• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Ғылым 21 Қазан, 2020

Күріш қалдығын кәдеге жаратады

598 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы облыс экономикасындағы негізгі сала екені белгілі. Өңірдегі кәсіпорындардың көпшілігі егін шаруашылығы, оның ішінде күріш өндірісі айналасында құрылып отыр. Бірақ осы уақытқа дейін күріштің қауызы мен сабаны еш кәдеге аспай келгені тағы рас. Диқандар күзде егіс даласында қалған қалдыққа өрт қойып, одан шыққан қою түтін онсыз да экологиялық ахуалы оңып тұрмаған өңір ауасын ластап жатады. Жергілікті ғалым, химия ғылымдарының кандидаты, профессор, Ұлттық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі Нұрбол Аппазов ұзақ жылғы ізденістен кейін осы мәселенің шешімін тауыпты. 

 

Қазір Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары қызметін атқаратын Нұрбол Орын­басарұлы іргелі зерттеуді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында жүргізді. Ғылым комитетінің қаржыландыруымен 3 жыл үздіксіз жұмыс істеп, күріш сабаны мен мұнай қалдығынан белсендірілген көмір ойлап тапты.

– Жалпы, мұндай өнімді ағаштан та, жаңғақ қабығынан да, шөптен де алуға болады. Ағаштан алынғаны сапалы, ал шөптен жасалғанының сұрыптық қасиеті төмендеу болады. Ал күріш сабаны, қауызы мен мұнай қалдығының қоспасынан жасалғаны сапа жағынан ағаштан алынған белсендірілген көмір­мен «таласа» алады, – дейді ғалым.

Жалпы, көбіміз бұл өнімді тек медицинада қолданады деп ойлаймыз. Белсендірілген көмір ауыз су мен қалдық суды тазартуда, тағам өнеркәсібінде әртүрлі шырындарды түссіздендіруге, металлургияда пайдаланылады.

Халықаралық экологиялық талап­тар­ға сәйкес егістікке пайдаланылған су көлдер мен су айдындарына қайта құйылар алдында сүзгіден өтіп, тазалануы немесе қайтадан пайдалануға жарамды қалыпқа келтірілуі тиіс. Ал бізде бұл талап сақталып жатқан жоқ. Күріш егістігінің айналасындағы көлдер құрамында тұз мен пестицид, улы химикаттар бар суға толып болды. Ғалымның жаңалығы осы суларды тазартуда аса маңызды. Бел­сендірілген көмірдің 1 килосы шамамен 1 мың литр суды тазартады. Насос­тың қуаты арқылы дем арасында миллиондаған литр суды тазартып алуға болады. Өнімді қаладағы кәріз сулары биологиялық тазалау стансасында тәжірибеден өткізіп те көрді. Қоймалжың су әп-сәтте мөп-мөлдір болып шыға келді.

– Тәжірибені кеңінен қолданып, шаруашылықтарға насихаттау үшін Ғылым комитетінен 70 млн теңгедей қаржы сұрап отырмыз. Ы.Жақаев атын­дағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ-дің тәжірибелік алаңында жұ­мысты бас­тап кеттік. Қаржы бөлудің шарт­­тарына сәйкес сұралған соманың 1 пайызы шаруашылықтардан төленуі тиіс. Бұл жаңалықтың аса қажеттігіне көзі жеткен кәсіпкерлер оған да дайын отыр, – дейді ғалым.

Биыл судың тапшылығынан коллекторлы дренаж суын насос арқылы қайта пайдаланған шаруашылықтар да болды. Тұздылығы жоғары судың өнім сапасын төмендететінін диқандар да жақсы біледі. Бірақ амалдың жоғынан осындай әрекетке барыпты. Ғалымның жаңалығы жүзеге асса, ең алдымен осы шаруалардың бейнеті жеңілдер еді.

Белсендірілген көмірді алу кезінде карбонизат атты аралық өнім түзіледі. Бұрын-соңды ешкім елей қоймайтын бұл өнім 2000 жылдардан бастап отын ретінде қолданылды, іле-шала ғалым­дар оның ауыл шаруашылығы сала­сына ұшан-теңіз пайдасы барын анықтады.

Елімізде осы биокөмірге әлі де назар аударылмай келеді. Нұрбол Аппазов Қазақстанда алғаш рет осы бағытты да қолға алып отыр. Шамамен 28 грамдай болатын бір унциясы футбол алаңының аумағын алады. Өсімдік еккен кезде топыраққа тыңайтқыш қосамыз ғой. Өскінге осы аммоний күйіндегі азот аса пайдалы. Топыраққа карбонизатты қосып барып, азотты тыңайтқыш беретін болсақ, ол өсімдікке қажетті күйінде сақта­лады. Бұл өнімділікке де әсер етеді. Биокөмір арқылы біз химиялық тыңайт­қыштарды аз пайдалануға қол жеткіземіз және ол топырақтағы органикалық за­ттардың жеткілікті сақталуына жол ашады. Тағы бір пайдасы, натрий тұздарын бойында тұтып қалып, жерге өсімдікке пайдалы калийді береді. Бұл жердің тұздануын болдырмайды әрі күріштің өнімділігін 40 пайызға дейін еселей арттырады. Ғалым бұл бағытта да жоба дайындап, оған жергілікті шаруа қожа­лықтары қызығушылық танытып отыр.

Ғалымның тағы бір жаңалығы – кремний диоксидін алудың арзан жолы. Өңірдегі күріш алқаптарында жылына орта есеппен 500 мың тонна сабан, 100 мың тонна қауыз қалады. Өртенген қауыздан майда дисперсті кремний диоксидінің ұнтақтары бөлініп шығады да, ауада қалқып жүреді. Көбіне біз шаң деп шатастыратын ине тәрізді осы тозаң адамды емі жоқ силикоз ауруына ұшырататынын біле бермейміз.

Әлемде күріш қауызынан жоғары сападағы кремний диоксидін алуға шамамен 5 сағат уақыт жұмсалса, ғалым микротолқынды сәулелер ар­қылы оны 2 сағатқа қысқартып отыр. Бір кило қауыздан шамамен 200 грамм кремний диоксидін алуға болады. Осылайша интернеттің жыл­дамдығын арттыратын опти­ка­лық-талшықты желілер, кварцты шыны жасауға пайдаланылатын өнімді алу әлдеқайда арзандады.

Жас ғалым жарты сағатта сабанды цел­люлозаға айналдырудың да жолын тауып отыр. Қағаз өндірісіне аса қажетті шикізат әзірге ұнтақ түрінде тұр. Одан өнім шығуы үшін арнайы станок керек. Қарапайым үтікпен басып көрген, салфеткаға ұқсас қағаз шықты. Осы жаңалыққа қызыққан жергілікті бір кәсіпкер арнайы іздеп келіп, екеулеп жүріп Қытайдан инвестор та­уыпты. Олардың қағаз қалта шығарамыз деген талабына әзірге пандемия кедергі келтіріп отыр.

Сырдағы басты өнім саналатын күріштің сабаны мен қауызын кәдеге асырудың жолын тапқан ғалымның инновациялық жаңалығы елдің игілігіне айналар күн алыс болмас.

 

Қызылорда облысы