Алдағы желтоқсанда ұлттық балеттің қазынасы тағы бір шығармамен толығады. Яғни композитор Тілес Қажығалиев музыкасын жазған «Дала үні» атты жаңа ұлттық балет хореограф Патрик де Бананың қойылымымен желтоқсанның 12-сі мен 13-інде көрермендерге ұсынылады.
Шығарманың қоюшы дирижері – Абзал Мұхитдин, либретто авторы – танымал қазақстандық кинорежиссер, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, хореографиялық либретто адаптациясының авторы – Жан Франсуа Вазель.
– Біз бұл маусымда осымен екінші премьераны дайындаудамыз, сондай-ақ жыл соңына дейін жаңа толық ауқымды опералық спектакль қою жоспарымызда бар. Қазіргі жағдайға сәйкес театрдың қарқыны жаман емес деп есептеймін. «Дала үні» ұлттық балеті – бұл қазақстандық және шетелдік шебер мамандардың тың ойларының тандемі. Әдетте, пікірлестер жиналған жерде шығармашылық туындайды, ал біз орасан зор ойларды өмірге әкеліп жүрген жоғары деңгейлі кәсіпқойларды таңдап алдық деген ойдамын. Залдарда дайындық жұмыстары басталып кетті, труппа толықтай жұмысқа кіріскен, театр цехтарында костюмдер тігілуде, декорациялар мен бутофориялар жасалуда. Премьера өте қызықты өтетініне сенімдімін, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.
Шығарма барысында ержүрек сәулетшіге қанат бітірген армандары заманауи хореография тілімен жеткізілетін болады.
– Бұл балеттің бірінші бөлімі ұлттық би элементтерінен құралған дәстүрлі болып келеді, ал екінші бөлімі стильге бағындырылған әрі әсем қала өмірін көрсетеді. Ұлттық қимыл-қозғалыстар маған шабыт береді, мен оларды зерделеймін де, өз әлеміме енгіземін, кейін өзімнің икеміме сай сәл өзгертіп, бейімдеймін. Хореография жасаған кезде мен үшін музыка әрдайым бірінші орында тұрады. Аталған спектакльде біз Т.Қажығалиевтің музыкасын пайдаландық, ол өте ыңғайлы, себебі әуел баста балетке арнап жазылған – деді қоюшы хореограф Патрик де Бана.
Қойылым тобына асқақ өнер әлемінің хас шеберлері енген: Рикардо Санчес Куэрда – декорациялар бойынша суретші, Стефани Бауэрле – костюмдер бойынша суретші, Карлос Пино-Кантана – композитор-әрлеуші, Джеймс Ангот – жарық бойынша суретші. Дариға Тайшықова – костюмдер бойынша суретшінің кеңесшісі, Ұлтай Ерденбекова – жарық бойынша суретшінің кеңесшісі, Алина Үсенбаева – сценографияны басқарушы, Серік Басбаев, Зарина Аймұханова – грим бойынша суретшілер.