Білімді, білікті дәрігердің есімі ел аузында жүреді. Алдына барып көрмеген адам да есіміне сырттай қанық болып, құрметі қалыптасады. Ақтау қаласындағы жоғары санатты хирург-эндоскопист дәрігер Болат Керейұлы осындай құрметке ие.
Болат Керейұлы туралы хирург немесе эндоскопист деп қысқа қайыра алмайсың. 1981 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын, Атырау қаласындағы орталық облыстық ауруханадан интернатураны бітірген жас маман Құлсарыдағы аудандық ауруханада жұмысқа кіріскен сәттен бастап «мен хирургпін» деп тек бір бағытта шектеліп қалмай, ауыл ауруханасында барлық салаға бел шеше, білек сыбана кірісті. Өз ісіне шын берілген әрі қызметінің қыр-сырын тәжірибе жүзінде жетік меңгерсем деген таудай талабы бар жас дәрігер сол тұста Құлсары ауруханасын кез келген отаны ойланбай және сапалы жасайтын орталыққа айналдырып жіберген. Бір жылдан соң ота бөлімінің меңгерушісі болған Болат бұрын аудандық деңгейде жасалмайтын асқазан, жүрек, өт жолдарына ота жасап, гинекология, нейрохирургия, лор оталарымен батыл айналысты. Басынан соққы алған адамның тірі қалуы үшін шұғыл түрде басына тесік салып, ұйыған қанды шығаруды қолға алды. Сынып келгендерге ота жасап, темір салу арқылы бірнеше рет травматологиялық ота жасаса, балаларға кеңірдекті тесіп, трахистома салып жүрді. Бір жылы балалар арасында дифтерия тарап, қатарынан бірнеше бала ауруханаға түскен сәтте уақытында трубка салып үлгере алмай, бір бала шетінеп кеткенін Болат Керейұлы арада қанша жыл өтсе де әлі күнге дейін өкінішпен еске алады. Ауыл ауруханасында рұқсат етілмеген оталарды жасау уақытында айқай-шу да тудырмай қоған жоқ. Бірақ бұл өз мамандығын сүйетін дәрігер үшін шыңдалу мектебі болды. Жас маман тәжірибе жинап, жан-жақты жетіле түсті.
Жалындаған жасты аңғарған басшылық оны аудандық ауруханаға бас дәрігер етіп тағайындады. Бұл Болатты сүйікті мамандығы хирургиядан қол үзуіне мәжбүр етті. Басшы ретінде ұйымдастыру жұмыстарын да ұршықша иіріп ала жөнелген ол венгр достарының көмектесуімен екі емхана салды, құлайын деп тұрған аурухананы орналастыру үшін балабақша ғимаратына қол жеткізді, Құлсарыдағы екі жатақхананы жөндеуден өткізіп, туберкулез ауруларын емдейтін аурухана етіп жасақтады. Бұл ауруханалар күні бүгінге дейін өкпе ауруымен ауыратын науқастарды емдеп келеді.
1989 жылы Ақтау қаласына көшіп келген Болат ұсынылған басшылық қызметтерден бас тартып, бірнеше жыл қол үзіп қалған хирургтік қызметін қайта бастауды жөн деп тапты. «Бәрін басынан бастау керек» деген оймен облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жұмысқа орналасты. Сол жерден қолы шапшаң, сауатты жас жігітті көрген ота бөлімінің меңгерушісі Сүлеймен Бердәулетов оны өз бөліміне оташы ретінде жұмысқа алды. Болат Керейұлы Сүлеймен ағасын «менің жоғары санатты дәрігер болып қалыптасуыма ұстаз, басшы ретінде көп көмек берген адам» деп ризашылықпен атады. Елге болсын деп еңбек ету көп нәрсеге қол жеткізуге мұрындық болды. Бірін-бірі түсініп, бірін-бірі қолдаған қос дәрігер бұдан әрі бірлесе еңбек етті. Маңғыстауға қажетті небір іргелі істерді ұйымдастырып, халық ықыласына бөленді.
1990 жылы С.Бердәулетов ұсынысымен Маңғыстауда бұрын болмаған онкодиспансер бөлімшесі ашылып, іскер басшы, білікті дәрігер Б.Керейұлы аталған бөлімшенің алғашқы меңгерушісі болды. Маңғыстауда талай жыл жыр болып жуырда ғана іске қосылған Онкологиялық ауруханаға көшкенге дейін облыстық ауруханада орналасқан 20 кереуеттік бұл бөлімше облыстың онкологиялық ауыртпалығын арқалап тұрды. Бөлімше жұмысын жолға қойып, өзі сынды болашағынан көп үміт күттіретін жалынды жас онколог дәрігер С.Шантеміровті Атыраудан шақыртып, бөлім тізгінін қолына ұстатқан Б.Керейұлы С.Бердәулетовпен бірге енді Маңғыстаудан эндоскопия бөлімін ашу үшін жұмыс істеді. Бұл да өңірде бұрын қалыптаспаған сала болатын. Тұрғындар саны жылдан-жылға артып, ауру түрлері де көбейіп келе жатқанын аңғарған қырағы қос дәрігер мәселенің алдын алуды, дер кезінде қимылдап, қажетті жұмыстарды шұғыл ұйымдастыруды қолға алды.
