Осыдан 38 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 1982 жылдың 20 қазанында КСРО-ның бас шаһары – Мәскеуде көптеген жанкүйердің көзіне жас алдырған қайғылы оқиға болды. Атап айтсақ, әйгілі В.И Ленин атындағы Орталық стадионда (қазіргі «Лужники») футболдан УЕФА кубогының 1/16 финалдық сайысы өтіп жатты. Бұл матчта жергілікті «Спартак» пен Нидерландтың «Хаарлем» клубтары күш сынасты. Бәсекенің аяқталуына санаулы ғана уақыт қалғанда көрермендердің қалың нөпірі шыға берісті бетке алды. Баспалдақтар мен дәу дарбазаның алдында олар бір-бірін таптап өтіп, соның салдарынан көптеген адам сол жерде жантәсілім етті.
Қаралы күн қарсаңында Мәскеуде жапалақтап қар жауды. Келесі тәулікте күн күрт суып, ауаның температурасы минус 10°С-қа дейін төмендеді. Сол себепті де УЕФА кубогы жолындағы кездесуді көру үшін стадионға көрермендер әдеттегіден тым аз жиналды. Ойынды небәрі 16 643 адам ғана тамашалады. Ал ол кезде В.И.Ленин атындағы Орталық стадион 80 мыңнан аса көрерменді сыйдыра алатын. Соны қаперге алған аталған спорттық нысанның басшылары жиналған жұртты екі трибунаға ғана орналастыруды жөн көрді. Шығыстағы трибунаға 12 мың адам жайғасса, қалғандары Батыс беткейден орын алды.
Ойын басталған бетте-ақ Ринат Дасаев, Олег Романцев, Юрий Гаврилов, Федор Черенков, Сергей Родионов сынды түгел дерлік КСРО құрамасы сапында өнер көрсетіп жүрген жұлдыздардан құралған «Спартак» ойын тізгінін мықтап қолға алды. Алғашқы гол көп күттірген жоқ. 16 минутта Эдгар Гесс есеп ашты. Қарсыластары да қарап қалмады. «Хаарлемнің» ойыншылары ара-тұра қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, бірнеше мәрте Константин Бесков баптаған команданың қорғаныс шебін бұзып өтпек болды. Алаң иелері де есепті еселеуге барынша күш салды. Бір сөбен айтсақ, ойын өте тартысты өтіп жатты. Десек те, тараптар ұзаққа дейін бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Тек соңғы секундтарда Сергей Швецов баспен екінші голды соғып, кездесудің соңғы нүктесін қойды. Есеп – 2:0.
Шамамен дәл сол тұста төрешінің ойынның аяқталғаны жайында белгі бергенін күтпестен көпшілік стадионнан шығуға асықты. Тоңып қалған жанкүйерлердің дені метроға жақынырақ орналасқан есікке қарай бағыт алды. Куәгерлердің айтуынша, сол жерде бір бойжеткен сүрініп жығалған екен. Үш-төрт адам құлап жатқан қызды тұрғызып алуға әрекет етеді. Алайда арттан келе жатқан көрермендердің қалың нөпірі оларды таптап өтеді. Сол аралықта тағы бірнеше жанкүйер құлап, аяқтың астында қалады. Ол аздай, сан мың адамды көтере алмаған темір баспалдақ опырылып түседі. Талай көрермен бетонға құлап, мерт болады. Осы келеңсіз жайттың салдарынан 66 адам қаза тапты. Түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға түскендердің санында есеп жоқ. Олардың дені өрімдей жастар еді. Ресми деректерге сүйенсек, бақилық болғандардың ең ересегі – 45 жаста, ал ең жасы 14 жасқа енді ғана толған екен. Осы оқиғаның мән-жайы жан-жақты зерттеліп, істің анық-қанығы анықталғаннан кейін кінәлі деп танылған адамдар тиісті жазаларын алды. Соттың үкімімен кейбіреулер бас бостандығынан айырылса, кейбіреуіне сөгіс жарияланды.
