Әлемді әбігерге салған COVID-19 індеті жаңа сын-қатерлерді туындатты. Оқшаулана түскен жаһан жұртынан Қазақстан да сырт қалмайтыны, барынша сақтанумен бірге өзіндік икемді даму жолын іздейтіні белгілі. Осы орайда елімізде эпидемияның алдын алуға барлық қам-қарекет жасалғанын, мемлекет пен қоғам бір мақсат пен бір мүддеге жұмыла білгенін, бұл – елдігіміздің көрінісі екенін атап айтуға тиіспіз. Қазақстан пандемия зардаптарымен күресуде тек денсаулық сақтау мен білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласының қордаланған мәселелерімен ғана бетпе-бет келген жоқ. Соңғы ғасырларда болмаған бұл індет интеграцияық қарым-қатынастың жетілген заманында алапат ауқымға ие болғандықтан, одан Тәуелсіздік жылдарында дүниенің төрт тарабымен де терең байланыс орнатқан отандық экономика да ойсырай зиян шеккенін көріп отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында күрделі кезеңдегі күш-жігерімізді біріктірудің жолын көрсетіп берді. Президент экономикалық қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатынын жеткізіп, бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінетінін атап өтті. Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін құруда негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуы керектігі сөз болды. Парламент палаталарының атқарушы органдардың құзыретіне беруге болатын егжей-тегжейлі баяндалатын нормаларды да қарастыруға мәжбүр болып отырғаны айтылды. Яғни мемлекеттік аппараттың қызметін қайта қарауда қолға алынатын түбегейлі реформалар барысында заң шығарушы органның да иығына түсетін салмақтың жеңіл болмайтыны, жауапкершіліктің жүгі ауырлай түсетіні байқалды.
Биылғы Жолдауда атап көрсетілген экономиканың даму бағдарына негіз болатын жеті қағидат пен теңгерімді аумақтық даму міндеттері аясында қолға алынатын жұмыстар өте өзекті. Мәселен, Президент еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс өңірлерінің өнеркәсіптік әлеуетін барынша пайдалану керегін жеткізді. «Аграрлық секторға дәстүрлі қолдау көрсетумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндірісін дамытуға, құрылыс материалдарын шығаруға және өнеркәсіптің өзге де салаларына баса назар аудару қажет» деді Президент.
Мақта шаруашылығын мандытпаған мәселе
Парламент депутаттары бұл мәселеге ұдайы назар аударып келеді. Мәжілістегі партиялар фракциялары мен депутаттық топтардың, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшелерімен бірге және дербес түрде дүркін-дүркін депутаттық сауалдар Үкімет басшыларына жолданып, нәтижелі шаралар қабылданды. Менің өзім 2016 жылы 24 наурыздан бастап VI сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде заң жобаларына 100-ден аса ұсыныс бердім, сонымен бірге осы уақытқа дейін 150-ге жуық өтініш қаралды. Соның бірі – аграрлық секторда айтарлықтай маңызы бар мақта шаруашылықтарын дамыту мәселесі болатын.
Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін экономикалық өсудің жаңа моделін құру міндетін қойды. Жалпы, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша әлемдегі ең ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. «Made in Kazakhstan» бренді осындай өнімдердің эталоны болуы қажет. Біз 2016 жылдың қазанында еліміздің Премьер-Министрінің атына мақта саласына қатысты сауал жолдаған болатынбыз. Бұл мәселеге айналып келе беретініміз, мақта шаруашылығы да Қазақстанның экономикасында ерекше орын алады. Түркістан облысы ауылдық жерлерінің 500 мыңға жуық тұрғыны осы салада жұмыс істеп, табыс табады. Жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен әл-ауқаты, көбінесе, мақта шаруашылығының тиімділігіне байланысты. Мақта өндіру бүгінгі таңда нарықтық емес, әлеуметтік мәселеге айналды. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсудің резерві болып саналады. Мысалы, 15 жылға жуық уақыт бұрын шикі мақтаны жинау – 460 мың тонна, ал егістік алаңы 200 мың гектарды құрады. Бұл кеңестік кезең көрсеткішінен 60%-ға жоғары. Экспорт 147 млн долларды құрады. Өндірістің өсуіне екі негізгі фактор әсер етті: біріншіден: кәсіпкерлер мақта талшығын экспорттау арнасын ұйымдастырды; екіншіден, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне фьючерс сызбасы ұсынылып, оған несие тартылды. Мақта зауыттары саланың негізгі инвесторлары болды. Мәселен, 2004-2007 жылдары мақта шаруашылығына жекеменшік инвестициялардың көлемі 6 млрд теңгеден астам қаржыны құрап, аталған сала әжептәуір өркендеді.
