• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Тарих 11 Қараша, 2020

Ғұмар Қараштың ұрпақтары

570 рет
көрсетілді

Қазақ елінің азаттығы жолында жанкешті қызмет еткен, ұлтының болашағы үшін бүкіл ғұмырын сарп еткен ұлт зиялыларының бірі Ғұмар Қараш. Ол XX ғасыр басында қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік өмірдің барлық саласына дерлік белсене араласты. Оны сол тұста жарияланып тұрған «Қазақстан», «Ұран», «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Мұғалім» атты мерзімді басылымдар деректерінен анық көре аламыз. 1911-1913 жылдары Орда, Орал қалаларында Е.Бұйрынмен бірігіп «Қазақстан» газетін шығарды. 1911 жылы оның алғашқы екі саны Орда ауылында жарық көрді.

Ғ.Қараш Уфа қаласындағы Діни бас­қарманың қазиі қызметінде жүріп, арнайы шақыртумен 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ съезіне қатысады. Алаш автономиясын жариялау мәселесінен туған қызу айтыста, сиез делегаттары екіге жарылады. Бірінші топтағылар Алаш автономиясын жедел түрде жариялауды қолдаса, бұл пікірге қарсы екінші топ, Алаш автономиясын жариялауды кейінге қалдыруды ұсынды. Ғұмар Қараш Алаш Автономиясын жедел жариялауды қолдаған топтың құрамында болды.

1919-1920 жылдардан кейін А.Бай­тұр­сынов бастаған бірқатар Алаш зиялылары күштің большевиктер жағында екеніне көз­дері жеткен соң, күрес тактикасы мен стратегиясын өзгерту қажет деп тапты. Демек, олар енді оқу-ағарту, баспасөз саласы төңірегіне топтасып, қазақ халқының мүддесі үшін қызмет етуге көшті. Міне, осы кезеңде, яғни 1919 жылы ерікті түрде коммунистік партия қатарына өткен Ғұмар Қараш партиялық және кеңес органдары қызметіне белсене кіріседі. Мәселен, азамат соғысы жүріп жатқан тұста, ол Бөкей өлкесіндегі тұңғыш атты әскер полкін құру, В.И.Чапаев дивизиясын жергілікті адамдармен жасақтау, Кеңес өкіметі құ­рылысына қарсы күштерді талқандап, ел ішін бандалық топтардан тазарту жұ­мыстарының бел ортасында жүрді. Өзі­нің кір жуып, кіндік кескен Таловка же­рінде «Қырқұдық» деп аталатын ауыл­шаруашылық артелін ұйымдастырды. Алайда қазақ қоғамына қызмет етуді өзінің мақсат мұратына айналдырған Ғұмар Қа­раш небәрі 46 жыл ғана өмір сүрді. Ол 1921 жылы 12 сәуірде Кеңес өкіметі жау­ларының қолынан қаза тапты.

1962 жылдан Мәскеу қаласында тұра­тын Ғұмар Қараштың немересі, фи­лология ғылымдарының кандидаты Нә­дия (Надежда) Бұрханқызы Қарашева: «Ағам Басырдың айтуы бойынша, атамды өлтірген бандалар тобы, бір жыл өт­кенде Астрахань қаласындағы реальды училищені бітіріп, уезд милициясы болып жүрген үлкен ұлы Қадырды өлтіреді. 1922 жылы оның анасы мен әйелін де өлтіріп үйін-мүлкін өртеді» деп жазады.

Нәдия Қарашеваның айтуынша, Ғұмар Қараштың 4 ұл, 2 қызы болған. Үлкені жоға­ры­да айтылған Қадыр. Екінші ұлы Басыр Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясы қатарында Қарағанды шахтасында ең­бек етіпті. 1974 жылы қайтыс болды. Басыр­дың жалғыз ұлы Болат 1938-2000 жыл­дар аралығында өмір сүрген. Ал Ғұмар­д­ың үшінші қызы Нәзиядан туған Балхия (1928-1990 жж.) отбасымен Ақтөбе облысының Алға стансасында тұрған.

Ғұмар балаларының арасында жо­ғары білім алғаны Бұрхан (1904-1967). Ол Мәс­кеудің Тимирязев академиясын бітіріп, ҚазССР ауыл шаруашылығы министрлігінде қызметке орналасады. Алайда әкесі Алаш зиялылары тобынан екенін сезген ол, 1947 жылы Талдықорған облысының шалғайдағы орыс ауылына барып бой тасалайды. Сонда 10 жылдай ауыл шаруа­шылығы техникумының директоры болып қызмет етеді. Бұрханнан кейінгі Хамида 12 жасында қайтыс болып кеткен. Ал кенже ұлы Әлихан 21 жасында Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кетті.

Мәскеу қаласында тұратын Нәдия Бұр­ханқызы 1930 жылы Орал қаласында дүниеге келг­ен. Кейін Алматы қаласына көшіп, орыс орта мектебін тәмамдағаннан соң М.Ло­мо­носов атындағы Мәскеу мем­лекет­тік уни­верситетінің Шығыс тілдері факуль­тетіне түсіп, 1953 жылы қызыл дип­ломмен бітірді. Кейін 1962 жылы жолдасымен бір­ге Мәскеу қаласына қоныс аударды. Зейнет демалысына шыққанға дейін Ресей Білім академиясының фило­логиялық орталығының ғалым хат­шы­сы болды. 120-дан астам ғылыми ең­бек­тің авторы. Қысқаша айтқанда Ғұмар Қараш бабамыздың ұрпақтарының тағ­дыры осы.

 

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті