• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Оқиға 26 Қазан, 2020

Ізгі ниетті іске асыруға қолдау білдірді

177 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Ұлттық музейде «Волонтерлік жобаларды қолдау» атты шағын гранттар конкурсының жеңімпаздарын марапаттады.

Марапаттау рәсімінде жобалары үздік деп танылған 22 белсенді жас 300 000 теңгенің иегері атанды. Шара шымылдығын дәулескер күйші Ардаби Мәулетұлы ашып, құттықтау сөзді филология ғылымдарының докторы, дипломат, экс-сенатор Әділ Ахметов алды.

Гранттар конкурсының марапаттау рәсіміне Нұр-Сұлтан қалалық Жастар саясаты мәселелері басқарма басшысы Дәулет Кәрібек, «Асыл адам» қайырымдылық қорының президенті Айнұр Сүлкеева, Ұлт­тық музейдегі «Халық қазынасы» бөлімі­нің басшысы Ақан Оңғарұлы, Ұлттық музей директорының орынбасары Айбар Қасенәлі, ақын, Жазушылар одағының мүшесі Ұлар­бек Дәлей, «Ұлттық волонтерлік желісі» республикалық ұйымының координаторы Айсұлу Жұмашова қатысып, 22 жеңімпазға ақжарма тілектерін арнап, сәт-сапар тіледі.

Шара барысында Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері Мақпал Дүйсен мен Ернар Мұхамед әсем әндерімен қонақтар көңілін көкке жеткізді. Шара ұйым­дастырушысы «Адырна» ұлттық-этно­графиялық бірлестігінің басшысы Арман Әубә­кірдің мәлімдеуінше, комиссия оқушы, студент жастар мен әлеуметтік топтарға білім беруге бағытталған, мүмкіндігі шектеулі адам­дарды қолдауға арналған, медициналық бағыттағы және карантин кезінде іске асырылатын, жастар белсенділігін дамытуға арналған жобаларға ден қойған. «Мемлекеттен 22 жеңімпазға бөлінген қаражат волонтерлердің өз жобаларын іске асыруға және жоба аясында қоғам әлеуетін көтеруге бағытталды», деді А.Әубәкір.