Жыл басынан бері ел тұрғындары 13 208 алтын құйманы сатып алған. Сатылған өнімдердің жалпы салмағы – 566,3 кило. Бағдарлама іске қосылған уақыттан, яғни 2017 жылдан бастап Қазақстанда жалпы салмағы 1,2 тоннаға тең 34 901 құйма сатылған. Осы орайда, соңғы жылдары алтын құймаға құмартқандардың қатары көбейе түскенін атап өту керек. Нарықтың беталысынан осындай үрдісті айқын аңғаруға болады.
Аңсары алтынға ауған Алматы
Тақырыпқа бойламас бұрын статистикаға аз-кем назар аударайық. Ұлттық банктің хабарлауынша, екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пункттері қыркүйек айында халыққа жалпы салмағы 65,2 кило болатын 1 480 алтын құйманы сатқан. Ал жыл басынан бері сатылған құйманың саны – 13 208.
Қазақстанда мұндай құймалардың бес түрі бар. Олар 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық болып бөлінеді. Деректерге сүйенсек, сатып алушылар арасында салмағы 10 грамдық құймаға деген сұраныс жоғары. Жалпы сатылымның 25 пайызы құйманың аталған түріне тиесілі. Тоғыз айдың ішінде дәл осындай 8 701 құйма иесін тапқан.
100 грамдық құйманы алушылар да аз емес. Қаңтар-қыркүйек аралығында мұндай өнімнің 7 648-і тұрғындардың қолына өткен. Бұл жалпы сатылған құймалардың 22 пайызына тең. 20 грамдық құймаға деген сұраныс та кеміген емес. Оның сатылымдағы үлесі де 22 пайызды құрап отыр (7 649 құйма сатылған). Сондай-ақ тұрғындар 5 грамдық 6 414 құйма (19 пайыз) және 50 грамдық 4 276 құйма (12 пайыз) сатып алған.
Тоғыз айда сатылған құймалардың 55 пайызын Алматы қаласының тұрғындары иеленген. Сонымен қатар бұл өнімге атыраулықтар (14 пайыз) мен елордалықтардың да (10 пайыз) қызығушылығы артып келеді. Ал басқа өңірлердің жиынтық үлесі – 21 пайыз.
Бас банктің мәліметінше, 2019 жылы жалпы салмағы 470 кило болатын 15 730 алтын құймасы сатылған. Оның 8 мың құймасын (салмағы – 329 кило) банктер сатса, 7730-ы (141 кило) айырбастау пункттері арқылы өткізілген.
Құйманы қайдан алуға болады?
Қазақстан алтын құймаларын сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы іске қосты. Сол уақыттан бері жалпы салмағы 3,2 кило болатын 119 құйма тұрғындардан кері сатып алынған. Алтын құймалары инвестициялаудың сенімді құралы саналады. Банктер мен айырбастау пункттері клиентке дәл сол күні ақша төлей отырып, құймаларды кері сатып ала алады. Бұл өз кезегінде алтын құймалары нарығының өтімділігін қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда алтын құймаларын Halyk bank-тен, Еуразиялық банктен, Jýsan bank-тен, Банкцентркредиттен, сондай-ақ айырбастау пункттерінен сатып алуға және оларға кері сатуға болады. Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен қамтылған. Құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және орауының ашылғанын, болмаса ашылмағанын тез анықтауға мүмкіндік беретін арнайы орама бар. Қорғаныш орамасы құйма сапасының сертификаты болып табылады. Сондықтан құйманы ұқыпты сақтап, ораманы ашпаған абзал.
Алтын құймасы – ұстаушыға жинақ ретінде сақтау немесе кіріс алу мақсатында сатып алу және сату операцияларын жасауға мүмкіндік беретін өтімділігі жоғары қаржы құралы. Бұл – таза отандық өнім. Шикізатынан бастап соңғы дайындаушыға дейін бәрі Қазақстанда жасалады.
Ұлттық банк аффинаждалған құйма түріндегі алтынды Kazakhmys Smelting ЖШС, «Қазцинк» ЖШС және «Тау-Кен Алтын» ЖШС секілді жергілікті кәсіпорындардан сатып алады. Бүгінде «Қазцинк» пен «Тау-Кен Алтын» компаниялары London Good Delivery халықаралық стандартына сәйкес келетін тазартылған алтын өндірушілер болып саналады.
Тарту-таралғыға таптырмас дүние
Қазір алтын құймалар ел ішінде тарту-таралғы ретінде көп қолданылады. Түрлі мерекелер мен мерейтойларға таптырмас сыйлық екен. Сатып алушылар оған құндылығын жоғалтпайтыны үшін қызығады.
Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар оны сенімді инвестициялық құрал ретінде пайдаланады. Яғни бизнес үшін «қорғаныш жастығы» бола алады. Капиталдың сенімді сақталуына да жол ашады.
Қарапайым отбасылар бұл өнімді болашаққа арналған жинақ ретінде пайдаланып жүр. Оны кепілдік ретінде де қолдануға болады. Коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар алдындағы міндеттемелерді орындау кезінде кепілдік қызметін атқара алады.
Алтын – қандай жағдай болса да құны бір мысқал кемімейтін металл. Өткенге көз жүгіртсек, жыл өткен сайын Қазақстандағы алтын нарығының ауқымы кеңейіп келе жатқанын байқаймыз. Бағасы да құбылмалы болып тұрғанымен, түптің түбінде бәрібір көтеріледі. Яғни құнсыздану тәуекелі төмен.
