• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 28 Қазан, 2020

Қоршаған ортаны қорғау ісінде сылбырлық басым

847 рет
көрсетілді

Табиғаттты қорғау – тіршіліктің кепілі. Маңғыстауда бұл бағытта табиғат жанашырлары тарапынан игі шаралар қолға алынғанымен, қарақшылық, қатыгездік және табиғатты аяусыз бүлдіру мәселелері де орын алуда. Мұнайлы өңірдегі арнайы қамқорлықты, қолдауды қажет ететін Қаракөл көлі туралы айтылар нәрсе аз емес.

Қамқорлық демекші, биылғы бірінші жартыжылдықта Қаракөл көлін «Ең алдымен суда жүзетiн құстардың тiршiлiк ету орны ретiнде халықаралық мәнi бар сулы-батпақты алқаптар туралы» конвенция (Рамсар конвенция­сы) тізіміне номинациялау бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп, Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне ұсыныс берілген болатын. Ұсыныс иелері «ендігі қадам уәкілетті орган тарапынан болуы тиіс» деп министрлік жаққа үмітпен құлақ түре жүріп жылды аяқтауға жақындады.

Ал көлдегі тіршілік иелерін, көл маңының тазалығын сақтау да үлкен жұмыс пен күшті талап етеді. Осы бағытта Ақтауда «Birgemiz: Taza Alem» жалпы­ұлттық жобасы аясында «Қара­көл көлі» сулы-батпақты алқа­бының сақшылары» еріктілер эко­патруль жасағы жұмыс жүргізуді бастады.

Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоо­логиялық қаумалының бөлігі Қара­көл көлі мәселелері туралы Орта­лық Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіруші комитетінің мүшесі, Экология, геология және табиғи ре­сурстар министрлігінің амбассадоры Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, қыркүйек айында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қол­дауымен Ақтау қаласының химия-биология бағытындағы Назар­баев зияткерлік мектебі мен «Білім-Инновация» облыстық лицей-интер­натының оқушыларымен, Маң­ғыстау туризм колледжі және Ш.Есенов университетінің сту­денттерімен, сонымен қатар Қазақ­стан биолауантүрлілікті сақтау ассо­циациясының «Жасыл әлем» Ақтау клубының мүшелерімен онлайн кездесулер өткізілді.

Эко­патруль жасағы Қаракөлге Үстірт мем­лекеттік табиғи қорығының ­инс­­пекторларымен бірге рейдтерге шы­ғып, санитарлық тазалық пен ха­лық арасында ағарту жұмыстарын жүр­гізді. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС тарапынан техникалық қолдау көрсетіліп, еріктілер күшімен жи­налған 2,5 текше метр қоқыс қала­лық тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына орналастырылды.

Бір қызығы, алдын ала тиісті хат жолданғанына қарамастан, үш рейд кезінде де Үстірт қорығы инспектор­ларынан басқа табиғатты қорғау құ­рылымдарынан ешкім қатыспаған. Өкінішке қарай, қорық инспекторлары қаумал режімі­нің бұзылғаны үшін бұзушыларға қа­тысты қаулы шы­ға­руға құқылы емес, яғни олардың рөлі «арнайы киін­ген байқаушылар» ретінде ғана екен. Дегенмен, Әкім­ші­лік құқық­бұ­зушылық туралы кодексіндегі 378-баптың 2-бөлігі бойын­ша қау­мал режімін бұзушыларды әкім­ші­лік жауапкершілікке орман шаруа­шылығы және жануарлар дү­ниесі аумақтық инспекциясының лауазымды тұлғалары тартуға құқылы.

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен кейбір сайттарда Қаракөл көліне қонған қоқиқаздарды дронмен қуалап жүріп түсірілген бей­не­­ро­ликтар жарияланып жүр. Яғни ерек­ше қорғалатын табиғи аумаққа уәкі­летті органның рұқсатынсыз барып, «Қызыл кітапқа» енген құстардың мазасын алу фактілері орын алуда. Ал Үстірт қорығы мен аумақ­тық инс­­­пек­ция тараптарынан айқын заң­бұзу­шылықтардың алдын алу немесе бұзу­шыларды жауапкершілікке тарту үшін құзырлы органдар ретінде шара қо­лданылмауда.

Сондықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі комитетіне аумақтық инс­пекция инспекторлары Үстірт қо­рығының инспекторларымен және «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкі­­меттік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясы Биоресурстарды қор­ғау бойынша қоғамдық инспекция өкіл­дерімен бірлесіп, жыл сайын қыркүйек айынан бастап мамыр айы­ның аяғына дейін демалыс және мейрам күндері Қаракөл көліне рейдтерге шығып тұруы керектігі жөнінде ұсыныс берді. Сонымен қатар бір­қатар үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарға, ықтимал демеуші ком­панияларға «Қаракөл көлі» сулы-батпақты ағарту орталығын құрудың тұжырымдамасын дайындау бо­йынша ұсыныс беру де назардан тыс қалған жоқ. Осы орталық ашылған жағдайда қала тұрғындары мен қонақтары, оқушылар мен студенттер, отандық және шетелдік туристер үшін Қаракөлде мекендейтін 175 түрлі құсты, оның ішінде «Қызыл кітапқа» енген сыбырлақ және кіші аққу, қоқиқаз, қызғылт және бұйра бірқазан, қарабай сияқты 22 түрді тамашалауға жақсы мүмкіндіктер пайда болмақ.

Маңғыстауда табиғат жанашыр­ларына өз мүмкіндіктеріне сай қол­дау көрсетіп жүрген ұйымдар жоқ емес. «Экожер» республикалық ассо­циа­ция­сының Маңғыстау облысы бойын­ша өңірлік экологиялық кеңесі «Қаракөл сақшылары» еріктілер эко­патруль жасағының қызметіне жан-жақты қолдау көрсетуге ­дайын еке­нін айтса, базасында «Жасыл әлем» ҚБСА клубы орналасқан Ақ­тау қала­сындағы Назарбаев зият­кер­лік мектебі Қаракөлді зерттеуге және сақтауға тұрақты үлес қосып ке­леді. Мектеп ашылған 2015 жылдан бері оқушылар Қаракөлдегі құс­тар са­нағына, зертханалық зерттеулер үшін судың, топырақтың жә­не ауаның сынамаларын алуға, сани­тарлық та­зар­туға жүйелі түрде қа­ты­сады.

«Қаракөл сақшылары» экопат­руль жасағы сулы-батпақты ал­қапты қор­ғау бойынша өз жұмы­сын жалғасты­ра отырып, мем­ле­кеттік органдар­ды және басқа да мүдделі тараптар­­ды тығыз әрекет­тестікке шақырады. Әлем жұрт­шы­лығы 2021 жылдың ­2 ақ­па­нын­да атап өтетін Рамсар кон­вен­циясының жартыжылдық мерей­тойы қарсаңында «Қазақстан – сулы-батпақты алқаптар мен оны мекен­деушілерге қамқорлықпен қа­райтын ел» деген пікір қалыптасқанын қалар едік», деді Ә.Қозыбақов.

Табиғат та, оны қорғау да жекенің ісі емес. Сондықтан қоршаған ортаны­ қорғауға қатысты әрбір мәселе маңыз­ды және дер кезінде назар аударып, күттірмей шешім шығаруды қажет етеді. Қаракөлді қорғаймын деп жүр­ген және жас буынды қор­ша­ған ортаны аялай білуге баулып жүрген Маң­ғыстаудағы табиғат жанашыр­лары­ның жұмысы – бүгін де, болашақ үшін де мәнді, өміршең. Алайда «Шам­ның жарығы түбіне түспейді» дегендей, Ақтау қаласынан қашық емес Қаракөлдің мәселесі талай жыл­дар­­ға жүк болғанда, өзге аймақтар ту­­ралы айтудың өзі артық. Табиғат қор­­ғау мәселесінде сылбырлық неге басым?

 

Маңғыстау облысы