• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Қараша, 2020

Ұранға айналған Бөрібай батыр

2181 рет
көрсетілді

Қазақ шежіресі мен тарихында Матай Бөрібай батырдың есімі жоңғар отаршыларының зорлық-зомбылығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы тұлға ретінде аталады. Бөрібай батыр Сарыұлы – шыққан тегі Найман, оның ішінде Матай руынан.

Шамамен 1694 – 1756 жылдар арасында өмір сүрген Бөрібай Найман, Жалайыр, Қоңырат жасақтарын біріктіріп, қаһармандықпен қол бастаған батырлардың қатарында тарихтан өз орнын алғанымен, тұлғасы түкпірге ысырылып, бүкіл қазақ елі түгілі, өз туған жұртына да беймәлім болып келгені рас. Бөрібай деңгейлес батырлардың бәрі 1990 жылдары-ақ насихатталып, зерттеле бастады. Олар туралы кітаптар жазылып, ас беріліп, ескерткіштері орнатылды. Кейінгі ұрпаққа жан-жақты қыры­мен таныстырылып, ұлықталмай келсе, ол батырдың емес, артындағы ұрпағының кінәсі. Батырдың аты кең ауқымда атала бастағалы бері көпшілік тарапынан «Бөрібай деген кім? Бұрын қайда болған? Біз неге білмегенбіз?» деген сұрақтардың туындап жатуы да сондықтан. Бір рудың ғана батыры болса, бір қырқаның басындағы төмпешік болып тыныстап, уақыт өте келе топырағы жермен-жексен тегістеліп кетер ме еді. Бірақ рух өлмейді. Бөрібай қазақ жерінің оңтүстік-шығысында орналасқан барлық елге қолбасшы болып жол көрсеткен баһадүр. «Қалмаққырылған» және Аңырақай шайқастарындағы қазақ жасақтарының жеңістерін ұйымдастырушылардың бірі, сондай-ақ оған белсене қатысқан тарихи тұлға. Қаракерей Қабанбайдың өзін жорыққа алып шығып, соғысқа баулыған, ұрыс тәсілін үйретіп, жол көрсеткен, өзі де әскер басқарған жасампаз көшбасшы. Жаугершілік замандағы қиындыққа қарамастан сүйегінің Жезқазғаннан Түркістанға апарып жерленгенінен, Құл Қожа Ахметтің айналасында жатқан 500-ге жуық хан мен бидің, батыр мен ақынның арасында есімі №128 болып жазылғанынан-ақ қазақ үшін қаншалықты мәртебелі екенін аңғарсақ керек.

Бөрібай батыр тарихын зерттеп, ғылыми монография жазған белгілі тарихшы, профессор Берекет Кәрібаев оның тұлғалық қасиетін толықтыруда көп еңбек сіңірді. Ешқандай дерексіз-дәйексіз, тарихта болмаса да, өз атасын батыр жасап, қисынсыз, қиялдан тұлға тудыратын трайбалистік ауру бар. Бөрібай ойдан шығарылған образ емес, Түркістанда тасқа қашалып аты жазылған, сандықтасы қойылған бірегей батыр. Қайқы қылышынан қаны тамып, жекпе-жекте қалмақты жер құштырмаса, 1931 жылғы көтеріліс кезінде халық та «Бөрібайлап» атқа қонбас еді. Жөңкілген жоңғарға қарсы көтеріліске бастап алып шыққан Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Бөлек, Садыр Жомарт батырлармен бірге үзеңгілес серіктес болып, бірге ұрыста жүрді.

1723 жылы жоңғарлар тұтқиылдан басып кіргенде, Садыр-Матайдың сарбаздарын алғашқы болып соңынан ертіп, жауға тойтарыс берген Бөрібай батыр болған. Күш әрине, тең емес болатын. Жоңғарлар жақсы қаруланған. Мұның алдында қазақ даласында алапат жұт болды, мал қырылды. Осыны аңдып отырған жоңғарлар көшпелі қазақ қауымының еркіндігін аяққа таптап, езгіге салып, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» дейтін сұрапыл зауалға ұшыратты. Сол кезде Бөрібай Садыр мен Матайды, жолай Жалайыр мен Шу бойындағы Қоңырат руларын да бірге Балқаштың Алматы жағымен жағалата отырып көшіріп, шашыратпай, жаудан аман алып қалады. Қожаберген жыраудың «Елім-ай» тарихи дастанындағы «Бостырып Жалайыр мен Наймандарды, Алтай мен Алатауды қалмақ алды, Жалайыр, Қоңырат, Найман, Бөрібайға еріп, Бойына Сарысудың қоныстанды» деген өлең жолдары соған дәлел. Егер Бөрібайдың елім деген көпшіл мінезі болмаса, сол босқын жұрттың бүгінгі ұрпағы жер басып жүрмес еді. Бөрібай бастаған көш қазіргі Жезқазған өңірі, Сарысу өзенінің бойын­а тұрақтайды. Батырдың жоңғарларға қарсы жойқын жорықтар ұйымдастырғаны туралы деректер алаш зиялысы М.Тынышбаевтың еңбектерінде де кездеседі. Тарихи аңыздарға сүйене отырып, оның қаза тапқан жылы 1740-1750 жылдар аралығы деп көрсеткен екен. Бөрібай нағыз ерлерше қан майданда қаза табады. Батырдың ел қорғау жолында отыз жыл аттан түспей, жоңғармен жағаласып өткені жайлы мәліметтер өзбек елінің құжаттарында, орыс мұрағаттарында да сақталған.

