• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Қараша, 2020

Ағайынды Кличколар бізге бөтен емес

988 рет
көрсетілді

Кәсіпқой рингте ұзақ жылдар атой салып, көптеген атақ-даңққа қол жеткізген ағайынды Виталий мен Владимир Кличколардың есімдері қалың көрерменге жақсы таныс. Екеуі де кезінде небір дүлейлерді сұлатып салып, аса ауыр салмақта ең белді нұсқалар бойынша әлем чемпионы деген мәртебелі атаққа қол жеткізді. Ең бастысы, олар бізге бөтен емес. Кезінде бұл отбасы Қазақстанда тұрып, кеңпейіл қазақ халқымен аралас-құралас болды, тонның ішкі бауындай етене араласты. Кейіннен өздерінің тарихи отаны – Украинаға қоныс аудардарса да, бізбен байланысын еш үзген жоқ. Ара-тұра Алаш топырағына табан тіреп тұрды. Сол кездері бал дәурен балалық шақтарын қимас сезіммен еске алып, қонақжай халқымызға ақ алғыстарын жаудырғанына көпшілік куә.

Даңқты боксшылардың әкесі – Владимир Радионович әскери адам болды. Шені – генерал-майор. Сол себепті де олар өз отбасы мүшелерімен үнемі көшіп-қонып жүрді. Үйдің үлкені Василий 1971 жылы Қырғызстанның Беловодск қаласында туса, Владимир 1976 жылы Семей өңірінде дүниеге келді. Кейіннен Жамбыл облысы мен Алматы қаласында да бірер жыл тұрақтаған екен. Олар жас­тайынан спортпен шұғылданып, түрлі жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, Василий Кличко алғашқы қадамын кикбоксингтен бастады. Екі рет әуесқойлар және төрт рет кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы атанды. Алайда спорттың бұл түрі Олимпия ойындары бағдарламасына енбегендіктен, көп ұзамай боксқа ауысты. Әуесқойлар рингінде ол біраз белесті бағындырып үлгерді. Аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Василий Украина біріншілігінде үш мәрте бас жүлдені ұтып, Римде өткен әскерилердің дүниежүзілік ойындарында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 1995 жылы Кличко әлем чемпионатының  күміс жүлдегері атанды.

Владимир Кличко 17 жасында бокстан жасөспірімдер арасын­да Еуропа чемпионы атағын жеңіп, Украина біріншілігінде бес мәрте топ жарды. Сондай-ақ әскерилердің дүниежүзілік ойындарының жеңім­пазы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Владимир әуесқойлар рингінде өзінің ең зор табысына 1996 жылы қол жеткізді. +91 кило салмақта бақ сынаған украиналық боксшы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында бас жүлдені қанжығасына байлады.

Әуесқойлар арасында орасан зор табысқа жеткен ағайындылар Олимпиада аяқталған бетте Гер­манияға аттанып, кәсіпқой боксқа мықтап ден қойды. Екі айға жетер-жетпес уақыт даярланған олар 1996 жылдың 16 қарашасында тұ­сау­кесер кездесулерін өткізді. Гамбургте жалауы желбіреген жарыста Виталий америкалық Тони Бредхэмді екінші раундта есінен тандырса, Владимир АҚШ бокс­шысы Фабиан Мезаны бір жарым ми­нутқа жеткізбей ұрып жықты. Тырнақалды айқастағы айқын жеңіс Кличколарды қанаттандырды. Со­дан кейін екі жыл бойы олар еш­кімге есе жібермеді.

1998 жылдың 14 ақпанында Владимир Штутгартта WBС нұсқа­сының интерконтиненталдық кубогы үшін таласуға мүмкіндік алды. Үшінші раундта украиналықтың ауыр соққыларынан кейін АҚШ боксшысы Маркус Макинтайр орнынан тұра алмады. Ал Виталий Любек қаласында өткен WBО тұжы­ры­мының тәжі үшін бәсекеде Дик Раянды бесінші раундта нок­даунға жіберді. Жерлестерінің жағ­дайы мүшкіл екендеріне көздері жеткеннен кейін АҚШ бапкерлері рингке ақ орамал тастады.