Ал бұдан кейінгі жылдарда егістік алаңдарының жартысына дейін қысқарып, тұқымдық материалдың тозуы салдарынан мақтаның сапасы нашарлап кетті. Бұл, бірінші кезекте, 2007 жылы мақта қолхаттары жүйесінің енгізілуіне байланысты еді. Бұл тиімсіз болып, қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін бұзды, сайып келгенде саланың құлдырауына әкеп соқты. Екіншіден, нарықтағы бүкіл ойыншылар қаражатты долларлық баламада тартты, алайда доллар курсының күрт өзгеруіне байланысты, қаражат тарту мүмкін болмады. Мемлекеттің субсидия түріндегі әрекеті де көмектеспеді. Айталық, 2015 жылы 2007 жылмен салыстырғанда мақта шикізатын жинау 450 мың тоннадан 255 мың тоннаға дейін төмендеді, егіс алқаптары 200 мың гектардан 99 мың гектарға дейін азайды. Ақшалай есептесек, 2007 жылы экспорт 147 млн долларды құраса, ал 2015 жылы 49 млн долларға дейін түсті. Осыған орай 2016 жылдары Премьер-Министрге, Премьер-Министрдің орынбасарына және Ауыл шаруашылығы министріне жолдаған сауалдарымызда шұғыл шараларды қабылдайтын кез келгенін, өйткені саланың тоқырауы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына теріс әсерін тигізуі мүмкін екенін жеткіздік.
Мақта шаруашылығының әлі күнге дейін әлеуеті зор. Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдар мен бизнес-қоғамдастықтардың мақсатқа сай жұмысы болса, мақта шаруашылығы экономиканың рентабельділігі жоғары секторы болуы мүмкін. Осы айтылғандарға байланысты және еліміз үшін мақта саласының әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, сондай-ақ инвестициялар тартуға жағдай жасау мақсатында келесі шараларды қабылдауды сұрадық. Біріншіден, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, мақта нарығына қатысушылармен бірлесіп, проблемалы мәселелерді қарау. Екіншіден, мақта саласын қаржыландыру үшін қаражат тартудың күрделілігін ескере отырып, займ негізінде ұзақмерзімді қаржыландырудың баламалы тетіктерін (екінші деңгейдегі банктерден басқа) қарастыру. Үшіншіден, сапалы тұқымдық материалды алудың өзектілігін ескере отырып, осы мәселені шешу жолдарын іздеу.
Депутат ретінде осы мәселенің заңнамалық негізімен шұғылданғаныма, яғни жұмыс тобының төрағасы ретінде айналысқаныма төрт жылдың жүзі болғанымен, бұл сала аграрлық секторда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан маған етене таныс. Біршама жыл мақта шаруашылығында орны бар «НИМЭКС» корпорациясының құрылымдық бөлімшелерінде, осы серіктестікке қарасты Шардара мақта тазалау зауытының директоры болып та жұмыс істегендіктен ілгеріде қабылданған «Мақта саласын дамыту туралы» заңның мақта өсірушілер мен өңдеушілердің аяғын тұсаулап тастағанын білемін. Жуырда осы толайым еңбектің нәтижесінде қаралған бұл заңның кемшіліктері реттеліп, аталған саладан күдерін үзген агроөнеркәсіп кешенінің өкілдеріне үлкен үміт сыйлайтынына сенімдімін. Бұл агроөнеркәсіптегі маңызды саланың қайтадан қалпына келуіне жол ашады. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне сабақтас сумен қамту, су ресурстарын тиімді пайдалану, трансшекаралық өзендерді әділетті бөлісу, ауыз су мәселесін шешу, жылыжайлар жұмысын жандандыру бойынша да көптеген ұсыныстар депутаттық сауал түрінде салалық ведомстволарға жолданды.
