Кәсіптің тілін таба алған адам оның тасын өрге домалата алады. Кәсіпті бастамас үшін алдымен қоғамға қандай нәрсе қажет, оны жасай алу мүмкіндігім қаншалықты деген сауалдарды ой тезінен тереңірек өткізу маңызды. Кәсіп бастауға талпынып, бүгінде ісінің жемісін өзі де, өзгелер де көріп отырған көпбалалы ана – Гүлзия Қойлығұлова.
Мұнайлы аудандық әкімдігі баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, 29 жастағы көпбалалы ана Гүлзия Қойлығұлова аталған аудандағы Маңғыстау-1 ауылында тұрады. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бизнес идеяны іске асыру бағыты бойынша оқуға қатысқан ол бастапқыда балаларға арналған аттракцион ашуды ойлады. Алайда оқу барысында маркетингтік талдау, сұраныс деген ұғымдарды үйреніп ойын күрт өзгертеді. Ол күнделікті шығыны қай нәрсеге кететінін анықтай келе кір сабын жасау бизнесіне тоқталған. Ойын әбден бекітіп, тәуекелге бел буған Гүлзия көп кешікпей қажетті құрал-жабдықтарын алып, сабынды дайындайтын және кесетін құрылғыларды сатып алады.
Гүлзия қазіргі таңда Атамекен ауылында орналасқан кішігірім цехта күніне 2 мыңға жуық кір сабын дайындайды. Кәсіп иесі шикізатқа «KFC», «Бархан бургер», «Каспий гриль» тез тамақтану орталықтармен бірлескен келісімшарт негізінде қол жеткізеді. Ал дайын өнімдерін ауданның орталық базарына, Ақтаудағы супермаркеттерге жеткізіп, сауда сөрелеріне орналастырады.
– Менің бір айдағы таза табысым 100 мың теңгеге дейін жетеді. Ендігі жоспарым – кір сабынды кептіретін және сыртын қаптап шығаратын құрылғыларды алу. «Бастау Бизнес» жобасының ерекше әрі қажетті кәсіптің ашылуына септігін тигізгеніне ризамын, білікті мамандарымыздың кәсіптің негіздеріне үйретіп, бағыт бергені қуантады, – дейді кәсіпкер Гүлзия Қойлығұлова.
Таныс-біліс отбасында аяулы ана, сүйікті жар бола алған және отбасының қым-қуыт тірлігі тасасында қалып қоймай, кәсіптің ұршығын иірген жас ананың табандылығына тәнті.
Маңғыстау облысы