Әр адамның өмірде, қоғамда өз орны бар. Біреулер өзімен-өзі жүріп, көп жұртқа беймәлім болып жұмыс істейді, өмір сүреді. Ал енді біреулер заманның ауыр жүгін арқалап, уақыт артқан міндетін абыроймен атқарып, азаматтық, қайраткерлік, адамгершілік қасиетке ие болып, сый-құрметке бөленеді. Біздің кейіпкеріміз, ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушанбек Борамбайұлы Әбсаттаров осындай азамат. Ол – өмірі өнегеге толы, ұлықтауға лайық ұстаз, құрмет тұтуға тұрарлық атақты ғалым. Өзінің айналасына жақсылықтың нұрын төгіп, шапағатын шашып жүретін адам.
Раушанбек Әбсаттаров 1971-1988 жж. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінде аға оқытушы, доцент болып жұмыс істеді. 1988-1994 жылдары Раушанбек Әбсаттаров партиялық және басқа да мемлекеттік жауапты жұмыста болды. 1995 ж. Қазақстан Республикасы Президент Аппаратының кеңесшісі, ал 1997 ж. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, сонымен бірге 2000-2002 жж. сол университеттің тарих факультетінің деканы қызметін қатар атқарды. Ал 2018 жылдың қыркүйек айынан сол оқу ордасының саясаттану және әлеуметтік-философия кафедрасының құрметті меңгерушісі, профессор кеңесшісі болып қызметін атқаруда.
Раушанбек Әбсаттаровтың ғалым ретінде еліміздің ғылым мен білім жүйесінде алар орны ерекше. Қазақстан Республикасында саяси ғылымының жетілуі, биік деңгейге көтерілуі осынау елімізге елеулі азаматтың есімімен тығыз байланысты. Ол саяси және әлеуметтік-философия теориясының өзекті мәселелеріне арнап 600-ден астам құнды еңбек жазды. Оның ішінде оннан аса ғылыми монография, 12 оқулық пен оқу құралдары және 20-ға тарта кітапшалары бар. Ерекше айта кететін бір жайт, ғылыми еңбектерінің көбісін қазақ тілінде жазып, мемлекеттік тілімізді ғылым, білім тілі ретінде көрсетті. Сонымен қатар саясаттану, әлеуметтану, философия пәндері бойынша қазақ тілінде дәріс жүргізген алғашқы қоғамтанушы ұстаздарымыздың бірі.
Жас ұрпақ біле бермес, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, қоғамдық санада не болмады десеңші. Саясаттың көрігі әбден қызған кез. Раушанбек мырза болса Абай атындағы педагогика университетінде саясаттану кафедрасының меңгерушісі. Шәкірттерге тақырып таңдаудан басталатын шығармашылық ізденіс, сол кезде бізге тыныш ұйқы болмайтын. Жаңалық керек. Ескі қағидалар Тәуелсіздік жағдайына қажетсіз екен. Ал ендеше сараптап көр, не қажет, не қажетсіз екенін. Сондай қиын істерді жіпке тізгендей етіп, Рәкең саясаттанудың қазақстандық үлгісін жасауда ерен еңбек етті.
* * *
Профессор Раушанбек Әбсаттаровтың ғылыми-зерттеу өрісі өте кең. Бірақ соның ішінде басымырағы саясаттану проблемасын зерттеу болды. Әрине, бұл кездейсоқ емес. Саясаттану – мемлекет билігі мен қоғамның саяси мәнін, мазмұны мен мақсатын түсінуге жол ашады. Ол қоғамдық білімдердің іргелі дүниетанымдық және әдістемелік мәселелерін де көрсетеді.
Ғылыми саясат – адамның қажеттілігі мен мұқтажы. Ол қазір жол сілтеуші темірқазық жұлдызға, сонымен бірге қоғамдық өмірдің барлық саласындағы оның кез келген әрекеттерінің шектеушісіне айналуда. Сондықтан осы жағдайда саяси заңдылықтарды зерттеп, мемлекеттік саясаттың іске асу барысын ғылыми негізде талдап, тиісті ұсыныстар беру – саясаттану ғылымының өзекті мәселесі. Патриот ғалым Раушанбек Әбсаттаров бұл жағдайдан тыс қала алмады. Осы мәселеге өзінің 400-ден астам ғылыми зерттеу жұмысын арнады.