Бөрібай қайтыс болған соң Аталық, Қаптағай, Кенже үшеуі ақылдаса келіп, батырдың есімін Матайдың ортақ ұраны етіп алады. Үш жүздің басы қосылып, жауға шапқан кезде «Алаш!» деп ұрандаса, ал дұшпанға жеке жорық ұйымдас­тырғанда өз руының атын айтатыны белгілі. Сөйтіп Бөрібайдың аты ортақ ұранға айналады.

Тұлпар мініп, ту ұстаған дара батырды дәріптеу мақсатында Алматы облысы Ақсу ауданында «Бөрібай батыр» қоры құрылып, жұмыс істеп келе жатқанына үшінші жылға жуықтады. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, осы қорды ұйымдастырып, Ақсудан шыққан азаматтарды жұмылдырып, күн-түн демей еңбек еткен жергілікті азамат Берікбол Қасымовтың есімін ереше атаған жөн. Берікбол ағаның бастамасымен Бөрібай батырдың мүсінін жасау үшін республикалық деңгейде арнайы байқау жарияланды. Композиторлар ән жазды. Ақындар жыр арнады. Жазушы Арасанбай Естеновтің «Ұранға айналған Бөрібай батыр», «Матай Бөрі­бай батыр» кітаптары жарық көрді. Екі жылдан бері Бөрібай батыр атындағы қазақша күрестен облыстық, оқушылар арасында әскери-патриоттық ойындардан аудандық турнирлер өтіп келеді. «Алғаш Бөрібай батырға ескерткіш орнату туралы идея туғанда, кеудеде үміттен гөрі күдік басым болды. Халық қолдай ма, үкімет тарапынан қолдау бола ма деген ойлар мазалайтын. Міне, бір жылға толар-толмас уақытта ескерткіш тұғырына қонды. Бұл бүкілхалықтық сипат алған игілікті іс болды. Жұртымның жақ­сы іске жанын салып жүгіретінін көргенде, қазақ болып туғаныма мақтандым» дейді Берік­бол Қасымов. Қаражат халықтан жиналды, негіз­гі демеушілікті кәсіпкер ұлы Диас Қасымов жаса­ды, ал рух көтерер тағылымды мазмұны бар іске облыс әкімдігі рұқсатын беріп, қолдау жасады.

Ұлытауда жан тапсырғанмен, батыр жерленген Түркістанға арнайы делегация аттанып, құлпытасынан топырақ алып, капсулаға салынған топырақты туған жеріне жеткізді. Аудан орталығы Жансүгіровтегі орталық мешіт­те құран бағышталды. Осыдан кейін ғана капсуладағы топырақ күні кеше тарихи тұлғаға арналып соғылған тас тұғырдың түбіне төселді. Оңтүстіктен араға үш ғасыр салып оралған баба ескерткіші орнатылатын алаңға жаз бойы тазарту жұмыстары жүргізілген еді. Жансүгіров кентінің шығыс-айналма жолының үстінен Бөрібай батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Ескерткіш «Қасиетті Қазақстан» картасына Ұлт-азаттық көтеріліс батырларының кесенелері» тізімі бойынша орнатылды.

Бес айда жасалып, тұғырына қонған мүсіннің авторлары – Қазыбек Дулатов пен Еркін Мақұл­баев. Мүсіннің салмағы 5,5 тонна. Құны 38 млн теңгені құрады. Тұғырының өзі 7 қырлы етіп жасалған. Ескерткіштің маңындағы 5000 шаршы метр аумаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Гранит тақта тастарға 300-дей батыр­дың есімі жазылып, 300 шырша егілмек. Оған облыс әкімдігі 52 млн тенге бөлген. Ескерткіштің маңына шырша отырғызуға облыс әкімі Амандық Баталов келді. Шыршаны өзі бастап отырғызды. А.Баталов: «Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде тарихтың ұмытылған беттері қайта ашылып, тұлғалар ұлықталып жатыр. Халық батырларын ұмытпауы керек. Қабыл болсын. Батырдың мүсіні өте жақсы жасалған екен» деп баға берді. Шағын топтың қатысуымен ескерткіштің ашы­лу салтанаты өтті. Келешекте ескерткіш мемориалдық кешенге айналдырылмақ.

Ақсудағы ағайын шашу шашып, бұл күні қуаныштан көңілі ойнап тасыды. Рәсімге еліміз­дің және облыстың танымал тұлғалары қатысты.

Тұмшаланған тарих ашылып, Бөрібайдың екінші өмірі басталды. Жауына бөрідей тиіп, қалмақтың құтын қашырған батыр тұлғасына қарап өскен ұлдардың рухы биік болғай!

 

АЛМАТЫ