• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Қазан, 2020

Нобель сыйлығына кім не сатып алды?

716 рет
көрсетілді

Әдебиет пен ғылым саласындағы ең беделді, қаржысы да қомақты марапат – Нобель сыйлығы. Тіліне, дініне, нәсіліне, жынысына, сондай-ақ азаматтығына қарамай, ғылымда жаңалық ашып, әдебиетте ерекше ойлау қабілетімен, жазу мәнерімен алға суырылып шыққан кез келген талантты адамның алу мүмкіндігі бар сыйлық екені ережесінде ап-анық жазылған.

 

Сыйлық тағайындалған 1900 жылдан бастап осы күнге де­йін, яғни 120 жыл ішінде бес құр­лықтың алтын басты адам­да­рының арысы адамзат, берісі өз елі, ортасы мойындаған талайына осы сыйлық берілді. Но­бель туралы әңгіме болғанда өз отандастарымыздың ішінде бұл сыйлыққа лайық жандар бар бола тұра, әлі күнге еш­кім­нің алмағанын да тілге тиек ете кеткенді тәуір көріп тұра­ты­нымыз бар. Оның себебі жетер­лік. Бірақ біздің бұл жолғы сө­зіміз ол ыңғайда емес.

Алла берген ерекше талан­тының арқасында көркем дүние­лер жасайтын, ғылымда жаңалық ашатын адамдар ешкімге тәуелді болғысы келмейді. Сондықтан мейлі ғылымда, мейлі әдебиетте болсын, талантты адамның одан кейін де алаңсыз жұмыс істеуіне берілетін әлгіндей сыйлықтардың нағыз иелерін табуы – үлкен же­ңіс. Ол сыйлыққа таланттар ең алдымен бостандықты сатып ала­ды. Нобель сыйлығын алған кей таланттардың пікірлері де осы ойымызды қуаттайды. Бұл бір. Екіншіден, «сыйлықты алған да­рындар оны қалай жұмсады?» деген әуестік төңірегінде ізденіп көргенбіз.

2015 жылы әдебиет саласы бо­йынша Нобель сыйлығын ал­ған Беларусь жазушысы Свет­ла­на Алексиевич өзінің сұхбат­та­рын­да журналистердің неге мил­лион долларға жетпейтін ақ­ша­ға «шүйлігіп алғанын» түсін­бей, ағынан жарылады (сол жыл­дары доллар бағамының өсуіне байланысты Нобель сый­лығы 950 мың доллар шамасын­да болды. – Ред.) Минскіде қар­жысы мил­лион доллардан асатын адамдардың көп екенін алға тартқан жазушы «Нобель сый­лығына бостандық сатып ала­мын» дегенді де ашық айтады. «Мен бір кітапты 5-10 жыл бойы жазамын. Оған қанша қар­жы кететінін білесіздер ме? Жол жүру, адамдармен кездесу, мамандармен сұхбаттасу, бұл – үлкен қаржы. Енді мен ақ­шаны қайдан аламын деп уайым­дамай, тып-тыныш қана жұмыс істейтін боламын. Мен ең алдымен бостандықты сатып алғаныма қуаныштымын».

Нобель сыйлығын 1965 жы­лы алған кеңестік жазушы Ми­хаил Шолохов та қаржысына бос­тандық сатып алғаны белгілі. Ол Нобель сыйлығын алған соң әлемді аралауға шығады. Жалғыз емес, отбасымен бірге. Бұлай деп отырғанымыз, кезінде КСРО «жабық ел» болғаны тарихтан белгілі. Кеңестік ғалымдар мен жазушылар қаржыдан таршы­лық көрмегенімен, шетелге шы­ғу қазіргідей оп-оңай болған жоқ. «Әкем Сталиндік сыйлық­ты 1941 жылы Қорғаныс қоры­на өткізді. Лениндік сыйлы­ғын өзі оқыған мектебін жөндеуге жұм­сады. Ал Нобель сыйлығын өзіне қалдырды. Ол ақшамен отба­сын саяхатқа алып шықты. Бізге Еуропаны, Жапонияны көрсетті. Англияны, Франция­ны, Италияны жеңіл көлікпен ара­лағанымыз әлі есімде», деп жаз­ды Шолоховтың қызы Свет­лана. Дәл осы жағдайды 1964 жылы физика саласы бойынша Нобель сыйлығын алған Алек­сандр Прохоровқа қатысты да айтуға болады. Өйткені ол да сый­лығын саяхатқа жұмсаған. «Менің «Нобель сыйлығым» ба­тыстық банктердің бірінде жат­­ты. Шетелге көп шығып тұр­дым. Әйелім мен отбасы мү­ше­лерін де алып кететінмін. Ісса­парға бөлінетін қаржылар мен жалақым біздің саяхатымызға жетпейтін. Сондықтан саяхаттың шы­ғындарын сыйлыққа берілген қар­жымен жауып отырдым», дейді өз естелігінде физик.

