Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты дәмхана-мейрамханалардың жұмысы тоқтағалы біраз уақыт өтті. Әлі де қалыпқа түсе қойған жоқ. Бұл, әрине, осы салада кәсіп ашқандарды шығынға батырар тосын жайт болғаны даусыз. Көптен той, садақа өтпеген мейрамхананың бірін Мейрамгүл Иманғалиева жалға алып отыр.
Оның айтуынша, біраз жыл бала тәрбиесімен үйде отыруға тура келіпті. Сол кезде бос отырмай, «ханшайым мақпалы» деп аталатын матадан көрпе тігуді үйреніпті. Оған тұрғындардан ұлттық нақышпен бедерленген көрпе-көпшікке тапсырыстың көбеюі себеп болыпты. Осылайша, төрт жыл бұрын өзінің кәсібін ашуға қадам жасады.
– Биыл ұлттық ою-өрнектер салынған қыз жасауы мен киім-кешек, түрлі бұйымдарды сәндеп тігетін отбасылық ісімді кеңейтуді көздедім. Тапсырыс бұрынғыдан да көбейді. Әсіресе қыз жасауына сұраныс артып отыр. Шағын тігін шеберханасын кеңейтіп, қызметкерлердің санын арттырдық. Наурыз айынан бері Атырау қаласының іргесіндегі Көкарна ауылында бос тұрған тойхананы жалға алып, жұмысымызды жандандырдық, – дейді Мейрамгүл Иманғалиева.
Қазір оның тігін шеберханасында 25 адам жұмыс істейді. Айына 100-150 дана топтамаға тапсырыс түсіп тұр. Шеберханада тігіншілер тегін түскі аспен қамтылып отыр. Сондай-ақ тігіншілерге 150 мың теңгеге дейін жалақы төлейді.
– Шеберханаға жұмысқа орналасқаныма көп болған жоқ. Жұмысым өзіме ұнайды. Ұлттық нақышта іс тігудің өзіндік ерекшелігі бар ғой. Шын ниеті бар адамға бұл қиын емес екен, – дейді жас тігіншілердің бірі Айым Жақсылықова.
Атырау облысы