Қанат Әуесбай көзі қарақты көрерменге «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы жақсы таныс. Ол – филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті, Қазақстан Журналистер одағы, «Серпер» жастар сыйлығының иегері. Бірнеше жыл бойы телеарнада өзекті репортаждардың авторы және «Қазақстан. Менің елім», «Апта.kz», «Өзекжарды», «Алаң» сияқты бағдарламалардың тізгінұстары ретінде танылған талапты жас қазірде «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияның Норвич қаласында тағылымдамадан өтіп жүр. Біз Қ.Әуесбайға сұрақтар жіберіп, «Болашақ» бағдарламасы, жаңа дәуір ақпараты және британ баспасөзі жөнінде ой
бөліскен едік.
Қанат Әуесбай көзі қарақты көрерменге «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы жақсы таныс. Ол – филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті, Қазақстан Журналистер одағы, «Серпер» жастар сыйлығының иегері. Бірнеше жыл бойы телеарнада өзекті репортаждардың авторы және «Қазақстан. Менің елім», «Апта.kz», «Өзекжарды», «Алаң» сияқты бағдарламалардың тізгінұстары ретінде танылған талапты жас қазірде «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияның Норвич қаласында тағылымдамадан өтіп жүр. Біз Қ.Әуесбайға сұрақтар жіберіп, «Болашақ» бағдарламасы, жаңа дәуір ақпараты және британ баспасөзі жөнінде ой бөліскен едік.
– Қанат, жуырда «Серпер» жастар сыйлығының иегері атануыңмен құттықтап қоялық. Шетелде жүріп, елде марапатталғаның тосын сыйдай әсер еткен болар.
– Рахмет, әлбетте шалғайда жүріп, елге деген сағынышты сезінгенде Қазақ елі жастар одағының бұл сыйлығы әлдебір шаттық пен шабыт сыйлағаны рас. Мен бұған философиялық тұрғыдан қарадым. Дербес мемлекетіңнің болуы бар бақыттың үлкені ғой. Сол өз мемлекетіңнің марапатына ие болу – тілмен айтып жеткізе алмайтын сөзімнің шалқыған шаттығы деп түсінемін. Орайы келгенде, Отанымның бас басылымы «Егемен Қазақстан» арқылы бұл сыйлығымды халықаралық «Болашақ» Президент стипендиясының 20 жылдығына арнайтынымды жеткізгім келеді. Конкурсанттарды қараған комиссия мүшелері менің телевизия журналисі бола жүріп, тәжірибемді студенттермен бөліскен университет оқытушысы екенімді де ескерген екен. Түйіндей айтсам, Британияда жүргенде бір күнде естіген екі жаңалық үшін қуанышым шексіз. Біріншісі – бұдан былай «Болашақ» бағдарламасы арқылы журналистер де тағылымдамадан өте алатыны туралы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жеткізсе, екіншісін – осы сыйлық алғаным туралы фейсбуктағы достарым сүйінші сұрады.
– Жүзден жүйріктер оқитын осы бағдарламаға қалай іліктің?
– Бірнеше жылдан бері Еуразия ұлттық университетінде студенттерге тележурналистикадан дәріс оқып жүрген едім. Содан, «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқытушылар тағылымдамадан өте алатынын естіп, бағымды сынап едім, сыннан сүрінбей өттім. Өзім Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетін «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша бітіргенмін. Университет қабырғасында жүріп, ағылшынша тіл сындырдық. Соның да пайдасы тиіп жатыр. Мұнда журналист емес, оқытушы ретінде келгендіктен, келешекте осы бағдарлама арқылы журналистер де дайындалса деп армандайтынмын.
– Журналистерді «Болашақ» бағдарламасы аясында тағылымдамаға жіберудің маңызын өзің қай тұрғыдан бағалайтыныңды білсек деп едік.
