Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, депутаттар мемлекеттік шекара, көші-қон және кеме қатынасы туралы заңдарды қабылдады.
Шекара қызметінің тиімділігі артады
Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады.
Заң жобасына қатысты пікір білдірген Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мемлекеттік шекара – ұлттық қауіпсіздігіміз бен елдігіміздің кепілі. Бұл заң ұлттық қауіпсіздік органдарының басқару қызметін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту және арнайы техникаларды қолдану арқылы мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау жүйесін жетілдіруге жол ашады.
«Заңда маңызды нормалар қарастырылды. Олар Президентіміздің мемлекеттік шекараның мызғымастығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға арналған. Қазіргі таңда әлемде түрлі сын-қатерлердің туындап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан шекараны уақыт талабына сай күзетудің және қорғаудың мықты жүйесін қалыптастырудың маңызы зор. Осы орайда бүгін қабылданған заң ұлттық қауіпсіздік органдары мен шекара қызметінің тиімділігін арттыруға, шекарамыздың беріктігін қамтамасыз етуге қызмет етеді деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.
Аталған заң жобасы жөнінде Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов баяндама жасады. Оның айтуынша, құжат ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған.
«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жалпы жүйесіне қосу, біріктіру арқылы Шекара қызметінің басқару моделі оңтайландырылды. Әскери басқару органдары құрылымын қалыптастыру қағидаты өзгереді. Бұрын ол әскери принципте негізделсе, енді әкімшілік-аумақтық жағдайды да қарастырады.
Мемлекеттік шекараны қорғау мен күзетудің тиімді жүйесін құру өте маңызды. Сонымен қатар бұл барған сайын кешенді сипатқа ие болып отырған сын-қатерлер мен қауіптерге іс-қимыл жасау қажеттігінен туындап отыр. Мемлекеттік шекараны қорғау органдары аралас принцип бойынша жасақталады. Құрамы әскери қызметшілерді де, қызметкерлерді де қамтиды. Осыларды ескере отырып, оларды бір санаттан екінші санатқа өткізу құқығы қарастырылған», деді Н.Нұрсипатов.
Сонымен қатар сенаторлар «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылдады. Сенат Төрағасы бұл құжаттың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің байланысын нығайтуға, көлік инфрақұрылымын дамытуға және тауар айналымын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.
«Қазақстандық флоттың ашық теңіздерге шығуы үшін осы келісім мен заңның стратегиялық маңызы бар. Бұл құжат алдағы уақытта Ресейдің ішкі су жолдары арқылы Қара және Жерорта теңіздеріндегі порттарға дейін тасымалданатын жүк көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сол арқылы ел экономикасының өркендеуіне ықпал етеді», деді Мәулен Әшімбаев.
Заң жобасын депутаттарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев түсіндіріп берді. Келісімнің негізгі ережелері ішкі су жолдары бойынша кемелердің транзиттік өтуіне рұқсат беру тәртібін жеңілдетуге бағытталған.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, жаңа келісімге сәйкес транзиттік өтуге арналған өтінімді қарау мерзімі 10 күн болып белгіленді. Ал оған рұқсатты Ресей үкіметі емес, Ресейдің Көлік министрлігі бермек.
«Ресейдің ішкі су жолдары арқылы тек қазақстандық компаниялардың жеңілдетілген тәртіппен өту мүмкіндігі бар. Еуразиялық одаққа мүше емес Каспий маңы елдері Каспий порттарынан Қара теңіз порттарына жүк тасымалдау үшін қазақстандық тасымалдаушыларды тартуға дайын. Ақтау және Құрық порттарының Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша мүмкіндігі артады. Келісімді қабылдау арқылы Ресейдің ішкі су жолдарымен транзиттік тасымал көлемін 2025 жылға қарай шамамен 250-300 мың тоннаға арттыру көзделіп отыр», деді Б.Қамалиев.
Сондай-ақ келісім аясында екіжақты тасымалдарды хабарлама тәртібіне ауыстыру қарастырылған. Жыл сайын 1 сәуірге дейін уәкілетті органдар екіжақты тасымалдарды жүзеге асыратын кемелердің алдын ала тізімдерін келіседі. Қажет жағдайда бұл тізімге өзгеріс енгізу мүмкіндігі қаралған.
