• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Қараша, 2020

Дәстүрлі әннің Дәурені

1051 рет
көрсетілді

Сарыарқаның кең сахарасы қазақы көне дәстүрлерге, тағылымы терең мәдени мұраларға, тамыры терең шежіре тарихқа, табиғаты ерекше ән мен күйге ежелден бай қоныс. «Алаш алаш болғанда, ала тай ат болғанда, таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» осы Сарыарқада сары жұрт болды. Бұл байырғы ата мекен қазақтың әлі де қазыналы пұшпағы, қасиетті тұрағы ретінде киелі. Ұлт болмысының ұстынындай Арқа өңірін тілге тиек етсек әлбетте әуезді әндері мен қырық буын қосбасар күйлері еске түседі. Сарыжайлау даланың шетіне іліккеннен бұта түбі бозторғай ән әуелетіп, киік жосыған кең адырда күй күмбірлей бастайды.

Жалпы Сарыарқа даласын ұзақ мекен еткен жұрт оның тау-тасы, өзен-көлі, оларды жағалай қонған жасыл құрақ мәңгі ән салып тұратынын біледі. Боз көдесі теңіздей толқып жатқан бетегелі белдер алып сахна сияқты көшпелі жұрттың көне сарындарын жаңғыртып жатады. Ұсақ шоқылы сілемдері ән тыңдауға жантайған күйі мәңгіге қалғып кеткен сауықшыл сері жұрттай тыныс­тайды. Сылдырай аққан сылқым өзендері сұлу да сымбатты аймаңдай арулардың сылқ-сылқ күлкісін келтіріп ағады. Бір сөзбен айтқанда қазақ сахарасының құйқалы бұл қыраты өнер мен дәстүрді ежелден ұштастырған елдің ең бір еңселі кезеңін еске түсіреді.

Енді осынау шеті-шегі көрінбейтін киелі кең сахнаның өнерпаздары кім деген сұрақ туындайды. Арыдан Ақан серілер, кешегіден Күләштар, беріден Бекболаттар болып бұл даланың төл таланттары осынау сәнді сахараны тамылжыған тәтті әннен ешқашан кенде қылған жоқ.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз дәстүрлі ән мектебінің дарабоз дарыны, дала дауысты Дәуренбек Әркеновтің де бұл мекеннің бір ардақты перзенті ретінде қара домбырасына қамшы салдырған емес.

Сұлу әндері сахнаның сәнін кіргі­зетін бұл есімді бергісі Арқа, арғысы Алаш жақсы білуі тиіс. Дегенмен ел газетінде есімін айшықтап айтудың жөні бөлек деп ойлаймыз.

Жалпы Әркеновтің әндерін небір өнер саңлақтары бас бармақпен бағалап жатқан болар. Дегенмен көзі тірі классик жазушы Мұхтар Ма­ғауиннің ықыласы ерекше ауғанын атап айтқан жөн.

Былтыр бақилық болған қаламы қарымды журналист Мағауия Сембай туралы естелік мақаласында Мағауин Қарқаралыға барған сапарын баяндай келіп сонда кезіктірген екі әншіні бөлек жазыпты. Біреу біздің кейіпкер – Дәуренбек. Сөзіміз нанымды болу үшін мақаладағы сол үзікті толық ұсынғымыз келеді: «Бұл Кент сапары да есте қаларлық өзгеше оқиға болды. Тау іші, қалың қарағай арасындағы шағын алаңқайға жайғасқан едік. Қазақы дастарқан, көңілді кеңес өз алдына. Әуезі өзгеше екі әнші ініміз бар: Дәуренбек Әркенов және Құрмаш Ыбышев. Дәуренбек – консерватория бітірген және Қарағанды өнер колледжінде ұстаз. Құрмаштың атаулы оқуы жоқ, Арқаның әншілік мектебінің дипломсыз түлегі. Екеуінің де дауыс­тары ғажайып. Диапазонның кеңдігі ғана емес, қазақы, ұлттық сыр сыпаты тұрғысынан алғанда. Кейде екеуі кезектесе, кейде әлдебірі қатарынан екі-үш ән. Талмады, тоқ­тамады, екі бауырымыз жарым күн бойы жарты дүние – бүткіл Кент, Қарқаралы аймағы, Сарыарқаның ас­панында қалықтап еді. Осындай да ғажайыпқа куә болдық».

