1937 жылдың қанды қырғынында болған мына оқиғаны газетіміздің жанашыры, белсенді авторларымыздың бірі М.Оспанова айтып берді. Оқиға 1937 жылы Преснов ауданына қарасты Баян ауылында болған. Жан-жақта «халық жаулары» «әшкереленіп», газет пен радио сұңқылдап жатқанда ел арасындағы үрей де өрекпіп тұрған.
Адамның икемделмейтін дүниесі бар ма, кейбіреулер алашапқын дүрмекке ілесіп, өзімен әлденеге келіспеген жандарды көрсете салуға да «епті» бола бастайды. Сондайдың бірі осы Баян ұжымшарының сол кездегі басқарма төрағасы болыпты. Ол өзімен жұмыс барысында келіспей қалған есепшісі Фазыл Байғасқаұлының үстінен «колхоз құру науқанына қарсы» деген айыппен НКВД-ға шағым жазады. Оған тіпті қарамағындағы алты адамға куәгер ретінде қол қойдырады. Мұндай шағымдар НКВД жендеттері үшін көктен сұрағаны жерден табылғандай болады. Өйткені, жоғарыдан берілген «разнарядкаға» сәйкес репрессия құрбандарының санын толтыра алмай жатқан ғой.
Фазыл Байғасқаұлы отбасындағы бір қора жанның жалғыз бас көтерері екен. Оны ұстауға келгенде қарт әкесі мен шешесі Байқасқа мен Бәди, жас інілері Жағыпар, Құдайберген, Қалинұр, Қамза, қарындасы Кәмаш, жары Дәріш пен кішкентай қызы Ләззат – бәрі зар илеп қалады. Ауылдағы ақжүрек, қайырымды, оның үстіне өнерге де жақын азаматтың басына түскен зауалға бүкіл жерлестері қайғырады. НКВД-нің екі жендеті оның қасына ешкімді жақындатпай, үйдің ішін тінтіп, зат атаулының бәрін лақтырып, ақырып-зекіріп бала-шағаның жүрегін шайлықтырады. Есіл ер үйден желкелеп шығарарда: «жыламаңдар, менің ешқандай кінәм жоқ, қайтып келемін» деген сөздерді ғана айта алған екен. НКВД-шілер оны белгісіз бағытқа арбамен ала жөнеледі. Соңынан ұлардай шулап, ере жүрген туыстарын қорқытып, аспанға оқ та атады...
Бұл 1937 жылдың 2 қазанында болған оқиға екен. Содан кейін Фазылдың жарқын жүзін туыстары қанша талпынса да көре алмаған. Тек 1941 жылдың қазан айында аттанған мекенжайы деп Омбы қаласындағы 4-ші линия көшесіндегі 90-шы үй деп көрсетілген жерден Фазылдың амандығын айтқан үшбу хат келеді. Латын қаріптерімен жазылған бұл хатты салушы қазақ азаматы өзінің Фазылмен бірге абақтыда отырғанын көрсеткен екен. Бірақ бұл азаматты іздеп барып жолығысуға сол кезде жүріп жатқан соғыстың лаңынан мүмкіншілік болмаған.
Сталиндік репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі Хрущевтің жылымық жылдарында Фазылдың інісі Жағыпар ізденіп, ағасын ақтау туралы прокуратура органдарына арыз жазады. Оған аудандық прокурор Ф.Костяев жауап беріп, құрамында қылмыстық іс болмағандықтан Фазыл Байғаскиннің ісі қайта қаралатынын, қазір үкім шығарылу үшін сотқа жіберілгенін айтқан жауабы 1958 жылғы 27 ақпанда келеді. Осы жылдың 5 наурызында облыстық соттың судьясы В.Соколдың шығарған үкімімен Фазыл Байғаскин заңсыз сотталғандығы себепті толықтай ақталады. Үкімде оған тағылған «колхоз құрылысына қарсы шықты» деген айып дәлелденбегендігі айтылады. Сөйтіп, жазықсыз жан өкіметтің сүргінінің кесірінен жазықсыз зардап шегіп, өмірін өксікпен өткізген екен. Сүйегінің қайда қалғанын сұраған сауалға оның 1942 жылы түрмеде қайтыс болғаны туралы хабар келеді. Бұл кезде Фазыл 35 жаста ғана екен. Ол бізге әңгіме айтып берген М.Оспанованың нағашысы болып келеді. Анасы Кәмәштің туған ағасы.
Марқұмның жары ерінің артын үш жыл тосып, басқа жанға тұрмысқа шығады. Артында қалған жалғыз тұяғы жастай қайтыс болады.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары қарындасы Кәмәш ағасының ісімен танысу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментіне қайрылады. Алдын ала жіберілген өтінішке сәйкес марқұмның ісі көтеріліп, қарындасының алдына тартылады. Туысының қолымен жазылған қағаздары, қолтаңбасы жылдар бойы сағыныштан, қайғыдан қан жұтқан жүректі тебірентіп, қарындасы екі көзінің жасына ие бола алмайды. Алпыс жыл бұрын жазылса да олар сол сәттің суық сарынын бойына сақтап тұрғандай әсер қалдырады. Кәмәш апай ағасының тергеудегі жауаптарын, 10 жылға соттаған «үштіктің» үкімін, қойған қолын көріп, ағасы көз алдына елестеп, ол жерден қатты қайғырып шығады. Бір жаманы – осы уақытқа дейін ағасының үстінен жазылған арызды және оған кімдер қол қойғаны көрсетілмейді. Сол кездегі қалыптасқан тәртіп солай еді. Енді Президент Қ.Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Жарлығы шықса оны көруге де мүмкіндік туар. Басқа республикаларда мұндайға баяғыда қол жеткізілген.
Міне, жазықсыз сөнген бір азаматтың тағдырын ойрандаған арыздың арты осындай болған екен.
Солтүстік Қазақстан облысы