Қазақстанда аралас жекпе-жек өнерінің дамуына Данияр Қасқарауовтың сіңірген еңбегі зор. Олай деуге негіз, осыдан он шақты жыл бұрын ол Алматыда «Алаш Прайд» деп аталатын жауынгерлік клуб құрып, еліміздің әр өңірінде өнер көрсетіп жүрген жалынды жігіттердің басын біріктірді. Олардың еш алаңсыз даярлануына жағдай жасап, еңбекақы тағайындады. Елеулі табыстарға қол жеткізгендер сыйақы алды. Осындай жүйелі түрде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде жерлестеріміз шетелдерде өтетін жарыстарға шығуға мүмкіндік алды. Сонымен қоса республикамыздың бірқатар аймағында дүбірлі додалар үздіксіз ұйымдастырыла бастады. Осы жайттың барлығы жауынгерлік өнердің Қазақстанда құлашын кеңінен жайып, өсіп-өркендеуіне өз септігін тигізді.
Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қастек ауылындағы орта мектепте оқып жүрген кезінен Данияр Қасқарауов балуандық өнерге бет бұрды. Еркін күрестің хас шебері болсам деген асқақ арман оны Алатау баурайындағы әсем қалаға жетелеп әкелді. 1991-95 жылдары ол Қажымұқан атындағы спортшылар даярлайтын мектеп-интерантта шеберлігін шыңдады. Осы жерде Мұсабек Қапанов пен Мәлік Нәдірбеков сынды білікті бапкерлердің жетекшілігімен біраз табысқа қол жеткізді. Кейіннен әскерилердің орталық спорт клубында жаттықты. Студент кезінде де Данияр спорттан қол үзген жоқ. Республикалық жарыстарда жүлде алып, ел біріншілігінде өрелі өнерімен көзге түсті. Қарағандыда жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің турнирінде күміс медальді мойнына ілді. Осы табыстарының арқасында спорт шебері нормативін орындады.
Жоғары оқу орнын аяқтаған соң Данияр Қасқарауов кеден саласына қызметке тұрды, одан кейін бизнеспен айналысты. Тіршіліктің қамымен жүрген кездері боз кілемнен біраз алшақтап қалды. Десек те бұл саладан ол мүлдем алыстап кеткен жоқ. Жекпе-жек түрлері бойынша бірқатар турнирге қатысып, біраз олжаға кенелді. Сонымен қатар республика аумағында өтетін жарыстарды қалт жібермей, жалындап өсіп келе жатқан жастарға көз қырын салып жүрді. Қажет кездері көмегін де аяған жоқ.
– Мен аралас жекпе-жекке кездейсоқ келген адаммын, – деп бастады өз әңгімесін Данияр. – Бірде әріптесім осы спортты серік ететін жастар қоныстанған пәтерге мені өзімен бірге ертіп апарды. Солармен танысып, біліскен соң проблемалары шаш етектен екенін бірден аңғардым. Барлығы да өзіміздің қазақтың өжет жігіттері. Күш-қуаты бойларына сыймай, жекпе-жек десе делебесі қозып, қандары қыз-қыз қайнап тұрған жалынды жастар. Бірақ «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген рас екен. Спортшылардың жарысқа шығып немесе жаттығу залын жалға алуы былай тұрсын, тіптен тұрып жатқан пәтерлері үшін төлейтін ақшалары да жоқ. Бауырларымның мұң-мұқтажын тыңдағаннан кейін «аз да болса көмек қой» деген ниетпен қолдарына қомақты қаражат ұстатып кеттім. Алғашында осымен ғана шектелетін шығармын деп ойладым. Алайда уақыт оза бұл өнерге аңсарымның ауғаны соншалық, олармен жиі жолығатын болдым. Жарыстарынан қалмаймын. Бірнеше спортшыны өз қамқорлығыма алып, оларға моральдық және материалдық тұрғыдан көмек көрсете бастадым. Аралас жекпе-жек өнеріне осылай келдім.