Қаржы сарапшылары бағалы металды экономиканы сақтандырушы құрал деп санайды. Қымбат металл белгісіздік жағдайында тұрған әлемдік экономикаға қорғаныс активі бола алады. Мәселен, 2019 жылы АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғысы», сондай-ақ Федералды резерв жүйесіндегі (ФРЖ) ақша-несие саясатының әлсіреуі жағдайында алтын бағамы 60%-ға өскен. Коронавирус пандемиясына қарамастан, алтын әлі де өсім көрсетіп келеді. Бұл ретте Қазақстан да алтын нарығында белсенділік танытуда.
Инфографикаларды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Бас банкте қанша алтын бар?
Алтын 1970 жылдардан бастап әлем бойынша еркін саудалана бастады. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) соңғы деректері бойынша Қазақстан алтын ұстаушы елдер арасында 16-орында тұр. 2020 жылдың 7 тамызындағы жағдай бойынша Қазақстан Ұлттық банкінің алтын қоржыны 382 тоннаға немесе 25 млрд долларға тең. Биыл қаржылық реттеуші шамамен 60 тонна аффинирленген алтын құймасын сатып алмақ.
2019 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банктің жинақ қоржынындағы алтынның үлесі 1,9 пайызды құраса, осы жылдың тамызында 4,6 пайызға жеткен. Аталған көрсеткішті 5 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Бүгінде алтынның бір троя унциясы 2061,50 долларды құрап отыр. Бұл – бұрын-соңды тіркелмеген баға. 2020 жылдың басынан бері алтын бағасы 36 пайызға өскен.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің 2020 жылғы бірінші жартыжылдықтағы мәліметінше, алтынға деген сұраныстың 36 пайызын зергерлік сала иеленіп отыр. Биржада алтын саудалайтын қорлардың үлесі 24 пайызға тең. Монеталар мен өлшеуіш құймалар жасау алтынға деген сұраныстың 17 пайызын иеленсе, 16-сы орталық банктердің еншісінде екен. Өткен жылмен салыстырсақ, көп айырмашылық бар. Ең алдымен зергерлік саладағы белсенділіктің төмендегенін байқауға болады. Бұған пандемияның әсер еткені анық. Мәселен, былтыр бұл сала алтынға деген сұраныстың 49 пайызын құраған болатын.
Құнсызданбайтын құрал
Сарапшылар айтқандай, алтын құйманың өтімділігі жоғары және инфляция мен экономикалық дағдарыстардан қорғайды. Коронадағдарыс қос өкпеден қысқан шақта қазақстандықтар тарапынан алтын құймаға деген сұраныс артып келе жатқаны да сондықтан. Ал мұның қаншалықты тиімді екенін отандық сарапшылардан сұрап көрдік.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың пікірінше, негізгі артықшылық ретінде алтын құймаларының қарапайым халыққа қолжетімділігін айтуға болады. Жоғарыда атап өткеніміздей, оны екінші деңгейлі банктерден немесе айырбастау пункттерінен сатып алуға болады. Ел тұрғындары осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып та отыр.
– 2018 жылы қазақстандықтар 15 мыңнан астам құйманы сатып алды. Былтыр бұл көрсеткіш шамамен 20 пайызға артты. Көрсеткіш өсіп келеді. Бірақ жинақтың бәрін алтын құймаға ауыстыру дұрыс емес. Яғни бір бөлігін алтын құймамен, бір бөлігін теңгемен, бір бөлігін шетелдік валютамен сақтаған абзал. Бір бөлігін криптовалютаға да салуға болады. Алайда криптовалюта нарығындағы тәуекел жоғары. Есесіне көп табысқа кенелуге мүмкіндік бар. Әрине, кез келген дағдарыста өзге қаржы құралдары секілді алтын құймалары да құнын жоғалтады. Десе де, олар қалпына тез оралады, – дейді қаржы сарапшысы.
Осы орайда, алтын құймалары Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорындағы міндетті кепілдік жүйесіне жатпайтынын атап өткен жөн.
Экономист Ержан Ибрагимнің айтуынша, инвестициялық құрал ретінде алтынның тиімді және тиімсіз тұстары бар. Тиімдісі – валюта бағамы құбылған сәтте қорғайтыны, ал тиімсізі – оны сатып жіберудің қиындығы көп.
– Ең өтімді инвестиция – валюта. Оны кез келген айырбастау пунктіне барып сатып алуға немесе сатып жіберуге болады. Ал құймаға мұндай ереже жүрмейді. Өйткені оны жылдам сатып жіберу мүмкін емес. Кей жағдайда оны банкке немесе айырбастау пунктіне кері өткізу үшін арнайы комиссия құруға тура келеді. Бұл – бір. Екіншіден, алтын құйманы сақтаудың өзі бір проблема. Қисынға салсақ, оны банк ұяшығында немесе үйде, сейфте сақтау керек. Алайда оның сақталуына ешкім кепілдік бере алмайды. Ұры-қарының қолында кетуі әбден мүмкін. Ол үшін үйдегі сейфтердің күзету жүйесі сенімді болуы керек. Ал банк ұяшығында сақтау үшін қосымша ақша төлеу қажет. Әрине, қаржы ұйымында сақталғаны жақсы. Бірақ мұнда да тәуекел бар екенін ұмытпайық. Мысал ретінде банктердің жабылып қалатынын айтсақ та жеткілікті, – дейді экономист.
Алтын бағасы әрдайым тұрақты әрі бұл металл құндылығын жоғалтпайды. Әлем халықтары қаржы нарығындағы теңселістерден аман өту үшін алтынға ақша салатыны да сондықтан. Бұл үрдістің бізге де жеткені халықтың қаржылық сауатының арта түскенін білдірсе керек.