«Бұл ретте Келісім қабылданғаннан кейін қазақстандық тасымалдаушылар Ертіс бассейні шегінде ғана емес, Обь өзеніне дейін жүк таси алады. Бұдан бөлек, Атырау, Астрахань, Волгоград порттары арасындағы екіжақты тасымалдарды жаңарту мәселесі пысықталып жатыр. 2025 жылға қарай өзен тасымалдарының көлемін 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу болжанып отыр.
Келісімге сәйкес, тараптар порттар қызметтеріне тең жағдайлар жасайды, сондай-ақ кеме және экипаж мүшелерінің құжаттарын өзара таниды. Бұл бақылаушы органдардың кемелерді қарап-тексеру рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді», деді Б.Қамалиев.
Бұдан бөлек, отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Осы келісім аясында мемлекеттер азаматтардың көші-қоны, көші-қон заңнамасының бұзылуы және заңсыз көші-қон жолдары туралы ақпараттарды, сондай-ақ елдердің бірінің аумағында тұруға негіздемесі бар тұлғалардың құқықтық мәртебесі жөніндегі мәліметтерді алмасуға мүмкіндік алады.
Осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құжаттың азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік беретініне тоқталды. Атап өтерлігі, Келісімге 2019 жылы 25 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылды.
«Статистика мен ақпарат алмасуға мүмкіндік бар. Азаматтар туралы жеке ақпарат алуға болады. Екі ел үкіметтері тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көрсетеді. Қазақстан мен Беларусь азаматтарының құқықтық мәртебесі анықталады. Көші-қон саласындағы қылмыстармен күресіп, заңсыз каналдарды жоюға болады», деді министр.
Облыстар қаражатын қайта қарау қажет
Отырыс кезінде сенаторлар тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар депутаттық сауал жолдады. Сенатор Әли Бектаев Түркістан қаласының инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар мәселеге қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.
«Түркістан қаласында салынып жатқан көркем ғимараттардың көпшілігін ауыз сумен, кәріз жүйесімен, электр желілерімен, жылу жүйелерімен қамтамасыз ету шешілмеген. Қала көшелерінің ирригациялық жүйелері мен инженерлік-инфрақұрылымдарына қаржы жеткілікті деңгейде қаралмаған. Инфрақұрылымы шешілмеген ғимараттарға, тұрғын үйлерге тұрғындарды қалай орналастыруға болады, сол ғимараттардың жұмыс істеуі мүмкін бе? Ертең инфрақұрылымдарды қайта жүргізген уақытта салынған жолдар мен көшелер қайта бұзылмай ма?» деген сауал тастады депутат.
Ол қаланы абаттандыру жұмыстарын да құрылыс жобаларымен бір мезгілде жүргізуді ұсынды. Сондықтан 2021-2023 жылдарға арналған Республикалық бюджетті қарау барысында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымын қалыптастыру қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлерді сумен қамтамасыз ету мен кәріз жүйелеріне, электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қосалқы станция салуға, тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуге шақырды. Депутат жаңадан салынып жатқан қала аумағын абаттандыруға, қаладағы жаңа тұрғын үй алабына инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізуге, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының айналасын абаттандыруға қаражат бөлуді сұрады.
Депутат Әбдәлі Нұралиев Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасын республикалық бюджеттен қаржыландыру туралы Премьер-Министр А.Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Сенатор өзінің сауалында ауылдық аумақтар кез келген мемлекеттің маңызды ресурсы екенін айта келіп, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асып жатқанына тоқталды.
«Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдардың тарапынан атқарылған қажырлы ізденіс пен ұйымдастырушылық жұмыстардың нәтижесінде ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылған. Өкінішке қарай, белгілі себептермен жобаны қаржыландыру 2020 жылы тоқтап қалған. Бүгінгі таңда жобаның екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Қанатқақты жобаның екінші кезеңін одан әрі іске асыру үшін қосымша 20 ауылдық округ іріктеліп алынған. 3 631 жобаға қажетті қаражат –11,5 млрд теңге», деді сенатор Әбдәлі Нұралиев.
