• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 10 Қараша, 2020

Сын алдындағы сөз

515 рет
көрсетілді

Қазақ қоғамының кітап оқудан алыстап кетуінің бір себебі сауатты сынның жоқтығынан деген пікір айтылып жүр. Әрине, бұл ойдың да белгілі бір деңгейде шындығы бар. Алайда оқудан мүлдем мақұрым қалған жұрт сынды оқитынына сау ақылымыз сенбейді. Әлқисса. Бүгінгі әңгімеміз біршама уақыттан бері әдеби ортаның сұрауында һәм іздеуінде жүрген сын туралы болмақ.

Адам баласының көкірек көзі ашылып, санасына әдебиеттің нәзік сәулесі түскелі бері қан­ша ғасыр өт­ке­нін таразылап көр­меппіз. Уақыт шеңберіндегі әде­биет тақтасына талай ақын-жазушының есімі жазылып, бі­рінен соң бірі келіп, ұрпақ алма­сып жатты. Өз заманының қо­ңырауын соққан қаншама кітап­тың тұсауы кесіліп, оқырман қа­уымға жол тартқанын ойша да болжай алмас­пыз, сірә. Бір бі­ле­ріміз: жазу әлемінде кімнің қол­таңбасы қалып, қанша том кі­тап шықса да мұның бәрі ар мен таланттың түйіскен тұсы – әдебиет үшін ғана.

Әдебиеттің әр дәуіріндегі құ­бы­­­лыс­тарды, жетістіктер мен құл­ды­рауларды, жазудағы жаңа бағыттар мен өзгерістерді бай­қап, бағамдап һәм куәгер болып отырған бір өкіл бар, ол – сыншы. Жа­зушы мен оның туындысына бақы­лаушы, барлаушы тарапынан баға беретін бұл қауымның ерекшелігі сол қырағы көзқарасқа, сыншылық түйсікке һәм рухани тәжірибеге ие болуында. Көркем шығармадағы оқыр­ман байқай бермейтін ұтымды штрихтарды бір көрер көз болса, сыншынікі.

Кеңес одағы кезінде газет бе­тіне шыққан сыни мақаладан соң мүлдем жазудан қол үзіп кеткен қаламгерлер болыпты деседі. Бұл сол уақыттағы сынның едәуір абыройы мен әділдігін көрсет­се керек деп санағанымызбен, әлгіндей «қоштасудың» негізгі се­бепшісі айтылған сынды дұрыс қа­былдап, қорыта алған автор емес пе?! Солай болған күнде де, өткен күн­нің оралмасы белгілі, ал бүгінгінің мұңын шағарда ке­шегіні өнеге қылып, тілге тиек ет­песек, тағы болмайды. Әділетті ту еткен сыншылар жүрген бұл кезеңде төл әдебиетіміздің талантты автор мен қайталанбас шы­ғарма тудырғанын жоққа шы­ғара алмаймыз.

Ой бағытымызды бері бұ­рып, өз толқынымызға назар сал­сақ, сын туралы екіге жарылған пікірге жолығамыз. Жазушы «шы­ғарманың әдеби ортада тал­қылауға түспей жатқаны – сын­шы­лардың қарекетсіздігінен» деп санаса, сыншы қауым «қазіргі қоғамның сырын шертер автор жоқ» деп уәж айтады. Ақиқатында, дәл осы уақытта қазақ руханияты үлкен бір құлдырау кезеңінде екені белгілі. Жалпылама айтсақ, халық қазақша сөйлемейді, көр­кем шығарма оқымайды һәм театрға да бармайды. Тұтас қо­ғам­ның шын бейнесі қалай бұл­тарсақ та өзгермейді. Осы рухани дағдарысты көзбен көріп оты­рып, сын хақында сөз қозғау да кейде біртүрлі ерсі кө­рінеді. Де­генмен әдебиеттің бүгінгі баяу қоз­ғалысын салқынқандылық­пен қабылдай отыра, ол туралы тіпті үнде­мей қалуға да болмайтын сияқты.

Бүгінгі әдеби сынның не­гі­зі түпкі тұлғасынан ажырап кет­кендей. Сын сөзіне әдебиет­тану­шының өз ережесі болса, қа­ламгер мен сыншының өз тео­рия­сы бар. Мәселен, күні кеше ғана өткен Рахымжан Отарбаев атындағы әдеби сын байқауына келіп түскен мақалалардың де­ні ғылыми бағытта жазылыпты. Ал бұдан бөлек тереңдей түс­сек, мерейтойлық һәм мадақ ма­қа­лаларға кезігеміз. Оның іші­не шығарманы мазмұндап бе­ретін «сынды» да қосыңыз. Бұл санаттағы мақалаларға айтар айыбымыз біреу-ақ: көркем шы­ғармаға талдаудың жоқты­ғы һәм сондағы кейіпкерлердің ішкі психологиясын аша ал­мауы. Осы тұста Толстой ақсақал Бе­­лин­скийдiң Пушкин туралы ма­қаласын оқығаннан кейiн «Мен ендi ғана Пушкиндi таныдым» деген сөзі бізге де керек-ақ дейсің. Сыннан бұрын сын­шыларды жо­ғалтқан уақытта ав­тор­дың мерейтойы кезінде жазылған тіл­дей рецензияның өзі таудай болып көрінеді екен.