Нобель сыйлығына үй сатып алған қаламгер ретінде Алек­сандр Солженицынның аты тарихта қалды. Жазушыға Но­бель сыйлығы 1970 жылы бері­леді. Бірақ Стокгольмдағы ма­рапаттау рәсіміне фрак киіп ба­руға келіспеген қырсық жазу­шы­­ның ақшасы біраз жыл банк­те жатады. 1973 жылы оның ең негізгі, ең даулы романы «ГУЛАГ архипелагінің» бі­рінші то­мы жазылып болған соң, КСРО бас­шылығы қалам­гер­ді қуғынға ұшы­ратады. Но­бель сыйлығының пай­дасы сол кезде тиеді. Ол АҚШ-тың Вер­монт штатынан қа­зіргі тілмен айтқанда коттедж са­тып алады. Қаламгердің АҚШ-тағы үйін­де қонақта болғандар оның Вер­монтта екі үйі болғанын айтады. Біреуі – отбасы тұрған үй де, екіншісі, жазушының жұмыс үйі.

Нобель сыйлығын әркім әр мақсатта пайдаланғаны белгілі. Соның ішінде мол қаржыны көздері қиып, әйелдеріне берген таланттар да жоқ емес. Мысалы, физика саласы бойынша 1921 жылы Нобель сыйлығын алған атақты Альберт Эйнштейн ақ­ша­ның шашауын шығармай, бұ­рынғы әйелі Милева Ма­рич­ке аударады. Әрине, бұл фи­зик­тің жан қалауымен, шын ри­зашылығымен берілмеген. Тек неке келісімшартында бол­­ғаны үшін жүзеге асқан. Шын ниетімен, ризашылықпен ұсын­­ғандар да бар. 2003 жылы бұл марапатты алған академик Ви­талий Гинзбург журна­лис­тер­ге қаржыны әйеліне бер­ге­нін, өйткені үйде ақшаны әйелі ұс­тайтынын жасырмай айтыпты. Сондай-ақ венгриялық жазушы Имре Кертеш те дәл осылай жа­­саған. «Ондаған жыл бойы жа­нымда әйелім болды. Барды да, жоқты да менімен бірге көр­ді. Оның бұл ақшаны қалай жа­ратса да құқы бар. Киім-ке­шек, әшекейлер сатып алса да өзі біледі», деген ол. Әйелі де жыл­тырағанға қызыққыш жан екен, ақшаны киім-кешек пен әшекейге аямай-ақ жұмсапты...

Қалтаңда көбірек ақша болса, оны жұмсайтын жер де табыл­май қалмайды. Ал оны оңды-солды ша­шу үшін өте көп ақша керек. Оған қоса ақшаны құндылық деп есептемейтін, оған бас имейтін тәкаппарлық та қажет-ау. Қазір ақша басты құндылыққа айналған заманда олай жасау мүмкін емес сияқты. Ал өткен ғасырда адам­дар ондай қадамдарға бара алған. Соның бір айғағы ретінде, орыстың атақты жазушысы Иван Буниннің сыйлықты оңды-солды шашқанын көзімен көргендер баршылық. Әрі ақын, әрі прозаик Зинаида Шаховская: «Шын мәнінде сол сыйлық Буниннің өмірінің соңына дейін жетер еді. Бірақ Буниндер үй де, вилла да сатып алған жоқ... Францияға оралған Иван Алексеевич сауық кештерін өткізді, эмигранттарға «жәрдемақы» берді, түрлі қоғам­ды қолдауға қаржы бөлді. Ақыр соңында дымсыз қалды...»,  деп жазады. «Нобель сыйлығын желге ұшырған» дарындардың қатарында дат физигі Нильс Бор мен италиялық драматург Дарио Фо да бар.