Депутат жобаны одан әрі жалғастыру және «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына түзету енгізу үшін тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруді сұрады. Сенатор сауалына әріптестері депутаттар Мұхтар Жұмағазиев, Дүйсенғазы Мусин, Қайрат Қожамжаров және Еділ Мамытбеков қол қойған.
Сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында еліміздегі үш мыңнан астам жұмысшы жалақы ала алмай отырғанына алаңдаушылық білдірді. Жұмыс берушілердің қарызы бүгінгі таңда 1 миллиард 77 миллион теңгеге жеткен көрінеді.
Депутат еліміздегі 50 кәсіпорында еңбек етіп жүрген жұмысшылардың төленбеген жалақысының жалпы сомасы 530 миллион теңгеден асып кеткенін айтты. Сондай-ақ 190 қызметкер жұмыс істейтін 16 кәсіпорынның қарызы 115 млн теңгені құрап отыр, оны болашақта да төлеу мүмкін емес көрінеді.
«Әлеуметтік шиеленістер мен еңбек қақтығыстарының қаупін бақылау мүмкіндігін қарастыру, әр кәсіпорын үшін әлеуметтік тұрақтылық индексін анықтау, оларды шешудің нақты шараларын әзірлеумен әр проблемалы кәсіпорынның жағдайын бағалау және жұмыс істеп тұрған қала құраушы әрі ірі кәсіпорындарға айрықша көңіл бөлу керек. Олардың жағдайы аймақтардағы саяси-әлеуметтік ахуалға әсер етеді», деді Андрей Лукин.
Андрей Лукин жұмысшылардың жұмыспен қамтылуын бақылау үшін, сондай-ақ жалақы бойынша берешектің өсуіне жол бермеу үшін еңбек келісімшарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін қолдануды ұсынады.
Білім саласының кемшілігі көп
Сенатор Ақылбек Күрішбаев Үкімет басшысына жолдаған сауалында отандық жоғары оқу орындарының жұмысындағы түйткілдерге тоқталып өтті. Депутат университеттердің басқару жүйесіне енгізілген реформалардан өзге ғылыми әлеуетінің, білім беру бағдарламалары мен инфрақұрылымының сапасына ерекше мән беру керектігіне назар аударды.
А.Күрішбаев шетелдің жетекші университеттеріндегі тәжірибені мысалға келтіріп, еліміздегі ЖОО студенттеріне іргелі ғылымдар бойынша тиісті деңгейде заманауи білім бере алмай отырғанын жеткізді. Сонымен қатар бізде алынған теориялық білімге іс жүзінде машықтану үшін тәжірибелік базалар жоқтың қасы екенін атап өтті. Шетелдік алдыңғы қатарлы университеттердің тәжірибесін пайдалана отырып, еліміздегі білім беру ошақтарын ғылыми-зерттеу оқу орны ретінде айқындау ғылыми жобалардың нәтижелі болуына әрі тәжірибе жинақтауда тиімділікке ықпал етеді.
Сенатор жалпы университеттердегі басқару жүйесіне реформа қажет екенін атап өтті. Арнайы ғылыми кеңестің алқалы құрамын тағайындау және оның функцияларын заңмен бекіту қажеттігі, ал ректорларды сол Ғылыми кеңесте сайлау туралы ұсыныс айтылды.
Бүгінде Ресей, Германия секілді мемлекеттердің жоғары оқу орындарының басым бөлігі зерттеу бағытындағы университеттер ретінде жұмыс істейді. Сенатор дәл осы жүйені елімізде де енгізу жастардың ғылымға ықыласын арттырып, сапалы мамандарды даярлауға жол ашатынына сенімді.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес 2019 жылы мамандарды даярлау үшін мемлекеттік грантта оқыған университет түлектерінің тек 40-74%-ы жұмысқа орналасқан. Түлектердің өз мамандығына сай жұмысқа орналасқаны туралы нақты ақпарат та жоқ.
«Егер жағдай өзгермесе, біз жыл сайын бюджет қаржысының кем дегенде 10 млрд теңгесін тиімсіз жұмсап отырамыз. Бұл дәйектер еліміздің жоғары білім саласындағы елеулі кемшіліктердің бетін ашып отыр», деді сенатор.
Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған Әлімжан Құртаев Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетін жабдықтауға және Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған мемориалды кешен құрылысына қажетті қаражат бөлу мәселесін сөз етті.
