Ақтөбе облысы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлесіп ұйымдастырған «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты іс-шарасы Ақтөбе қаласында өткізіліп, оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған, еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған бірқатар қаламгер қатысты.
Қаламгерлердің басқосуында облыс әкімі сөз сөйлеп, ақын-жазушыларды құттықтады. Ақтөбе топырағы түлеткен талантты қаламгерлер туралы баяндап, олардың қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбектерінің ұмытылмайтынын атап өтті. Соның ішінде Нұрпейіс Байғанин, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Жиенғали Тілепбергенов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Тобық Жармағамбетов, Есенбай Дүйсенбаев, Қажығали Мұқанбетқалиев сынды әдебиеттің бір-бір биігі саналған қаламгерлерге ерекше тоқталды. Сондай-ақ аталмыш іс-шараның елдің рухани дамуына, қазақ әдебиетінің өсіп-өркендей беруіне тың серпін беретінін де жеткізді.
Осы жерде айта кету керек, Ақтөбе облысы басшылығы біраз жылдардан бері қаламгерлер мен өнер шеберлерінің шығармашылығына жан-жақты қамқорлық көрсетіп келеді. Мысалы, өткен жылы Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев және Тобық Жармағамбетовтердің мерейтойлары кең көлемде аталып өткен болатын. Оған қоса «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен 50 томдық кітап жарық көргені белгілі. Әдебиет әлемінде өшпестей із қалдырған ақтөбелік ақын-жазушылардың құрметіне жеті атаулы стипендия тағайындалған еді. Кешегі іс-шара барысында сол жеті стипендия өз иелерін тапты. Оған қоса келер жылы алты қаламгерге осындай атаулы стипендия тағайындалатыны хабарланды. Сонымен, ақтөбелік қаламгерлердің құрметіне әрқайсысы бір миллион теңге көлеміндегі стипендиялар төмендегі ақын-жазушыларға берілді: Драматургия жанры бойынша Тахауи Ахтанов атындағы сыйлықты Серік Асылбекұлы, әдеби көркем аударма жанры бойынша Қуандық Шаңғытбаев атындағы сыйлықты Байбота Қошым-Ноғай, балладалар мен дастандар бойынша Сағи Жиенбаев атындағы сыйлықты Жанат Әскербекқызы, проза жанры бойынша Тобық Жармағамбетов атындағы сыйлықты Мархабат Байғұт, сатира жанры бойынша Үмбетбай Уайдин атындағы сыйлықты Қонысбай Әбіл, поэзия жанры бойынша Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықты Олжас Қасым және балаларға арналған шығармалар бойынша Ізтай Мәмбетов атындағы сыйлықты Ертай Ашықбаев еншіледі.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының басшысы Ұлықбек Есдәулет бастап келген арнайы қонақтар облыс әкіміне өңірдің шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс айтты. Облыс әкімі О.Оразалин кездесу соңында қаламгерлерге сан-салалы қолдау көрсетуді жалғастыра беретіндіктерін жеткізді.