• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Қараша, 2020

Саф өнердің саңлағы

798 рет
көрсетілді

Кетпен тауының етегінде ауық-ауық асыршыл достарымен асық ойнап жүретін Қарадаланың қарадомалақ баласының аусары өнерге ауды. Әкесімін бірге ат ерттеп, жайлауға шыққанда қолына түскен ұзынды-қысқалы таяқты ұрғылап, даланы басына көтеріп айқайлап ән салатын. Баласының әнтек қылығына қызыққан әкесі, жақсы ырымға жорып, домбыра сатып әпереді. Қос ішекті киелі аспап қолына түскен сәттен бастап бес жасар бұзықтың бар ермегі сол болыпты. Міне, дәстүрлі өнерге деген құштарлық сол сәтте өрісін кеңге жайған еді.

Шүкірлігі аузында жүрген қазақтың өнерлі перзенті Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбековпен дидарласудың өзі оның тұнық даусын естуден бас­талды-ау. Ол әуелі ел алдында әуелете ән шырқайтындай тамағын кенеп алды да:

– «Әкеміз қасиетті домбыраны қо­лың­­нан тастамасаң, қазақы қанындағы бар дүниең жаныңнан жоғалмайды», – дейтін тебіреніп. Сол уақытта бұл на­қыл­дың мәніне бойлай алмап едім, ке­йін тереңдігін ұқтым. Менің бүгінгі же­тіс­тігім, ата-анамның ақылын тыңдап, жү­регіме ұялаған ән өнеріне деген сезімді шың­дай білуімде жатқан шығар, – деп бір қайырды да, өнер жолына қалай түскен­дігін термеледі.

Үнемі ауылдағы жиын-тойда атой са­лып, жырмен жұртты тамсандырып қайтатын сөзге сүлей, ойға кенен ана­сының әсерлі әңгімесіне әуес еді. Сонда алқалаған әлеуметтің ынтызарлығына қарап қыран құстай қомданып, домбы­ра­ның сүйемелінсіз қаракесек жырды әуе­лететініне ерекше сүйінетін. Жады зе­рек бала Ерболат баяғы бабалардың аузы­нан қалған жырды жатқа соғып, ба­­ла күнінен өнерге бір табан жақын бо­­лады. Толқынды желіден күн са­йын Манарбек, Жәнібек, Дәнеш, Қайрат сын­ды жезтаңдай әншілердің асқақ әнін тыңдап, олардың табиғат берген таза даусына құмартып, дәстүрлі әнін бойға сіңіре түскен. Бір тыңдағаннан санасына сіңіріп алған зеректігіне ел сүйсініп, ғажайып әңгімелеріне құлақ қойса, тұйғындай ғана тұрпаты бар, қара торы бала өзгеден екі есе құмарлықпен өнерге ынтыға қарайтын. Сондай бір сәттерде исі қазаққа белгілі болсам деген арманы кеудесінде бүрлегенін, кейін жалпақ жұртқа әншілігімен танылар өнерпаз боларын білді ме екен?

«Отбасымда «әу» демейтін адам жоқ. Негізі нағашыларым өнерге кең құлаш жайған адамдар. Бірақ кер заманның күйбең тіршілігіне оралып, танымал болған бірі жоқ. Анам Дәнехан Ірге­бай­қызы ертеректе дүние салды. Менің ре­пертуарымдағы әндердің дені сол кісіден қалған мирас. Мектеп қабырғасында жүргенде көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысып, ән айтуға бейімделе бастадым. Ауылдағы үлкен ағам Болатбек мәдениет үйінің меңгерушісі болатын, сол кісіден біраз тәлім алдым. Кішігірім жиындарда өлең айтып, бірте-бірте Құдай бұйыртып сахналарға шыға бастадық», дейді өткенге бір сапарлап.

Айтуынша, оқушы шағының соңғы көк­темінде: «Қалай да сахнада домбыра­мен ән салатын күнге жетемін», – деп алды­на мақсат қояды. Алайда ойда-жоқта әке­сі дүниеден озып, жылы өткенше қара­ша­ңыраққа қолғабыс етуге тура келеді. Қатар­ластары қалаға қарай қырбайласа да, жас түлек оған бола қынжылмады. Со­дан ауылдағы мәдениет үйін маңайлап, мек­­теп­тегі жиын біткеннің сахнасында ән әуе­летіп, көзтаныстарға әнші ретінде та­ны­ла­ды. Ең ақырында ел ішіндегі аға­лар­­ға елік­теуінің нәтижесінде музыка өне­­рін таң­дағанына шүкірлік айтатын күнге жетті.

