Мұхтар Әуезов
Мұхтар Әуезов қолы бос уақытта аңшылыққа шығуды ешқашан ұмытпапты. Ғабит Мүсіреповтің «Қарлы жаңбыр астында» дейтін әңгіме-эссесінде Әуезовтің мүлтіксіз мергендігін айғақтайтын жолдар бар. «Осы кепкенің астында Әуезов деген аңшы отыр деп бір құс ойламайды» деп әзілдейді екен.
* * *
Жазушының «Дос» деген «боксер» тұқымды иті мен бүркіті болыпты.
* * *
Әуезов бильярдқа қызыққан. Үйінде бильярд үстелі де болған. Бірақ кейін белгісіз себептермен жоғалып кеткендіктен қазір мұражай-үйінде жоқ.
* * *
Жазушының ұлы Елдар дүниеге келгенде Паустовский күміс қасық сыйлаған екен. Балаға есім қойылмағандықтан Паустовский қасыққа «Екінші Мұхтарға» деп жазу жаздырыпты.
* * *
Әуезовтің жүзжылдығы қарсаңында батыс жақта қаламгердің атына кеме аталған. Ол кеменің қазір жүріп тұрғанынан ешкімнің хабары жоқ. Соған қарағанда тоқтап қалған сияқты деп болжадық.
Иван Тургенев
Әрқашан сәнді киінген деседі. Әсіресе көк фрактағы алтын түймелер мен түрлі ашық түсті галстуктарды бойынан тастамапты.
* * *
Жазушының париетальды сүйегі жұқа болғандықтан, тіпті басын ұрып алса да есінен танып қалатын болған. Осы үшін де мектепте оқып жүргенінде Иван Сергеевичті талай мазақ қылыпты.
* * *
Нәзік дауыспен сөйлейтін: тіпті даусы кейде әйелдікіне қатты ұқсайды екен.
* * *
Ол тәртіпті жақсы көрді: күніне бірнеше рет киім ауыстырып, кабинетті жылтырағанша тазалай беретін.
* * *
Өмір бойы Лев Толстоймен қырғи-қабақ қарым-қатынаста болды.
* * *
Ал кітапханасы үйінің ең үлкен бөлмесін алған.
Анна Ахматова
Ахматоваға дейін әйел ақындардан ешкім «Мен әйелдерге сөйлеуді үйреттім» («Я научила женщин говорить») деп айтпаған.
* * *
Ақын екі рет Нобель сыйлығына ұсынылды.
* * *
Анна Андреевна Оксфорд университетінің доктор дәрежесін иеленген.
* * *
Ахматова мен ІІ Николайдың арасында бір байланыс бар деп топшылаған. Бірақ ол бұл сыбысты жоққа шығарған жоқ һәм растаған да жоқ.
* * *
Ол өзін нашар ана санаған.
* * *
Ахматованы кекшіл адам болыпты деседі.
Михаил Лермонтов
Лермонтов тамақтанғанда тойған-тоймағанын білмейтін болыпты. Бірде оның осы «күлкілі» ғадетін достары сынамақ болып, үйлеріне қонаққа шақырып ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Содан кейін ақын тек өз үйінде тамақтанатын болған.
* * *
Әйгілі картиналардың көбінде Лермонтов келбетті көрінеді. Алайда оның замандастарының естеліктеріне сүйенсек, шын мәнінде ол бойы қысқа һәм бүкірейген, аяғын сылтып басатын адам екен. Сондай-ақ көп уақыт бойы киімін ауыстырмай жүре беретін.
* * *
Талантты ақынның немере ағасы Петр Аркадьевич Столыпин (аграрлық реформаның негізін салушы, белгілі мемлекет қайраткері) екенін де көп адам біле бермейді. Бірақ Лермонтов 1841 жылы қайтыс болғандықтан, ал Столыпин 1862 жылы дүниеге келгендіктен олар бір-бірін танымаған.
* * *
Михаил Юрьевич аз ғұмырында түрлі бал ашулар мен болжамдарға қызыққан. Кавказға барған соңғы сапарының алдында Лермонтов петербургтік әйгілі балгер Александр Киргхофқа барыпты. Сонда балшы әйел Пушкиннің өлімі мен Михаил Юрьевичтің енді қайтіп солтүстік астанаға келмейтінін айтқан.
Владимир Набоков
Жазушы шығармаларын өз атынан бөлек Владимир Сирин және Василий Шишков лақап аттарымен де жариялаған.
* * *
Өмірінің көп уақытында Набоков әуесқой этномолог болыпты. Ол жәндік, шіркей атаулыны қызыға зерттеп, тіпті кітаптармен бірдей жақсы көрген.
* * *
Әйгілі «Алиса ғажайыптар елінде» кітабын орыс тіліне аударған да Набоков еді. Ол мұнымен Ұлыбританияда оқып жүргенде айналысты.
* * *
Сондай-ақ Набоков – талантты шахматист. Және шахматтың бірнеше күрделі тапсырмаларының авторы.
Николай Гоголь
Гоголь отбасында он екі ағайынды болған: ол үшіншісі.
* * *
Жас кезінде Петербургқа көшкен қаламгер қаланың қымбаттығына қайғыра таңғалған. Ақша табу үшін, тіпті театр актері, яки шенеунік болуға да тырысыпты.
* * *
Пушкин Гогольдің шығармаларына дән риза болып, мопс итін сыйлаған. Кейін ит өліп қалған соң жазушы қатты қайғырыпты.
* * *
Гогольдің мұрны өзіне ұнамаған. Сол үшін де суретшілерден өз портреттерінде басқа формадағы мұрын салуын өтініпті.
* * *
Жазушы найзағайдан қатты қорыққан. Замандастарының айтуынша, жайсыз ауа райы Гогольдің әлсіз жүйкесіне жаман әсер етіпті.
Максим Горький
Алексей Максимович Пешков – Горькийдің шын аты-жөні.
* * *
Жасөспірім кезінде Горький кемеде ыдыс жуып, аяқкиім дүкенінде аяқкиім тасыған. Бұған қоса ол наубайшы һәм бағбан болып та жұмыс істепті.
* * *
Ол бір минутта төрт мың сөз оқыған.
* * *
Горький ешқашан ауырмаған деген де пікір бар. Және ешқашан мас болмапты.
* * *
Горький өлер алдында Сталин қасында отырып шампан ішкен.
* * *
Толстой Горькиймен сөйлескенде әдепсіз сөздер қолданыпты деседі.