Әуе тасымалының әлеуетін көтеруге бағытталды
Еліміз «Жаңа Жібек жолы» жобасына белсене қатысып, халықаралық көлік-байланыс ағынының мүмкіндіктері аясында сауда, инвестиция және технологиялық хабқа айналуды көздейді. Бұл ретте Елбасы Үкіметке 2020 жылға қарай жолаушылар тасымалдау транзитін 4 есеге, жүкті 7 есеге, транзиттен түсетін табысты 4 млрд долларға дейін көтеруді жүктегені белгілі. Осы орайда елімізде отандық әуе компанияларының тарифтері бұрнағы жылдарда қарапайым халықтың қалтасына әжептәуір салмақ салатын. Бұл ретте «Ашық аспан» келісіміне қатысушылар қатарын арттыру арқылы бәсекелестікті көтеру, тасымал құнын төмендету, әуе тасымалы көлемін ұлғайту мәселесін депутаттық сауал ретінде көтерудің нәтижесінде Бас прокуратура тарапынан тиісті тексерулер жүргізіліп, анықталған құқықбұзушылықтар бойынша айыппұл салынып, билет құнын айтарлықтай төмендетуге қол жеткіздік.
«Ашық аспан» жүйесіне көшкен елдердің тәжірибесі көрсеткендей, бұл сыртқы әлеммен интеграциялық үрдістерді жеделдетіп, барыс-келісті оңайлатады, адами және басқа да ресурстардың қозғалысы мен сыртқы сауданы кеңейтеді, туристік саланың өсіміне мүмкіндік береді. Мәселен, Мароккоға 2006 жылы 22 жаңа шетелдік әуе компаниясы өз рейстерін орындай бастады, 2010 жылы аталған елге 6 млн турист келді, ал тікелей шетелдік инвестиция 20 млрд еуроны құрады. Мұндай мысалды Израиль мен Оңтүстік Корея елдерінен де көруге болады. Әуе тасымалындағы әкімшілік кедергілерді азайту шын мәнінде аталған саланың либералдануына, ішкі және сыртқы жолаушылар ағынының артуына, сол арқылы әуе кеңістігі әлеуетінің артуына, «Астана» халықаралық қаржы орталығы іспетті алаңдардың тиімді жұмыс істеуіне, туристердің елімізге кедергісіз әрі қолайлы жетуіне, әуе инфрақұрылымының дамуына мүмкіндік береді.
Депутаттық сауал аясында көтерілген өзекті мәселенің бірі – ұлт денсаулығын нығайтуға назар аударуға байланысты болды. Мәселен, бұқаралық дене шынықтыруды дамытуға ешқандай қаржы қарастырылмайды. Ал елімізде жұмыс істейтін 45 футбол клубы жергілікті бюджеттен қаржыландырылады және квазимемлекеттік сектордың демеушілік салымдары бар. Қаржыландыру көлемінің үлкен болуына қарамастан, қазақстандық футболға әлемдік аренада әзірше орын жоқ. Басқа спорт түрлерінің қаржыландырылуы әлдеқайда қарапайым болса да, Олимпия ойындарында, әлем чемпионаттарында, Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ал клубтардың кредиторлық берешегі де азаймайды. Әлемдегі коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде барлық спорт түрлеріне бюджеттік шығындарды қайта қараудың уақыты келді. Еуропа елдері, сондай-ақ Ресей мамандар мен легионерлерден бас тартуды жақтады. Қазір бұқаралық дене шынықтыруды дамыту мәселесі маңызды. Осы ретте шетелдік мамандар мен спортшыларды тарту тәжірибесінен бас тарту; барлық спорт түрлеріне жұмсалатын шығындарды аймақтар бойынша талдау әр спорт түріне бюджеттің бірыңғай нормаларын орнату мәселелері өте өзекті.