1995 жылы әсем шаһар Алматыға тар­тып, ағалардың нұсқауы бойынша Темір­бек Жүргенов атындағы Өнер академия­сына құжаттарын тапсыруды ойлайды. Дегенмен кескін-келбеті келісіп тұрса да актер болуды көздемеген жас талант бұл киелі шаңырақта оқудан бас тартады. Онсыз да тіршілік қуып, өнерден алыстап бара жатқанына күйініп жүрген бозбала мұндай қолпаштаудан кейін тәуекелге шын мінеді де, Жүсіпбек Елебеков атын­дағы эстрада-цирк колледжіне барып ба­ғын сынайды. Адам қалағанының бәрі­не қол жеткізе алады. Тек жүрек қалауы­на қайшы әрекет істемесе болғаны. Бұл тұр­ғыда Е.Шалдыбековті ерекше атап өтуге болады. Ол да қала қарбаласы, тір­шілік қамымен жүрсе де, жүректе бұ­ғып жатқан арман жолында аянып қал­маған. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне барып бағын сы­наған күннен кейін, студенттер сапынан табылған.

Болмысы туған топырағына тарт­қан­дай, табиғаты да сұлу, Кетпен тауындай асқақ көрінетін өнер иесінің бұл орайда:

– Не де болса білім алып, өзіме керекті ақпарды там-тұмдап жия берейін де­генді ғана мақсат тұттым. Сөйтіп колледж­де асқақ асылдың сынығы Төрткен Кенен­қызының класынан тәлім алдым. Сол кісіден көп нәрсе көңілге түйіп, музы­ка­ның шыңы – дәстүрлі ән екенін ұғындым, – деп еске алады өзі.

«Бағалай білгенге бақ қонады», – де­мекші, өзі білім алған шаңырақта талай­ларды тәнті еткен ол 3 жылдық білім­ді же­тілдіру мақсатында Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Қазақ өнерінің талай қарлығашын қанаттандырған бұл іргелі оқу орнында жыл өткен сайын күрделене берер музыка саласының қыр-сырына қанығады.

Қайнаған Қарадаланың әсем табиға­тынан нәр алып, аспаншыл шыңдарына қарап арман-мақсат құрған жас Ерболат студенттік жылдарда қазақтың маңдайына біткен дара тұлғалармен біте қайнасып араласып, пікірлесіп жүрді. Дәстүрлі ән өнерінің дарабозы Рамазан Стамғазиев сынды көптеген зиялы қауымның кең құшағы, ақ пейілі жас талантқа ерекше ашық еді. Өйткені кешегі салқар дала­ның сарыны осы бір Ерболат ныспылы азаматтың өн бойынан есіп-сорғып, әуелеп көрініс беріп тұратын. Содан да болар, өнердің биігіне көтерілген, жерлесі Жақсылық Мырқаевпен жолығады. Да­рыны дара Дәнеш Рақышев пен Қай­рат Байбосыновтың шәкірті жас өнер­паздың бойынан жалын, жанарынан от байқаған көреген адам еді. Ән айтуы, ас­қақ биікте әуелете шырқауы жан жү­ре­гін тебіренткен. Содан шәкірт бо­лар тек­ті азаматты таптым деп қос ала­қанын ысқылаған дарабоз әнші жас талантты бауырына басады. Тағылымы терең туындылардың сырлы сымбатымен ғана қанықтырмай, мазмұн мәйегін, ішкі астарына дейін Ерболаттың бойына сіңіруге тырысады. Қағылездігі, зеректігі талан­тымен ұштасқан шәкірт те сонау С.Арон­ұлы атындағы Алматы облыстық филармонияға қызметке тұрғаннан бас­тап, ұлы ұстазы дүниеден өткенше бар қазынаны қотарып, дара әншіден текті елдің ғажайып әндерін үйренеді.

Иә, «алмас кездік қын түбінде» жатпайтыны белгілі. Жалын атқан жастығын әншілік өнерге арнап, жоғары оқу орнын зор абыроймен бітірген өнер иесі туған жердің түтінін түтетуді қалайды. Сөйтіп жер жәннаты Жетісуға бет тү­зейді. Сол уақытта Алматы облысының ор­талығы Талдықорғанға ауысып, жас­тар лек-легімен туған жеріне туын тігу­ге ниеттеніп көшіп келіп жатқан еді. Өмірде әр адамның басында ең бір аяу­лы сәтті шақ болады емес пе? Өскен жерден тамыр үзіп кеткісі келмеген талант С.Аронұлы атындағы облыстық фи­лармонияға жұмысқа қабылданып, өңірде дәстүрлі өнердің отын жағады. Жастық жігері жалындап тұрған жас жігіт қосымша Талдықорған қалалық өнер мектебінде Жетісу ән-жырынан са­бақ береді. Ең ғажабы өзі пір тұтқан ұлы тұлға Д.Рақышев атындағы мектеп-интернатында шалғай ауылдан келген балаларды өнермен сусындатып, дәстүрлі әнге баулығаны. Себебі бүгінде сол шәкірттерінің алды Шаттық Уатқан, Гүлмира Асылбекқызы секілді музыка майталмандары өнер саласында аянбай еңбек етуде.

