бейдің: «Егер мен жарық дүниеге қайтадан келсем, осы жолыммен тағы жүрер едім, – деп «бірсөзділігін» байқатып: – Бірақ шығармаларымды қазіргісінен неғұрлым көп те жақсы жазар едім. Алайда адамзаттың тарихында о дүниеден оралғандар болмапты, ендеше мен де оралмасқа осы күйімде кете барармын», дегені есімде. Ғажап күлкісін құдіреттендіре түсуге қабілеті барын, тек уақыты жетпесін айтқаны-ау!
Несин ағамызды алғаш және ақырғы рет көргенімнен бері де 39 жыл өтті. Қоңырқай жылы жүзі – көз алдымда, қоңыр үні – құлағымда.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