Бір уақыттарда оқырмандар ара­сында мынандай психология қа­лып­тасты. Жарыққа шыққан шығарма ха­қында сыншылар та­рапынан бір ауыз сөз айтылма­­­­са, демек оның тым жақсы емес­тігі. Аталған түсінікті бү­гін­гі әдеби ортаға шақтай ал­май­мыз. Сыншы үндемеді екен деп автордың жазушылық ше­бер­­лігін жоққа шы­ғаруға болмас. Тіпті қазір бұл үн­сіздікке де үй­реніп қалғандаймыз. Кей ав­тор­лар «шығарма сыншылар үшін жазылмайды» деген Ға­бит Мүсі­ре­повтің сөзін алға тартып, қадари-хал­дерінше жазып бағуда.

Кейде бүгінгі әдеби сында әлем­ге әйгілі есімдердің жиі ата­ла­тынын байқаймыз. Алайда сын­шылар сол есімдер тудырған шығармалар әдеби контекске қа­лай ықпал ете алатынын қазақ оқыр­мандарына ашып көр­сете алған жоқтай көрінеді. Жалпы, қазақ әдеби сынының әлем әде­бие­тіндегі шығармалармен байланысы қаншалықты? Әрине, байланыссыз әдебиет қанат жайып самғай алмайтыны анық. Мәсе­лен, М.М.Бахтиннің «Автор және кейіпкердің эстетикалық байла­нысы» атты мақаласында зерттеуші А.С.Пушкиннің «Айы­ры­лысу» деген өлеңін талдайды. Ақын­ның ойынша, өмір – бір кездесу (свиданья). Қазақ мұ­ны «бес күн жалған» дейді. Өлең­де адамның өмірге деген мейі­рімділігі, құштарлығы қандай?! Ақын өзіне берілген бақытты шын болмысымен түсінеді. «Се­нің барлық сұлулығың мен қасі­ретің бәрі қалды, енді бұл уақытша кездесуді сүй» дейді. Се­бебі бақи дүние қазір сені кү­тіп тұр» дейді. («Исчез и поцелуй свиданья...Но жду его: он за тобой»). Өлеңді бір оқы­ғанда түсіну қиын, тек Бахтиннің тал­дауы арқылы ғана көп нәрсеге кө­зіңіз жетеді. Әдеби байланыс осылайша дамыса керек.

Ал мәскеулік жазушы-сыншы Ирина Лисова қазақ әдеби сыншыла­рымен байланысы жоқ­ты­ғын айтты. «Қазақстандық ақын­дармен де, олар­дың өлеңдерімен де етене жақын таныспын. Атап айтсам, Антонина Шипулина, Аде­­лия Амраева, Ксе­ния Рогож­ни­кова, Михаил Земсков. Олар, әрине, орыс тілінде жазады. Бір жақсысы мен бұл ақындардың кі­таптарын Ресейден де таба аламын. Олар жайлы біздің ресейлік бұқаралық ақпарат өкілдерінің жазып жүргенін көп байқаймын. Бізді таныстырған әдеби орта. Көбісімен жас жазушылардың форумында алғаш рет жүздескен болатынбыз. Сол уақыттан бері ыңғайы келсе, бас қо­сып, әдебиет туралы әңгіме құ­руға асығып тұрамыз. Мәселен, Пе­тер­бургте өткен фестивальде Анто­нина Шипулинаның өлеңдерін талқы­ла­дық», дейді И.Лисова.

Қазақ әдеби сыны хақында­ғы бұл әңгіменің әр парасынан ба­лаң­дық­ты аңғарған аға буын «көш жүре түзеледі» деген ұй­ғарымға келуін ті­лер едік. «Тез қасында қисық ағаш жат­пайдыны» айтқан қазақтың өмір­лік тәжірибесі әр мезгіл рухани са­лаға ден қойғанын қалаймыз. Сын тү­зелсе, әдеби ахуалымыз Әбіш абыз айт­қан «теңгермешілдіктен» ары­лады. Бағытын таппай, я шын­дықты айтарын білмей дағдарған сыншыларға «сынымыз – шын болсын, шынымыз сын болсын» дейміз. Ақыл айтып, сөкті де­меңіздер, мұны біз емес, Әуезов айт­қан еді.