Кеңес Одағындағы спорттық нысандарда бұрын-соңды дәл осындай адам шығыны көп қаралы оқиға болмаған еді. Сол себепті де партия басшылығы бұл жайтты көпшілікке жария етпей, жасырып қалуға тырысты. Ел арасында гу-гу әңгімелер айтылғанымен, ресми түрде ешқандай мәлімет жарияланбады. БАҚ-тар тек «Спартак» пен «Хаарлем» арасындағы кездесудің нәтижесін көрсетумен және жазумен шектелді. Ал стадиондағы қайғылы жағдай жайында ешкім тіс жармады.
1980 жылдардың екінші жартысында КСРО-да қайта құру науқаны белең алды. Міне, дәл сол тұста жоғарыдағы оқиға жайында тың деректер шыға бастады. 1989 жылдың 8 шілдесінде «Советский спорт» газетінде «Лужникидің қаралы құпиясы» атты мақала жарияланды. Журналистер 66 емес, 340 көрермен қаза тапты деген деректі алға тартты. Іле-шала осы сипаттағы мақалалар басқа басылымдарда да жарық көрді. Көп ұзамай бұл ақпарат төрткүл дүниеге тарады. Шетелдік басылымдар да журналистік зерттеулер жүргізіп, 1982 жылдың 20 қазанында болған қанды оқиғаны одан әрі қыздыра түсті. Ал сол күні «Спартакпен» ойнаған «Хаарлемнің» ойыншылары мен бапкерлері және осы ойынды тамашалау үшін Мәскеуге келген 100-ге жуық нидерландтық жанкүйер де қайғылы жағдайдан мүлдем бейхабар екен. В.И.Ленин атындағы Орталық стадиондағы оқиға жайында олар арада жеті жыл өткенде ғана білді.
Футболшылар бәсекесі барысында орын алған қаралы оқиғалар тек осымен шектелмейді. Көптеген бейкүнә адамның өліміне әкеліп соқтырған жағдайлар оған дейін де болған, одан кейін де болды. Енді солардың кейбіреулеріне азды-кемді тоқталайық.
1946 жылдың 9 наурызы. Англияның Болтон қаласында өткен ел кубогы жолындағы жарыста «Болтон Уондерерс» пен «Сток Сити» кездеседі. Мыңдаған көрермен сол матчқа билетсіз кірмек болып, бір-бірін таптап өлтірген. Соның салдарынан 33 адам мерт болып, жарқаттанғандары 400-ден асқан.
1954 жылдың 4 сәуірі. Грузияның астанасы – Тбилисиде КСРО чемпионатының тұсауы кесіліп, жергілікті «Динамо» мен Мәскеудің «Спартак» клубтары шеберлік байқасты. Билетсіздердің бассыздығы салдарынан стадионға баса-көктеп кірмек болған 20 адам сол жерде жантәсілім етті. Ал қаншама көрерменнің жарақат алғанын Кеңес Одағының билігі жасырып қалды.
1955 жылдың 30 қарашасы. Неапольда өткен Италия чемпионатының кезекті турында «Наполи» мен «Болонья» бақ сынады. Ойын барысында алаң иелерінің қақпасына пенальти белгіленді. Сол мезетте жергілікті жанкүйерлер Болониядан келген көрермендер жайқасқан ложаға лап берді. Екі жақтың фанаттары бір-бірін төмпештей бастады. Араларында оқ атқандар да болды. Осы оқиға салдарынан 152 адам түрлі дене жарақатын алды. Зардап шекендер арасында тәртіп сақшылары мен әскерилер де бар.
1964 жылдың 24 мамыры. Лимадағы ұлттық стадионда Перу мен Аргентинаның олимпиадалық құрамалары кездесті. Матчтың соңғы минуттарында қонақтардың айып алаңында ойын ережесі бұзылды. Әуелде төреші 11 метрлік нүктені көрсетеді де, сәлден кейін шешімін өзгертеді. Сол сәтте жаппай төбелес басталады. Полиция көзден жас шығаратын газ пайдаланды. Оқиға салдарынан 328 адам өліп, жарақат алғандар саны 4 мыңнан асып жығылды.