Біраз жүгіріс, тынымсыз еңбектің арқасында 1991 жылы өңірде эндоскопия бөлімшесі ашылып, мұның да алғашқы басшысы болып жұмысын үйлестіру Болатқа сеніп тапсырылды. Бір жылдан соң ол кеспей-ақ, экраннан қарап тұрып ота жасауды сол кезде қолға ала бастаған Америкада үйреніп, білімін жетілдірді. Қазақстандық мамандар үшін эндоскопиялық зерттеу жүргізудің жаңаруы, эндохирургиялық ота жасау ертегі сынды көрінді және алғаш шошқаларға ота жасап көрді. Тіпті сынақ-үйрену кезінде бірнеше шошқаны өлтіріп алғандары да есте. Америкада хирургияның эндохирургия пәнін оқып келген С.Бердәулетов екеуі 1993 жылы Маңғыстауда Қазақстан бойынша бірінші рет науқастың өт жолына эндохирургия дәстүрімен ота жасап, жаңалық енгізді. Артынша Б.Керейұлы өңірде эндохирургия арқылы алғашқы гинекологиялық ота жасады. Сол кезде Ақтауда Болатсыз ота жасалмайтын еді деуге болады. Аппаратын арқалап ота жасалатын жерге алдымен Болат жетеді.
Ота жасаумен бірге ізбасар шәкірттер дайындауды да ұмытқан жоқ. Талай дәрігер Болаттан эндохирургияның қыр-сырын үйреніп, бүгінде облыс медицинасында іргелі жұмыстар атқарып жүр. Ең қызығы, Болат шетелдік аппаратты Мәскеуде сарыла бір ай күтіп, қаражаты таусылған соң көмекші жалдай алмай, оны жалғыз өзі тиеп, Маңғыстауға әкелуі болды. Енді орнатайын десе, нұсқаулықтағы шетелдік жазу-сызу, кейбір бөлшектердің сәйкес келмеуі Болатты тағы біраз жүгіртті. Аппаратқа қатты қызыққан ол Ақтаудағы РМЗ зауытына барып, токарьларға кейбір бөлшектерді жондырып, Мәскеуден екі еврей азаматын шақыртып, монтаж жасатты, ақыры қостырып, қолданысқа енгізді, алғашқы отаны жасады. Сол жылы желтоқсан айында М.Әлиевтің қатысуымен аппараттың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Отандық медицинаға маңғыстаулық қос дәрігердің енгізуімен қолға алынған жаңа дәстүр қазір жаппай қолданыста, яғни бүгінде оталардың 80%-ы эндохирургиялық әдіспен жасалады.
«Біз бірінші эндоскопиялық ота жасаған кезде ешқандай аппарат болған жоқ, Кеңес Одағынан қалған аппараттармен бастадық. Қазір мүмкіндік мол, қаржы болса, шетелдік аппараттың түрі көп. Бүгінде жапониялық «Олимпус», «Фьюджи» және германиялық «Шторц» фирмаларының құралдарын қолданып жатырмыз. Сондай-ақ Маңғыстауда эндоскопия бойынша өзгелерден қалыспай, өңеш, асқазан, он екі елі ішек, тоқішек, өкпе, кеңірдекше сынды тыныс жүйелерін зерттеп, ота жасаймыз. Тәулік бойы жұмыстамыз деуге болады. Өйткені асқазаннан, он екі елі ішектен немесе өкпеден, тоқішектен қан кету сынды күрделі жағдайларда науқас жанынан табылып, қанды тоқтатуға тырысамыз. Эндоскопиялық УЗИ, яғни эндоскоп арқылы жүректің бойын зерттеу жұмыстарын дәрігерлеріміз жемісті бастап кетті. Қазір ісікті алу оталарын да жасап жүрміз. Бұрын ісіктерге мүшені кесіп жасасақ, қазір эндоскоп арқылы кеспей, наркозсыз жасаймыз», дейді Маңғыстау облыстық ауруханасы Эндоскопия және функционалды диагностика бөлімінің меңгерушісі Болат Керейұлы.
Науқас жандар сенделмей, бір жерден емделсін деген мақсатпен Болат басшылықтан қоймай сұрап, эндоскопия, УЗИ – бәрін бір бөлімге шоғырландырды.
2006 жылдан бері дәрігерлердің кәсіподақ ұйымын басқаратын ол түрлі шаралар ұйымдастырып, дәрігерлердің бос уақытын тиімді өткізуін басты назарда ұстайды. COVID-19 індетін ауыздықтауға қатысқан дәрігерлерге қолдау көрсетіп, арнайы орындарда демалуы үшін сертификаттар беріп, көптің көңілінен шықты. Жуырда зейнеткерлікке шығуды жоспарлап отырған Болат Керейұлының отандық, өңір медицинасын дамытудағы еңбегі зор. Бірақ оның осы уақытқа дейін ауыз толтырып айтарлықтай марапатқа ие болмағаны өкінішті. 2009 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанған оған ең бастысы халық риза, ал марапат мәселесін құзырлы орындар ескереді деп ойлаймыз.
Маңғыстау облысы