Жаңа оқу жылынан бастап студент қабылдаған Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ғимараттары қаңырап бос тұр. Өйткені оқу орнын жабдықтауға қажетті қаражат әлі бөлінбеген.
Депутат Түркістан қаласының отандық туризм саласындағы рөліне назар аударып, осы бағытта маман даярлайтын білім ордасының маңызы зор екенін айтты. Алайда Елбасының бастамасымен және Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған университет ғимараттарының әлі күнге дейін жабдықталмағанына қынжылыс білдірді.
«Әзірге бұл дау-дамайдан пандемия құтқарып тұр деуге болады. Себебі студенттер індетке байланысты қашықтан білім алып жатыр. Қазір Білім және ғылым министрлігі дәстүрлі білім алуға көшу мәселесін қозғап жатқаны белгілі. Мұндай жағдайда бұл университеттің студенттері не істейді?», деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, Түркістан облысының әкімдігі оқу орнына арнайы 4 ғимарат бөлген. Оның екеуі жаңа болса, екеуі жөндеуден өткізілген бұрынғы нысан. Сондай-ақ қазіргі таңда аталған білім ордасында 588 студент 6 бағыт бойынша білім алып жатыр. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін сенатор тиісті қаражат бөлуді сұрады.
«Қазір Халықаралық туризм және меймандостық университеті толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Оқу үдерісі бірінші курста ғана жүргізіліп жатыр. Соны ескере отырып, 4 негізгі ғимараттың біреуін жабдықтауға қажетті 577 миллион теңгені 2021 жылдың бюджетінде қарастыруды сұраймыз», деді Әлімжан Құртаев.
Сонымен қатар депутаттық сауалда қазақтың даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай салынуға тиіс мемориалдық кешен құрылысына да қаржы бөлінбегені айтылды. Сауалға Әлімжан Құртаевпен бірге сенатор Әли Бектаев қол қойған.
Бақытжан Жұмағұлов өз сауалында оқулықтардың сапасын арттыру мәселесіне тоқталды. Сенатордың сөзіне сенсек, кейінгі жылдары оқулықтар сапасы мүлдем төмендеп кеткен.
«Оқулықтар туралы сын бұрын да айтылатын. Бірақ 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан мұндай сын бұрын-соңды болған емес. Неге? Өйткені білім беру жүйесі Кембридж моделіне көше отырып, оны практика жүзінде сараптамадан өткізбеді. Оқулықтар асығыс, үстірт жазылды, жыл сайын үш сынып осы жүйеге көшірілді. Авторлар мен сарапшылардың жеткілікті деңгейде дайындығы мен айтарлықтай тәжірибесі болмады. Әрі оқу пәндері қалыптасқан модельге сәйкес келмеді», деді сенатор.
Депутаттық сауалда оқулықтардың құрылымы мен мазмұны терең өзгерістерге ұшырағаны айтылған. Бүгінде оқулық мәтіндері, грамматикалық қателер, иллюстрациялар және тағы басқа мәселелер жұртшылық тарапынан сынға ұшырап келеді.
Сенатор сараптама жүргізу рәсімдері мен тетіктерін жетілдіруді, оқулық басылымдары сарапшыларын жаңа деңгейге көтеруді ұсынды. Олардың біліктілігін арттыру әдістемесін әзірлеу, қажетті құзыретін және олардың жауапкершілік дәрежесін айқындау керек. Оқулық авторларының өздеріне деген көзқарасын да өзгерту қажет. Баспалардың барлығы дерлік оқулықтар жазуға жоғары оқу орындарының ғалымдарын, мектеп мұғалімдері мен әдіскерлерді тартады. Барлық тартылған авторлардың негізгі жұмысы бар, олар үшін шығармашылық демалыстар жоқ. Сенатор терминология мәселесіне де тоқталды.
«Лингвистердің өзі кейбір ғылыми терминдерді пайдалануда бір пікірге келе алмайды. Авторлар терминдерді әр сәтте әртүрлі пайдаланып, шатастыруға жол береді. Оқу әдебиетіне қатысты терминдерді бекіту үшін ауқымды жұмыстар жүргізу қажет», деді Бақытжан Жұмағұлов.