Жасыратыны жоқ, ол кезде аралас жекпе-жектен жарыстар қалай болса, солай өтетін. Әркім қалауы бойынша бәсекелер ұйымдастырып, өздерінше мәре-сәре болып жүретін. Шама-шарқы жеткендері шет мемлекеттерде төбелессе, көбі өз елімізде алысып-жұлысумен ғана шектелетін. Бұл не жарыс екенін, қандай белбеулердің сарапқа салынып жатқанын ұғыну мүмкін емес. Бір сөзбен айтсақ, әркім өз білгенін істейтін. Міне, осының барлығын Данияр Қасқарауов бастаған жігіттер бір жүйеге келтірді.
Жоғарыдағы олқылықтың орнын толтыру үшін Д.Қасқарауов Алматыда «Алаш Прайд» деп аталатын промоутерлік компанияның іргетасын қалады. Бұл 2011 жыл еді. Селекциялық жұмыстар жүргізіп, бірнеше мықты спортшыны командаға қабылдады. Бапкерлер мен дәрігерлердің мәселесін шешті. Жұмыс жүйелі түрде жүргізілу үшін алдын ала жоспар жасалды. Бұл іске белді кәсіпкерлер жұмылдырылды. Нәтижесінде спортшылар тұрақты түрде еңбекақы ала бастады. Жаттығу залы, тұратын жер, жарысқа шығу секілді көптеген қордаланып қалған мәселелер оң шешімін тапты. Республикамыздың бірқатар өңірінде түрлі бәсекелер ұйымдастырылды. Сол жарыстарда өздерін жақсы қырынан көрсеткен жігіттер шетелде бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Соның нәтижесінде «Алаш Прайдтың» алғашқы қарлығаштары – Қуат Хамитов, Қайрат Ахметов, Ержан Естанов, Аслан Тоқтарбаев және Төлеген Ақылбеков сынды спортшылардың есімдері ел аузына ілігіп, атақтары шартарапқа тарады. Кейіннен олардың қатарына Ермек Тлауов, Шахмарал Жетпісов, Арман Оспанов және тағы басқалар қосылды.
– Алғашында осындай ауқымды шаруа атқару оңай болған жоқ, – деп Данияр өз әңгімесін жалғастырды. – Не істің мәнін білмейміз, не қалыптасқан белгілі бір жүйе жоқ. Соның салдарынан көп қиналдық. Бірақ қолға алған істі аяғына дейін жеткізбей, жарты жолда тастап кетуге ар-намысымыз жібермеді. Оның үстіне, осы спорт түрін серік еткен қандастарымыздың бойынан айрықша рух пен керемет құлшынысты байқадық. Барлығы да жекпе жекке шығуға жұлқынып тұр. Солардың сағын сындырғымыз келмеді. Осылайша, қауырт жұмыс басталды. Мақсатымыз – еліміздегі жауынгерлік өнердің еңсесін көтеру, шынайы чемпиондарды көптеп шығару. Әлемдегі ең беделді ұйымдардың алтын белбеуін қазақтың қайсар ұлдары бірінен соң бірі иеленіп жатқан сәтті өз көзімізбен көрсек деп армандадық. Сол үшін де көп іздендік, талпындық. Шетелдік ұйымдармен байланыс орнаттық. Нәтижесі жаман болған жоқ. Біз әлемге танылдық, әлем бізді таныды.
Иә, оған күмән жоқ. «Алаш Прайдтың» мұрындық болуымен әр жылдары Қазақстанның бірқатар қаласында «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», «Ұлы майдан – І», «Ұлы майдан – ІІ», «Әлем алыбы», «Атырау айбыны», «Астана – 2012», «Түркістан – 2020» және тағы басқа дүбірлі додалар ұйымдастырылды. Оның сыртында көптеген «Гран-при» турнирлері тағы бар. Айтулы жарыстарда Джефф Монсон, Боб Сапп, Александр Емельяненко, Йон Куцелаба, Зүбайра Тухугов, Расул Мирзаев, Венер Галиев, Мұрат Хантураев, Кевин Крум және тағы басқа ММА жұлдыздары қазақстандық жанкүйерлердің көз алдында өнер көрсетті.
Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін команданың мүшелері ірі халықаралық додаларда да табысты өнер көрсетіп жүргені баршаға аян. Кезінде Игорь Свирид пен Қайрат Ахметов ONE FC промоушеннің алтын белбеуін иеленді. Басқа да белді ұйымдарда өздерін жақсы қырынан көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленген спортшылар аз емес. Солардың арасынан 2013 жылы Сочиде жалауы желбіреген «Платформа S-70» турнирін бөле-жара атап өтуге болады. Сол жарысты тамашалау үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей Федерациясының басшылары Дмитрий Медведев пен Владимир Путин Қара теңіз жағалауына арнайы атбасын бұрды. Осындай лауазымды тұлғалардың көз алдында Арман Оспанов жергілікті спортшы Алексей Полпудниковті бірінші раундта-ақ ұрып жығып, тамсандырған еді.
Соңғы жылдары әлемдегі ең белді промоушендердің алғашқы үштігінде жүрген Чешенстанның АСА турнирінде Қазақстанның бірнеше өрені күш сынасуда. Кезінде осы жарыстарда Арман Оспанов жасындай жарқылдаса, бұл күндері Артем Резников, Асылжан Бақытжанұлы, Евгений Егембердиев, Нұрсұлтан Қасымханов және Қаршыға Дәуітбектің қарқыны қуантарлық. Сонымен қатар «Алаш Прайд» АСА-мен бірігіп, Алматыда үш бірдей турнир ұйымдастырды. Оның үшеуі де толық аншлагта өтті. Әсіресе «Алматы Аренадағы» додада ине шаншар орын болмады.
– Біздің осы нарықта жүргенімізге 10 жылға жуықтады. Сол уақыт аралығында көп шаруа тындырдық деп қазір нық сеніммен айта аламын. Ең бастысы, елімізде аралас жекпе-жектің даму жүйесі дұрыс жолға қойылды. Бағытымыз – оң, мақсатымыз – айқын! Талай дарынды жастың томағасын сыпырып, олардың үлкен аренаға шығуына сүбелі үлес қостық. Бұйыртса, Арман Оспановтың әлемдегі ең белді промоушен – UFC-мен келсімшартқа отыруына аз ғана уақыт қалды. Артем Резников АСА рейтингінде өз салмақ дәрежесі бойынша бірінші орында тұр. Егер ол Абдул-Әзиз Абдулвахабовты ұтса, чемпиондық белбеуді иеленеді. Жартылай ауыр салмақтағы Евгений Егембердиев пен Асылжан Бақытжанұлы үздіктер тізімінде үшінші және төртінші орындарды өзара бөлісуде. Соңғы кездері Нұрсұлтан Қасымхановтың қарқыны өте күшті. Келешекте оның да бақ жұлдызы жарқырай жанатынына сенімдімін. Осы және тағы басқа да жігіттердің жолына үлкен үмітпен қарап отырмыз. Сол саңлақтардың біразы ерте ме, кеш пе, UFC-де өнер көрсететіні анық. Оған еш күмәндарыңыз болмасын, – дейді Д.Қасқарауов.
Спорт десе, ішер асын жерге қоятын азаматтың бұл сөзіне кәдімгідей ішіміз жылып қалды. Келесі жылы 10 жылдығын атап өтетін «Алаш прайд» сол мерейлі датаға үлкен дайындықпен кегелі отыр. Биыл желтоқсан айында олар АСА турнирлеріне қатысып, бірнеше жауынгерін үлкен сынақтан өткізуді көздеуде. Келесі жылы тағы бірқатар дүбірлі доданың жалауы желбірейді. Сол бәсекелерде де қазақтың өр мінезді ұлдары бақ сынайды. Әлемді жайлаған пандемия дертінен арылсақ, Қазақстанның аумағында да оннан аса жарыстың жалауы желбірейді. Ең бастысы, қазақстандық өрендер аралас жекпе-жек әлеміндегі ең биік белестерді бағындырамыз деп құлшынып отыр. Олай болса, тартынатын түгі жоқ! Алға, Алаштың жігіттері!
АЛМАТЫ