Соған дейінгі өз жекпе-жек­те­рінің барлығын Германияда өт­кізген Кличколар 1998 жылдың жа­зында АҚШ-та өнер көрсетуге ша­қыр­ту алды. Бұл тәкаппар амери­ка­лықтардың олардың мықтылығын мойындаумен пара-пар еді. Өйткені екінің біріне кәсіпқой бокстың отанында өнер көрсету бақыты бұйыра бермейді. Владимир Луизиана штатының Марксвиль қаласында  Карлос Монроны алтыншы раундта, ал Владимир Майамиде Рикардо Кен­недиді бірінші раундта-ақ нокаут­пен жеңді. АҚШ-тан басқа жер­де өткен бәсекелерге аса мән бер­мей­тін жергілікті мамандар осын­дай әдемі жеңістерден соң Еу­ро­пада тамаша боксшылар өсіп келе жат­қандығын еріксіз мойындады.

Спортта жеңіс пен жеңілістің қатар жүретіні белгілі. Ерте ме, кеш пе төрт тұяғын тең басқан тұл­пар­лардың да сүрінетін кезі болады. Сол жылдың желтоқсан айында Вла­димир Киевте өз жерлестерінің көз алдында оңбай ұтылды. WBС нұс­қасының интерконтиненталдық кубогы үшін айқаста ол америкалық Росс Пьюриттиді көгала қой­дай сабап жатып, 11 раундта абай­­сызда қатты соққы алды. Клич­­ко­ның есі ауып қалғанын көр­ген бапкері дереу жекпе-жекті тоқ­татыңдар деп төрешіге өтініш айтты. «Бұл сәтсіздік мен үшін үл­кен сабақ болды. Бапкерімнің ақы­лын тың­дағанның орнына мен қыз­балыққа салындым. Жанкүйерлер ай­қайлаған сайын алға ұмтылып, қар­сыласымды ұрып жығуға асық­тым. Көрермендерді ерекше шат­тан­дырғым келді. Ал оның ақы­ры осындай жағдайға әкеліп соқ­тырды», деп бәсекеден кейін Вла­димир ағынан жарылды.

Ал Виталий болса, қарсы­лас­тарын бірінен соң бірін ұтып жатты. Әуелі италиялық Франческо Спи­неллиді ұтып, Еуропадағы теңдессіз боксшы екенін тағы бір дәлелдесе, 1999 жылы ұлыбританиялық Херби Хайдты екінші раундта есінен тан­дырып, WBО нұсқасының чем­пиондық тәжін иеленді. Маусым­ның соңына дейін Виталий Кличко сол атағын тағы екі мәрте қорғады.

Аталған боксшылардың бір ерек­шелігі – жеңіліп қалған жағдай­дың өзінде олардың жігері жасымады. Келесі жолы есесі кеткен қар­сыласын сабамай тынбады. Мәселен, 2000 жылдың ақпа­нында Виталий Берлинде Крис Берд­тан ұтылды. Ұтылғанда қолынан жара­қат алып, тоғызыншы раунд аяқ­талған соң жекпе-жекті жал­­ғас­тырудан бас тартты. Сол кез­де жанкүйерлер мен журналис­тер оны АҚШ боксшысынан құ­лап қалудан қорқып, осындай қа­дам­ға барды деп айыптады. Тіптен, «қор­қақ», «сужүрек» деген сөздер де айтылды. Ал өзінің бұл шешімін Кличко «Әр адам үшін ең басты байлық – денсаулық. Ал денсаулығың сыр бергенде жеңіске жету өте қиын. Сол себептен де WBO-ның чемпиондық белбеуін өз еркіммен Бердке бердім. Соның қы­зығын уақытша көре тұрсын. Чем­пиондық атақ қайда кетер дейсіз, жарақатым жазылған соң белбеуді қайта қайтарып аламын ғой» деп түсіндірді.

Қос мықтының жолы рингте әлі қиысқан жоқ. Алайда сол жыл­дың қараша айында інісі Вла­димир Кельн қаласында Крис Бердті екі рет есеңгіретіп, айқын ба­сымдықпен жеңді. Сөйтіп арада сегіз ай өткен соң WBO-ның чем­пиондық белбеуі Кличколардың шаңырағының төрінен орын тапты. 

 Ағасы да қарап қалған жоқ.  Бір кездері Киев қаласында Росс Пьюриттиге інісі жіберген есесі есіне түсіп, сол боксшымен жұ­ды­рық түйістірудің амалын қарас­тырды. Араға үш жыл салып олар­дың жолдары қиысты. Дортмундта ұйымдастырылған бәсекеде Ви­талий Пьюриттидің бет-аузын қан­ға бояды. Бұл оқиға жайында баян­далған «Ағайындылардың кегі», «Қанға – қан, жанға – жан» атты құлаш-құлаш мақалалар кезінде баспасөз беттерінде жарық көргені де есімізде.