Соңғы жылдары Раушанбек Әбсаттаров ұлтаралық келісімнің өзекті саяси мәселелерін тыңғылықты түрде зерттей бастады. «Қоғамды жаңарту, реформалау, модернизациялау және ғылыми-техникалық революцияны күшейту жағдайында мемлекеттік органдардың, қоғамдық мекемелердің және Қазақстанның басшы қызметкерлерінің маңызды міндеті – елімізде ұлттық қатынастарды дамыту және ұлтаралық келісімді тәрбиелеуді күшейту бағытында жүйелі, мақсатты жұмыстарды жолға қою болмақ. Ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің табиғатын, оның даму динамикасын, оның ішінде жалпы ұлттық, интернационалдық және ұлттық арақатынасты терең зерттеу қажет. Оның жалпы адамзаттық, интернационалдық негізде дамуын қамтамасыз ету, ұлттық қарым-қатынас саласында келеңсіз құбылыстар мен деформациялардың туу мумкіншіліктерін болдырмау міндеті тұр. Өкінішке қарай, біз әлі ұлтаралық қарым-қатынас үйлесімділігіне ықпал етуді үйренген жоқпыз және жалпы ұлттық сезімдердің табиғатын, ерекшеліктерін, қызмет ету механизмін, сондай-ақ ұлттық сезімнің келеңсіз бағыттарға бастайтын жағдайларын жақсы білмейміз. Ұлттық қатынасты дамыту кезеңдерінде қиғаштықтар мен деформацияларды жібермеу маңызды» деп тұжырымдайтын ғалым ағамыз. Осы қағидасын жүзеге асырып, этносаясат мәселелері жөнінде көптеген ғылыми еңбек жазды. Өзі бас болып талай ғылыми-конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Раушанбек Әбсаттаров беделді ғалым-этносаясаттанушы ретінде Диаспоралардың Дүниежүзілік ассоциациясының вице-президенті (Кванжу, Оңтүстік Корея) болып сайланды.
Ғалым ретінде Раушанбек замандасымыздың аты біздің елде ғана емес, алыс және жақын шетелдерде кеңінен танымал болғанын мақтан етеміз. Көптеген елдердің білім және ғылым орталықтарымен, белгілі ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста болды. Германия, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты мемлекеттерге барып, олардың университеттерінде, ғылыми орталықтарында оқыған дәрістері мен жасаған баяндамалары өте жоғары бағаланды. Оған Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Құрметті профессоры» атағы берілген.
Оның басшылығымен саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасы ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік және саяси-тәрбие жұмыстарында үлкен табыстарға қол жетіп отыр, ол еліміздің әлеуметтік-саяси ғылымындағы жетекші кафедралардың және ірі ғылыми орталықтың бірі. Мысалы, оның басшылығымен соңғы он жылда кафедра мүшелері 10 тілде: 22 монография (жалпы көлемі 305-б.т.), 38 оқулық, оқу құралдары, кітаптар, кітапшалар (жалпы көлемі 790-б.т.) және 1000-нан астам ғылыми және оқу-әдістемелік мақала (жалпы көлемі 400-б.т.) олардың ішінде 100-і шетелдерде (жалпы көлемі 50 б.т.) жариялады. Кафедрада өте жақсы тәртіп және тәуір моральдық-психологиялық климат, шығармашылық ахуал орнаған.
Профессор Р.Б.Әбсаттаровтың жетекшілігімен саясаттану және әлеуметтік-философия пәндер кафедрасында жаңа мамандар: «Саясаттану», «Әлеуметтану», «Дінтану», «Мәдениеттану», «Философия» бакалавриаты, ал «Саясаттану» мен «Әлеуметтану» магистратура және PhD докторантура ашылды.
