• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Театр 09 Қараша, 2020

Шәмшіге арналған премьера

560 рет
көрсетілді

Жақында 86-маусымының шымылдығын түрген Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры алғашқы премьерасын бел­­гілі композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қал­даяқовтың 90 жылдығына арнап, ән еркесінің мерейтойына ерекше тарту жасады. Жеті ай бұрын карантинге жабылса да, жас көрерменімен байланысын үзбей, онлайн форматта жұмыс істеген қуыршақ театрының «Өмір-өзен» атты бұл қойылымы бір сағатқа жуық ән падишасының сырлы әуенімен сусындатып, ұлттық эстрада өнеріне жаңалық әкелген өткен жылдарға сапар шеккізіп, сахна арқылы саяхат жасатты.

Қойылым ең алдымен көрер­мен­дердің өзіне Шәмші әндерін орындатудан басталды. Ал дүйім қазақ даласында, әсіресе ересек, егде қауымның арасында Шәмшінің әнін шырқамайтын, құлаққа сіңген таныс әуен естіл­генде, тосырқап тұрып қалатын адам бар ма, сірә? Сезім қылын шертіп, жүректі лүпіл қаққыза­тын сағынышқа толы лирикалық ән­дердің бір-бір шумағын әр кө­рермен жүргізуші әртіспен бір­ге шабыттана шырқап, шалқыған көңіл тек шымылдық ашыл­ғанда ғана сабыр тауып, ба­сылғандай болды. «Ақ бантик», «Қайықта», «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең», «Өмір-өзен» – композитордың қай әнінің де ком­позициялық құрылымы, та­қы­рыбы сахналық қойылымға өз-өзінен сұранып тұрғандай. Режиссер Еркебұлан Қабдыл Шәм­шінің халық арасына кең та­раған әндерінің мазмұнын бір арнаға тоғыстырып, қос ға­шық­тың махаббат хикаясына негіздеген. Ал спектакльдің су­ретшісі – Алтынай Жүсіпәлі.

Қуыршақ театрының аядай за­лы әп-сәтте ән падишасының әдемі әлеміне айналып шыға кел­ді. Режиссер Е.Қабдылдың жас көрерменге Шәмші әндерінің өмір­­­шеңдігін, талант табиғаты­на жа­­сырынған сырды түсіндіргісі кел­генін, композитор әндерін на­си­хаттауды мақсат тұтқанын аң­ғармау мүмкін емес. Қазақ өне­рінің тұтас бір дәуірін өр­кендету­ге айырықша үлесін қос­қан ән серкесінің музыкалық мұрасы бүгінгі жас балаларға жат болмай, керісінше, жүрегінен орын тауып жақындай түсуі үшін сахналық тә­сілдерді кеңінен пай­даланған. Ән табиғатына сай, образға лайық, өте сәнді тігілген қуыршақтардың қатысуымен орындалатын әрбір ән жанды әсер туғызады. Ұлттық құнары басым, ән өзегінен ұшып шық­қан анаға, досқа, туған жерге де­ген сүйіспеншілік, мейірім, сый­­ластық, ізгілік сезімі бала бо­­­йында жаңадан қалыптасып ке­ле жатқан адамгершілік қасиет­тер­мен ұштасып, отаншыл азамат болып өмір сүруге жете­лей­тіні сөзсіз. «Ең басты мақса­ты­мыз – Шәм­ші әндерін өскелең ұр­пақ­қа насихаттап, ұлттық құнды­лық­тарды дәріптеу. Төл өнерін танып өскен баланың келешекте өз елі мен жеріне деген махаббаты мол болады», дейді Еркебұлан Қабдыл.

Балаларға Шәмші Қалдаяқов­тың әндерін таныстыру қойы­лымы сахнадағы сәтті қадамның бірі. Спектакльде Мәдениет сала­сының үздігі Мақсат Ка­ма­лов және «Сахнагер» ұлт­тық театр байқауы «Үміт» номи­на­циясының иегері Арай Сақта­ға­нова екі жастың махаббаты ли­ниясында ойнаса, Арайлым Ба­йыр­бекова, Руслан Әбу, Шоқан Құл­назаров, Бақытжан Каюов, Әсем Чайалканова, Салтанат Тө­ре­бай, Ғалым Амангелдіұлы, Гүл­баршын Өнімбай сынды жас әр­тістер жарты ғасыр бойы қала­ны да, даланы да тербетіп келе жат­қан әсем әндерді тамылжыта орындады.

Айта кеткен жөн, қуыршақ теат­ры бұған дейін ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын арқау еткен «Мен деп ойла...» ат­ты қойылымды сахналаған. Қа­зақтың тағы бір өнер иесі Шәмші Қалдаяқовқа арналған кезекті қойылым – осы туындының заң­ды жалғасы.

 

АЛМАТЫ