Жазушы осылай деп ерекше екпінмен есімін атаған екі әншінің бірі болу біздің Дәуренбек дарынға бұйырыпты. Білгенге байыпты баға, тіпті көп әншілердің ішінен бойын биіктетіп тұрған салмақты лепес.

Дәуренбек бұл жетістікке әрине, бір күнде жете салмады. Алдымен топырағы киелі Тоқырауын бойында томаға сыпырып, Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданы, Көрпетай ауылында дүниеге келеді. Әннің Отанындай осы өлкеде ер жеткен болашақ әнші еңбек жолын қарапайым мұғалім болып бастайды. Мағауия Хамзин атындағы мысшылар мәдениет сарайында жұмыс істейді, сонда «Сарыарқа» фольклорлық ансам­блі­нің көркемдік жетек­шісі болады.

Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев атындағы респуб­ликалық ән бай­қау­­ларының, «Ша­быт» халықаралық фес­тивалінің жүл­де­гері, Жүсіпбек Елебе­ков атындағы республикалық ән бай­қауының бас жүлде иегері Дәуренбек Әркеновтің жеткен жетістіктері өте көп.

 Талай-талай ән жәрмеңкесінде орындаушылық шеберлігімен жұрт­шылыққа таңдай қаққызған өнер майталманы 2006 жылы Балқаш қа­ла­­сынан Қарағандыға қоныс аударды. Облыс орталығына келген соң Қали Байжанов атындағы кон­церттік бірлестіктің «Арқа сазы» фоль­клор­лық ансамбліне жұмысқа тұрды. 2013 жылдан Тәттімбет атын­дағы өнер колледжінде қосымша сабақ береді. Гастрольдік сапармен Гер­ма­ния, Фран­ция, Түркия секілді елдер­ге барып қайтқан дәстүрлі әнші 2011 жылы Мәдениет қайраткері атанды.

Әншінің өзі айтқандай бұл же­тіс­тіктерге жетер жолда алдыңғы аға буынының орны айрықша. «Мен үлгі тұтқан өнер майталман­да­ры Жү­сіпбек Елебеков, Манар­бек Ержа­нов, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеу­хан, Мейір­хан Адамбеков, Жақ­­­сыгелді Кемалов, Рамазан Стам­­ғазиев сынды өнер өкілдері. Осы кісілердің үн таспалары арқы­лы тәлім алдым. Ал­дыңғы буын аға тол­қынның рухани шәкіртімін», дейді кейіпкеріміз.

Дәстүрлі әннің Дәурені туралы Арқа әнінің ақтұйғыны Мейірхан Адамбеков ағасы ерекше айтып кетіпті. Шәкірті шығарған ән жи­нақ­тардың біріне жазған алғысөзінде: «Дәуренбек айтатын әндерінің мекенін өзгертпей, арнасын ұлттық сарынмен тазалап отыратын әнші. Сондай-ақ бір әннің мақамдық ыр­ғағын жалаң айқайға салмай, әнді сөзінің кілтімен ашып отырғанды ұнатады. Менің көңіліме түйгенім – әнші, сазгер, ұстаз Дәуренбек Манар­бек әндерінің шырақшысындай болып көрінеді» дейді.

Шынымен де Дәуренбектің есімі естілген кезде оның ар жағынан Манарбек Ержановтың бай мұрасы басын көтереді. Тіпті Манарбектің төл шәкірті есебінде «Сайра бұлбұлды» Дәуренбек отырған ортада басқа әнші бастамайды. Бұл рухани ізеттің ар жағында үлкен дәстүр барын білдіреді. Дәуренбектің мұрағатына зер салсақ сол Манкеңнің зерлі тақиясы да біздің кейіпкердің қолында екенін білуге болады.