1968 жылдың 23 маусымы. Буэнос-Айрестегі (Аргентина) «Монументаль» стадионында «Ривер Плейт» пен «Бока Хуниорс» клубтарының фанаттары арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласты. Оқиға салдарынан 74 адам мерт болды.
1969 жылдың 15-20 шілде аралығы. 1970 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Сальвадор мен Гондурас құрамалары күш сынасады. Қос ойынның қорытындысы бойынша жеңімпаз анықталмағаннан кейін қосымша кездесу ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде сальвадорлықтар 3:2 есебімен жеңіске жетті. Оның ақыры алты күндік соғысқа ұласып, 3 мыңға жуық адам қаза тауып, алты мыңнан астамы жараланды.
1971 жылдың 2 қаңтары. Шотландия біріншілігінде «Глазго Рейнджерс» пен «Селтик» кездеседі. Бәсеке соңында адамдар бір-бірін таптап, 66 адам мерт болса, 140 көрермен жарақат алады.
1974 жылдың 11 ақпаны. Каир қаласында Мысыр біріншілігінің кезекті тур ойындары өтіп жатқанда, трибунаның жартысы опырылып түседі. 48 көрермен шейіт болып, 50-ден астамы ауруханаға түседі.
1985 жылдың 11 мамыры. Англияның Брадфорд қаласындағы «Вэлли Прэйд» стадионында өрт шығып, 56 жанкүйер өртеніп кетсе, 256-сын күйік шалады.
1985 жылдың 29 мамыры. Еуропа чемпиондары кубогының финалы Бельгияның бас қаласы – Брюссельде өтті. Өз командаларына қолдау көрсетуге келген «Ливерпуль» мен «Ювентустың» фанаттары бір-бірімен төбелесіп, трибуна құлайды. Соның кесірінен 39 адам өліп, 500-ден аса көрермен жарақаттанады.
1988 жылдың 12 наурызы. Непал біріншілігі өтіп жатқанда нөсер жаңбыр жауады. Көрермендер шыға беріске беттейді. Алайда сегіз дарбазаның жетеуі жабық болады. Сол жерде 93 адам тапталып, жантәсілім еткен.
1989 жылдың 15 сәуірі. Шеффилдтегі (Англия) «Хиллисборо» стадионында өткен «Ноттингем Форест» пен «Ливерпуль» арасындағы бәсеке барысында 96 жанкүйер аяқтың астында қалып, жарық дүниемен қош айтысады.
1996 жылдың 16 қазаны. Гватемалада жергілікті ұлттық құрама мен Коста-Рика футболшылары кездеседі. Бұл матчтың ақыры төбелеске ұласып, 82 адам қаза табады.
2012 жылдың 1 ақпаны. Мысыр біріншілігінде «Әл-Масри» мен «Әл-Ахли» шеберлік байқасып жатқанда жанкүйерлер жанжалдасып, бір-біріне жұдырықтарын ала жүгіреді. Суық қару қолданғандар да бар деседі. Соның кесірінен 73 адам жарық дүниемен қош айтысса, мыңнан аса жанкүйер дәрігерлердің көмегіне жүгінеді.
Міне, футболшылар бәсекесінде ара-тұра осындай қайғылы жағдайлар да болып тұрады. Біз бүгін солардың біразын ғана тілге тиек еттік. Сондай-ақ Заир, Түркия, Камерун, Грекия, Мексика, Франция, Португалия, Югославия, ОАР, Гана, Замбия, Либерия, Кот-д Ивуар, Түркия және тағы басқа мемлекеттердің стадиондарында да келеңсіз жайттар тіркелгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Соның салдарынан көптеген адам жарық дүниемен қош айтысса, кейбіреулері әлі де сол жарақттарынан айыға алмай жүр.