– Меніңше, заманауи ғаламдық үрдістерге құлағы түрік жүру үшін, шетелдік іссапарларда тіл білгенің жөн. Өзіңді еркін сезінесің. Халықаралық байланыстарды нығайту жолында журналистерге міндетті түрде ағылшын тілін білу қажет. Еуропалық, оның ішінде батыстық журналистиканың ең соқталы деген жетістіктерін, тәжірибесін үйренуде әлбетте тіл сындырудың керектігі айтпаса да түсінікті. Қазақ журналистері ағылшынша еркін сөйлеп, кез келген ағылшын тілдес адаммен еркін сұхбат құра алатындай дәрежеге жетуі тиіс секілді. Бұл журналистің өз жұмысын халықаралық деңгейге шығаруына үлкен септігін тигізері сөзсіз. Мәселен, бұрын телеарнада жұмыс істеп жүргенде ағылшын тілін білетіндіктен, іссапарға мені бірінші жіберетін. Өйткені, өзге әріптестеріммен салыстырғанда менің тіл білу артықшылығым озық тұратын. Журналистерді шетелдік тәжірибе алмасуға жіберу арқылы біз отандық ақпарат жүйесіндегі бүгінде кенже қалып отырған халықаралық журналистика сияқты саланы уақыт талабына сай дамыта аламыз. Сол себептен, өз басым жуырда еліміздің Мәдениет және ақпарат министрінің «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде шетелге 20 журналист жіберілетіні туралы жаңалығын зор қуанышпен қабылдадым. Одан бөлек, қазір қазақстандық ақпарат құралдары алыс-жақын мемлекеттерде меншікті тілші ұстау тәжірибесін жиі қолдана бастады. Бұл да құптарлық іс. Себебі, халықаралық тақырыпқа қалам тербеген қазақ журналистері көбіне осы тақырыпты қаузаған ресейлік дереккөздеріне қарап, соның негізінде мақала жазады. Алайда, ол дереккөздерінде ресейлік мүддені көздеген субъективтілік баршылық. Сол субъективтілікке ұрынбас үшін Қазақ елі журналистері шетелдік іссапарларда көбірек болып, әрбір халықаралық тақырыпқа Отанымыздың мүддесі тұрғысынан қалам тербегені абзал.
– Ағылшындық басылымдар мен электрондық ақпарат құралдарында нендей ерекшелікті байқадың?
– Британияда басылымдар мен теледидар, радио сияқты электрондық ақпарат құралдарына, меніңше, әлеуметтік медиа сияқты өте күшті бәсекелестік қанат жайған. Ол бәсекелестіктің аудиториясы да өте үлкен. Өйткені, халық бұл әлеуметтік желілерде ой-пікірлерін ашық жаза алады. Тиісінше, газет пен телевизияның оқырманы мен көрермені басылымдар мен теледидарда «сүзгіден» өткен ақпаратты тұтынудан гөрі, растығы күмәнді болса да осындай «кілегейі» алынбаған субъективті ақпаратты қолайлы көреді. Әрине, бұл жағдайда дәстүрлі медиа ақпараттық кеңістікте өз орнын жоғалтып алды дей алмасақ та, өз ықпалын төмендеткені шындық.
Әлбетте, дәстүрлі медиадағы ақпараттың салмақтылығын ешкім жоққа шығара алмас. Бірақ әлеуметтік медиа шыққалы, адам өзінің ойын білдіріп, өзін индивид ретінде сезінуге көбірек мүмкіндік алды. Виртуалды әлемде оның жеке блогы, профайлы, бейнежазбалары – бәрі-бәрі сақталады. Мұны ғалымдардың бір шоғыры азаматтық журналистикаға жатқызып жүр. Бірақ өз басым құр эмоцияға құрылған жазбаларды журналистиканың маңына да жуыта алмас едім.
– Интернеттің қоғамға дендеп енуі ағылшындық ақпарат құралын қаншалықты эволюцияға ұшыратты деген сұрақ туындайды.
– Әлеуметтік медиа, интернеттік басылымдар пайда болғалы дәстүрлі медианың ықпалы бәсеңсігенін айтып өттік. Осындай қатаң бәсекелестік жағдайында тек Британияда емес, күллі Батыс елдерінде мерзімді басылымдардың таралымы азайып, телевизия мен радионың көрермені мен тыңдарманы интернетке жаппай көше бастағанын аңғаруға болады. Қазақстанда құлақ естіп, көз үйренген дәстүрлі газетке жазылу үрдісінің Британияда жоқ екенін біліп, әуелгіде таңғалғаным бар. Интернетке көшу қалай жүзеге асып жатқанына келер болсақ, дәстүрлі жазылымның орнына басылымдар ғаламтор арқылы жазылудың жолын тиімді табудың ізденісінде жүр деп айтсақ та болады. Бұл жерде неғұрлым көп айға жазылсаң, соғұрлым ғаламтордағы жазылым бағасы арзандай түседі. Пошта тасымалына ақша шығындалмаған соң, мұндай виртуалды газеттердің виртуалды бағасы да салыстырмалы түрде арзан. Әрі қалаған газетіңіздің санын қалаған уақытта жаһандық желіден сатып ала аласыз. Одан бөлек, интернет-газет тек болған жайдың фотосуреттерін ғана емес, бейнежазбасын да ұсыну мүмкіндігіне ие. Ал теледидар мен радиоға келер болсақ, мұнда да бұл электронды медиалардың интернеттене бастауы байқалады. Ол үшін мәселен, ең көп аудиторияны қамти алады деген BBC де смартфон, айпад сияқты құралдарда өз «қажеттерін», яғни көру тетіктерін орналастыра бастады. Яки, кез келген уақытта, қай жерде жүрсеңіз де қалаған хабарыңызды, қалаған жаңалығыңызды телефоныңыздан таба аласыз. Мұндай жағдайда халықтың кәдуілгі экраннан теледидар қарау белсенділігі де төмендей түсетіні сөзсіз.