Бағалы жәдігерді Дәуренбекке ақын Абзал Бөкен ағасы аманаттапты. Бұл оқиға туралы ақын «Қа­зақ әдебиеті» газетіне үлкен мақа­ла да жазды. Біз бұл дәстүр жалғас­тығын жақсы ырымға балап, тіпті Ма­нарбектің сол тақиясы арқылы Дәуренбекке алып әншінің атақ-абы­ройымен бірге қасиеті, киесі де дарысын дейміз.

Дәуренбек Әркеновтің ерекше қасиеттерінің бірі – ол жай әнші емес, зерттеуші ұстаз, сырлы сазгер. Оның зерттеушілігін айғақтайтын алғашқы еңбек – «Ән ғұмырым, мәңгі жырым – Ақтоғай» деген аудио жинақ. Ақын, жазушы Серік Сағынтай екеуі құрастырған құнды еңбекте Ақтоғай өңірінен шыққан бүгінде көзі тірісі бар, өмірден ерте өткендері бар, 38 өнерпаздың дауысы жазылған. Алтын қорды ақтарып жинаған бұл үнтаспаны шығарудағы Дәурен­бектің әнге, қазақ өнеріне деген жанашыр пейі­лін байқау қиын емес.

Одан бөлек өзінің жүрегін жарып шыққан сырлы саздары мен репертуарындағы әндерді де әнші бірнеше дискке жеке жинақтады. Өз әндерінің топтамасын атақты айтыскер ақын Аманжол Әлтай «Ән-Дәурен» деген атпен шығартып берсе, «Сырнайым – сазды сырласым», «Ән – серігім» деген диск­тер де Дәуренбек дауысының дара жинақтары.

Қайраткерлік қадам еңбек­қорлық қасиеттен туатыны бел­гілі. Кейбір әншілер құ­сап әнді жа­лындырып айт­қы­зып, жинағын жарнамалап қана қоймай оқулық жазып, ертеңгі болашақ жастарға құнды еңбектер қалдыру Дәуренбектің бас­ты ұста­нымдарының бірі.

Оған Манарбек Ержановтың ән­дері мен күйлерінің толық жинағын құрастырған «Бақыт жыры» деген еңбегі куә. Аталған оқулық Манарбек мұраларының ноталары мен ән тарихына, күй шежіресіне қатысты толық ақпараттар айтылғандығымен ерекше. Бұл кітап Қарағанды облыстық Мәдениет, архив және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен жарыққа шыққандығын айта кетуіміз керек. Болашақта да осы жұмыстардың жалғасуына аталған басқарма айрықша мән берсе дейміз. Себебі, әнді айту бөлек те, оны зерттеу, насихаттау тіпті қажет дүние. Д.Әркенов «Бақыт жыры» кітабынан бөлек «Ән керуен» деген кітаптың да авторы. Бұл кітапқа да өзінің және сол өңірдегі сазгер ағаларының әндері мәтіндерімен, ноталарымен бірге топ­тастырған. Бүгінге дейін сазгер Дәуренбек ретінде оншақты әннің авторы һәм орындаушысы.

Дәуренбектің ұстаздығын бүгінде консерваторияны аяқтап, үлкен өнер жолында жарқырап келе жатқан шебер шәкірттері дәлелдейді. Жігітке жеті өнер аз демекші, Дәуренбек жасаған домбыралар да ерекше үні­мен біраз елдің төрін тойға бөлеп жүр.

Дәуренбек – кеше мен бүгіннің, өнер мен өмірдің, ұстаз бен шәкірттің, қазақы дүниетаным мен өркениет өрін жалғап жатқан дара көпір сияқты. Әлі де атқарар жұмыстары жетерлік. Тек қасиетті қара домбырасының шанағынан шабыт кетпесін дейміз. Көмейіне бұлбұл ұялап, таңдайынан тамылжыған тәтті ән төгетін кешегі сал-серілердің бүгінгі сарқыты Дәу­­­ренбек. Әркеновтің әнімен сол салқар көш сән-салтанатымен ертең­ге жалғасады. Дала дауысты Дәурен­бектің дауысында Алаштың асыл мұраты бар.