Облыстық мәслихат хатшысы осылай деп отыр. Жемқорлықты жою үшін Түркістан облысында көптеген қанатқақты жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – білім саласында енгізілген JUMYS.SITCEN.KZ жүйесі. Президент Әкімшілігімен республикада ең үздік ретінде таңдалған бұл жүйе басқа өңірлерге кеңінен таратылуда. Осылайша өңірде жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтерін жұмысқа қабылдау және мектеп директорларын конкурстық тағайындау барысы автоматтандырылған.
Дегенмен білім саласындағы жемқорлық азаяр емес. Әсіресе колледждерге қатысты шағымдар көп. «Онда жемқорлық екі бағытта болады. Бастысы – мемлекеттен алатын грантқа талас. Осы мәселе бойынша бірқатар колледж басшылары ұсталған. Сондай-ақ көптеген колледж студенттері тізімде ғана бар да, шындығында сабаққа мүлдем келмейді. Шәкіртақысын мұғалім және колледж басшысы өзара жинайды. Студент сабаққа бармай жұмыс істейді, саудада жүреді. Осылайша, жастардың да түсінігінде колледж туралы жемқорлық пікір қалыптасады. Осындай олқылықтар орын алуда, оны мойындауымыз керек. Бұл мәселелерге қатысты заңды тетіктерді іске қосу керек», деді облыстық Nur Otan партиясы филалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағартушылық штабы өкілдерімен өткен кездесуде.
Ал облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев көрсеткіш қуып, статистика үшін жұмыс істеуге болмайтынын жеткізді. «Осы орайда заң талаптарына өзгерістер енгізу қажет-ақ. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілер қорқады. Өз беттерінше шешім қабылдай алмайды. Өйткені қыспақ күшті. Мысалы ауылдарда әкім болудан ел қашады, ешкім барғысы келмейді. Сондықтан негізсіз қудалауды азайту қажет. Заңды өзгертпей тәртіп болмайды», деді мәслихат хатшысы.
Сындарлы диалог құру және кеңейтілген ақпараттық іс-шаралар арқылы парасаттылық қағидаттарын дамыту негізгі мақсаты саналған кездесуде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды көздеген штаб мүшелері қоғамдық санаға серпіліс жасау арқылы жемқорлықты жоюға болатындығын айтты. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коррупциямен күресудің ең негізгі жолы – оның алдын алу екенін, өңірде жемқорлықтың бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір төмендегенін айтып өтті. Осы ретте, Республикалық ақпараттық-ағартушылық штабымен бірлесе жұмыс істеудің жаңа серпін беретінін атады.
Өз кезегінде Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғ.Асанұлы ақпаратқа қолжетімділікті оңтайландырып, мемлекеттік билікке деген сенімдерін арттыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстың тікелей арнасын құру мақсатында құрылған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасымен таныстырды. Түркістан облысы бойынша мекемелердің жалпы сомасы 373, 6 млрд теңге бюджеті жарияланған. Бұл орайда департамент басшысы жыл соңына дейін толық жариялануы бойынша ұсыныс-пікірін білдірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізінде азаматтарға қолайлы, қолжетімді және жедел қызмет көрсететін «Сервистік әкімдіктердің» Түркістан облысының 8 қала, ауданында ғана ашылған. Бұл орайда Ғанижан Асанұлы ашықтықты қамтамасыз ететін сервистік әкімдіктің өңірдегі барлық қала, аудандарда ашылуы тиіс екенін жеткізді. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған ақпараттық үгіт-насихат штабының төрайымы Ырза Тұрсынзада: «Ұлт болып ұйысудың басты тетігі – рухани тәрбие, яғни адамзаттың бойында адамгершілік, адалдық, әділдік және парасаттылық сынды құны биік қасиеттер болса, сонда ғана сыбайлас жемқорлық сияқты теріс құбылыстың қоғам өмірінде жолы кесіледі», деп атап өтті.
Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев, облыстық әкімдіктің бөлім басшылары мен қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары, аумақтық департамент басшылары, облыстық ақпараттық үгіт-насихат штабының төрағасы, арнайы мониторингтік топ мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысқан жиында, сондай-ақ халықпен сындарлы сұхбат құру және парасаттылық құндылықтарына көбірек көңіл бөлу, жемқорлық көріністерін қабылдамау арқылы адал еңбек ету – әрбір ел азаматына жүктелген ортақ міндет екені айтылды.
Түркістан облысы