Профессор Р.Б.Әбсаттаровтың саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасы шетелдегі көптеген ғылыми мекемелерімен ынтымақтастық орнатқан. Осындай ынтымақтастықтың нәтижесі оның бастамасымен өткізілген бірлескен семинарлар, ғылыми-конференциялар мен кітап шығару болып табылады. Мысалы, оның кафедрасы Корея университетінің саясаттану кафедрасымен бірлесіп «Political Changes and Ethnic Koreans in Central Asia» атты ғылыми-семинар өткізді. Кафедраның үш оқытушысы баяндама жасады. Семинардың материалдары Сеул қаласында, Оңтүстік Кореяда басылды; Чоннам ұлттық университетінің ғылыми орталығымен «New Silk Road and the Global Diaspora» атты ғылыми конференция өткізді (2012 ж.). Кафедраның алты оқытушысы баяндама жасады. Конференцияның материалдары Кванжу қаласында Оңтүстік Кореяда басылды: (2015 ж.) 23-24 сәуір аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ-дің саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының негізінде Оңтүстік Корея Чоннам ұлттық университетінің диаспора кафедрасымен бірге «Қазіргі әлемдегі диаспоралардың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Сонымен қатар, оның кафедрасының 15 оқытушысының 30 ғылыми мақалаласы Берлин қаласында неміс тілінде «Sozialphilosophische, politische und rechtliche Aspekte der Modernisiering Kasachstans. Berlin, 2012 г – 12 б.т. импакт фактормен» және «Politische, soziologische und rechtiche Probleme der Gesellschaftsentwicklung Kazachstans.-Berlin: Verlag Dr. Koster, 2013-18 б.т. импакт фактормер» кітабында және т.б. басылды.
Замандасымыздың адами қасиеттері де ерекше болды. Жарқын-жайдары мінезі, ақкөнілдігі, тазалығы, адалдығы, әділдігі, сабырлы-салмақты сөздері төңірегіндегі жандардың бәрін өзіне тартып тұрады. 5 жылға жуық партиялық, президент апаратында жауыпты қызметте, 25 жылдан аса кафедра меңгерушісі, 3 жылға жуық декан болды. Осы мезгіл ішінде еш уақытта төңірегін биліктің биігінен қараған емес. Барлық жанға адами тұрғыдан, үлкен адамгершілікпен, түсінікпен қарайтын. Мұндай лауазым иелерінің арасында бұл сирек кездесетін қасиет. Ұлықтарға бас иіп, бас шұлғымайтын,өзінен кішілерге шіренбейтін адам. Бәрінің көңілін табуға тырысатын. Ешкімге еш уақытта дауыс көтеріп дөрекі сөйлемейтін. Ең қиын-қыстау жерлердің өзінен жол тауып, абыроймен шығатын. Реті келген мезгілде әдемі әзіл айтып отыратын, әзілдерінің өзінде тәрбиелік мән мағына бар.
Раушанбек мырза өзінің ғұламалығын танытып ғылым мен білімге тең қараған, екеуіне бірдей тер төккен ғалым. Шын мәнінде ғылым мен білім егіз, құстың қос қанаты секілді. Білімсіз ғылым жоқ, ғылымсыз білім дамымайды. Білім өркениеттің іргетасы болса, ғылым соның үстіне тұрғызылған сәулетті ғимараты. Раушанбек ағамыз осыны терең түсіне білді.
Ол ұстаздық өмірі де, ғалымдық өмірі де өте бай әрі мазмұнды. Бұл жөнінде ол кісіні бақытты адам деп айтуға болады. Бірақ ол кісінің жолында қиыншылық, ауыртпалық болған жоқ деген сөз емес. Болғанда қандай, дегенмен соның бәрін өзінің ақыл-ойымен, азаматтық арымен, еңбекқорлығымен жеңіп шығып отырды. Ғылымның азапты жолын ауыздықтан, оның шұғылалы шыңына шыққан ғалым ғана бақытты. Міне, ұстаз ағамыз осындай бақыттың иесі.
* * *
Сөз соңында айтарым, Раушанбек Әбсаттаров замандас-әріптесіміз отандық ғылымдағы белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, көрген-түйгені мол парасатты тұлға. Мұндай азаматтар ел санасында білім, ғылым тарихында мәңгілік сақталады деген пікірдемін. Себебі, оның еңбектері кісілік, адамшылық туралы. Оның өмірі – өнеге, өнегесі – өмір. Мерейтой иесі Раушанбек мырзаның шаңырағына шаттық, өз басына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасына бақыт тілейміз. Еліне сіңірген ерен еңбегінің жемісін жеп, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарының, немере-шөбелерінің, шәкірттерінің қызығын көріп, аяулы ақылшымыз, қадірлі қамқоршымыз болып арамызда ойнап күліп жүрсін.
Сексен жастан сүрінбей өтіп, әлі де өзінің парасат биігінен жастарға өнегелі сөздер қалдырады деген сенімдемін. Сексенінде бабы келген сұңқардай түлеп ұшқан замандасымызға Жаратушымыздың беретін жасы мағыналы, несібелі болсын деген тілек білдіремін.
Ғарифолла ЕСІМ,
ҰҒА академигі,
профессор