• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Қараша, 2020

«Бөтен сөзбен былғанса...»

488 рет
көрсетілді

Мәдениетіміздің мәйегі – сөз. Оны олпы-солпы қолдану кез келген ұлтқа ұят саналады. Оның ішінде ұлы дала төсін мыңдаған жылдар бойы мекен еткен кешегі көшпелі дала халықтары сөз мәдениетіне ерекше мән беріп қараған еді. Тіпті, өмір сүру философиясын сөзбен тікелей байланысты бағамдаған қарға тамырлы түркі жұрты үстіңдегі бөзіңе емес, алдымен  аузыңдағы сөзіңнің салмағына сын артатын болған.

Алайда ішкі-сыртқы мәдениетің мен тәрбиеңді жалғыз ауыз сөзіңмен таразылайтын түркі баласының бір бұтағы біздер, қазақ халқы сол сападан сырғи құлағалы қашан? Қазірде қара тілден шығып жатқан қызыл сөздің қай қырманына қарауыл қойып үлгергендейміз? Қайта осы күні ойымызға келгенді оңды-солды сілтеп, аузымызға келгенді арланбай айту ерлік есебіне жүре бастады. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Бұнымен біз тек тілімізді ғана шұбарлап қоймай, діліміздің де діңін түбімен қопарып жатқанымызды сезбейміз.

Қазірде отандық телеарналарда болсын, радио дейсіз бе, сары жағал сайттар бар, әлеуметтік желіңіз екібастан, ана тілімізді бөтен сөзбен әбден былғап болды. Бөтен сөз деп сыпайылап отырмыз ғой, бара-бара боқтық сөздің өзін бетіміз шылп етпей экрандардан емін-еркін оқи беретін бейшара халге түстік. Осы күні әдепсіз сөздерді әдейі алға шығарып сөйлесек қана айтар ойымыздың адымы алымды болатындай, тіпті еліріп алғанбыз. Жалпы, бұл жүгенсіздікке жеңіл қарамағанымыз жөн. Бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін ешқашан естен шығармауымыз керек.

Бұны айтып отырған себебіміз, шындықты шырылдатып, ақиқатты ашық айтады дейтін арналарымыздың бірі бұрып айтсаң боғауыз сөз шығатын хэштегпен хабардың атын қойып, ток-шоу өткізіп жатқанына жағамызды ұстадық. Бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты демекші, еліміздегі басты арналардың бірі дейтін арнамыз осы мәтінді бадырайтып бұқараның алдына қалай шығара салғанына шынымызды айтсақ, таңғалдық. Әрине, кө­гілдір экрандағы көтеріліп отырған мәс­еле мен айтылып жатқан ащы шындық теріс деп отырғанымыз жоқ. Тек, әп-әдемі әнді пұшық келіп бүлдіргендей біртүрлі болып қал­ғаны­мыз рас. Бала дауы мәселесінен бастап, отбасында орын алған келін мен ене қарым-қатынасын егжей-тегжейлі талқылаған ток шоудың барлық жұмысын жоққа шығарудан аулақпыз, әрине. Тек, боғауыз сөз қоспай-ақ бойымыздағы кеселден құтылудың басқа жолы жоқ па деген ойға қаласың...

Бұл мәселеде сондай-ақ жалғыз телеарнаны төмпештеуге болмайтын сияқты. Оны жасап отырған жалғыз бір адам емес, хабардың жарыққа шығуына кемі жүздің үстінде әртүрлі маман атсалысады. Оның бер жағында сол ток-шоуға қатысып, пікір айтқан сауатты сарапшылар мен студияда отыратын көзі қарақты көрермендер тағы бар. Бізді ең әуелі әлгі ыңғайсыз жазуға осынау топтың ішінде ешкімнің сын айтпағаны таңғалдырды. Бәлкім біз қателесетін шығармыз, бұл сөздердің сыртынан ешқандай ұятсыз ұғымның иісі шықпайтын шығар. Бәлкім осы сөзсіз ондағы мәселенің мәнісі оңынан тарқатылмайтын болар. Бәлкім, бәлкім...

Дегенмен дұрыс сөзді дауға итере бұрмалап алудың ар жағында басқа бір бақай есептің тұрғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Қара пиардың қанат жайған тұсында қазынаны басқаша қармап қалуға ешкім қарсы емес. Алайда аталы сөзді аттап, боқтықтан бомба жасау ешкімге опа бермесе керек. Бұралқы сөз күлуге жақсы деп, бұл сөздердің бәрін ұрпаққа ұлағаттай берсек ертеңгі күніміз не болатынын елестетудің өзі қиын.

Жалпы, боғауыз сөзден бөлек, мән-мағы­насы солғын, түрме жаргондарынан жұқ­қан жалаң, жұтаң, жылтыр сөздер де әңгіме­міздің тұздығына айналғалы қашан? Оларды тіпті өзіміз ғана айтып қоймай, тарихи драма­лардағы билер мен батырлардың ауызына да аямай салып әлекпіз. «Қалайсың?» деп қауқылдасқан батырларымыз бабадан балаға мирас болған тілді соншалық сүмірейтетіндей басымызға не күн тууы мүмкін? Айта берсек, арзан сөз жайлаған айналамызға ит сүрініп, шошқа батпақтайды.

Бұлардан бөлек ән мәтіндеріндегі әумесер­лікті айта-айта жағымыз талды деуге болады. Айтуға адамның аузы бармайтын былғаныш сөздерді бетіңе былш-былш ұрғанда бұл қоғам қайда барады деп қамығасың... Қастарын қырғызып, шаштарын жұлғызып жұлдыз болған қыз-жігіттердің әндері қазір түгелімен әлгіндей сөзсіз әуелемейтін болған. Бұл – апат, бұл – қасірет. Алдағы уақытта бұндай былғаныш, былапыт сөздері бар хабарларды да, бейнебаяндарды да таратқызбауға ми­нистрлік мықтап кіріспесе, ертең барлығы кеш болады.

Айтпаса сөздің атасы өледі.

Айту бізге парыз, қате қадамнан қайту осы істе олқылық танытқандардың еншісіне тиесілі.