Орманға ойлы
көзқарас қажет
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев алдағы бес жылда орманды алқапқа 2 млрд, елді мекендерге 15 млн ағаш отырғызылатынын айтты. Жалпы, биологиялық алуан түрлілігі мен ландшафттардың байлығы жөнінен Орталық Азияда алда тұрғанымен Қазақстан орманы аз мемлекет саналады. Орман ел аумағының төрт пайыздан жоғары бөлігін ғана қамтиды. Бұл көрсеткішке сексеуіл екпелері арқылы ғана қол жетіп отыр. Өйткені сексеуіл орман алқаптарының жартысына жуығын алып жатыр. Орман саласының проблемаларын шешу жөніндегі мемлекеттік органдардың күш-жігері жүйесіз және берекесіз сипатта қалып келеді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыс орталықтарының төңірегінде жасыл аймақтарды дамытуға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбейді. «Қалалардың жасыл аймақтарының құрамы және мөлшері» мемлекеттік стандартына сәйкес, жасыл аймақтар көлемі 326 мың гектар болуы тиіс. Алайда республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының жасыл аймақтарының көлемі 111 мың гектарды құрайды. Орман – экологияның тірегі. Яғни климатты, өзендер ағысын реттеуде, ауа бассейнін тазарту және топырақты эрозиядан қорғауда, көміртегінің орасан зор жыл сайынғы мөлшерін жинаушы ретінде және басқа да маңызды экологиялық қызметінің толық тізбесін айтып өтуге болады. Мысалы, Шығыс Қазақстанның майқарағай ормандары Ертіске келіп құйылатын негізгі сағалар саналатын Үбі, Үлбі, Бұқтырма, Қара Ертіс өзендерінің ағыстарын қалыптастырады. Орманның су қорғаудағы орасан зор рөліне де жүргізілген зерттеулер дәлел. Өйткені осы өзендердің жоғарғы сағаларында өнеркәсіптік мақсатта жаппай ағаш кесудің салдарынан Ертіске құятын суының жыл сайынғы ысырабы 1,5 млрд текше метрге, маусымдардағы өзен деңгейлерінің айырмасы 3 метрге дейін жеткен. Осының бәрі Шығыс Қазақстанның майқарағай ормандарын сақтау қажеттілігін аңғартады. Сондай-ақ эндемикалық, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерді, бірегей және эталонды учаскелерді, жалпы алғанда табиғи экожүйелерді сақтаудың неғұрлым тиімді шарасы ретінде дүниежүзілік қоғамдастықтың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) жүйесін құруды мойындағанын атап өту қажет. Қазақстанда жаңа ЕҚТА-лар құру жүзеге асырылмай отыр. Бастапқы деректер бойынша республикада есепке алынбаған шамамен 300 мың гектар орман бар. Есепке алынбаған ормандарды түгендеп, кейіннен мемлекеттік орман қорының құрамына қосу жұмыстарын жүргізуге қаржы қаралмаған. Ағаштың жаппай заңсыз кесілуі, су қорғау аймақтарының шекарасында жұмыс істейтін табиғат пайдаланушылардың бақылаусыз қызметі орман қорының азып-тозуының басты факторына, жағалаулардың бүліну себебіне айналып отыр. Орман, аңшылық және балық шаруашылығы қызметкерлерінің жалақы деңгейінің төмендігіне байланысты оған ешкім қызығушылық таныта бермейді. Яғни Парламент қабырғасында орман шаруашылығы экономикасының орнықты дамуына және салада қордаланып қалған проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған стратегиялық құжат қабылдау қажеттігін де көтерген едік.
Бүгінде елімізде Экологиялық кодекс әзірленіп, қоршаған ортаға қол сұққандарға жаза қатаңдатылып, экологиялық акциялар халықтық сипат алды. Бұл мәселені Мемлекет басшысы тікелей назарына алып, салалық ведомство да құрып берді. «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасының тиянақтылығы да – осыда!
Сәкен ҚАНЫБЕКОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты