• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қараша, 2020

Ауыл – ел бесігі: Тұрмыс сапасы жақсарып келеді

603 рет
көрсетілді

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы басталған екі жылға жуық уақыт ішінде Қостанай облысында 258 елді мекенде аурухана, мектеп, балабақшалар жөндеуден өтіп, жүздеген көше бүтінделді. Былтырдың өзінде Әулиекөл, Меңдіқара, Қарасу, Сарыкөл және Федоров ауылдарында жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын 72 жоба жүзеге асты. Ауылды дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың ауқымы биыл едәуір кеңейе түскен.

13 ауылды кешенді дамыту көзделіп отыр

 Биыл аталған бағдарлама бойынша ауыл тұрмысын жақсартуға 5 млрд 772,3 млн теңге бөлініп, облыстың әр өңі­ріндегі 13 ауылда 66 жоба жүзеге асы­­рылып жатыр. Экономика және бюд­­жеттік жоспарлау басқармасының бас­шысы Гүлбарам Мұсағазинаның ай­туын­­­ша, былтыр облыста жеңіл жөн­деу­­ден өткен балабақшалар мен бі­лім ме­кемелерін қоспағанда, үш мектеп, бір балабақша және мектеп жанынан жұ­мыс істейтін бір интернат ғимаратына күрде­лі жөндеу жүргізілген.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ша­рапа­тымен көптеген аурухана ғима­ра­ты оңдалып, тұрғындарға көр­се­тілетін қызмет сапасы артты. Былтыр Қарасу аудандық ауру­ха­на­сы­ның корпусына күр­­делі жөндеу аяқталып, Әулиекөл, Мең­­діқара, Сарыкөл және Федоров ауыл­­дарындағы аудандық ауруханалар же­ңіл жөндеуден өтті. Сонымен қатар он шақ­ты елді мекендегі мәдениет және спорт нысандары жөнделіп, ауыл ажа­рын аша түскен.

– Мұның сыртында басқа да мем­ле­кет­тік бағдарламалар есебінен ауылдарды дамыту мақсатында 4 млрд теңгеге бір­неше ауқымды жоба жүзеге асырылды. Қаржының қомақты бөлігі Федоров және Әулиекөл ауылдарындағы газ­таратқыш құбыр желілерінің құры­лы­сын аяқтауға жұмсалды. Осының нәти­жесінде, 18 мыңнан аса ауыл тұр­ғы­ны орталықтандырылған көгілдір отынмен қамтылды. Меңдіқарада су құбы­ры же­лі­лерін тарататын торап қайта жөн­де­ліп, 10 мың адамның таза ауыз­су­мен қам­тылуына мүмкіндік туды. Со­ны­мен қатар сырттан тартылған қар­жы есе­бінен ауыл көшелері жарық­тан­­ды­рылып, асфальт төселіп, бейне­ба­қы­лау құрылғылары орнатылды, – деді Г.Мұсағазина.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына биыл іліккен Силантьев, Обаған, Денисов, Антонов, Қамысты, Торғай, Амангелді, Қарамеңді, Ұзынкөл ауылдары мен Тобыл бекетінде де ауқымды жоба­лар жүзеге асырылып жатыр.

Тоғыз жолдың торабында жатқан Тобыл бекетінде 7 мыңға тарта халық тұ­ра­ды. Қазір мұндағы жалғыз дәрі­гер­лік амбу­латорияға «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ламасы шеңберінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Іргесі 1985 жылы қаланған ғимарат соңғы рет 1996 жылы күрделі жөндеуден өткен. Содан кейін жыл сайын қабырғасы әктеліп, терезе-шатыры бүтінделгенімен, екі қа­бат­ты амбулаторияның ағаштары шіріп, құбырлары тесіліп, электр желі­ле­рі жиі істен шыға бастаған. Биыл ғимаратты бас­тан-аяқ толық жаңартуға 191 млн теңге бөлініп отыр.