«Дәнеш атамыздың есімін арқалаған қарашаңырақта білім беру маған тылсым күш бергендей болды. Себебі қазақтың маңдайына біткен айтулы әншісінің үні қалған білікті білім ордасы. Бала кезімде біздің ауылға концертпен келгені еміс-еміс есімде. Оның ән салған сахнасы, дәріс берген сыныптарын көргенде ерекше сезімге бөлендім. Мен үшін үлкен жауап­кершілік болды. Мектеп ішіндегі му­зейде аяулы жары Рахилям Имярова апа­йымыз қызмет істеді. Сол кісі арқылы көп­теген естелігіне қанықтым. Дәнеш Ра­қышевтың шәкірттерімен етене жақын бол­дым. Нұржан Жанпейісов, Абылайхан Қармысов секілді ағаларыммен әлі күн­ге тығыз байланыстамын», дейді кейіп­керіміз бұл орайда.

Олардың өнерге деген өлшеусіз сезімі, жанашырлығы өзі секілді сан шәкіртке ғұмырлық сабақ болғаны анық. Ел жайы, қоғам көрінісі, ұрпақ қамы мен әннің шығу тарихы жайлы таңға толғар тағылымды сөздері бойына қуат болып құйылғанын да жасырмады.

2016 жылдың күзінде ұлттық өнердің ақсақалдары Қайрат Байбосынов пен Алмас Алматов ұсыныс тастап, жайсаң Жетісудан асқаралы Арқаға қоныс аударды. Елордадағы ең үздік білім ордасының бірі – Қазақ ұлттық өнер университетінде Жетісу жыршылық дәстүрінен сабақ береді. Ағалары хабарласып жағдайды түсіндіргенде, екі қолын бірдей көтеріп келіскен екен. Олардың таңдауы түскеніне де ерекше қуанып, бала-шағасын алып, ештеңеге қарамай астананың төрінен бірақ шығады. Шынында, мың бұлақтың тамшысындай сылдырлаған сұлу сазды көкірегіңе қондырған өнерпаздың өнерге деген іңкәрлігін тілмен айтып жеткізу қиын-ақ.

Кешегі Қабан жырау, Сүйінбай, Сәді­қожа, Жамбыл сынды қасиет қонған арда бабалардан қалған жауһар жәдігерлердің нарқын бұзбай, ел ішінде насихаттап жүрген Ерболаттың ән өнеріндегі ерек­шелігі де сол жетісулық мақамға салып, асыл перзенттердің аманатын арқалап, дәстүрді жаңғыртқаны. Сол өнердің өре­сін кеңіткен бабалар үнін тыңдағанда кеудеңді бірде шаттық кернеп, бірде мұң ториды. Замана зары, өмір шындығы, ел ерлігі деген ізгі қасиеттердің бәрін кеуде­сі кенді кешегілер әнмен мұра еткеніне қай­ран қаласың. Мұны музыка әлемінің терең сырынан сусындатар тағылы­мы мол өнер ордасы – «Қазақконцерт» мем­­лекеттік концерттік ұйымының бас­шы­­­лары ескеріп, өнерпазды қосымша жұ­мысқа алады.

«Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Рабиға Есімжанова, Жаппас Қаламбаев, Мағауия Хамзин, Еркеғали Рахмадиев, Роза Бағланова тағы басқа қазақ музыка мәдениетінің қазығын қаққан көптеген ірі тұлғалардың айқын ізі қалған тарихы бай, тамыры терең «Қазақконцертте» қызметке тұрғанымда қатты қуандым. Бұл мен үшін үлкен мерей болды. Олардың өміршең әндерінің әуезі тыңдар құлаққа жағымды болса, мәні мен мазмұны уақыт өткен сайын арта түсер қазынамыз емес пе? Одан қалса Алтынбек Қоразбаев, Сара Тыныштығұлова, Айман Мұсақожаева, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Жеңіс Сейдолла, Жанғали Жүз­бай, Құмарбек Қалқатай, Клара Тө­лен­баева, Ардақ Балажанова, Азамат Жыл­тыркөзов, Димаш Құдайберген сынды дүлдүл әншілердің тамырына нәр бер­ген алтын шаңырақ, биыл 60 жасқа то­лып отыр. Бұл тек «Қазақконцерттің» ғана емес, ұлттың өнердің мерекесі. Со­ның ішінде Ерлан Рысқали бауырымыз же­текшілік ететін «Халық қазынасы» бө­лімі көнеден келе жатқан төл өнерінің сы­­нын бұзбай, елге жеткізіп жүр. Сол үшін де Мұқағали ақын айтқандай: «Баба­ларым, рахмет сендерге!» – деп неге те­бі­ренбеске», дейді әңгімесін тәмамдай келіп.

Естілердің есіл әңгімесін тыңдап өскен Ерболат Шалдыбеков бүгінде дәстүрлі әні­мен сан жүректі тебірентіп келе жат­қан қазақтың жезтаңдай ұлдарының бірегейі. Шағын мақалада әншілігімен күллі қазақтың жүрегін жаулап, еліне ер тұрпатымен танылған ғұмырынан еміс-еміс естелік таратқандай болдық. Ол аядай ғана Ақтам ауылынан шығып, өнер саласына ғұмырын арнаған күміскөмей әншілердің текті тиегі. Тар кезеңде төзімін желкен етіп, талай дауылда ерлігін ескек етіп табиғат сыйлаған талантына көлеңке түсірмей бүгінге жеткен тұлғалы азамат.