Спорт – көңіл көтеру емес, жаттығу-шынығу, саламатты өмір салтын ұстанудың түпкі мақсаты – иммундық жүйені көтеру. Індет іргесін кеңге жайған шақта жаттығуды күшейту керек еді. Алайда Маңғыстауда спорт тоқырауға түсіп, белді-білекті, тәжірибелі жаттықтырушылардың күнкөріс қамын күйттеп өзге салаларға бет бұруы, таксист болып нәпақа іздеп кетуі кездесуде.
Мұны, әрине, сақтық шаралары, уақытша қиындық деп түсіндіруге болады. Әйтсе де буыны бекімеген балалардың шымыр спортшы болып қалыптасуы, дені сау, ауруға қарсы күресетін қорғаныш қабілеті берік болып дамуы үшін әрбір күн, әрбір жаттығу маңызды. Ауырмау, тап болған ауруды жеңу үшін қайрат қажет болса, қайратты қалыптастыратын – спорт, сондықтан індетпен күресте тек дәрі-дәрмек емес, саламаттылықты, спортты насихаттаудың да маңызы зор. Спортшылар өзін-өзі оқшаулау жағдайында жекелей және онлайн режімінде жаттықты, өйткені спорттық форманы жоғалтпау маңызды. Осындайда Маңғыстауда сақтық талаптарын сақтай отырып спорттық үйірмелерді сақтап қалуға болмады ма деген ой туындайды.
Пандемия Маңғыстау спортына оңай тиген жоқ. Көптеген жарыстар тоқтатылды және кейінге қалдырылды, кейбірі мүлдем өткізілмей қалды. Алғашында төтенше жағдай енгізіліп, соңынан бірнеше рет карантинге жабылған нысандар қатарында спорт үйірмелері де бар.
Маңғыстау облыстық «TaeKwonDo» федерациясы «GTF» тұжырымы бойынша бапкер, қара белбеу ІІ дан иегері Бүркіт Исақұлының айтуынша, федерацияға қарасты 4 спорт клубы, атап айтқанда «Mangystau», «Arlan», «Taifun» және «Dragon» клубтарының жұмысын тоқтатуға тура келген.
Наурыз айынан бастап федерация пандемияның салқынын қатты сезінді. Ақтаулық таэквондошылар республикалық және халықаралық турнирлерді ғана емес, сонымен бірге тамыз айында Болгарияда өтуі тиіс әлем чемпионатына қатыса алмады. Тіпті қалалық деңгейде спорттық жарыстарды ұйымдастыруға рұқсат болмады. Індет үрейі, карантин шектеулерімен бірге өкпеден қысқан қаржылық қиындық, яғни жалдау ақысын төлеу мүмкіндігінің болмауы балалар еркін жаттығатын кең спорт залдан бас тартып, көлемі кіші залға көшуге мәжбүр етті.
Вирустың кең таралуына, адамдардың жаппай ауыруына жол бермеу маңызды. Сондықтан адамдар көп шоғырланатын жерлерге салынған тыйымның тиімділігін түсінеміз. Алайда той-томалағы мен садақа-құдалығы үзілмей, мемлекеттік қызметкерлердің өзі місе тұтпай мереке-думанын қыздырған, «атағың шықпаса жер өрте» дегендей, «салынатын азын-аулақ айыппұл бұйым болып па, керісінше атағым шығады» деп өз тойын өзі жарнамалап әлеуметтік желілерге салдырған, көшеде көлік пен жолаушының тасқыны үзілмеген Маңғыстауда «құрсанған карантин» тек жекелеген салаларға болды ма?
Карантин кезінде үй аулаларындағы ойын алаңдары қаптаған балалардан босап көрген жоқ. Маңғыстауда сақталмаған карантиннің талап-тәртібі спорттық үйірмелерге келгенде қатаңданып шыға келді. Бұл ретте тек таэквондо федерациясы ғана емес, барлық спорт клубтары, әсіресе залды жалға алып отырған бапкерлер қиын жағдайға тап болғанын түсіну қиын емес. Өйткені, барлық кәсіпкерлік нысандары жағдайды түсіне бермейді және карантин кезінде жалдау төлемдеріне жеңілдік жасағандары жоқтың қасы. Енді қысқа уақыт ішінде жаттығу залдарына баратын спортшылардың санын бұрынғыша қайтару оңай болмайды, өйткені көпшілігі спорт залдарында тер төгу мотивациясын жоғалтты.
Маңғыстауда пандемия барлық спорт түрлерін тізе бүктіргені рас. Спортта дайындық, бәсекелестік, мотивация болмаса сүрінетінің айдан анық. Дәл қазір спортшылардың физикалық деңгейі төмендеген. Сондықтан барлығын қайта бастауға тура келіп тұр, федерациялар бұған моральдық жағынан да, психологиялық жағынан да дайын болмасқа амал жоқ.
– Болашағынан зор үміт күттіретін шәкірттерім көп болды. Қазіргі жағдайда олардың дені спорт залға оралуға деген ынтасын жоғалтты. Біз жақсы нәтижелер көрсетіп, жетістікке қарай ұмтылуды мақсат еткенбіз. Шын мәнінде, бапкерлер құрамына оңай болмады. Себебі бір жеңімпаз дайындауға қаншама күш-жігер, алтын уақыт, айлар мен жылдар жұмсаймыз. Меніңше, спортшылардың өздері спорт залдарына барғысы келеді, бірақ ата-аналары оларды жібермейді, жағдай бұрынғыша қайта қалпына келгеннен кейін ғана біз спорт залға қайта ораламыз дейді. Әрине, ата-аналарды түсінуге болады, – дейді жаттықтырушы.
Спортшылар өңірдің бас санитарлық дәрігерінің спорт секцияларына қойылатын санитарлық талаптарға тағы бір көз жүгіртіп, спорт залдарының еркін жұмыс істеуіне рұқсат береді деп үміттенеді. Карантин, вирус кезіндегі бұл үміт орынды ма, жоқ па – білмейміз, білетініміз – Маңғыстаудағы карантин сақтаудағы «алалық», яғни өзгелердің жаппай қыдыруы мен мемлекеттік қызметкерлер бастап айылын жимай өткізген жиын-тойлар спортшыларға өздері тасада қалғандай көңіл күй сыйлаған секілді. Сонда Маңғыстауда індет көшеде, басқосуларда, басқа да орындарда шоғырланған адамдарға жұқпай, тек спорт залдарынан жұғатын болғаны ма?
Маңғыстау облысы