– Жөндеу жұмыстарын мамырда бастадық, қазір жұмыс аяқталып қалды. Іші-сыртын әрлеп, төрт қабырғасынан бас­қасының барлығын – төбесін, тере­зе­лерін, жарық, жылу, желдету және құ­быр желілерін толықтай ауыстырдық. Бар­лығы санитарлық нормаларға сай. Бір сөзбен айтқанда, ескі ғимараттың орнына мүлде басқа ғимарат пайда болды, – деді бас мердігер «ТоргСтройМонтаж» ЖШС директоры Павел Борзенков.

Тобыл дәрігерлік амбулаториясында 4 маман жұмыс істейді. Соның бірі – медбике Нелла Распопина. Тәжірибелі ма­манның айтуынша, жаңартылған ғима­рат жергілікті тұрғындарға көрсе­ті­ле­тін медициналық қызмет сапасының ар­туына мүмкіндік бермек.

– Бүгінде елімізде денсаулық сақтау сала­сына үлкен көңіл бөлініп келеді. Әсі­ресе, қазіргі жағдайда дәрігерлердің білік­тілігіне қойылатын талап жоғары, жауап­кершілік ауыр. Біз халықтың сенімі мен үдесінен шығуға бар күшімізді саламыз. Мердігер амбулаториямыздың қыз­меттік автокөлік қоятын гаражын да қай­та жөндеп берді. Енді кез келген жағ­дайда күн райының ыстық-суығына қарамастан, тұрғындардың шақыртуына жедел жетуге мүмкіндік туып отыр, – деді медбике.

Амбулаторияны күрделі жөндеуден өткі­­зіп жатқан құрылысшылардың қата­рын­да он шақты жергілікті тұрғын жүр­ге­нін айта кеткен жөн. Солардың бірі – Еркін Хасенов. Тәжірибелі құрылысшы қолайлы жұмыстың өзі тұратын ауылдан табылғанына қуанышты.

– Қазір карантинге байланысты көп­те­ген вахталық жұмыстар тоқтап қалды. Өз басым жұмыстың дәл өзім тұратын үйдің түбінен табылғанына қуандым. Қазір алыстан арбалағанша, жақыннан дор­балаған тиімді. Бала-шағамның қа­сын­дамын, айлық жалақым – 120 мың тең­генің көлемінде, – дейді Е.Хасенов.

Тобыл тұрғындарын мезі еткен тағы бір мәселе тозып кеткен ішкі жолдар­дың жағдайы еді. Былтыр еліміздің солтүс­тік бөлігін батыспен және Ресеймен жа­л­­­ғап жатқан күре жолдың көпірі күр­­де­лі жөндеуден өткізілді. Ішкі жол­дар­­­ға келетін болсақ, бұл жақта да оң өзге­рістер орын алмақ. Соңғы бір-екі жыл­дықтың өзінде ауылдың Стан­цион­ная, Элеваторная, Вокзальная, Коопе­ра­тивный көшелерінің негіз­гі бө­лік­те­ріне асфальт төселді. Жал­пы ұзын­ды­­ғы 6 шақырым жол жөн­дел­ді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ла­ма­сы­ның нә­тижесінде тағы сегіз көше жөнделіп, ас­фальт төселіп, тақтайдай тегіс жолға ай­налыпты.

– Шыны керек, бұған дейін жаңбыр жауса, резеңке етіксіз көшеге шыға алмайтын едік. Қазір ауылымыз әрленіп, жолдар көңіл көншітерлік жағдайға келді. Халық риза, – дейді ауыл тұрғыны Ұлмекен Нұрсейітова.

Тобыл кентінде биыл мектеп пен балабақшаны да жөндеу көзделіп отыр. Осының бәріне бір ауылға ғана 400 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылған.

Аймақта биыл ауыл халқының бұқа­ралық спорт нысандарына қол­же­тім­ді­лігін қамтамасыз ету мақсатында 1,7 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылып, Силан­тьев, Қамысты ауылдарындағы стадион қайта жөнделіп, Ұзынкөл мен Торғайда дене шынықтыру-сауықтыру кешен­дерінің құрылысы аяқталып қал­ды. Биыл әлеуметтік нысандарды тұрақ­ты жылу жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары да жандана түсті. Мәсе­лен, Денисов ауылында таяуда №40 балабақшаның жанынан жаңа салынған жылу қазандығы іске қосылса, Қарамеңді ауылында жылу тарататын орталықтың құрылысы аяқталып қалды.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойын­ша Торғай мен Қамыстыда аудан­дық ауру­ханалар, Бейімбет Майлин ауда­нынына қарасты Тобыл ауылында дәрі­­гер­лік амбулатория ғимараты жөн­деу­­ден өтіп жатыр. Денисов ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне тапсырылды.

Биыл жаз шыға ауыл ішіндегі көше­лерді жөндеп, асфальт төсеп, тұр­ғын­дар­дың қауіпсіз қозғалысын қам­та­ма­сыз ­ету мақсатында 13 елді мекенде жалпы құны 2 млрд болатын 50-ден астам жоба іске асырыла бастаған. Бүгінге дейін бұл жобалардың 48-і аяқталды.

– Қарашаға дейін аталған бағдарлама бойынша бөлінген қаржының 4 млрд 151 млн теңгесі, яғни жылдық жос­пар­дың 80,5%-ы игерілді. Құрылыс нысан­дарында жұмыс бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр. Биыл облыс­та 13 ауылды кешенді дамыту көз­де­ліп отыр. Осы мақсатта өзге де мем­ле­кеттік бағдарламалардың есе­бі­нен Де­нисов, Торғай, Антонов, Аман­­гелді ауыл­дарының сумен қамту желісі жаңар­тыл­ды, ал Силантьев және Шеминов елді мекендерінде газ тарат­қыш желі пайдалануға берілді. Биыл жалпы сомасы 6 млрд теңгеден астам қаржыға ауыл ішіндегі жолдар жаңар­ты­лып, әлеу­мет­тік нысандар жөндеуден өтті, – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.

Облыста «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ла­масын 2027 жылға дейін жүзеге асыру көзделіп отыр. Бағдарлама аясындағы жо­ба­ларға әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті бар ауылдар біртіндеп қа­ты­­сатын болады.

 

Ауыл мектептерін жаңартуға 2,2 млрд теңге қаржы жұмсалады

Қостанай облысындағы 495 мектептің 82%-ы, яғни 488 мектеп ауылдық мекендерде орналасқан. Бүгінде аймақтағы 45 688 оқушы ауылда білім алып жатыр. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының шарапатымен қазірдің өзінде ауылдық жерлердегі бірталай білім нысаны жаңартылды. Таяуда өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз жиынында облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова аталған бағытта атқарылып жат­қан ілкімді жобалар жайын әңгіме етті.

Басқарма басшысының сөзінше, 2019 жылы жалпы сомасы 893,9 млн теңгеге 28 ауылдық мектеп жөндеуден өткен. Бұл мақсатқа жұмсалған қаржының 797,6 млн теңгесі респуликалық бюджеттен, ал 96,3 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлініп отыр. Нәтижесінде, 5 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 23 бі­лім нысанына жеңіл жөндеу жұмыс­та­ры жүргізілген. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында іске асырылып жатқан жобалар барысында 1 260 ауыл тұрғыны уақытша жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.

– 2020 жылы арнайы жоба шеңбе­рін­де Аманкелді, Қостанай және Меңді­­­­қара аудандарында жалпы 802,8 млн теңге сомасына 3 білім мекемесі күр­­де­лі жөндеуден өтті. 2018 жылы об­лыс­­тық бюджет есебінен Аманкелді ауда­ны­ның орталығындағы Ә.Боранбаев атындағы орта мектебінің оқу корпусы күрделі жөндеуден өткен. Биыл мектеп жа­нындағы интернаттың жатын корпусына жалпы сомасы 133,7 млн теңгеге жөндеу жүргізілді. Осының нәтижесінде, ауданға қарасты 7 ауылда тұратын 25 оқушы Амангелдіде интернатта жатып оқи­тын болады. Интернатта шағын ауыл­­дарда тұратын балалардың білім алуы­на барлық жағдай жасалған, – деді З.Байменова.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша биыл Қостанай ауданындағы Совхозный орта мектебі мен Меңдіқара ауданындағы Первомай орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл екі білім ошағында жалпы саны 682 бала оқиды. Ал алдағы жылы аталған бағдарлама аясында Әулиекөл, Б.Майлин, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Наурызым аудандарындағы 9 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

 

Қостанай облысы