• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 10 Қараша, 2020

Жол жобаларына басымдық берілді

184 рет
көрсетілді

Қайталануы мүмкін індеттің екінші толқынына дайындық, жол құ­ры­лыс­тары, әлеуметтік инфра­құ­ры­лым­дар жобасы, шағын және орта биз­нестің дамуы, жұмыспен қамту мә­се­ле­лері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Ақтөбе об­лысының әкімі Оңдасын Оразалиннің «Мемлекет бас­шы­­сының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы» бри­фин­гінде қамтылды.

Өңір басшысы пандемия ат­қа­­рушы биліктің кем­ші­лік­­терін де ашып таста­ға­нын мо­йын­дады. Көктем-жаз айларында ақтөбелік 3 250 тұрғын індетке шалдықса, бүгінгі таңда осындай 6 науқас тіркелген. Бұлардың бәрі де – Ресейден келген облыс тұрғындары. Дәрі-дәрмек тапшылығы, індетке дайындықтың нашарлығы және індет кезінде ана өлімінің 13 есе­ге артуына байланысты жер­­гілікті атқарушылық билік Мем­лекет басшысының қатаң сы­нына ұшырағаны белгілі. Ана өлімінің көбеюі себебін Оң­да­сын Оразалин былай деп түсіндірді: «Былтыр 1, биыл 14 ана өлімі тіркелді. Өкінішке қарай, 9 әйел жүктілік кезінде ковидке шалдығып, өмірден өтті. Артынан тексеріс жүргізіліп, оларды дер кезінде бақылауға алмаған аурухана басшылары жауапқа тартылды».

Қазір қалалық және аудандық ауруханалар екі айлық дәрі-дәрмек қорымен толтырылды. Науқастарға 3 600 төсектік орын, реанимацияда 400 төсектік орын әзірленіп, олар өкпені жасанды желдету аппараттарымен жабдықталған. Инвесторлар 550 млн теңге қаржы бөліп, оған Ресейден ковидке қарсы дәрі-дәрмектер алынып, дәрі­ха­­наларға таратылды. Дәл бүгін­де шекара бақылап-өткізу бекет­те­рінен өткенде COVID-19-ға шалдыққан 6 науқас анықталып, бірден ауруханаға жіберілген.

Облыс аумағы мен Ресей арасында әрлі-берлі күні­не мыңдаған көлік өтіп жатқан­дық­тан, шекараның арғы жағы­нан індет таратушылар қаупі жо­ға­рылап барады. Бүгінгі таңда «Әлімбет» және «Жайсаң» өткі­зу бекеттерінен сырттан келген кез келген қазақстандықтың қо­лында жарамдылық мерзімі 3-күнге тең ПЦР-тест болуы керек. Күрделі мәселе – облыс аумағынан өтетін транзиттік көліктерге тоқтау жоқ. Бұл жерде транзиттік ауыр көліктер жүр­гізушілерінде жоғары дене қыз­уы байқалса, олар туралы мәлі­меттер блок-бекеттерге ха­бар­­ланады.

Сондай-ақ облыс әкімінің айтуынша, Ақтөбе облысы тұр­ғын­дарының орташа еңбек­ақы­­сы 174 мың тең­ге­ні құрайды. Мұнай, қаржы, өнеркәсіп секторында жұмыс істейтіндер 400-500 мың теңге көлемінде жоғары жалақы алады. Өткен жылмен салыстырғанда, өңірдегі жалақы мөлшері 12,4 пайызға өскен. Ірі кәсіпорындармен арада жасалған меморандумдардың арқасында 50 мың маманның айлық жалақысы өсті.

Келесі жылдың жоспары – өңірде 21 мың жаңа жұмыс орнын құру. Биыл ел Үкіметі «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы бөлінген қаржы жол, көшелерді жөндеу сияқты инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалды. Соның арқасында 11 мыңнан аса қосымша жұ­мыс орындары ашылып, осы жұмыс­тарға қабылданғандардың 42 пайызы жастар, 5 пайызы жұ­мыспен қамту орталығында тір­кел­ген жұмыссыздар қата­ры­нан, 2 пайызы мүгедек азаматтар қатарынан толықты. Мұндағы орташа еңбекақы – 83 мың теңгені құрады.

Биыл Үкіметтен «Жұмыспен қамту жол картасы» мемле­кет­тік бағдарламасымен рес­пуб­ли­ка­лық бюджеттен 17 млрд теңге бөлінген қаржыға 650 шақырым жол, Ақтөбе қаласының 117 көшесі жөнделді. Жаяу жүр­гін­шілер жолы, аулалар абаттандырылып, балалардың ойын алаңдары салынды.

Өңір аумағында респуб­ли­ка­лық маңызы бар жолдардың 55 пайызы жөнделген. Аймақ басшысы пандемияға қарамастан қаладағы және елді мекендердегі биылғы жол жөндеу жұмыс­та­ры­на өте риза. Жол салу, жөндеу жұмыстарымен жергілікті мерді­гер­лер айналысып, ал олардың салған жолдарының сапасын «Жол активтері ұлттық сапа орта­лығы» ШЖҚ РМК мамандары сараптамадан өткізіп жатыр.

Ақтөбеліктер соңғы 5 жылдан бері «Ақтөбе-Қандыағаш» тас жолының 90 шақырымы қайта салынады деген уәдені жыл са­йын естиді. Алдыңғы жылы осы жол бюджеті 77 млрд теңге, келесі жылы 65 млрд теңге деп жобаланғаны тағы бар. Алайда шындығы сол, осы ең нашар жол – қазір құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Ақтөбе – Атырау (РФ Астрахань шекарасы)» транзиттік жолының жалғасы.

Өңір басшысы Ақтөбе мен Қандыағаштың арасындағы 90 шақырымның жырына алда­ғы жылы нүкте қойылады дейді. Анығы, Азия Даму Банкі­сі қаржы­ландыратын осы жо­ба­ның тендерлік шаралары өткі­зіліп, оған 17 мердігер қа­тысқан. Шетелдіктер де, жер­гі­лік­ті жол құрылыс компаниялары да жабылып салатын осы 90 шақырымға қандай құрылыс материалдарын қолданылатынын жиылып шешпекші. Өңір басшысы жол салуда асығыстыққа жол берудің қажет емес екенін алға тарта отырып, «Атырау-Ақтөбе» тас жолының бойында әлі күнге дейін Мақаттан бастап Қандыағашқа дейін жол белгілері салынбағанын атап өтті. Жол құрылысындағы, ең басты мәселе – оның сапасы.

Сонымен қатар биыл 1 млн 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, келе­сі жылы оның көлемі 1 млн 200 мың шаршы метрге ұлғай­мақ­шы. Өйткені қала өсіп жатыр. Қазіргі уа­қытта Ақтөбе қаласының тұр­ғын­­дарының саны 540 мың­нан асты. Тір­кел­меген азаматтардың санын қос­қанда 600 мыңнан асып жы­ғы­лады. 2021 жылы өңірдегі әлеу­меттік аз қамтылған отбасы­лар үшін 7 мың 200 пәтер салын­бақ­шы.

Сондай-ақ өңір басшысы Ақтөбе қаласындағы қоғамдық кө­ліктің жағдайы туралы сауал­дар­ға, өзен арналарын кеңейту мен түбін тереңдету жобалары, Ойыл өзенінің тартылуына жол бермеу мақсатында жергілікті биліктің қолға алып жатқан шаралары туралы сұрақтарға жа­уап берді.