Оны жақсы, жаман деп біржақты үзілді-кесілді айту қиын. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары ХХІ ғасырдың басында кезекті эволюциясын кешіріп жатқаны шындық. Мұндай жағдайда газет пен теледидар жоғалып кетеді деп те сәуегейлік жасау тиімсіз. Тек ықпалы төмендегенін жоққа шығара алмасақ керек.
Меніңше, бәрі әдетке байланысты. Газет бояуының иісін бұрқырата оқып, теледидарды шалқая диванда жатып көру әдеттері азайған сайын ғаламтордағы виртуалды медианың ықпалы арта беретіндей. Оның үстіне интернеттенген медиа бір тараптан өздерінің оқырман, көрермен ауқымын да кеңейте алады. Өйткені, интернетке көшкен соң, «Нью-Йорк таймсты» немесе «Гардианды» Қазақстанның, мәселен, Сарысу ауданы, Жайылма ауылының тұрғындары бір кездері оқи алады. Бұл қазір қиял көрінгенмен, қиял шындыққа айналмай қоймайтын тұстары және бар емес пе? Немесе керісінше, «Егемен Қазақстанның» ағылшынша нұсқасын шалғайдағы Шотландия шопандары оқитын күн де алыс болмауы керек. Бұл – жаһандану әсері. Мұндай жаһандану әсерінің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы елдің жағымды имиджін қалыптастыруға да септігі жетіп-артылады. Мәселен, жуырда «Вашингтон посттан» оқыдым. Қазақстан шетелдік туристерге барынша ашық мемлекеттер тізімінде екен. Сол туристер Қазақстанға келмей тұрып, мәліметті алдымен ақпарат құралдарынан іздейді. Осыған қарасақ қазақстандық БАҚ-тың ағылшынша нұсқасына деген сұраныс арта түскеніне бірден көз жеткізесің.
– Ақпарат құралдары түрлерінің көбеюі журналистердің жазу мәнеріне қалай әсер етіп жатыр? Британ мысалында таратып айтсақ тағылымды болар еді.
– Қазір оқитын адамға ақпарат көп. Ақпараттың шектен тыстығы батыс журналистерінің бойында барынша қысқа да нұсқа жазу машығын қалыптастырып отыр. Тіпті, сараптамалық ұзын сонар мақалалардың оқырманы да барған сайын азайып бара жатыр. Оны біз дәріс алған британдық ұстаздардың бәрі айтып жүр. Тіпті, журналистің өз ойын қосып, мақала жазуы жоққа тән дерлік десе де болады. Өйткені, субъективті пікірге иек артып, бас шұлғитын оқырман азайған. Себебі, бүгінгінің оқырманы әбден ақпараттанған оқырман. Ол манипуляцияға көнбейді, өзіндік мені басым индивид. Сондықтан оған ақпарат арқылы идеологиямды жүргізем деу де қиындау. Әзірге қазақ журналистерінің Батыс журналистеріне қарағанда ерекшелігін мен осы тұстан көремін. Бізде әлі күнге ұтқыр сөз, ордалы ойдың қадірі бар. Мұны ұлттық үлгі ретінде бағалауымыз керек. Мүмкін осы артықшылығымызды жаһандануға «жем» етпей, тиімді тәсілмен әлемдік ақпаратқа кіріктірсек деген ойды ортаға сала кетсем деймін. Иә, қазақ журналисі де өз пікірін оқырманына ұсына алады. Ал келісу-келіспеу оқырманның өз еркінде. Бірақ мен солай екен деп, қазақ журналистерінің шектен тыс қызыл-сөздікке ұрынғанын да қаламаймын. Бұл – жеке пікірім. Кейде бір мақаланы оқып, немесе теледидардан бейнесюжетті көріп отырсаң, бұл «өнім» ақпарат беру үшін емес, журналистің тілінің байлығын көрсету үшін жазылғандай көрінеді. Меніңше, интернеттің дендеп енуі арқасында осындай қызылтілдікке тосқауыл қойылмақ. Қазір артық сөз оқып отыратын артық уақыт жоқ.
Әңгімелескен
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».