 Кәсіпқой рингке ауысқалы бергі жеті жыл аралығында азулы боксшыларға айналған ағайындылар үшін 2003 жыл аса сәтсіз болды. WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын алтыншы мәрте қорғауға шыққан Владимир ойда-жоқта 38 жастағы Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Корри Сандерстен екінші раундта ойсырай ұтылды. Бұл жеңіліс оның беделіне елеулі нұқсан келтірді. Ал Виталий «құласаң нардан құла» деп, WBС нұсқасының тәжі үшін  атақты Леннокс Льюистің өзімен жұдырықтасты. Бұл украиналық жігіттің кәсіпқой рингке табан тірегелі бері аңсап жүрген арманы еді. Енді сол арманды ақиқатқа айналыру үшін Кличко барын салып айқасты. Екінші кезеңде Виталийдің ауыр соққысынан әлем чемпионы құлап қала жаздады. Жалпы статистикаға сүйенсек, Кличконың әрбір төрт соққысына Льюис бір ғана соққымен жауап қайырып отырған. Алайда бұл кеште әлем чемпионы атану бақыты Виталийге бұйырмады. Бәсеке барысында Кличконың қабағы жарылып, дәрігер алтыншы раундтан соң оған айқасты әрі қарай жалғастыруға рұқсат бермеді. Бірақ содан кейін Виталий Кличконың қаншалықты мықты екенін сезген  ұлыбританиялық қарымта матчта оңбай ұтылатынын сезсе керек, бокспен қош айтысты.

Қуаныш пен өкініш алмасқан күндер өтіп жатты. Ал алдарына биік мақсат қойған ағалы-інілі Кличколар жанкешті жаттығуларын жалғастырып, көз арбаған белестерге көз тікті. Ақыры Виталий іріктеу сайысында Кирк Джонсонды, ал шешуші бәсекеде Корри Сандерсті айқын басымдықпен ұтып, ең белді тұжырым – WBС бойынша әлемдік тәжді иеленді. Іле-шала үлкен Кличко Денни Уильямсты сегізінші раундта есінен тандырып, аса ауыр салмақтағы төрткүл дүниедегі ең мықты боксшы екенін тайға таңба басқандай етіп дәлелдеді. 

Кәсіпқой рингтегі Виталий Кличконың карьерасы 16 жылға (1996-2012 жылдары) созылды. Сол аралықта 47 жекпе-жектің тек екеуінде ғана ұтылды. 41 қарсыласын есінен тандырды. Ол тек Крис Берд пен Леннокс Льюиске ғана есе жібергенін жоғарыда айттық. Владимир 20 жылға жуық уақыт бойы (1996-2017 жылдары) кәсіпқойлармен күш сынасты. Семей өңірінің тумасы 69 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, 64 рет жеңіс тойын тойлады. 54 бәсекеде қарсыластарын есінен тандырды. Екеуі де ең белді нұсқалар бойынша чемпиондық белбеуді иеленіп, өздерінің мықтылығын түбегейлі мойындатқан саңлақтар екені еш дау туғызбайды.   

Ағайынды Кличколардың рингтен тыс өмірлері де өзгелерге үлгі боларлық. Олар басқа бокс­шылар секілді бос уақыттарын ойын-сауық орталықтарында, казинолар мен мейрамханаларда өткізбейді. Жанжал мен дау-дамайдан да бойларын аулақ ұстауға тырысады. Екеуі де кезінде білім нәріне сусындап, бірі – философия ғылымдары бойынша, екін­шісі – спорт тақырыбында канди­даттық диссертация қорғады. Түрлі ұйымдар мен қорларда бас­шы­лық қызметтер атқарды. Қайырым­дылық шараларын да жиі қатысып жүр. Ағайындыларды саяси додаларда да жиі көріп жүрміз. Бұл ретте Виталий ерекше белсенділік танытуда. Кезінде ол Украина президентінің кеңесшісі болса, бұл күндері Киев қалалық әкімшілігінің басшысы қызметін атқаруда. Екеуі де түрлі марапаттан кенде емес. Інісі бірнеше орден мен медальды кеудесіне тақса, ағасының «Украина батыры» деген аса мәртебелі атағы бар. Міне, Виталий мен Владимир осындай жандар. Олар тек спортта ғана емес, күнделікті өмір мен саясатта да тек биіктен көрінуде.