Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, әрі Ұлттық музей мен Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай және рухани мұра» атты заманауи иллюстрациялық-кітап көрмесі өтті.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Абай Шығыс және Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Екі әлемді терең зерттеген. Оның философияға толы шығармалары әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Абай қаншалықты халқын сүйіп, жаны ашыса, халқы да соншалықты оған ілтипат білдіріп, шығармаларын жатқа айтып, тұмардай сақтап келеді», – деді.
Жиын барысында Ұлттық академиялық кітапхана директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ү.Мұңалбаева, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ыбыраев, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Д.Кәпұлы сөз сөйлеп, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына кеңінен тоқталып, ондағы айтылған ойлардың мәні мен маңыздылығын ашып берді.
Аталмыш көрме «Абайдың өмір жолы», «Абай шығармашылығы» және «Абайтану» деп аталатын 3 бөлімнен тұрады. Онда абыз ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты 2000-нан астам кітаптармен қатар көптеген фото және бейнематериалдар, тарихи жәдігерлер қойылған.
Айта кетейік, «Абай және рухани мұра» атты заманауи иллюстрациялық-кітап көрмесін музей қонақтары бір ай бойы тамашалай алады.